Қарағанды облысының ел экономикасында маңызы зор


Қарағанды облысы Қазақстан индустриясының іргетасы саналады. Облыста соңғы жылдары шешімін тауып жатқан шаралар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауында айтылған негізгі басымдылықтармен тікелей байланысты. Осы орайда 2022 жылғы қаңтар-қазан айларында Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалай дамығаны туралы шолу ұсынамыз.

Биылғы 8 маусымда Қарағанды облысы Президент пәрменімен екіге бөлініп, Ұлытау облыс аумағынан енші алып, жеке облыс болды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы Жолдауында «Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім», — деген болатын.

Облыстағы бөліну процестері аяқталған соң, Қарағанды өңірі өз дамуын одан әрі жалғастырып келеді. Атап айтатын болсақ, экономиканың негізгі салаларын дамытуда бұл өңірде мынадай бағыттарға баса назар аударылып отыр: облыс экономикасын дағдарыстан дамуға даярлау, үдемелі индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту есебінен тұрақты өсуге қол жеткізу, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, адам капиталына деген инвестицияны молайту.

Бүгінде Қарағанды облысы өзіне тән дәстүрлі әрі негізгі алты салаға баса назар аударып отыр, атап айтқанда: көмір өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, кен өндіру, металл өңдеу және машина жасау, химия және фармацевтика өнеркәсіптері, сонымен қатар құрылыс индустриясы.

Төменде Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы 28 қарашадағы мәліметтерін келтіріп отырмыз.

Өнеркәсіп

Осы жылдың 10 айындағы Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына қарап, жалпы экономиканың базалық салалары қарқынды түрде дамып келеді деуге болады. Облыстың аймақтық өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 3 172,1 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 2021 жылдың тиісті кезеңіне 101,5%.

2022 жылы 12 жобаны пайдалануға беру жоспарланған, осының аясында 1 822 жұмыс орнын ашу үшін 259,2 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген 1 516 жұмыс орнын ашу үшін инвестиция көлемі 203,7 млрд теңге 4 жоба бар. Сондай-ақ картадан тыс 306 жұмыс орны үшін инвестициясы 55,6 млрд теңге 8 жоба бар. 

Аталған 12 жобаның бесеуі биыл жүзеге асты. Инвестиция көлемі 39 млрд теңге, 486 жұмыс орны ашылды.

Жалпы өңірлік өнім 104,0%-ға (2022 жылғы қаңтар-маусым мен 2021 жылғы қаңтар-маусым) орындалды. Ал инфляция көлемі өткен жылдың қазан айынан осы жылдың қазан айына дейінгі аралықта 19,4%-ды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,3% болып отыр.

Жалпы ішкі өнімнің құрылымы қызмет көрсету саласы секторының ұлғаюымен сипатталады. Бұл, ең біріншіден, ішкі сұраныстың өсуі мен халықтың төлем қабілеттілігінің артқандығын көрсетеді. Экспорттық бағыттағы өнімге сұраныстың артуы өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда өнеркәсіптік өндіріс көлемінің артуына ықпал етті. 

Тұрғын үй құрылысы

Аймақтағы құрылыстың даму барысын шолуды облыс орталығы – Қарағанды қаласындағы құрылыс алаңдарындағы жұмыстардан бастасақ жөн болар. Әлихан Бөкейхан ауданында бүгінде бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Биыл жеке инвестициялар есебінен 16 қабатты «Кәусар» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында 14-ші шағын ауданда үш 5 қабатты 180 пәтерлі несиелік үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Белинский көшесінде 9 қабатты 72 пәтері бар жалға берілетін тұрғын үй салынуда. 

Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау аудандарында 36 балалар ойын алаңы және жасанды көгалы бар 6 футбол алаңы салынып, 12 аула аумағы абаттандырылды. Майқұдық саябағында қайта құру жұмыстары аяқталуда. Мұнда ротондасы бар субұрқақ, спорт және ойын алаңдары, велосипед және жүгіру жолдары мен серуендеу аймағы, сондай-ақ иттерді серуендетуге арналған алаң орнатылды. Мердігер компания барлық жұмыстарды келесі жылы толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Биыл Республика күні қарсаңында облыстағы 130 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Қарағанды облысының мәдениет және өнер ұйымдарында тұрғын үй кезегі тізімінде тұрған 40 адам Бұқар жырау ауданының Доскей кентінен пәтер алды. Олардың қатарында мәдениет саласында бұрыннан қызмет етіп келе жатқан мәдениет қайраткерлері және жас мамандар бар. Сондай-ақ алдағы уақытта жақын маңда орналасқан 100 пәтерлік екі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұған дейін алғаш рет 30 мәдениет қызметкері 2021 жылы Ақтас пен Саран қалаларында пәтер алған болатын.

Сонымен қатар Теміртауда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған 90 азамат пәтер кілттерін алды. Сонымен қатар өңірде дәрігерлер мен мұғалімдер де баспанамен қамтамасыз етіліп жатыр. Ал кеншілер, металлургтер және жұмыс істейтін жастар тұрғын үй мәселесін жеңілдетілген ипотека арқылы шеше алады. Бұған қоса басқа да мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін Қарағанды облысында түрлі бағдарламалар есебінен 5 мыңға жуық пәтер салынып, оның ішінде кезекте тұрған 2 мыңға жуық отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. 

Облыс бойынша жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 260,2 млрд теңгені немесе 2021 жылдың тиісті кезеңіне 91,1%-ды құрады.

Ауыл шаруашылығы

Ауыл – бұл халқымыздың алтын бесігі, қаймағы бұзылмаған қазақтың қара шаңырағы, дәстүрлі шаруашылықтың қазығы. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қарашада өзінің Президенттік ұлықтау рәсімінде алғашқы Жарлығын ауылды көркейтуге арнайтындығын айта келе, ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің институционалдық жағынан қамтамасыз етілуін дамыту және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын жасау мақсатында «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» туралы №1 Жарлыққа қол қойды.

Ал бұл өңірде ауылдың дамуы негізгі үш бағытта жүзеге асырылып келеді. Бірінші бағыт – еңбек өнімділігін арттыру. Ауыл шаруашылығы тауарларының көлемін арттырып, сапасын жақсарту. Бәсекеге қабілетті, сапасы мен сұранысы жоғары өнім шығаруға қол жеткізу. Екінші міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл міндетке сай, жыл сайын ішкі нарықтағы өтімділігі жоғары азық-түлік тауарларының пайыздық көрсеткішін отандық өнімдер құрауы тиіс. Ал үшінші міндет – өндірілген өнімдердің экспорттық әлеуетін көтеріп, олардың шетел нарығына шығуына жол ашу. Облыстағы агроөнеркәсіп кешені алдына Президент тарапынан қойылған осындай міндеттерді жүйелі атқару мақсатында көптеген шаралар жүзеге асырылып жатыр. Яғни мектеп, аурухана, мәдениет, спорт кешендерін салуға, жол салу, сумен және энергиямен қамтамасыз етуді дамытуға арналған бюджеттік қаржылар қайта қаралып, жіті тексерілуде. 

Әрбір ауылда монша, наубайхана, мәдениет, спорт нысандары болуына ерекше көңіл бөлініп, ондай нысандары жоқ ауылдарға қаржылай көмек беру қарастырылып жатыр. Қыс маусымына қарай ауылдық аудан орталықтарында жол, қар тазалайтын коммуналдық техниканың болуына да баса назар аударылуда. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында облыста тұрақты даму бағыты айқындалып отыр. Мал өнімдерінің өсімі ұлғайып, малдың барлық түрі мен құстың саны көбеюде. Өсімдік шаруашылығы – 233,1%, ал мал шаруашылығы – 182,1%.

Жалпы облыстағы ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 416,3 млрд. теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,2%. 

Шағын және орта кәсіпкерлік

Президенттің тапсырмасын орындау аясында ірі өндіріс орындары мен компаниялар айналасында шағын және орта бизнес кәсіпорындары, шағын өндіріс орындарының тұтас жүйесін дамыту жұмыстары іске асуда. Бұл шара тек қазақстандық мазмұнды күшейтіп қана қоймай, аймақ экономикасының өнеркәсіп саласындағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді. 

Аймақ экономикасының дамуына ірі өнеркәсіптік компаниялармен қатар, шағын және орта бизнес саласы да елеулі үлес қосып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 89 550 немесе 2021 жылдың тиісті кезеңіне 112,2%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 522,2 млрд теңгені немесе 2021 жылдың тиісті кезеңіне 108,5%-ды құрады.

Бүгінгі таңда 637 шағын және орта бизнес кәсіпорындары ірі компаниялардың өндірістік және тұтынушылық қажеттіліктері үшін жұмыс істейді. Бұл тамақ, арнайы киім мен ЖҚҚ тігу, логистиканы қамтамасыз ету, сондай-ақ оның өндірістік қызметі негізіндегі тауарлар мен қызметтер.

Бүгінде ШОБ өндірісінің көлемі 2 трлн теңгеге жетті және жыл сайын бұл көрсеткіш 10%-дан астам өсіп келеді. Бұл «Қазақмыс» корпорациясының және «Арселор Миттал Теміртаудың» көлемімен пара-пар көрсеткіш. 

Кәсіпкерлер облыстың еңбекпен қамтылған тұрғындарының 42%-ын жұмыспен қамтамасыз етуде. Қазіргі уақытта ШОБ субъектілерінің саны 90 мыңға жетті. Барлық қолдау шараларын пайдалана отырып, бүгінде 4 мыңнан астам бизнес жобасы қаржыландырылды. Жыл соңына дейін бизнесті қолдау жобаларының портфелін 4,5 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Тұтыну бағаларының индексі 2022 жылғы қазанда 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 118,2%-ды құрады, оның ішінде азық-түлік тауарларына 121,6%, азық-түлік емес тауарларға 116,4%, ақылы қызметтерге 15,3%-ды құрады.

Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жақсы көрсеткіштер бар. Дәлірек айтсақ, аналар өлімінің көрсеткіші өткен жылға қарағанда 7,7%-ға төмендеді. Облыстың денсаулық сақтау саласының негізгі инфрақұрылымы ірі қалаларда шоғырланған. Қарағанды қаласында 200 орындық облыстық көп бейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталды. Алдағы уақытта медициналық жабдықтар ортылмақ.

Жалпы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 2022 жылға 20 967,4 млн теңге қарастырылған. Осы жылдың 1 қарашасына 15 173,6 млн теңге немесе аталған кезеңге арналған жоспардың 95,2%-ы игерілді. Денсаулық сақтау нысандарын дамытуға 6 286,5 млн теңге, күрделі жөндеуге 1 788,6 млн теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 2 864,4 млн теңге көзделген.

Соңғы жылдары облыс бойынша диализ орталықтарының желісі құрылып, бірқатар аудандық ауруханалар жөнделіп, олар заманауи диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ шалғайдағы ауылдарда жылжымалы дәріханалардың жұмысы ұйымдастырылды. 

«Ауыл – ел бесігі» аясында әр ауысымда 25 келушіге арналған 6 ауылдық фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы жүргізілуде.

Облыс үшін «Ауылдық денсаулық сақтау» ұлттық жобасы үлкен қолдау болды деуге болады. 2025 жылға дейін аталған жоба аясында 92 медициналық нысан, оның ішінде 13 дәрігерлік амбулатория, 24 фельдшерлік-акушерлік және 54 медициналық бекет салуды, сондай-ақ Теміртау мен Балқаштағы екі ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша тағы 60 медициналық маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды. Жалпы осы жылы 200-ге жуық жас дәрігер жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Мәселен, биыл Республика күніне орай Теміртауда жаңа емхана ашылды. Енді қалада 5 емхана жұмыс істейтін болса, оның 2-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылды. Екі қабатты ғимарат 2-ші шағын ауданның орталығында орналасқан және заманауи жабдықтармен қамтылған. Мұнда 20 мың адам тіркеле алады.

Сонымен қатар Теміртауда спортпен шұғылдануға арналған «Одиссей» атты мәдени-сауықтыру кешені ашылды. Мұнда заманауи жаттығу залы, түрлі фитнес-бағыттар ұсынылған, сонымен қатар кәсіби жаттықтырушылар жұмыс істейді.

Сондай-ақ жақын арада қалалық стационарды көп салалы аурухана ретінде жаңғырту жоспарланып отыр. Мұнда инсульт орталығы, миокард инфарктісі бөлімшесі, хирургия және травматология орталығы ашылады. Бұл Теміртау және оған жақын маңдағы аудандардың тұрғындарына облыс орталығына бармай, барлық қажетті көмекті жақын жерден алуына мүмкіндік беретін болады. 

Білім беру

2022 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 196 706, 7 млн теңге қарастырылған. Биыл 1 қарашаға дейін 151 630, 5 млн теңге немесе аталған кезеңге арналған жоспардың 97,4%-ы игерілді. Білім беру нысандарын дамытуға 2 294, 0 млн теңге қарастырылған. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 1 104,2 млн теңге, күрделі жөндеу жүргізуге 3 294, 7 млн теңге қарастырылған. 

Компьютерлік техникамен қамтамасыз ету орта есеппен 3,1 оқушыға/1 компьютер, ауылда 2,6 құрайды. Мектептер 100% кең жолақты интернетпен қамтылған. Облыста 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 76,8%-ы баратын 412 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.

Жастар мәселесі

«Ел ертеңі – жастар» демекші, биыл жастар мәселесіне Президент Қ.К. Тоқаев ерекше маңыз бөліп отыр. Нәтижесінде биыл жастар санатының жас шектеуі 29 дан 35 жасқа дейін өзгертіледі деп күтілуде. Үкімет тарапынан жасалып жатқан бұл әрекет жастарға нақты көмек көрсетудің алғышарты деуге болады.

Ал қазіргі кезде Қарағанды облысында 14 пен 28 жас аралығындағы 200 мыңнан астам жас тұрады. Бұл аймақ тұрғындарының жалпы санының 18,7%-ын құрайды. Қазіргі уақытта облыс басшылығының басты міндеті – жастарға жұмыста, кәсіпкерлікте, қоғамдық қызметте өз жолдарын табуға көмек көрсету. 

Осы ретте биыл «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары арқылы 10 мың жас маманға жұмыс табуға көмек көрсетілді. Осы жылы бұл жобалардың мерзімдері және жалақы көлемі ұлғайды. Сондай-ақ «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы іске асырыла бастады. Бұл жоба аясында зейнетке шығатын қызметкерлерге өз тәжірибесімен бөлісу үшін жас мамандар бекітіледі. 

Сонымен қатар 254 жас кәсіпкер бизнесті дамыту үшін гранттар алды. Қалалар мен аудандар әкімдерінің тарапынан гранттарға тағы 292 млн теңге қаражат бөлінді.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау 

2022 жылғы 3 тоқсан бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ды құрады. 33 026 адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларының көмегінсіз 21 333 адам жұмысқа орналастырылды, қоғамдық жұмыстармен 5 692 адам қамтылды.

Бүгінде өңірде NEET-жастарды жұмысқа орналастыруға ерекше назар аударылуда. Автоматты ақпараттық жүйе арқылы ресурстық орталықтармен бірлесіп жұмыссыз жастардың тізімі жасалды. Әрбір жас жұмыспен қамтылуы үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. «KamaTyresKZ» ЖШС, «KazTehna» ЖШС, «Энергожүйелер ЭЛТО» ЖШС сынды өндіріс орындары бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. 

Қазіргі уақытта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар табысты іске асырылуда. Нәтижесінде соңғы 2 жылда 352 пәтер берілді. Осы жылдан бастап «Отбасы банк» АҚ қолдауымен жас мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Қазірдің өзінде 7 әлеуметтік маңызы бар санат бойынша 75 ипотекалық қарыз иегері анықталды. 

«Қарты бардың – қазынасы бар» демекші, әрбір отбасындағы қарттарды ардақтап, құрмет көрсету, қолдан келгенше жағдай жасау әрқайсымыздың перзенттік парызымыз екені анық. Дегенмен де қазіргі уақытта зейнет жасына жақындаған адамдарға жұмыс табу оңай емес. Өкінішке қарай, кейбір кәсіпкерлер осы санаттағы адамдарды жұмысқа қабылдауға асықпайтыны тағы бар. 

Осы орайда мәселені шешу үшін облыста «Күміс жас» арнайы жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты – зейнет жасына келіп қалған жұмыссыз тұрғындарды жұмысқа орналастыру. Бұл ретте мемлекет арнайы жоба аясында азаматтарды жұмысқа қабылдаған кәсіпкерлерге жалақының белгіленген мөлшерінің 50%-ын субсидиялайды. Бүгінгі таңда 138 адам осы мүмкіндікті пайдалануда. Ал жыл соңына дейін тағы 300 адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Жобаға қатысу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуі қажет. Қазіргі уақытта облыста 115 компанияның басшысы арнайы шарттар жасасып, азаматтарымызға бос жұмыс орындарын ұсынуға әзір. Бұл жоба тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

2022 жылдың 3 тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 275 006 теңгені құрады, бұл 2021 жылдың тиісті кезеңінен 24%-ға жоғары.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу