Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

Экологиялық бастамалар, заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік қолдау шаралары — 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның геология және табиғи ресурстар саласының дамуы

Бейсенбі, 18 Ақпан 2021, 10:22:25

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында 2020 жылдың қорытындысы шығарылды.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов өз баяндамасында қабылданған шараларды заңнамалық сүйемелдеуге ерекше назар аударды.

Өздеріңізге белгілі, экологиялық проблемаларды жүйелі шешу үшін биылғы жылдың басында Мемлекет басшысы жаңа редакциядағы Экологиялық кодекске қол қойды.

Бүгінгі күні Экологиялық кодексті іске асыру шеңберінде өкім жобасы әзірленді, өкім бойынша 156 нормативтік құқықтық актіні қабылдау көзделген. Қабылдау мерзімі 2021 жылдың 1 маусымына дейін. 

Атмосфералық ауаның сапасы туралы айта келе, А. Пірімқұлов елімізде ластанудың жоғары деңгейі Теміртау, Нұр-Cұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларында байқалып отырғанын айтты.

2020 жылы Талдықорған қаласындағы ауа ластанудың төмен деңгейінен жоғары деңгейіне өтті. Ақтау және Тараз қалаларында 2020 жылы атмосфералық ауаның жай-күйі 2019 жылмен салыстырғанда жақсарғаны байқалады.

Атмосфералық ауаға талдау 2020 жылы 45 елді мекенде 140 бақылау бекетінде жүргізілді.

«Атмосфералық ауаның сапасы туралы ақпаратқа халықтың қолжетімділігін кеңейту мақсатында Алматы, Ақтау, Атырау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Орал және Екібастұз қалаларының LED-экрандарында атмосфералық ауаның сапасын бақылауға мүмкіндік беретін AirKZ мобильді қосымшасының мәліметтері орналастырылады, қалған қалалар бойынша жұмыс жалғасуда», — деп хабарлады А. Пірімқұлов.

Ағымдағы жылы министрлік атмосфералық ауа сапасын бақылаудың 30 ықшам автоматты станциясын сатып алуды жоспарлап отыр, бұл ел аумағын атмосфералық ауа сапасына мониторингпен 100% қамтуға қол жеткізуге және халықты сенімді ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жер үсті суларының жай-күйіне мониторинг 143 су объектілерінде, оның ішінде 93 өзенде, 31 көлде, 15 су қоймасында, 3 арнада және 1 теңізде жүзеге асырылады.

«Сырдария (Түркістан облысы), Егінсу, Қатта-Бөген өзендерінің су сапасының нашарлауы байқалады. Аталған фактілер бойынша Экологиялық реттеу және бақылау комитеті аталған су айдындарына сарқынды суларды ағызуды жүзеге асыратын кәсіпорындарға тексеру жүргізуі қажет», — деп атап өтті А. Пірімқұлов. 

Вице-министрдің айтуынша, республика бойынша эмиссиялар көлемін талдау 2019 жылмен салыстырғанда ластаушы заттардың шығарындылары мен төгінділерінің лимиттері тиісінше 20 мың тоннаға және 14 мың тоннаға төмендегенін көрсетеді. Қалдықтарды орналастыру бойынша 3,6%-ға өсу байқалады, бұл экономика салаларының даму серпініне, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуаттарының ұлғаюына және жаңа кәсіпорындардың пайдалануға берілуіне байланысты.

Министрліктің 2020 жылға арналған стратегиялық көрсеткіштері орындалды, нақты шығарындылар 2,57 млн тоннаны, төгінділер 1,1 млн тоннаны құрады.

Сонымен қатар, өңірлер бойынша өсім байқалады:

  • СҚО мен Маңғыстау облысында ластаушы заттардың шығарындылары, БҚО-да төгінділер бойынша, Павлодар облысында, СҚО, ШҚО және Алматы қаласында қалдықтарды орналастыру бойынша нормативтерді бекітудің;
  • Қостанай, СҚО, Ақмола және Қызылорда облыстарында шығарындылардың, Алматы, БҚО, СҚО, Қостанай, Маңғыстау, Атырау облыстарында төгінділердің, сондай-ақ Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында қалдықтарды орналастырудың.

Атырау облысында НКОК компаниясы шығарындылар лимиттерін 9,4 мың тоннаға қысқартты, «Атырау МӨЗ» ЖШС 225 га алаңды көгалдандыру бойынша іс-шаралар жүргізді, Қостанай облысында «ССКӨБ» ЖШС алаңішілік автожолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу үшін 13,4 млн тонна аршу жыныстарын пайдаланды. 

 

2020 жылы республика бойынша 1022 экологиялық тексеру жүргізілді

«Тексерулер санының азаюы елдегі карантиндік шараларға байланысты. Сонымен қатар, тексерулердің сапасы жақсарды, бұзушылықтарды анықтау бір тексеруге шаққанда 2,2-ден 2,8-ге дейін артты», — деді А. Пірімқұлов.

Тексеру нәтижелері бойынша, вице-министрдің айтуынша, 2875 бұзушылық анықталды, бұзушылықтарды жою туралы 1966 ұйғарым берілді, оның ішінде 1540 ұйғарым орындалды (78%).

Жіберілген бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 319,78 млн теңгеге 1217 әкімшілік айыппұл салынды, оның 93% өндірілді. Келтірілген залалды өтеу туралы 738 ұйғарым берілді.

Бұдан басқа, шаруашылық қызметті тоқтата тұру туралы 162 талап арыз берілді, 73 талап сот шешімімен қанағаттандырылды. Қалған бұзушылықтар бойынша сот органдары қарағанға дейін жойылды.

2018 жылғы 5 қазандағы Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері (ҚОСНК) әзірленді. Қазіргі уақытта ҚОСНК 16 өңірде бекітілген (Шымкент қаласында оларды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде). ҚОСНК атмосфералық ауа, су ресурстарының, топырақтың, өсімдіктердің, қалдықтардың және т. б. жай-күйі мәселелерін қамтиды.

Жоспарлар 859 іс-шарадан тұрады, оның ішінде 275-і 2020 жылды қоса алғандағы орындау мерзімімен. Оның ішінде өткен жылы 144-і іске асырылған.

Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортасын сауықтыру жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған жоспар ішінара іске асырылды (барлығы 132 іс-шара, 99-ы іске асырылды, 33-і белгілі бір себептер бойынша жоспардан алынып тасталды).

«Ең маңызды іс-шараларға мыналар жатады: ЖЭО-1, ЖЭО-2 қайта жөндеу бойынша іс-шаралар. Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру жұмыстары басталды. 2017-2020 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспары іске асырылды. Қаланың 23 объектісінде ЖЭК 17 түрі орнатылды», — деді А. Пірімқұлов.

Сонымен қатар, 2020 жылға жоспарланған іс-шаралар Шымкент қаласында, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында іске асырылмаған.

Өз сөзінде А. Пірімқұлов рұқсат етілмеген қоқыс орындарының санына ерекше назар аударды. Стихиялы қоқыс тастайтын жерлердің ең көп саны бүгінгі күні Ақмола, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.

«Мемлекет басшысы 2020 жылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында олардың санын қысқарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған байланысты, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, стихиялы қоқыс үйінділерін жою және оларға жол бермеу бойынша жүйелі шаралар қабылдау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді, қалдықтарды орналастыру орындарына космомониторинг жүргізілді», — деді А. Пірімқұлов.

2020 жылғы 20 шілдеде анықталған рұқсат етілмеген үйінділер бойынша жедел әрекет ету үшін жедел желі іске қосылды. Жедел желіге 1115 өтініш келіп түсті, оның 742-сі пысықталды, қалдықтарды рұқсатсыз орналастыру орындары кәдеге жаратылды, қалғандары осы жұмыстардың маусымдық сипатына байланысты жұмыстық қарастырылуда.

Жалпы жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 7 147 қоқыс үйіндісі жойылды (2019 және 2020 жылдары), бұл 80% құрайды.

«Бүгінгі таңда экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін полигондардың жағдайы маңызды проблемалардың бірі болып отыр», — деді А. Пірімқұлов.

Полигондардың нашар жай-күйі жағдайында қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі жобаларды енгізу жөніндегі жұмыс ерекше маңызға ие болып отыр. Осы мәселе бойынша елде қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігі «Waste to Energy» енгізу туралы Заң қабылданды.

6 қалада (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз, Ақтөбе) қоқыс жағатын зауыттар салу жоспарлануда.

Вице-министрдің айтуынша, басқа қалалар да қызығушылық танытуда және ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында аукцион өткізіп, энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін жасау жоспарлануда.

Сондай-ақ ҚТҚ орналасқан жерлерінде бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу мәселесіне ерекше назар аударылады. «ӨКМ Операторы» ЖШС-мен бірлесіп Ақтөбе, Өскемен, Семей қалаларында ҚТҚ-ны бөлек жинауды және сұрыптауды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«ҚР Президенті Қ. Тоқаев 2060 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларының нөлдік теңгеріміне қол жеткізу мақсаты турлы мәлімдеді. Осы мақсатқа қол жеткізу бізден экономиканы терең декарбонизациялауды талап етеді. Осыған байланысты, министрлік төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде», — деді А. Пірімқұлов.

Оның айтуынша, тұжырымдама «жасыл» өсуге қол жеткізу және экономиканы терең декарбонизациялау үшін экономиканы дамытудың ұзақ мерзімді нұсқаларын қамтиды. Жұмыс тобы бекітілді. 2021 жылы модельдеу нәтижелері келісілгеннен кейін Тұжырымдаманы бекіту жоспарлануда.

Бұдан басқа, 2021 жылға арналған парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспары әзірленді және бекітілді. Парниктік газдар шығарындыларына квоталардың жалпы көлемі шамамен 180 млн тоннаны құрайды, оның 169 млн тоннасы 218 қондырғыға бөлінді, қалғаны 11,5 млн бірлік көлемінде 2021 жылға арналған квота резервін құрайды.

Бұл ретте, А. Пірімқұлов атап өткендей, парниктік газдардың жалпы шығарындыларының жыл сайынғы өсуін ескере отырып, электр энергетикасының үлесі жалпы шығарындылардың 80% құрайды, кәсіпорындарда өнім өндіру бірлігіне квота тапшылығы өсуде. Квоталарды бөлудің осы тетігін енгізу Париж келісімі шеңберінде Қазақстанның міндеттемелерін орындауы үшін қажет.

Бүгінгі таңда бірқатар елдер, соның ішінде Еуропалық одақ климаттық реттеуді күшейтуді көздеп отырғаны белгілі. ЕО-да негізгі құрал ретінде көміртекті түзету шекара механизмін енгізу қарастырылады.

Қазақстан үшін негізгі ықтимал тәуекелдер:

  • экспорттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі;
  • мұнай-газ өндіру саласының кірістерінің қысқаруы;
  • ЕО экспорттық нарықтарын жоғалтуы.

«Министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп ЕО-ға енгізілетін көміртегі салығына жауап шаралары бойынша Жол картасын әзірледі, қазақстандық және еуропалық шығарындылар саудасының екі жүйесін қосу мүмкіндігі, ПГ шығарындыларын реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру немесе қазақстандық көміртегі салығын енгізу қарастырылуда», — деді А. Пірімқұлов.

Мемлекет басшысының Үкіметтің 2021 жылғы 26 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау үшін, қоршаған ортаның экологиялық жай-күйін жақсарту, биоалуантүрлілікті сақтау, елді ауқымды көгалдандыру мақсатында министрлік 2021 жылғы шілдеге дейінгі мерзімде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлейтін болады.

Бес жылдық кезеңде халықтың өмір сүру сапасына әсер ететін негізгі бағыттар: су объектілерін сауықтыру, ауаның ластануын азайту, қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, елді көгалдандыру, экоқұрылым және экологиялық мәдениетті арттыру бойынша іс-шараларды іске асыру жоспарлануда.

2021 жылы министрлік бірқатар іс-шараларды іске асыруды жоспарлап отыр, олардың ішінде: жаңа Экологиялық кодексті іске асыру шеңберінде заңға тәуелді актілерді әзірлеу, «жасыл» өсу және экономиканы терең декарбонизациялау бойынша шараларды қоса алғанда, 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын бекіту, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату (Waste to Energy) жобаларына аукциондық іріктеу жүргізу, 2021-2024 жылдарға арналған Жайық (Орал) және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламаларының іс-шараларын іске асыру және т. б.

 

Қазақстанда пайдалы қазбаларды анықтауға арналған учаскелер нақтыланды

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев 56 объектіде жүргізілген жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша ағымдағы қызмет шеңберінде пайдалы қазбаларды анықтауға арналған перспективалы учаскелер айқындалғанын хабарлады.

Аяқталған жұмыстардың нәтижелері бойынша болжамды ресурстардың өсуі бойынша жоспарлы көрсеткіштерге толық көлемде қол жеткізілді: алтын – 12,6 тонна, күміс – 96 тонна, мыс – 65 мың тонна, қорғасын – 968 мың тонна, мырыш – 1,1 млн тонна.

Жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде 2020 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 20 кен орны қойылды. Пайдалы қазбалар қорының өсімі: алтын – 111,5 тонна, уран – 55,4 мың тонна, темір кені – 13,8 млн тонна, мұнай 31,7 млн тоннаны құрады.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті іске асыру үшін жер қойнауын геологиялық зерттеуге 22 лицензия және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға 2 лицензия берілді. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын қалыптастыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылды. ҚПҚ, ЖТПҚ және КСШ (мұнай, газ) барлауға және өндіруге барлығы 597 объект енгізілген.

«Қазгеология» АҚ инвесторлармен бірлесіп жер қойнауын геологиялық зерттеу қорытындылары бойынша перспективалы учаскелерді анықтады: «Полиметалл» АҚ-мен (Ресей) – Шекара учаскесі (алтын); ILUKA-мен (Австралия) – Арго учаскесі (түсті және асыл металдар). Компанияда барлығы 47 инвестициялық жоба іске асырылуда», – деді С. Брекешев.

2020 жылдың қорытындысы бойынша «Қазгеология» АҚ келесі көрсеткіштерге қол жеткізді:

  • жер қойнауын пайдалануға 2 келісімшарт жасалды;
  • 8 жоба бойынша бірлескен қызметке жер қойнауын пайдалану құқығын беру қамтамасыз етілді;
  • 2 жоба аяқталды, оның 1-уі бойынша келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталды.

2020 жылы жалпы жоспар бойынша 2 млрд теңге көлеміндегі инвестициялардың жалпы сомасы алдын ала деректер бойынша 7,5 млрд теңгеден асты.

Геологиялық инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі Ұлт жоспарының 75-қадамын орындау шеңберінде 2020 жылы «Қазгеология» АҚ австралиялық ALS компаниясымен бірлесіп Қарағанды қаласында геохимиялық зертхананы іске қосты. Зертхана озық технологияларды және нәтижелерін әлемдік қаржы институттары мойындайтын 20-дан астам зерттеу әдістерін пайдалана отырып, сынамаларға геохимиялық талдаулар жүргізуді қамтамасыз етеді. 2020 жылы зертхана 40 мыңға жуық сынаманы өңдеді.

Бүгінгі таңда зертхана қазақстандық аккредитациядан өтуде. Оның қызметтерін «Рио-Тинто», «Қазминералс», «Қазхром», «ҚазақАлтын» пайдаланды.

Сонымен қатар, минералды-шикізат базасын тұрақты толықтыру, дамыту және бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін жағдай жасау үшін аумақтың геологиялық зерттелуін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді, ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұлттық жоба болып қайта құрылатын болады.

Ұлттық жоба мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен іске асырылатын болады. Республикалық бюджет комиссиясы жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жұмыстар жүргізуге мемлекеттік бюджеттен 153 млрд теңгеге қолдау көрсетті. Ал соңғы 10 жылда бұл мақсаттарға жылына орта есеппен 7,5 млрд теңге бөлінді.

2020 жылы «Еуразия» жобасы бойынша жұмыс қайта басталды, ол 3 кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде мемлекеттік қаражат есебінен қазіргі заманғы технология бойынша геологиялық-геофизикалық материалдарды жинау, қайта өңдеу және қайта талдау жүзеге асырылатын болады. 2 және 3 кезеңдерді инвестициялар есебінен іске асыру жеке көзделеді. Жобаның негізгі мақсаты – тереңдігі орталық бөлігінде 18-20 км жететін Каспий маңы ойпатының тереңдік құрылысын зерттеу. 15 км дейінгі аса терең ұңғыманы бұрғылау геологиялық қиманы зерттеуге және көмірсутектерді іздеуге қатысты бассейннің әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жобаны іске асыру:

● Каспий маңы ойпатының мұнай-газ әлеуеті туралы сенімді геологиялық-геофизикалық ақпарат алуға;

● геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тартуға;

● кен орындарын барлау және игеру саласында тиімділігі жоғары технологияларды әзірлеу мен енгізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2020 жылы МСШ-2016 халықаралық хроностратиграфиялық шкаласы негізінде Қазақстанның фанерозойының стратиграфиялық схемаларын жаңғырту бойынша жұмыс басталды.

«Жаңғырту түрлі елдердің, атап айтқанда, шекара маңындағы аумақтардың геологиялық карталарының легендасын өзара байланыстыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба биыл аяқталады», — деді С. Брекешев.

Заң жобалау қызметі шеңберінде «Жер қойнауын геологиялық зерттеу мәселелері бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы әзірленді. Атап айтқанда, ұлттық компанияларға жер қойнауын пайдалануға басым құқықты ұзарту, министрлікке мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасын әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияларды беру, қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуді мемлекеттік бақылау жөніндегі функцияларды министрліктің қарамағына беру қарастырылған.

Бұдан басқа, геология саласын дамыту жөніндегі шаралардың бірі «ҚР минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін енгізу болып табылады. Бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жүйенің жұмыс істеуі инвесторларға геологиялық ақпараттың электрондық базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы жұмыс қорытындысы

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев 2020 жылдың қорытындысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы қызмет нәтижелері туралы баяндады.

Мәселен, 2020 жылы орманмен қамтылған алқап 188 мың га ұлғайды, жоспарланған 54,4 мың га ішінде ормандарды молықтыру бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмаған, нақты орындалуы 51,3 мың га құрады.

Жоспарлы көрсеткіштерге Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарының орман мекемелері, сондай-ақ «Жасыл Аймақ» РМК қол жеткізе алмады.

«Мемлекет басшысының орман қорында 5 жыл ішінде (2021-2025 жж.) 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыс әкімдіктерімен бірлесіп өңірлер бойынша Ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі кешенді жоспарлар әзірленіп, бекітілді. Комитеттің табиғат қорғау мекемелерінің және облыс әкімдіктерінің орман қорғау мекемелерінің күшімен бес жыл ішінде 843,0 мың га алаңда 1,7 млрд ағаш отырғызылатын болады. Бұдан басқа, жеке сектор 45 мыңнан астам га алаңға отырғызуды жүзеге асыруды көздейді, бұл ретте 290 млн данадан астам ағаш отырғызу жоспарланған», — деді экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Е. Нысанбаев.

Ол орман отырғызудың ең көп көлемі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ «Семей орманы» және «Ертіс орманы» орман резерваттарының аумағында болжанып отырғанын айтты. Көрсетілген шаралар 2030 жылға қарай елдің ормандылығын 5%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Ерлан Нысанбаевтың ақпараты бойынша, мемлекеттік орман қоры аумағында орман өрттерінің 701 жағдайы тіркелген, олардың ауданы 41,8 мың га құрады. 

«Орман өрттерінің ең көп аудандары Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ “Семей орманы” резерватының аумағында тіркелген. Жалпы, республика бойынша жалпы шығын 2,1 млрд теңгені құрады»,  — деді ол.

Сонымен қатар заңсыз ағаш кесу санының азаюына қарамастан, заңсыз кесілген ағаш көлемінің өсуі байқалады.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі ағаштарды заңсыз кескені, жойғаны және бүлдіргені үшін жауапкершілікті арттыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға айыппұлдарды ұлғайту және бұзушыларға санкцияларды қатаңдату бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті.

Сонымен қатар, жетекшілік ететін облыстар бойынша заңнаманы жетілдіру жоспарлануда. Мәселен, ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы жұмыстар шеңберінде 2025 жылға қарай ұлттық парктердің Алматы тобына жеке инвестициялар көлемі 31 млрд теңгені құрайды, ұлттық парктердің рекреациялық жүктеме нормаларын ескере отырып, күтілетін туристер ағыны 2 млн-нан астам адамды құрайды.

Ағымдағы жылы орман шаруашылығы мен ЕҚТА-ны дамыту саласында мынадай міндеттер тұр:

Бірінші. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеу, оның шеңберінде орман шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға және биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған бөлімдер көзделетін болады.

Екінші. Ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі кешенді жоспарлардың іске асырылуын бақылау, оның ішінде министрліктің геопортал базасында орман отырғызу жұмыстары мониторингінің интерактивті картасын әзірлеу.

Үшінші. Орман шаруашылығы және ЕҚТА саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, оның ішінде «Өсімдіктер әлемі туралы» Заң жобасын қабылдау.

Төртінші. Ұлытау ұлттық паркін және Бөкей-Орда резерватын құру жолымен республиканың табиғи-қорық қорының объектілерін сақтауға бағытталған ЕҚТА желісін дамыту, сондай-ақ экологиялық туризмді дамыту.

 

2021 жылға жануарлар әлемін сақтау жоспары көзделген

Сондай-ақ есепті жылы жануарлар дүниесі объектілерін сақтау бойынша шаралар қабылданды.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 2020 жылы киіктерге браконьерліктің 85 фактісі тіркелді, 727 киіктің ұшасы және 9743 мүйіз тәркіленді. Қылмыстық жауапкершілікке 71 адам тартылды. Заңсыз аң аулау қызметінен келген шығын 2,4 млрд теңгені құрады.

«ІІМ және ҰҚК бірлесіп “ақбөкен” табиғатты қорғау акциясы іске қосылды, оның аясында алдын алу іс-шаралары жандандырылды, киіктер мен басқа да жабайы жануарлардың браконьерлігіне маманданған бірқатар қылмыстық топтардың қызметі тоқтатылды», — деді экология вице-министрі.

Ол сондай-ақ Қазақстандағы әлемдік тәжірибені ескере отырып, аң-құс өсіру мен олжалы аң аулауды дамытуға баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

2021 жылға белгіленген міндеттердің ішінде Ерлан Нысанбаев мыналарды атап өтті:

  • «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдау;
  • 2030 жылға дейін жануарлар дүниесін сақтау және аңшылық шаруашылықтарын дамыту жөніндегі мастер-жоспарды бекіту;
  • Мәжілісте орналасқан туристік қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасы шеңберінде ойын-сауық құруды дамыту жөнінде нормалар қабылдау;
  • инспекторлық құрамның біліктілігін арттыру және цифрландыру.

 

Қазақстан 24 тонна балық өнімін экспорттады

Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев балық шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол өткен жылы бұл мәселелер үкіметтік деңгейде бірнеше рет талқыланғанын атап өтті. Бұл балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірлеуге, Балық шаруашылығы комитетін құруға, қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге мүмкіндік берді.

«Стратегиялық сипаттағы жұмыстармен қатар, балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтау бойынша жедел жұмыс жүргізілді», — деп қосты ол.

Мәселен, балық шаруашылығы саласындағы бақылау-инспекциялық жұмыстар аясында 2020 жылы 6635 бұзушылық анықталды. 82 млн теңгеден астам айыппұл салынды. 53 млн теңгеден астам сомаға залалды өтеу талап етілді.

Сонымен қатар, 2020 жылдың басынан бері 85 млн-нан астам балық шабақтарын қырылу қаупі бар су қоймаларынан, сондай-ақ күріш жүйектерінен құтқару жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, 2019-2020 жж. қысқы кезеңде балық шаруашылығы су айдындарында балықтың қырылуын болдырмау үшін газ алмасуды жақсарту мақсатында 500 мыңнан астам тесік, 86 мыңға жуық қамыс бау орнатумен 16 мың майн бұрғыланды.

Жыл сайын жас балықтардың су айдындарында шабақтарды жасанды жолмен көбейту және балықтандыру бойынша шаралар жүзеге асырылады.

2020 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында балық шаруашылығы су қоймаларына 69 млн данадан астам құнды балық түрлерінің шабақтары, оның ішінде 7 млн дана бекіре балығы өсіріліп, жіберілді. Ал келісімшарттық міндеттемелер аясында балық ресурстарын пайдаланушылар 126 млн балық шабақтарын жіберді.

Балықтардың мекендеуі мен уылдырық шашуы үшін қолайлы табиғи жағдайлар жасау жөніндегі жұмыстар шеңберінде 2018-2020 жж. бастап Жайық өзенінде балық жүретін арналарда түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, сондықтан осы өзендерде балық аулау 2018 жылмен салыстырғанда орта есеппен 30%-ға ұлғайды.

Балық ресурстарының табиғи қорларының тұрақты жай-күйінің арқасында 2020 жылы 47 мың тонна балық ауланса, бұдан басқа 9 мың тоннаға жуық тауарлы балық өсірілді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 мың тоннаға артық.

Өз кезегінде, шикізаттың болуы $38 млн сомасына 24 мың тонна көлемінде балық өнімдерін өңдеуге және экспорттауға мүмкіндік берді.

 

Каспий итбалығы Қызыл кітапқа енгізіледі

«Қабылданған шараларға қарамастан, Каспий итбалығы популяциясының саны оны Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар түрлерінің тізбесіне қосу үшін негіз болды», — деді Е. Нысанбаев.

Каспий итбалығының негізгі мекендеу ортасы Қазақстан мен Ресейдің аумақтық сулары аймағында орналасқанын ескере отырып, 2020 жылдан бастап отандық ғалымдар бірлескен бес жылдық зерттеулерді бастады.

Ғылыми зерттеулердің нәтижелері одан әрі бірлескен тиімді, оның ішінде ЕҚТА құру жөніндегі шараларды әзірлеу үшін пайдаланылатын болады.

 

Су ресурстары — елдің тұрақты дамуының маңызды элементі

Ғылыми зерттеулердің нәтижелері одан әрі бірлескен тиімді, оның ішінде ЕҚТА құру жөніндегі шараларды әзірлеу үшін пайдаланылатын болады.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов өз сөзінде су ресурстары еліміздің тұрақты дамуының маңызды элементтерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Өкінішке орай, ғалымдардың болжамы бойынша 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін.

«Елдің су ресурстарының жартысына жуығы басқа мемлекеттердің аумағында қалыптасатынын ескере отырып, көрші мемлекеттермен серіктестікке ерекше назар аудару қажет», — деп атап өтті С. Қожаниязов.

Өткен жылы, оның айтуынша, ҚХР-дан басқа, су мәселелері жөніндегі бірлескен комиссиялардың барлық жоспарланған отырыстары өткізілді. Қытай тарапы пандемияға байланысты комиссия отырысын 2021 жылдың бірінші тоқсанында өткізуді ұсынды. Сонымен қатар, ҚХР-мен сарапшылар деңгейінде бұрын қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде Ертіс, Іле және Еміл трансшекаралық өзендері бассейндерінің су бөлу және су ресурстарын бағалау жөніндегі негізгі техникалық жұмыстар жоспарын іске асыру бойынша жұмыстар жалғастырылды.

Вице-министр атап өткендей, вегетация кезіндегі (маусым-тамыз) суармалы судың өткір тапшылығын шешу мақсатында қырғыз тарапымен келіссөздер барысында электр энергиясымен тауар алмасу бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Нәтижесінде Тоқтағұл су қоймасынан 330 млн м3 көлемінде суармалы суды қосымша ағызу қамтамасыз етілді.

Осыған ұқсас схема бойынша шілде-тамыз айларында Тәжікстан аумағынан БахриТочик су қоймасынан 300 млн м3 көлемінде қосымша су ағызу қамтамасыз етілді.

С. Қожаниязовтың айтуынша, Сырдария өзені бассейні бойынша ынтымақтастық мәселелерінде Өзбекстан Республикасымен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады.

«Өткен жылы елдер арасындағы су қатынастарының барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі жұмыс тобының 11 отырысы өткізілді, оның шеңберінде жоспарланған мәселелерден басқа Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты мәселелер қаралды», — деп атап өтті С. Қожаниязов.

Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы Келісім жобасын келісу жөніндегі жұмыс та жалғастырылды. Қазіргі уақытта Келісім жобасының мәтіні 95%-ға келісілді.

 

Қырғыз Республикасымен ынтымақтастық

Қазіргі уақытта Шу және Талас өзендеріндегі су шаруашылығы құрылыстарының нашар жай-күйіне байланысты Қазақстан тарапы 5 мың гектардан астам суармалы алқаптарды пайдалана алмайды, сондықтан Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою мәселесі пысықталуда.

Новосібір қаласында өткен бірлескен комиссия отырысында Ресей Федерациясымен ынтымақтастық және Жайық және Ертіс ірі өзендерінің бассейндерінде зерттеулер жүргізу жөніндегі Жол картасына қол қойылды.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар трансшекаралық өзендердің, бірінші кезекте Жайық өзені бассейнінің гидрологиялық ағынын жақсарту жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлейтін болады.

 

2020 жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындысы

2020 жылы республика бойынша нақты су жинау 13,3 км3 құрады. Айта кету керек, су тартудың барлық республикалық көлемінің 97%-ы төрт оңтүстік облысқа тиесілі.

Алматы облысында өткен жылдармен салыстырғанда қар жамылғысы 35%-ға аз болды. Жамбыл облысында сулылық орташа көп жылдық деректерден 15-20%-ға төмен болды. Түркістан облысында Тоқтағұл су қоймасының көлемі 2019 жылға қарағанда 2 млрд м3 аз болғандықтан, Сырдария өзенінің ағыны он бес пайызға төмен болды. Қызылорда облысы бойынша суармалы су тапшылығы күріш алқаптарының ұлғаюымен күрделене түсті. Бірақ проблемаларға қарамастан, суармалы сумен қамтамасыз ету жоспары орындалды.

2020 жылы қанағаттанарлықсыз жағдайдағы магистралдық және шаруашылықаралық каналдардың 11 мың шақырымының 813 шақырымы жөнделді, бұл тасымалдау кезіндегі шығынды 166 млн м3 қысқартуға мүмкіндік берді.

Суармалы жүйелердің қалпына келтірілген инфрақұрылымы айналымға 53,5 мың га енгізуге мүмкіндік берді, магистралдық арнаны цифрландыру бойынша алғашқы пилоттық жоба іске асырылды (Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы К-19 арнасы). Нәтижесінде суару режимінің 45%-на дейін суармалы судың артық шығыны анықталды.

 

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету

Қазіргі уақытта республика бойынша ұзындығы 15,6 мың км болатын 76 топтық су құбыры бар, оның ішінде республикалық меншікте ұзындығы 13,4 мың км болатын 39 су құбыры бар, олар 1,2 млн адам саны бар 631 ауылдық елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді.

2020 жылы 3 су таратқыш пайдалануға берілді, нәтижесінде 15 ауылдық елді мекенде және 1 қалада 124,5 мың адамды сумен қамтамасыз ету жақсарды.

Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 26 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сүйене отырып,  Орталық Азия елдерімен су дипломатиясын жандандыру аясында Тоқтағұл су қоймасынан жыл сайын қосымша 330-360 млн м3 су ағызуды қамтамасыз ету үшін электр энергиясымен алмасу жұмысын жалғастыру жоспарлануда.

Қырғыз Республикасымен Шу-Талас бассейнінің мемлекетаралық арналары бойынша су беру кестесін бекіту және оны қырғыз тарапының сақтауын қамтамасыз ету жоспарлануда. Өзбекстан Республикасымен Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің өтінімдеріне сәйкес Достық каналы арқылы су беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ Сардоба су қоймасына бірлескен техникалық аудит жүргізу қажет. Ресей Федерациясымен Ақжайық және Ертіс өзендері бойынша бірыңғай Жол картасының іс-шараларын іске асыру және Ириклин су қоймасының жұмыс режиміне мониторингті қамтамасыз ету жоспарлануда. Қытай Халық Республикасымен бірлескен комиссия шеңберінде Ертіс, Іле және Еміл өзендері бассейндерінің су бөлу және су ресурстарын бағалау мәселелерін реттеу бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. 

 

Су ресурстарына ғарыштан мониторинг стандартты тәжірибеге айналады

Өз кезегінде «Қазсушар» РМК бас директоры Арман Қасенов  Өткен жылы атқарылған жұмыстар мен осы жылдың жоспарлары туралы баяндады. 

Оның айтуынша, кәсіпорын өткен жылы маңызды жұмыстар жүргізді. Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдың салдарын жою  аясында  375 шақырым каналдар мен 387 су объектілері жөнделді.  

«Су тапшылығы жағдайына қарамастан, вегетациялық кезең ойдағыдай өтті. Космомониторинг стандартты тәжірибеге айналып, алаңдардың айырмашылығы анықталды», — деді Арман Қасенов.

Сондай-ақ қайта жөнделіп жатқан суару объектілеріне техникалық тексеру жүргізілді. Осы жұмыс шеңберінде арналарды бетондау және суды есепке алуды автоматтандыру пайдасына жобалық шешімдерді түзету бойынша шаралар қабылданды.

Бірқатар өңірлерде бюджеттік бағдарлама аясында каналдар жаңартылды. Мысалы, Ақтөбе облысында  12 жоба, Павлодар облысында 5 жоба жүзеге асырылуда», — деді кәсіпорын басшысы. 

Арман Қасенов атап өткендей, биыл «Қазсушар» су беруге арналған тарифтің әділ деңгейін белгілеуге бастамашылық етті. Бұл сала алдында жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді және кәсіпорынның белгіленген жоспарларын тиімді іске асыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, «Қазсушар» басшысы операциялық қызметті цифрландыру шеңберінде су беру үшін төлемдерді қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға аудару жүзеге асырылатынын айтты.   

«Осылайша, көліктің GPS-мониторингі, орталық аппаратта және “Қазсушар”-дың 18 филиалында электрондық құжат айналымы енгізілді. Бүгінгі таңда су пайдаланушының электронды кабинетін құру жұмыстары жүргізілуде», — деді Арман Қасенов.

«Қазсушар» бас директоры ағымдағы жылдың басым міндеттерінің бірі ретінде кәсіпорынды трансформациялау жоспарын іске асыруды атады, оның шеңберінде кәсіпорынды акционерлік қоғам етіп қайта құру көзделген. 

«Қайта құру бюджеттік қаржыландырудан тарифтік пайдасына көшуді, инвестициялық тартымдылықты жақсартуды, корпоративтік басқаруды жетілдіруді және бизнес-процестерді оңтайландыруды қарастырады», — деп түйіндеді Арман Қасенов.

 


Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз


Жаңалықтар тізбегі
18 Сәуір 2021, 10:08
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №108
16 Сәуір 2021, 18:20
А. Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық офис отырысын өткізді
16 Сәуір 2021, 18:05
Инвестициялық штаб отырысында 2021 жылдың I тоқсанындағы инвестицияларды тарту қорытындылары қаралды
16 Сәуір 2021, 14:39
Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде кеңес өткізді
16 Сәуір 2021, 12:30
Марат Ахметжанов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды
15 Сәуір 2021, 19:33
Жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және жұмыс орындарын ашу: ҚР-да халықты жұмыспен қамту шаралары
15 Сәуір 2021, 19:13
Елбасы Премьер-Министр Асқар Мамин мен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловты қабылдады
15 Сәуір 2021, 18:49
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді
15 Сәуір 2021, 15:36
Қазақстанда су тасқыны жағдайы тұрақты — Ю. Ильин
15 Сәуір 2021, 13:47
Үкіметте экономиканың креативті секторын дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті
15 Сәуір 2021, 11:46
Ә. Смайылов туристік маусым қарсаңында ШОБ проблемалық мәселелерін қарастыру жөнінде кеңес өткізді
15 Сәуір 2021, 11:28
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі №229 Қаулысы
15 Сәуір 2021, 11:20
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 сәуірдегі №223 Қаулысы
15 Сәуір 2021, 09:59
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі №235 Қаулысы
15 Сәуір 2021, 09:53
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі №234 Қаулысы
14 Сәуір 2021, 17:43
Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновті қабылдады
14 Сәуір 2021, 16:26
Президент Қазақстанның АҚШ-тағы жаңадан тағайындалған елшісі Ержан Ашықбаевты қабылдады
14 Сәуір 2021, 15:32
Мемлекет басшысы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады
14 Сәуір 2021, 14:24
Тұрғын үй саясатын жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй салу және тиімді шарттармен ипотека беру — Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамыту
13 Сәуір 2021, 19:31
Р. Скляр cу тасқыны жағдайына мониторинг жасау мақсатында елорда маңындағы аумақтарды әуеден бақылады
13 Сәуір 2021, 17:56
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевті қабылдады
13 Сәуір 2021, 16:58
Мемлекет басшысы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады
13 Сәуір 2021, 16:49
Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады
13 Сәуір 2021, 14:16
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 сәуірдегі №210 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 14:08
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №194 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 13:24
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 сәуірдегі №212 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 12:12
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 12:07
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №207 Қаулысы
13 Сәуір 2021, 08:08
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады
12 Сәуір 2021, 20:33
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 29 наурыздағы №169 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 20:19
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 15 наурыздағы №137 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 20:08
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №174 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 20:00
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №189 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 19:32
Қазақстан Президенті Швецияның сыртқы істер министрі Анн Линдені қабылдады
12 Сәуір 2021, 19:18
Ғылымды гранттық қаржыландыру отандық ғалымдарды қолдау шарасы ретінде
12 Сәуір 2021, 19:01
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №184 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:56
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №176 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:53
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №173 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:48
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №192 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:40
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 31 наурыздағы №193 Қаулысы
12 Сәуір 2021, 18:10
Ербол Қарашөкеев ҚР қаржы вице-министрі болып тағайындалды
12 Сәуір 2021, 15:03
Ростислав Коняшкин «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды
12 Сәуір 2021, 13:30
ҚР Үкіметінің отырысы, 12.04.2021
12 Сәуір 2021, 13:28
Қазақстанның машина жасау саласы тұрақты өсу үрдісін көрсетіп отыр —  Б. Атамқұлов
12 Сәуір 2021, 12:46
Атқарушы органдар жұмысының маңызды көрсеткіші – әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу — Б. Сұлтанов
12 Сәуір 2021, 11:39
Барлық өңірлерде жергілікті бюджетке кіріс түсімдері бойынша жоспар асыра орындалды — Е. Жамаубаев
12 Сәуір 2021, 11:38
Қазақстанның көптеген өңірлерінде жоғары инвестициялық белсенділік сақталып отыр — Ә. Ерғалиев
12 Сәуір 2021, 11:30
Салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу туралы өтініштері 1 трлн теңгеден астамға орындалды — Е. Досаев
12 Сәуір 2021, 11:25
Биыл қыркүйек айына дейін 10 млн-ға жуық Қазақстан тұрғынына вакцинациялаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарлануда — ҚР ДСМ
12 Сәуір 2021, 11:08
2021 жылдың I тоқсанында ҚР экономикасының негізгі салалары тұрақты өсім көрсетті
Депутаттық сауал
© 2019 - 2020 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.