Ғылымды гранттық қаржыландыру отандық ғалымдарды қолдау шарасы ретінде


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиі айтатын үндеулерінің бірі — отандық ғалымдарға қолдау көрсету және ғылымның дамуына жан-жақты ықпал ету. Гранттық қаржыландыру осындай қолдаудың шешімдерінің бірі болды. 2020-2022 жылдарға арналған жас ғалымдардың бір ғана конкурсы бойынша ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 9 млрд теңгені құрайды.

Гранттар — қаржыландырудың аса талап етілетін түрлерінің бірі. Тек 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі әр түрлі қаржыландыру көлемі мен жобаларды іске асыру мерзімдері бар гранттарға 5 конкурс өткізді. Алғаш рет шетелдік ғалымдармен жеке, қысқа мерзімді коллаборацияға қатысты гранттардың жаңа түрлері енгізілді.

Әрбір жобаны қаржыландыру көлемі алға қойылған міндеттерге және жоба шеңберінде жүргізілетін зерттеулер ауқымына байланысты болады. Гранттық қаржыландыру және оның көлемі туралы түпкілікті шешімді Ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК) шығарады және оны «Ғылым туралы» ҚР Заңына сәйкес конкурс жариялаған уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган бекітеді.


Осылайша, ҚР БҒМ 2020 жылғы конкурстарының нәтижелері бойынша гранттың ең жоғары сомасы мынаны құрады:

  • жас ғалымдардың бірінші конкурсы бойынша – 80 млн тг;
  • іске асыру мерзімі 27 ай – 70 млн тг;
  • іске асыру мерзімі 36 ай – 70 млн тг;
  • 12 айға жеке гранттар – 8 млн теңгеге дейін.

Ғылыми гранттарды қабылдау, қарау және мақұлдау тетігі

2019-2020 жылдары ғылымды әкімшілендірудің құқықтық базасы мен процестерін жетілдіру бойынша елеулі жұмыс жүргізілді. Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ережеге, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына, Ғылымды қаржыландыру қағидаларына қажетті өзгерістер енгізілді, ҰҒК құрамы толығымен жаңартылды.

Өзгерістердің негізгі мақсаттары барлық процестер үшін нақты критерийлерді енгізу, ғылымды басқару жүйесінің негізгі институттарының ашықтығын арттыру, қоғам үшін конкурстық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету болды.

Алғаш рет нақты ғылыми өлшем көрсеткіштері негізінде 10 ұлттық ғылыми кеңестің (ҰҒК) құрамы құрылды, оларға қазақстандық және шетелдік мықты ғалымдар кірді. ҰҒҚ-тің жаңа мүшелерінің үштен екісі бұрын кеңеске кірген емес.

ҰҒК отырыстарының транспаренттілігі қамтамасыз етілді (ашық дауыс беру).

ҰҒК барлық отырыстары тікелей эфирде көрсетіледі, трансляцияларға сілтемелер «ҰМҒТСО» АҚ Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланады.

Әрбір адам ҰҒК мүшелерінің жұмысын бақылай алады. ҰҒК әрбір мүшесі бағалау парағын толтырады. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама нәтижесінде әрбір жоба бойынша алған балдар ҰҒК мүшелері қойған балдармен жинақталады. Осы мәліметтер негізінде әрбір басым бағыт бойынша жобалардың сараланған тізімі жасалады. Бұл шаралар мемлекеттік қаржыландырудың ең мықты жобаларға берілуіне бағытталған.

ҰҒК отырыстары аудио және бейне форматтарда тіркеледі, кеңестердің дауыс беру хаттамалары, аудио және бейне жазбалары ҰМҒТСО-да сақталады. Орталық, сондай-ақ, ҰҒК мүшелерінің мүдделер қақтығысын болдырмау тұрғысынан ҰҒК туралы ережеде көзделген нормалар мен шектеулерді нақты сақтауына мониторинг жасайды. Соңғы кезеңде ҰҒК мүшелері ҰҒК мүшесінің этикалық кодексін қабылдау туралы бастама көтерді. Ереже бұзылған жағдайда ҰҒК мүшесінің өкілеттігін ерікті түрде тоқтатудың мысалы бар.

 

Мемлекеттен өтеусіз қаржыландыру алуға арналған конкурстан табысты өту шарттары

Мемлекеттен грант алуға арналған өтінім іріктеуден сәтті өтуі үшін, ең алдымен, өтінім, ғылыми жетекшінің және зерттеу тобы мүшелерінің құзыреті, барлық ұсынылатын мәліметтер конкурс жариялаған мемлекеттік органның конкурстық құжаттамасына толық сәйкес келуі қажет.

2020 жылы ғылыми жетекшілер үшін негізгі талап халықаралық деректер базасында индекстелетін журналдарда жарияланымдардың белгілі бір санының болуы болды. Ғылыми жетекшінің біліктілігі бойынша конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмеу, сондай-ақ ҰМҒТСО жүргізетін формальды тексеру қорытындылары бойынша өтінімді тиісінше ресімдемеу өтінімді бастапқы кезеңде қабылдамауға негіз болады. Бұдан өзге, өтінімде плагиат болмауы тиіс, сілтемені дұрыс көрсетпеу, іске асырылып жатқан және бұрын іске асырылған жобаларды қайталамау керек, мұны да ҰМҒТСО тексереді.

Екіншіден, екі шетелдік және бір қазақстандық сарапшы жүргізетін ғылыми-техникалық сараптаманың нәтижелері бойынша жоба кемінде 25 балл (шекті балл) алуы тиіс.

Үшіншіден, сұралған қаржыландыру сомасы артық болмауы керек, бұл қаржылық сараптама барысында тексеріледі. Сұратылып отырған соманың қажетті сомадан 25%-дан асуы жобаны қаралып жатқандар қатарынан алып тастауға негіз болады.

Төртіншіден, бұл ең бастысы, өтінімді ҰҒК мүшелері қаржыландыруға мақұлдауы тиіс.

 

Жобаларды қаржыландырудан бас тарту шарттары

Бюджеттен қаржыландырылатын жобалардың бір-бірімен толық сәйкес келуіне жол берілмейтінін атап өту маңызды, өйткені әрбір өтінімді Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы (ҰМҒТСО) сараптама объектісінің тақырыбының немесе мазмұнының қайталануын, плагиаттың болмауын, бұрын немесе бір мезгілде түскен МҒТС объектілерімен бірдей болмауына тексереді. ҰМҒТСО мұндай өтінімдерді сараптама жүргізбестен қайтарады және олардың тізбесін өзінің интернет-ресурсында жариялайды.

Бұдан басқа, ҰҒК ұсынымдары бойынша гранттық қаржыландыру көлемін ғылымның басым бағыттары бойынша Жоғары ғылыми-техникалық комиссия алдын ала бөледі. 2021-2023 жылдары осындай басым бағыттардың саны 10-ды құрады.

Конкурстың әрбір қатысушысы ҰМҒТСО ақпараттық жүйесіндегі өзінің жеке кабинетінде өтінімнің мәртебесін қадағалай алады.

Қабылданбаған жобалардың тізбесі сондай-ақ ҰМҒТСО мен Ғылым комитетінің сайттарында орналастырылады. ҰҒК барлық отырыстары және жобаларды талқылау онлайн-режимде өтеді және ҰМҒТСО ютуб-арнасында көрсетіледі. Бейнежазба жасалып, ҰМҒТСО мен Ғылым комитетінде сақталады. Ұлттық ғылыми кеңес туралы ережеге сәйкес, ҰҒК мүшелері негізделген шешімдер қабылдап, жобаның қабылданбау себептерін түсіндіруі керек.

Қолданыстағы «Ғылым туралы» заңда ҰҒК қабылдаған шешімге өтініш берушілердің немесе басқа адамдардың апелляция институты қарастырылмаған. Сонымен қатар ҰҒК шешімдері конкурс жариялаған мемлекеттік органның орындауы үшін міндетті болып табылады. Алайда, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңға сәйкес конкурсқа қатысушы ҚР БҒМ Ғылым комитетіне өтініш жібере алады, ол өз кезегінде қабылданған шешімді негіздей отырып, күнтізбелік 15 күн ішінде жауап алу үшін ҰҒК-ға жүгінеді.

 

Ғылыми жұмыстардың танымал тақырыптары

Ғылыми зерттеулерді іске асыру ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындайтын ғылымды дамытудың басым бағыттарына сәйкес жүргізіледі. Талдау көрсеткендей, қазақстандық ғалымдар үшін гранттардағы үлесі 58,5% құрайтын қолданбалы зерттеулер үлкен қызығушылық тудырады.

Өтінімдердің басым бөлігі «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, шикізат пен өнімді қайта өңдеу» басымдығы бойынша беріледі. Екінші орында «ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар» басымдығы тұр, бұл ғылыми қоғамдастықтың экономиканы цифрландыру проблемаларына жоғары практикалық қызығушылығымен байланысты. Сондай-ақ, «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ғылыми зерттеулер» бағыты бойынша өтініштер саны тұрақты түрде жоғары.


Қазақстандық ғалымдар рейтингтік ғылыми басылымдарда өз жұмыстарын белсенді түрде жариялайды

Мемлекеттің ғылым саласындағы басты міндеті — бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет субъектілерінің нәтижелілігін арттыру, сондай-ақ жұмсалатын бюджет қаражатының тиімділігін арттыру. Өткен жылдары іске асырылған жобалар мен бағдарламалардың талдауы көрсеткендей, ғылыми жетекшілер мен зерттеу тобы мүшелерінің біліктілігі зерттеу сапасына, әсіресе іргелі зерттеулерге әсер ететін маңызды фактор болып табылады.

Халықаралық ғылыми қауымдастықта ғалымдардың табыстылығының және зерттеу жұмыстарының бірегейлігінің жалпы танылған критерийі — халықаралық дерекқорларға кіретін жоғары рейтингілі басылымдарда белсенді түрде жариялану. Мұндай журналдарда жұмысты жариялау өте қиын, бірақ қазақстандық ғалымдар тұрақты прогресс көрсетіп отыр.

Мәселен, 2011 жылдан бастап ғалымдарымыздың мақалаларының саны 7 еседен астам өсті. Бұдан басқа, 2020 жылы 2011 жылмен салыстырғанда қазақстандық ғалымдар әлемнің ең дәйексөз жарияланымдарының 1%-ына кіретін мақалалар мен шолуларды 12 есе көп жариялады (WoS, 25.12.2020 ж).

Сонымен бірге, жұмысты белсенді түрде жариялау жобаларды қаржыландырудың жалғыз критерийі емес. Сонымен қатар қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың шарты — олардың енгізу актілерімен, патенттермен және басқа да қорғау құжаттарымен расталатын, ел экономикасының нақты секторының қажеттіліктеріне бағытталуы және қоса қаржыландырудың болуы және т. б.

Соңғы уақытта отандық ғалымдардың әлемдік ғылыми басылымдарда жұмыстарын белсенді жариялай бастағаны байқалады. Бұл факт ғалымдардың табыстылығын және олардың зерттеу жұмыстарының бірегейлігін көрсетуі мүмкін.

Әрине, бұл қазақстандық ғалымдардың табыстылығын және олардың зерттеу жұмыстарының бірегейлігін көрсетеді, өйткені соңғы жылдары Web of Science Core Collection деректер базасында бірінші квартильдің ең беделді Q1 журналдарындағы жарияланымдар саны артуда.

Сондай-ақ жұмыстардың табыстылығының және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудың маңызды көрсеткіші халықаралық қатысуы бар жарияланымдар саны (халықаралық коллаборациялар) болып табылады. Соңғы 10 жылда Қазақстанда осы көрсеткіштің тұрақты өсуі байқалады. Егер Web of Science деректер базасы бойынша 2011 жылы Қазақстан ғалымдары халықаралық коллаборация құрамындағы халықаралық журналдарда барлығы 254 ғылыми жұмыс жариялаған болса, 2019 жылға қарай бұл көрсеткіш 2478-ге дейін, яғни 10 есеге жуық артты.

Scopus деректер базасында ғалымдардың табыстылығы сандық (жарияланымдар саны және дәйексөз саны), сондай-ақ сапалық (зерттеу саласындағы сараланған дәйексөз индексі (FWCI) және Хирш индексі) бірнеше көрсеткіштермен айқындалады.

Қазақстандық ғалымдардың зерттеулерінің сапалық көрсеткіштері динамикада жақсарды: 2019 жылы дәйексөздің салмақталған индексі 0,91 құрады, ал 2020 жылы ол 1,0-ге жақындады. Бұл көрсеткіш бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік рейтингтерінде пайдаланылады және әлем бойынша орташа алғанда 1,0-ді құрайды.

2020 жылдан бастап соңғы 5 жыл ішінде мықты журналдарда мақалалардың болуы барлық конкурстардың конкурстық құжаттамасында жобалардың ғылыми жетекшілеріне қойылатын міндетті талап болып табылады, ал жұмысты жоғары белсенділікпен жариялау — қаржыландыруға арналған өтінімдерді ҰҒК қарау кезінде бәсекелестік артықшылық болып табылады.

Сонымен қатар ғылыми өлшем көрсеткіштеріне ҰҒК-ға, ҰМҒТСО сараптамалық базасына, мемлекеттік сыйлықтарға ұсынылған жұмыстарды қарау бойынша сараптамалық секцияларға қосу критерийлері негізделген.

 

Отандық ғылыми мерзімді басылымдардың жағдайы

Елімізде екі жүзге жуық ғылыми журнал шығарылады, олардың сапасы мен деңгейі әр түрлі.

Қазақстандық он екі ғылыми журнал Clarivate Analytics компаниясының Web of Science құрамына, Elsevier компаниясының Scopus-на  5-еуі кіреді.

Scopus деректер базасына енген 5 қазақстандық журнал:

1. Eurasian Mathematical Journal (Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ).

2.  Eurasian Journal of Mathematical and Computer Applications (Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ).

3. Eurasian Chemico-Technological Journal (Жану проблемалары институты).

4. News of the National Academy of Sciences of the Republic of Kazakhstan, Series of Geology and Technical Sciences (ҚР ҰҒА).

5. Eurasian Physical Technical Journal (Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ)

Web of Science деректер базасына енген он екі қазақстандық журнал:

1. Еуразия химия-технологиялық журналы (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ).

2. Central Asian Journal of Global Health (Назарбаев Университеті).

3. ҚР ҰҒА хабаршысы.

4. ҚР ҰҒА жаңалықтары. Химия және технология сериясы.

5. ҚР ҰҒА жаңалықтары. Физика-математика сериясы.

6. ҚР ҰҒА жаңалықтары. Геология және техникалық ғылымдар сериясы.

7. Еуразиялық математикалық журнал (Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ).

8. Математика және компьютерлік қосымшалардың Еуразиялық журналы (Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ).

9. Қарағанды университетінің хабаршысы: химия сериясы (Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ).

10. Қарағанды университетінің хабаршысы: физика сериясы (Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ).

11. Қарағанды университетінің хабаршысы: математика сериясы (Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ).

12. International Journal of Biology and Chemistry (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ).

Қазіргі уақытта қазақстандық журналдарды Clarivate Analytics платформасында реферативтік дерекқорға қосу жөніндегі комиссияның қарауында 6 журнал, Scopus платформасында 2 бар.

 

Қазақстандық ғалымдардың табысты жобалары

Айтарлықтай экономикалық әсер етуі мүмкін ғылым жетістіктерінің ішінде мыналарды атауға болады.

«Қазақстан» қорытпасы. Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу бойынша ҰО-да құрылған жаңа материал, ферросиликоналюминий, болаттың қасиеттерін едәуір жақсартады және түсті әрі қара металлургия мен машина жасауда үлкен перспективаларға ие.

Гравитациялық толқындар. Халықаралық жобаның қатысушылары, соның ішінде қазақстандық ғалым Ерназар Әбдікамалов алғаш рет гравитациялық толқындарды тіркеді, олардың барын Альберт Энштейн болжаған болатын. Бұл ғаламды, ондағы құбылыстар мен процестерді көрудің, материяның ғылымға белгісіз қасиеттерін ашудың жаңа тәсілі.

Бериллий алу технологиясы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары улы газдардың бөлінуімен қатар жүретін және үлкен энергия шығынын және металды балқыту кезінде қымбат отқа төзімді жабдықты пайдалануды талап ететін жоғары температуралық процесті алып тастау мүмкіндігін тапты. Жаңа технологияларды енгізу негізінде бірегей электрлі физика-химиялық қасиеттері бар бериллий оксидінен 150-ден астам жаңа өнім алуға мүмкіндік туды. Бұл өнім Ресей, Украина, Беларусь, Польша, Израиль әскери-өнеркәсіптік кешенінің қорғаныс кәсіпорындарына экспортталуда. Бұл әзірлемені өз кәсіпорындарында енгізуге әлемнің жетекші елдері: АҚШ, Қытай, Үндістан және т. б. елдер қызығушылық танытып отыр.

«Гуминт». Құрамы белгілі бір макроэлементтердің үлесін арттыру арқылы реттелетін икемді формуласы бар композициялық тыңайтқыш. Ол суды жинақтап, құрғақ кезеңде өсімдіктерге бере алады. Осылайша, бұл әзірлеме келешекте су тапшылығы мен жердің шөлейттенуі проблемаларын шешуге ықпал етуі мүмкін. Өнертабыс авторлары — профессор Серік Фазылов бастаған Органикалық синтез және көмір химиясы институтының ғалымдары.

Коронавирусқа қарсы вакцина. «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК ғалымдары коронавирусқа қарсы алғашқы отандық «QazCovid-in» вакцинасын әзірледі, ол клиникалық зерттеулердің алғашқы екі фазасынан сәтті өтті және 2020 жылғы 19 желтоқсаннан бастап 3 фазада тұр. Вакцина қауіпсіз және тұрақты иммунитетті қалыптастырады.

 

«Жасыл энергетика» саласында ғылыми жобаларды іске асыру

Гранттық қаржыландыру шеңберінде 2018-2020 жылдары энергетика және машина жасау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, табиғи, оның ішінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, геология, қайта өңдеу, жаңа материалдар мен технологиялар, өмір және денсаулық туралы ғылымдар салаларында «Жасыл экономика» бойынша 59 жоба іске асырылды. Оның ішінде келесі жұмыстар бар:

  • ҚР Жайық маңы өңірінің агроценоздарындағы жерді пайдалану түріне байланысты қара-қызғылт топырақтағы көміртегі қоры мен көміртегі диоксидінің эмиссиясын зерттеу;
  • Қазақстанның күріш суару жүйелерінде су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру;
  • Арал теңізінің қалдық су айдындары мысалында аридті климаттың ағынсыз көлдері экожүйесінің жай-күйі және оларды шаруашылықта пайдалану мүмкіндігі;
  • құбылмалы климат жағдайында су қауіпсіздігі мен тұрақты даму факторы ретінде Балқаш-Алакөл бассейнінің өзен ағынын қалыптастыру аймағының қар құрсауының эволюциясы;
  • Жер, жер маңы және атмосфералық процестер физикасының шектес салаларындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер және оларды практикалық қолдану;
  • халық тығыз орналасқан және өнеркәсіптік аумақтардағы атмосфералық ауаның ластану деңгейін 3D-модельдеу, үздіксіз мониторингтеу және болжау үшін бағдарламалық кешен әзірлеу;
  • Алматы облысы халқының генетикалық мәртебесі мен денсаулығына кәдеге жаратылмаған және пайдалануға тыйым салынған пестицидтердің әсерін кешенді бағалау;
  • халық денсаулығы мен қоршаған ортаға қолайсыз әсерлердің алдын алу мақсатында егіншілікті қарқындатудың әртүрлі дәрежесінің негізінде астық өндіру кезіндегі экологиялық тәуекелдерді басқару және басқалар.

Ел Президентінің 500 ғылыми тағылымдама ұйымдастыру және жас ғалымдардың зерттеулеріне мың грант бөлу туралы тапсырмасын орындау шеңберінде басым бағыттар қатарында «жасыл технологиялар және энергия тиімділігі» анықталды.

 

Бизнестің ғылымды дамытуға қатысуы

Қазіргі уақытта бизнес ғылымға ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары (бұдан әрі — ҒҒТҚН) арқылы қатысады.

2016 жылы бизнесті тарта отырып, қолданбалы ғылымға көшу тетігі ретінде ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру тетігін іске асыру басталды.

ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру операторы болып «Ғылым қоры» АҚ айқындалды.


Үш конкурстың қорытындысы бойынша (2016 ж., 2017 ж., 2018 ж.) ҰҒК шешімдеріне сәйкес ҒҒТҚН коммерцияландыру бойынша 156 жобаны қаржыландыру жүзеге асырылады, оның ішінде 144 жоба бойынша бизнес тарапынан қоса қаржыландыру бар. Бірлесіп қаржыландыру үлесі жалпы алғанда 16% (3,8 млрд теңгені) құрайды.

Қазіргі уақытта 156 ғылымды қажетсінетін өндірістен 90-нан астамы  іске қосылды және жалпы кірісі 6,6 млрд теңгеден асатын сату кезеңіне жетті.

Жалпы, іске асырылып жатқан 156 жобаның ішінде мына салалар бар:

  • АӨК – 27;
  • атом өнеркәсібі – 2;
  • биотехнологиялар – 25;
  • IT-технологиялар-17;
  • медицина – 13;
  • металлургия – 8;
  • білім беру – 1;
  • машиналар мен жабдықтар өндірісі – 9;
  • азық-түлік өндірісі –12;
  • өзге де дайын бұйымдар – 8;
  • құрылыс материалдары – 5;
  • туризм – 1;
  • химия өнеркәсібі – 12;
  • экология – 6;
  • энергетика – 10 жоба.

Сараптамалық бағалаулар бойынша қазақстандық бизнес бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға мүдделі, алайда олардың жоғары тәуекелді сипатына байланысты мемлекет тарапынан қосымша ынталандыру шаралары (салық жеңілдіктері мен преференциялар) талап етіледі.

Бүгінгі таңда бизнес IT-технологиялар саласындағы жобаларға барынша дайын, өйткені олар ең аз қаржылық шығындарды талап етеді және тез нәтиже береді. Сондай-ақ, көптеген компаниялар дайын технологияларды трансферттеуге мүдделі.

 

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын іріктеу критерийлері

2020 жылы өткізілген 5 конкурс бойынша гранттық қаржыландыруға 5014 өтінім келіп түсті.

Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың негізгі критерийлері: зерттеу жоспарының инновациялылығы; зерттеу жоспарының сапасы мен іске асырылуы, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларды/бағдарламаларды іске асырудың салдарын/нәтижелерін болжау сапасы; күтілетін нәтижелердің маңыздылығы мен қолданылуы; өтініш берушінің құзыреттілігі және зерттеу ортасының сапасы; зерттеулердің пәнаралық сипаты; сұратылатын қаржыландырудың негізділігі; басым бағытқа сәйкестігі; жобаның күшті және әлсіз жақтары болып табылады.

Шешім қабылдау кезінде ұлттық ғылыми кеңестер басшылыққа алатын өлшемдер: қойылған міндеттерді шешу үшін пайдаланылатын ғылыми-зерттеу жұмыстары мен әдіснамалық тәсілдердің деңгейін арттыру үшін зерттеулердің өзектілігі; ғылыми ұйымдар мен олардың ұжымдарының, ғалымдардың ғылыми-техникалық әлеуетіне және бәсекеге қабілеттілігіне зерттеулер нәтижелерінің әсер ету дәрежесі; жобаның әзірлену дәрежесі, яғни мәлімделген параметрлерге сәйкес зерттеулерді орындау үшін орындаушыларда дайындаманың болуы; зерттеулер нәтижелерінің практикалық маңыздылығы, яғни елдің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуының өзекті міндеттерін шешу үшін коммерцияландыру немесе өзге де сапада қолдану үшін олардың әзірлік дәрежесі; жобаның мақсаты мен міндеттері, күтілетін нәтижелері мен орындаушылар құрамы бойынша (ұқсас зерттеулер жүргізу кезінде) мемлекеттік бюджеттен бұрын қаржыландырылған зерттеулермен қосарлануының болмауы.

 

Отандық ғылымды қолдау шаралары

Отандық ғылымды дамыту мақсатында ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдарға әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтар, сондай-ақ ғылым саласындағы атаулы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар беріледі.

Жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі 2020 жылы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-мен «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде кейіннен сатып алынатын жалдамалы тұрғын үйді (68 пәтер) сату туралы келісім жасасты.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп постдокторантура бағдарламалары бойынша ұсыныстар пысықталуда, олардың негізгі мақсаты неғұрлым мықты қазақстандық және шетелдік ғалымдардың басшылығымен әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті жас ғалымдарды даярлау болып табылады.

Ғылымның деңгейі мен әлеуетін арттырумен қатар, осы бағдарламаны іске қосу мүмкіндік береді:

  • жас ғалымдардың біркелкі және жоспарлы шығармашылық дамуына жағдай жасауға;
  • беделді халықаралық журналдардағы мақалалар санын арттыруға, сондай-ақ қазақстандық университеттер мен бүкіл елдің түрлі рейтингтердегі позицияларын көтеруге;
  • Ph.D дәрежесі бар докторанттар мен магистранттардың постдокторантураға грант алу мақсатында зерттеулерді неғұрлым сапалы жүргізуге ынтасын арттыруға.  

ҚР БҒМ жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылып, табысты жұмыс істеуде, онда ғылыми зерттеулердің сапасы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ отандық ғылымның проблемаларын шешу бойынша ұсыныстар әзірленеді.

Білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту арқылы ғылымның елді әлеуметтік-экономикалық дамытуға қосатын үлесін ұлғайту көзделген. Ғылымға арналған шығыстарды 2025 жылы ЖІӨ-нің 1%-ына дейін жеткізу үшін барлық мемлекеттік емес көздерден ғылымды қаржыландыруды ұлғайту бойынша шаралар қабылдануда. ҒЗТКЖ-ны іске асыратын мемлекеттік жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми жабдықтары жаңартылуда.

2020 жылы ҚР БҒМ 22 ғылыми ұйымы алғаш рет 2,8 млрд теңгеге заманауи жабдық сатып алды. 2021-2022 жж. бюджетте бұл мақсаттарға 8 млрд теңгеге жуық қаражат көзделген. Үш институтты күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленді.

 

Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы 

ҚР Президентінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы №993 «әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, Абай атындағы Әдебиет пен өнер саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлықтары туралы» Жарлығына сәйкес екі жылда бір рет әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығы беріледі.  

Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық ғылым, техника қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегінің жоғары бағалануы болып табылады. Ол ұлттық және/немесе халықаралық деңгейде әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуға ықпал еткен ғылыми жаңалықтар; білімнің жаңа салаларын және/немесе білімнің бір саласында жаңа бағытты ашқан монографиялар мен ғылыми жұмыстар; мемлекеттік саясаттағы өзгерістерді қамтамасыз еткен ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері үшін беріледі; экономикалық және (немесе) әлеуметтік әсерді қамтамасыз ететін техниканың, материалдар мен технологиялардың жаңа түрлерін әзірлеуді және өндіруді ұйымдастыруды, жүргізілген зерттеу негізінде оларды экономиканың әртүрлі салаларына енгізуді; экономиканың әртүрлі салаларында мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтерді қамтитын қағидатты жаңа бұйымдарды, технологиялық процестерді әзірлеуді және жасауды; ғылыми білімді экономикалық және әлеуметтік артықшылықтары бар коммерциялық өнімдерге, процестерге немесе көрсетілетін қызметтерге инновациялық қайта құруды; басым әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуді және ішкі және сыртқы нарықтарда Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз еткен технологияларды өндіріске енгізу жөніндегі инновациялық қызметтің расталған нәтижелері үшін беріледі.

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жұмыстар мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан өтеді, ғылым бағыттары бойынша арнайы құрылған секцияларда қаралады. Осы нәтижелердің барлығын сыйлық беру жөніндегі мемкомиссия — ҚР Мемлекеттік хатшысы басқаратын ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган қарайды. Оған Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары, жетекші ғалымдар, түрлі білім салаларының сарапшылары, ұлттық басқарушы холдингтердің өкілдері кіреді.

Комиссияның жұмыс органы ҚР Білім және ғылым министрлігі болып табылады.

Комиссияның шешімдері отырысқа қатысып отырған Комиссия мүшелері санының жай көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы қабылданады. Мемлекеттік сыйлық қатысып отырған Комиссия мүшелерінің санынан кемінде 50% дауыс жинаған жұмысқа беріледі. Мемлекеттік комиссияның ұсынымы негізінде ҚР Президентінің оларға әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық беру туралы Жарлығы қабылданады. 

 

Ғылым қызметкерлерінің халықаралық тағылымдамалары

Министрлік ғылыми қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасай отырып, Қ. Тоқаевтың  әлемнің жетекші зерттеу орталықтарында 500 ғалымға жыл сайын тағылымдамадан өту, сондай-ақ «Жас ғалымдар» жобасы шеңберінде зерттеуге 1000 грант беру туралы тапсырмасын іске асыру бойынша дәйекті жұмыс жүргізуде. Оның операторы болып Халықаралық бағдарламалар орталығы белгіленді.

Шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу орталықтарының, зерттеу компаниялары шеңберіндегі ғылыми ұйымдардың, салалық ұйымдардың базасында тағылымдамадан өту 12 айға дейінгі мерзімге жоспарланады. Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың ҰҚСК-нің үшінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес ғылымды дамытудың басым бағыттары ретінде медициналық-биологиялық зерттеулер, агроөнеркәсіптік ғылым, «жасыл» технологиялар, жасанды интеллект, энергия тиімділігі анықталды. Бұл бағыттар басым бағыттар қатарында және ғылыми тағылымдамалар шеңберінде болады.

Қазіргі уақытта тағылымдамадан өтуге ниет білдірген мыңдағаннан астам ғалымдардың тізімі қалыптастырылды; жетекші ғылыми орталықтардың тізбесі қалыптастырылды; салалық министрліктермен 2021-2023 жылдар бөлінісінде ғылымның нақты салаларындағы мамандарға қажеттілік пысықталды; тағылымдамалар бағдарламасын практикалық іске асыру үшін қаржы қаражатының көлемі айқындалды.

Жас ғалымдардың зерттеулеріне бір мың грант бөлуді 12 айға дейінгі мерзімге шағын жеке гранттар шеңберінде іске асыру жоспарлануда. Тиісті бюджеттік қажеттіліктер де анықталып, Қаржы министрлігінің қарауына енгізілді.

 

Бағдарлама стипендиаттарының халықаралық тағылымдамалары

2015-2019 жылдары 116 адам ғылыми тағылымдамадан өтті. Стипендиаттар Кембридж университеті, Оксфорд университеті, Бирмингем университеті, Кингс колледжі, Массачусетс технологиялық институты, Гарвард университеті, Джордж Вашингтон университеті, Дюк университеті, Берлин техникалық университеті, Якобс Бремен университеті, Гумбольдт университеті, Страсбург университеті, Чех Республикасының Ғылым академиясы, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Н. Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті және т. б. сияқты жетекші жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтті. 

Бұдан басқа, қазақстандық университеттер Еуропалық Одақ бағдарламасымен қаржыландырылатын Erasmus жобасына қатысады.

 

Гранттардың жаңа түрлері

Жалпы гранттық конкурстан басқа, 2020 жылы гранттардың жаңа түрлері енгізілді — шағын, қысқа мерзімді, шетелдік ғалымдармен бірлескен жобаларға. Бұл мемлекетке ғалымдардың мүмкіндігінше көп санын, олардың ғылыми идеялары мен бастамаларын қолдауға, сондай-ақ ғылыми қоғамдастықтың құзыреті мен әлеуетін дәйекті түрде арттыруға мүмкіндік беретін жаңа тәжірибе.

Шағын гранттар (12 ай мерзімге) шағын ғылыми міндеттерді шешуге және ғалымдардың құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған.

Жас ғалымдар байқауы жобаларды басқаруда практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

Халықаралық коллаборацияға гранттар (27 ай мерзімге) шетелдік мықты ғалымдармен және ғылыми ұжымдармен ынтымақтастық шеңберінде ірі ғылыми проблемаларды шешуге бағытталған. Халықаралық коллаборациясы бар жобаларды іске асыру әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануға және қазақстандық ғылымның серпінді дамуына ықпал етуі тиіс.

Қазақстандық ғалымдардың дәрілік препараттарды жасау үшін барлық мүмкіндігі бар

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылыми ұйымдарында жеткілікті тәжірибе жинақталған, дайындау технологияларын әзірлеумен, сынаумен және тиімділігі жағынан шетелдік аналогтардан кем түспейтін отандық препараттармен елді қамтамасыз етумен байланысты міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін қазіргі заманғы ғылыми база мен жоғары білікті персонал бар.

2020 жылдың қаңтарында Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары алты күн ішінде COVID-19 вирусын тез анықтауға мүмкіндік беретін жоғары сезімтал тест жүйесін жасады.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК өзінің жарты ғасырдан астам қызмет тарихында қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы отандық вакциналардың 67 түрін әзірледі.

БҚПҒЗИ ғалымдары 2020 жылдың көктемінде қысқа мерзімде «QazCovid-in» инактивтендірілген вакцинасын әзірледі, ол қазіргі уақытта клиникалық зерттеулердің 3 кезеңінен өтуде. Сондай-ақ, осы институттың ғалымдары клиникалық зерттеулер сатысына енетін суббірлікті вакцинаны жасады. Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы вакциналардың тағы үш түрі белсенді әзірлену сатысында.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, белсенділігі жойылған «QazCovid-in» вакцинасы қауіпсіз және тұрақты иммунитетті қалыптастырады.

Сондай-ақ БҚПҒЗИ базасында GMP стандарттары бойынша биопрепараттар мен вакциналар шығаратын заманауи биофармацевтикалық зауыттың құрылысы жүргізілуде. Оның жоспарланған өндіріс қуаты – жылына 60 млн доза.

 

Қазақстан аймақтарындағы ғылыми-зерттеу орталықтары

ҚР Статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2019 жылы елдегі ғылыми ұйымдардың саны 386 құрады, оның ішінде:

  • мемлекеттік секторда – 100;
  • жоғары кәсіптік білім беру секторында – 92;
  • кәсіпкерлік секторда – 158;
  • коммерциялық емес секторда – 36.

Ғылыми ұйымдардың жартысы өңірлерде, оның ішінде Ақмола облысында – 13, Ақтөбе облысында – 15, Қарағанды облысында – 30, Шығыс Қазақстан облысында – 31 және Қостанай облысында – 12.

2019 жылы ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын ішкі шығындар 82333,1 млн теңгені құрады. Бұл қаражаттан облыстардың үлесі: Ақмола облысына – 1,608 млрд теңге, Ақтөбе облысына – 1,60 млрд теңге, Қарағанды облысына – 4,543 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысына – 7,82 млрд теңге және Қостанай облысына – 687 млн теңге.

Гранттық және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру шеңберінде өңірлерде ғылыми ұйымдар іске асыратын жобалардың тізбесі:

1. Көп нысаналы жаңа материалдарды алу мақсатында төмен кокстелетін энергетикалық көмір мен техногендік қалдықтарды технологиялық процестерге тарту арқылы ферроқорытпа саласының шикізат базасын кеңейтудің ғылыми-технологиялық негіздемесі (Ж. Әбішев атындағы химия-металлургия институты, Қарағанды облысы). 

2. Машина жасау бұйымдары үшін тозуға төзімді материалдар алудың инновациялық технологияларын зерттеу және әзірлеу (С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы).

3. Қазақстан Республикасындағы мұнай мен газдың антиклиналды емес “тұзақтарын” кешенді зерттеу (Атырау мұнай және газ университеті, Атырау облысы).

4. Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі ғылымды қажетсінетін жоғары технологиялық сектор: даму мониторингі және өзара іс-қимыл перспективалары (Rational Solution ЖШС, Қарағанды облысы).

5. Жергілікті кәсіпшілік балық түрлерінің мобильді инкубаториясы мен биотехникасын әзірлеу (Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы).


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу