Ербол Қарашөкеев Жетісу және Қарағанды облыстарында ауыл шаруашылығының даму барысын тексерді

Биыл қазан айында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Жетісу және Қарағанды облыстарына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында ведомство басшысы өңірлердегі шаруашылықтардың жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.

Жетісу облысында Ербол Қарашөкеев жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында болды. Атап айтқанда, Жетісу облысында 8,3 мың басқа арналған 36 сүт-тауар фермасы бар. Министр барған солардың бірі биыл өндірісті кеңейтуге қосымша 900 млн теңге инвестиция алды. Қазір «Каримов» ЖК сүт фермасында 900 бас ірі қара бар, оның 600 сауын мал. Жыл соңына дейін 80 басқа арналған тағы 1 сүт-тауар фермасын енгізу және 950 басқа 2 сүт-тауар фермасын кеңейту жоспарлануда. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы саланы субсидиялау бөлігінде жоспарланған инновациялар туралы айтты. Мысалы, зауыттарға тапсырылған сүт үшін субсидия алуға үміткер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сүт құбыры бар машинамен сауу тиіс. Бұл өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Сонымен бірге бұл норманың жеке қосалқы шаруашылықтардың сүтін жинаушы кооперативтеріне қатысы жоқ.

Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, Жетісу облысында 33,0 мың басқа арналған 76 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Осы жылы 5,7 мың басқа арналған тағы 6 алаңның құрылысы жүріп жатыр. 

Сондай-ақ Жетісу аймағының агроөнеркәсіптік кешенінде 2025 жылға дейін 31,9 млрд теңге сомасына 67 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Соның басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығында қолға алынады.

Ведомство басшысының айтуынша, инвестициялық жобаларды іске асыру маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын өтеуге және облыс нарығындағы бағаларды тұрақтандыруға, сондай-ақ 1000-ға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары аясында Ербол Қарашөкеев өңірдегі егін жинау науқанының барысымен танысты. 2022 жылдың 4 қазанындағы жағдай бойынша 15,9 млн га астық жиналды, орташа өнімділігі 13,3 ц/га болған кезде 21,2 млн тонна астық бастырылды, оның ішінде Жетісу облысында 284,8 мың га жиналды, орташа өнімділігі 23,1 ц/га болған кезде 658,6 мың тонна астық бастырылды.

Бүгінгі таңда «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде, сондай-ақ Аграрлық несиелік корпорациясы өз қаражаты есебінен 115,9 млрд теңге сомасына 3 916 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, оның ішінде Жетісу және Алматы облыстары бойынша 1,4 млрд теңге сомасына 100 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісін қаржыландырды. 

Бұдан басқа, майлы дақылдарды 3,5 млн га алқаптан жинау жоспарлануда, оның ішінде Жетісу облысында 96,1 мың га, картоп – 198,9 мың га, оның ішінде облыс бойынша 13,6 мың га және көкөніс-бақша дақылдары - 270,0 мың га, оның ішінде Жетісу облысы бойынша 9,1 мың га.

Биыл өңірде егін жинау жұмыстарына шамамен 1 605 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы қатысады, оның ішінде 976 бірлік астық жинайтын комбайн. Күзгі-дала жұмыстарын жүргізуге шамамен 423,4 мың тонна дизель отыны бөлінді, оның бағасы нарықтағыдан 15-20%-ға арзан, оның ішінде Жетісу облысына шамамен 6,8 мың тонна берілді.

Оның айтуынша, жоспарлы тәртіпте жаңа егіннің астығын қабылдауға астық қабылдау пункттерінің материалдық-техникалық базасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қолда бар астық сақтау сыйымдылықтарының жалпы көлемі 29,1 млн тоннаны құрайды, бұл болжамды егінді ескере отырып, астықты сақтауға жеткілікті.

Ағымдағы маусымда «Азық-түлік корпорациясы» АҚ 1,1 млн тоннаға дейін ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алуды жоспарлап отыр.

Жалпы, егін жинау науқаны жоспарлы режимде жүріп жатыр және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ерекше бақылауында.

Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі дағдарысқа қарсы жүйелі және жедел шараларға жеке тоқталды.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында қазіргі уақытта республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджет қаражатының қосымша бөлінуін ескере отырып, субсидиялаудың жалпы көлемі 451 млрд теңгеден асады, бұл 2021 жылғы деңгейден 20%-ға артық.

Бұдан басқа, 2021 жылғы құрғақшылық қайталанған жағдайда мал мен құс басының сақталуын қамтамасыз ететін 279 мың тонна көлемінде астық-жем қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20,0 млрд теңге бөлінді.

Осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидалары бойынша жүзеге асырылады, ал субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімі 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.

Қазіргі уақытта субсидиялаудың жаңа қағидаларының жобасы әзірленді және жұмыс тобы шеңберінде талқылау сатысында тұр. 

Жалпы алғанда, қолданыстағы механизмнің негізгі түйінді тұстары қалады. Өзгерістер негізінен қолданыстағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға және субсидиялаудың жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйесін енгізу есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлатуға бағытталатын болады.

Қаржы құралдары бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары қалады – бұл инвестициялық субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сақтандыру жарналарын субсидиялау, сондай-ақ қарыздарға кепілдік беруді сақтандыру.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құнын субсидиялау бөлігінде талаптар күшейтіледі, ұңғымалар мен құдықтардың құнын субсидиялау рәсімдерін оңайлату ұсынылады, өйткені дәл осы ұстанымдар бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ескертулері бар.

Өсімдік шаруашылығына тоқталған ведомство басшысы, мұнда да қолданыстағы бағыттар мен стандарттар қалатынын атап өтті. Өзгерістер қант қызылшасының құнын субсидиялауға қатысты болады. Мұнда нормативтерді қант зауыттарына өңдеуге тапсырылған шикізаттың тоннасы үшін 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін көтеру ұсынылуда.

Мал шаруашылығына тоқталған ол, мұнда да негізінен субсидиялаудың қолданыстағы бағыттарын, түрлері мен нормативтерін сақтау ұсынылып отырғанын айтты. Соған қарамастан, өндірушілерді, сондай-ақ өз мал басы жоқ ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін қолдан ұрықтандыру және селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу жөніндегі қызметтерді жалға беруді субсидиялауды жою көзделіп отыр, өйткені дәл осы позициялар жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ие.

Құс шаруашылығы бойынша барлық қазіргі нормативтер өзгеріссіз қалады. Тауарлық-спецификалық субсидиялардың барлық түрлері және оларды қаржыландыру көздері өзгермейді. Жаңалықтар сүтті субсидиялауға қатысты болады. Сонымен қатар мұндай норма жеке қосалқы шаруашылықтардан сүт жинау кооперативтеріне қатысты болмайды. Алайда, бұл олар үшін уақытша шара болады, өйткені 2026 жылдан бастап сүт құбыры бар сауу машинасы жоқ сүт субсидияланбайды.  

Асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу бойынша отандық және импорттық жануарлар үшін сүтті мал бойынша 300 мың теңге, ет бойынша – 1 басқа 200 мың теңге деңгейінде бірыңғай нормативтер белгілеу және сол арқылы асыл тұқымды өнімдерге бәсекелестік үшін тең жағдай жасау ұсынылады. Бұқашықтар мен қойларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады.

Жемшөпті субсидиялау бойынша осындай қолдау көрсету шарттарын нақтылау ұсынылады. Атап айтқанда, тек шөп пен кебекті субсидиялау туралы ұсыныс төтенше жағдай басталған кезде немесе Қазгидрометпен расталған ауа райының қалыптан тыс жағдайында ғана енгізіледі.

Тағы бір жаңалық – субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу. Олар келесідей болады:

˗      өз өндірісінің өнімін өткізу көлемінің жыл сайын кемінде 3%-ға ұлғаюын қамтамасыз ету (форс-мажорлық жағдайларды қоспағанда);

˗      еңбек өнімділігін жыл сайын арттыру;

˗      5 жылда кемінде 1 рет негізгі капиталға инвестициялар салуды қамтамасыз ету.

Осылайша, субсидиялаудың жаңа қағидаларының түйінді сәттері қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылаудың және оларды бағалаудың пәрменді құралдарын енгізу тетіктері арқылы бөлінген субсидиялардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша жою және цифрландыру есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлату болып табылады.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, биыл 1 шілдеден бастап цифрландыру есебінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында субсидиялаудың жаңа бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі іске қосылды, ол фермерлер үшін тегін және барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын болады. Ол қазіргі қолданыстағы «Колдау» жүйесін ауыстырады.

Бұдан басқа, өндіріске ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін енгізу бойынша тауар өндірушілердің шығындарын субсидиялау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар және кооперативтердің өз мүшелеріне көрсеткен қызметтерінің құнын субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары енгізіліп жатыр. Олар өндірісті технологиялық қайта жарақтандыру процестерін жеделдетуге және ауылдық жерлерде кооперативтік қозғалысты ынталандыруға және дамытуға бағытталған.

Осы жүйелі шараларды қабылдау республиканың, оның ішінде Жетісу облысының ауыл шаруашылығын дамытудың орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында «Нәтиже» ірі сүт өңдеу кәсіпорнына барды. Зауыт жыл сайын шамамен 44 мың тонна сүт өңдейді және Қазақстанның бірнеше қаласын сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Айта кетейік, бүгінде өңірде 39 сүт-тауар фермасы жұмыс істеп тұр, жыл соңына дейін жалпы өндірістік қуаты жылына 9,8 мың тонна сүтті құрайтын тағы 4 тауарлық сүт фермасын іске қосу жоспарлануда.

Ербол Қарашөкеев сондай-ақ танымал «Қарағанды-Нан» Қарағанды нан-макарон комбинатында болды. Бүгінгі таңда корпорация Ресей, Беларусь және Орталық Азия елдеріне экспортталатын 220-ға жуық өнім түрін шығарады.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Абай ауданындағы «Шанс» ШҚ жұмысымен танысты. 25 жылдық тарихы бар шаруа қожалығы дәнді және көкөніс дақылдарымен айналысады, сонымен қатар мал өсіреді. Соңғы екі жылда фермерлер миллиард теңгеден астам мемлекеттік субсидия алды, оның ішінде құрама жем зауытын салуға және астық тазалайтын машина сатып алуға.

Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу барысында Ербол Қарашөкеев АӨК саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ 2023 жылдан бастап іске қосылатын субсидиялаудың жаңа тетіктері туралы айтты.

Бүгінгі таңда Үкімет көрсетіп жатқан шаралардың арқасында Қарағанды облысында АӨК дамуының оң нәтижелері тіркелді. Мәселен, өңірде 17 мың басқа арналған 6 бордақылау алаңы бар. Биыл өндірістік қуаты жылына 450 тонна ірі қара мал еті болатын тағы бір алаңның құрылыс жүріп жатыр. 8,6 мың басқа арналған 39 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін жалпы өндірістік қуаты жылына 9,8 мың тонна сүтті құрайтын тағы 4 сүт-тауар фермасын іске қосу жоспарлануда.

Облыста 2026 жылға дейін АӨК-де 141 млрд теңге сомасына 72 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Инвестициялық жобаларды іске асыру маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын өтеуге және облыс нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыруға, сондай-ақ шамамен 3 200 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шараларына тоқтала келе, ауыл шаруашылығы министрі фермерлер үшін әлемдік азық-түлік нарықтарындағы құбылмалылық салдарын нивелирлеу мақсатында субсидиялау көлемін 139 млрд теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Нәтижесінде осы жылы субсидиялардың жалпы көлемі 453 млрд теңгені, оның ішінде Қарағанды облысында 38,3 млрд теңге құрады. Сондай-ақ көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі бюджеттік кредит берудің жалпы сомасын 140 млрд теңгеге дейін жеткізе отырып қосымша 70 млрд теңгеге ұлғайтылды.

Сонымен қатар «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның форвардтық сатып алу практикасы жалғастырылды. Бұл ретте осы жылы қаржыландыру сомасы 80 млрд теңгеге жеткізілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 2 есеге артық. Ағымдағы маусымда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы форвардтық келісімшарттар шеңберінде шамамен 1,1 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл ретте Азық-түлік корпорациясы бұрын форвардтық шарттар жасалған ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алу бағасын белгіледі. Белгіленген сатып алу бағасы нарықтың барлық қатысушылары үшін, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздері үшін әділ болып табылады.

Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде жаппай егін жинау жұмыстары қарсаңында «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген кредит беру тетігі пысықталып, оған шамамен 40,0 млрд теңге бағытталғанын атап өтті.

Осы шаралардың барлығы жақсы өнім жинауға мүмкіндік берді, бүгінгі күні республика бойынша барлығы 16,0 млн га астық жиналды, гектарына 13,7 центнер орташа өнімділікте 21,8 млн тонна астық бастырылды, оның ішінде Қарағанды облысында 919,9 мың га жиналды, орташа өнімділікте 9,6 ц/га болаты астық 885,1 мың тонна астық бастырылды. Еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау толығымен аяқталды.

Майлы дақылдарды жинау 2,8 млн га алаңда жүргізілді немесе егін жинау алаңының 81,0%, май тұқымдарының жалпы жиналуы гектарына 8,1 центнер өнімділікте 2,3 млн тоннаны құрайды, оның ішінде Қарағанды облысында 58,5 мың га немесе 100% жиналды, май тұқымдарының жалпы түсімі 31,1 мың тоннаны құрайды, орташа өнімділігі – 5,3 ц/га. Шамамен 3,9 млн тонна картоп жиналды, оның ішінде Қарағанды облысында – 404,3 мың тонна.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты аяқтап жатыр. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қарсы міндеттемелерді енгізу есебінен мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынымдарына сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюды көздейтін ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдемелері әзірленді. 

Субсидия алушылардың нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу және бақылаудың тиімді құралдарын енгізу бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдауы бойынша нормалар енгізілуде. Субъектілерге бәсекелестік үшін тең жағдайлар жасау, субсидиялау мәселелерінде жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін нақтылау және кеңейту бөлігінде орын алған бұрмаланушылықтарды жою бойынша тұтас жұмыстар кешені жүргізілді.

Жергілікті атқарушы органдардың субсидиялау жөніндегі қаулыларын келісу рәсімдері жеңілдетілетін болады. Жаңа субсидиялау жүйесінің басты жаңалықтарының бірі оны цифрлық форматқа көшіру болады.

Қазіргі уақытта субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлеу аяқталуда. Оның негізгі функционалы субсидия алушылардың тізілімін автоматты режимде қалыптастыру, олардың ЭҚЖЖ бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер санатына сәйкестігін тексеру, субсидия алушылардың қарсы міндеттемелерін тіркеу және олардың орындалу дәрежесін, субсидия алу кезектілігін және қанағаттандырылмаған өтінімдердің күту парағын бағалау болады. Қазіргі уақытта субсидиялаудың жаңа қағидаларының жобасы әзірленді және жұмыс тобы шеңберінде талқылау сатысында тұр.

Осы жүйелі шараларды қабылдау республикада оның ішінде Қарағанды облысында ауыл шаруашылығын дамытудың орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу