Қайырбек Өскенбаев Президенттің Жолдаудағы тапсырмаларын іске асыру шаралары жөнінде баяндады

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Ведомство басшысының айтуынша, Президент халыққа арнаған Жолдауында министрліктің алдына бірқатар маңызды міндет қойған. Қазіргі уақытта ведомствода аталған міндеттерді іске асырудың негізгі тетіктері пысықталды. 

Атап айтқанда, Қала құрылысы кодексін қабылдау үшін жол картасы әзірленіп, бекітілді. Сонымен бірге құқықтық және талдамалық мониторинг жүргізу үшін жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы, «ҚазжолҒЗИ», «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес-қоғамдастық өкілдері кірді.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесі базасында әрбір ірі қала бойынша жер учаскелерінің функционалдық интерактивті карталарын және коммуналдық желілердің схемаларын құру жоспарланып отыр. Өнеркәсіптік мақсаттағы учаскелердің карталары Көлік және коммуналдық инфрақұрылымның өзекті схемаларымен толықтырылатын болады.

Жүйе жергілікті атқарушы органдар берген мәліметтерді ескере отырып, 514 мың гектар аумақтан инфрақұрылымдық деректердің 65%-ын қамтиды. Базаға 191 бас жоспар және 661 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы цифрландырылып, енгізілген. Желілердің қалған 35%-ын 2024 жылға дейін цифрландыру жоспарлануда.

Жолдауда автомобиль жолдарының құрылысы, оның ішінде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу сапасына қатысты мәселе маңызды орын алды. Осыған байланысты ең алдымен жоспарлау тиімділігі артты. Атап айтқанда, автожол саласының барлық жобасында «FIDIC» халықаралық ережелерінің ЕРСМ шарттарын келісімшартқа енгізу ұсынылады. Бұл шара жұмыстардың сапасын қамтамасыз етіп, материалдар құнының қымбаттап кету тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ құрылыс процесі мен сапаны бақылаудың барлық қатысушысының дербес жауапкершілігі артып, техникалық және авторлық қадағалау функцияларын біріктіру бойынша заңнамалық актілерге түзетулер әзірленді. Сонымен бірге нормативтік базаны жетілдіру және жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың электрондық базасын енгізу жолдардың сапасын бақылаудың бірыңғай республикалық жүйесін енгізу ұсынылады. Жобалардың техникалық жағы Ұлттық сапа орталығымен келісілетін болады. Жол институты жобаны әзірлеу кезеңінде жаңа технологиялар мен материалдардың қолданылуына сараптама жүргізеді. Бұдан басқа, автожолдарды салу процесі Е-құрылыс платформасында толық автоматтандырылмақ.

Индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жер қойнауын игеруге инвестициялар тартудың заңнамасы мен рәсімдерін оңайлату, оның ішінде бизнес-процестерді реинжиниринг және автоматтандыру жөніндегі шаралар ұсынылады.

«Осы айда “Kaz-Nedra” ақпараттық жүйесі аясында “пилоттық” жобада қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензиялар беруді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Цифрландыруды ескере отырып, инвесторлар үшін барлық бизнес-процесс пен нормативтік талаптар қайта қаралып, жеңілдетілетін болады», — деді Қ. Өскенбаев. 

Сонымен қатар индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін ведомство арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар тауарларының өндірісі мен номенклатурасын кеңейту, жаңа тауарлар өндірісін іске қосу жөніндегі шараларды жоспарлайды.

«Арнайы экономикалық аймақ қызметінің тиімділігін арттыру үшін мынадай жаңа шаралар енгізілетін болады: барлық инвестициялық міндеттемені адал орындағаннан кейін жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін, аралас режимді және жер учаскесін сатып алу мүмкіндігін енгізу қарастырылған», — деді ИИДМ басшысы.

Айта кетерлігі, елдің транзиттік әлеуетін нығайту үшін Ақтауда контейнерлік хаб құру және Транскаспий дәлізін дамыту сияқты ірі жобаларды іске асыру басталды. Жобалар 2025 жылға дейін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде PSA, Abu Dhabi Ports, Adani Group, CMA CGM, Maersk сынды әлеуетті инвестормен бірлескен кәсіпорын форматында іске асырылатын болады.

Сондай-ақ қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толыққанды көлік-логистикалық корпорацияға айналдыру моделін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының трансформациясын әлемдік көлік-логистикалық компаниялармен (PSA, DBShenker, CoscoShipping, DPWorld және т.б.) кооперация, көлік дәліздерін цифрландыру және сыртқы терминалдық желілерді құру сияқты бағыттар бойынша жүзеге асыру ұсынылады», — деді министр.

Әрі қарай индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев сұрақ-жауап сессиясына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, министр Қазақстанда жетім балаларды баспана кезегінен заңсыз шығару деректері тексерілетінін мәлімдеді. 

«Бұл мәселе бойынша міндетті түрде тексеру жүргіземіз, елімізде кезекке тұру цифрландырылған. Жергілікті атқарушы органдардың кезекке қатысты барлық әрекеті қадағаланады. Егер сізге осындай деректер белгілі болса, онда осы мәселе бойынша тексеру жүргіземіз. Осы орайда адам кезектен шыққанда немесе қосылғанда күмәнді әрекеттерді электронды жүйе арқылы тексеруді тапсырдым», — деді Қ. Өскенбаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің айтуынша, жыл соңына дейін аталған тізімге қатысты деректер тексеріледі. 

«Бұл тұрғыда заң бұзу деректері анықталса, онда кінәлілер тиісті жазасын алады. Жалпы, ауқымды тексеру жүргіземіз», — деді министр. 

Оның сөзіне қарағанда, электронды форматта кімнің кезекте тұрғаны көрсетіледі. Егер біреу кезектен заңсыз шығарылса, оны IT мамандары анықтай алады. 

Cондай-ақ Қазақстанда баспананы жалға беретін компаниялар құрылуы мүмкін. Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Қазақстанда баспананы жалға беретін жылжымайтын мүлік қорларын құру ұсынылды. Бұл компаниялардың акцияларын алғандарға дивиденд түрінде төлем аударылады. 

Жеке сектордағы жалға берілетін баспана нарығы тиісті түрде реттелмей жатқанына тоқталған министр: «бұл қызметті әкімшілік ресурспен реттеуге қарсымын. Осы орайда өзіміздің ұсыныстарымызды даярлап жатырмыз. Яғни жалға берілетін баспананың жеке нарығын құрып, бұл салаға инвестиция тартылып, жалға беруден тұрақты табыс алу жоспарланған. Бұл тұрғыда бизнеспен айналыспайтын мемлекеттік қызметшілер, зейнеткерлер, дәрігерлер, педагогтер аталған компанияның акциясын сатып алу құқығына ие болатыны ұсынылады. Осы кәсіпорын жылжымайтын мүлікке қаражат салып, баспананы жалға беруден төлем алып, ай сайын немесе әр тоқсанда адамдардың табысын қамтамасыз етуі тиіс», — деді ол. 

Министрдің айтуынша, адамдар осындай компанияларға ақша салса, бұл қаражат жылжымайтын мүлікке инвестиция ретінде бағытталады. Баспана жалға берілетін жеке қорға қаражат салғандар тиісті сомада табыс алып тұрады. 

«Осындай экономикалық жолмен саладағы мәселені шешкіміз келеді. Тиісті өзгерістерді әзірлеп жатырмыз. Жеке жалға берілетін баспана қорларын құру туралы осындай идея бар. Дәл қазір біз ойлағандай жүзеге асады деп айту ертерек, себебі бұл идеяны әріптестеріміз қолдамауы мүмкін. Жоба аясында нормативтік-құқықтық құжаттар даярланып жатыр. Бұл ұсыныстар Мәжілістің қарауына енгізілуі керек», — деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қазақстанда Toyota зауытын ашу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. 

«Елімізде Toyota ең танымал брендтің бірі екені белгілі. Біздің өндірушілер тиісті келіссөздерді жүргізіп жатыр, себебі бизнес арасында осындай процестер жүретіні түсінікті. Мемлекеттік органдармен бизнес-корпорациялар бұл мәселелерді талқыламайды. Бұл тұрғыда қаражат салу, өкілеттік, көлікті өткізу нарығын қамту сияқты тақырыптар пысықталады. Сондықтан келіссөздер жүріп жатыр. Дегенмен бұл бастаманы нақты жүзеге асыру мүмкіндігі туралы ештеңе айта алмаймын. Егер Toyota өндірісі бізде ашылып жатса, бұл еліміздегі ең табысты жобалардың бірі болар еді», — деді Қ. Өскенбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу