«Қазақфильмнің» халықаралық киноиндустриядағы бұрынғы даңқы мен статусын қайтаруға мүдделімін — Аида Балаева

15 ақпанда Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз саласы бойынша кең ауқымды мәселелерді қамти отырып, баяндама жасады.

«Сөз жоқ, министрліктің қайта құрылуынан кейінгі бұл – біздің алғашқы коллегиямыз. Екі үлкен идеологиялық саланың басын біріктірген маңызды қадам, әрине, мемлекеттің алдына мүлдем басқа, тың мақсаттарды шығарып отыр. Сол себепті бүгінгі Алқа отырысының біз үшін маңызы ерекше, рөлі тарихи», — деп бастады сөзін министр.

Былтыр қыркүйекте Мәдениет және ақпарат министрлігін құру барысында Мемлекет басшысы Үкімет алдына ауқымды міндеттер қойды. Атап айтқанда, бәсекеге қаблетті, жаһандық контекстіде бірегей мәдениетін сақтаған ұлттық болмысымызды қалыптастыру арқылы мемлекет пен қоғамның үйлесімді дамуын, ішкі идеологиялық және сыртқы имидждік әлеуетін, азаматтарымыздың ел ертеңіне сенімділігін қамтамасыз ету.

«Әрине, осындай стратегиялық ірі міндеттің үдесінен шығу үшін бізд министрлік құзыретіндегі барлық сала мен бағыттағы жоспарларымызды сараптап, жаңа деңгейге көтердік. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда біздің министрлік ақпарат, азаматтық қоғам, дін, этносаралық қатынас, мәдениет, мұрағат, құжаттама және кітап ісі, жастар, отбасы және гендерлік саясат, сондай-ақ креативті индустрия салаларына жетекшілік етіп, дамуын қамтамасыз етеді. Ендеше, осы бағыттардағы атқарылған жұмыстар мен алға қойған мақсаттарға жеке-жеке тоқталып, баяндауға рұқсат етіңіздер. Әрине, барлық мәселені бір баяндама аясында қамту мүмкін емес, сондықтан негізгі мәселелерге тоқталып кетейін», — деді Аида Балаева.

Мәдениет – ұлттық идеологиямыздың рухани діңгегі. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі» деген сөзі сол қағиданың бүкіл мазмұнын бір сөйлеммен ашып берді. Яғни, мәдениетіміздің өткені мен бүгінін ұтымды ұштастыру, сол арқылы оның ертеңгі келбет-болмысын жасау, оны әлемнің төріне оздыру – баршамызға ортақ міндет. Ал оның түбінде ұлық ойлардан бөлек, қарапайым шаруа, күнделікті шаралар жатыр. 

Атап айтқанда, Мәдениет және ақпарат минристрлігі бұл жұмысты 2029 жылға дейінгі мәдени саясат тұжырымдамасын жүзеге асырудан бастады. Оның аясында 44 мәдени нысанның құрылысы аяқталса, тағы 260-ы жөндеуден өтті. 64 мыңға жуық мәдениет қызметкерінің жалақысы 45%-ға өсті. Былтыр республикалық концерттік ұйымдар 500-ден аса концерт ұйымдастырып, екі мыңнан аса спектакль, 65 жаңа қойылым сахналанды.

Сондай-ақ еліміздегі татулық пен ынтымақты ту еткен «Бірлік» ансамблі құрылды. Тағы бір жақсы жаңалық – көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Ақжауын» ансамблі де жыл соңына дейін қайта жандады. Ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізді жаһанға таныту үшін Италия, Франция, Қытай, Әзербайжан, Мысыр, Германия, Корея, Түркия, АҚШ сияқты елдерде шығармашылық топтардың гастрольдері сәтті өтті. Былтыр еліміздің театрлары 122 халықаралық және республикалық фестиваль мен конкурсқа қатысып, ел намысын қорғады. Оның ішінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 7 халықаралық фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды.

Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры Грузиядағы Нодар Думбадзе атындағы Халықаралық театр фестиваліне қатысты. «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы Польшадада, Словенияда, Ресейде, сондай-ақ опера солисі Валерий Селиванов Молдовадағы «Мария Чеботари» І халықаралық опера әншілерінің теле-радио конкурсында арнайы сыйлыққа, солист Азамат Жылтыргөзов Ресейдегі Классикалық өнер саласындағы BraVo халықаралық сыйлығына ие болды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының балет солистері Ресейдегі Сочи қаласында өткен «Молодой балет мира» ІХ Юрий Григорович атындағы халықаралық конкурсына қатысып, Богдан Вербова I сыйлық және алтын медальмен, Есқали Қасқырбай II сыйлық және күміс медальмен, Ақбота Бекболатова арнайы дипломмен марапатталды.

Өткен жылы Президент Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан 6 қаламгер «Халық жазушысы» атағымен, 8 өнер қайраткері «Халық әртісі» құрметті атағымен марапатталды. Мәдениет саласы өкілдерін қолдау мақсатында «Рухани қазына» фестивалі, «Ұмай» сыйлығы және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы ұйымдастырылды. Қазақстандық жас қаламгерлерге тұңғыш рет арнаулы Президенттік әдеби сыйлық табысталды.

2023 жылы жалпы таралымы 346 мың дана болатын 134 кітап жарық көрді. Соның ішінде «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен бұрын жарияланбаған 14 туынды 42 мың данамен оқырманға жол тартты. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге арналған 16 әдебиет 48 мың данамен басылып шығып, таратылды.

«Қандай өнердің болсын түп негізі – әдебиет. Әдебиет дамымай, өнердің басқа саласының толыққанды дамуы мүмкін емес. Әрине, мемлекет отандық ақын-жазушыларымызды қолдау мәселесін бір сәтке де ұмытқан емес. Өткен жылдары бұл бағытта жасалған жұмыс аз емес. Соңғы 3 жылда мемлекеттің тікелей қолдауымен жаңа туындыларды, әсіресе, жас таланттарды қолдау, осы уақытқа дейін ұлттық әдебиетіміздің жауһарларына айналған шығармаларды қайта басып шығару, оларды әлем тілдеріне аудару ісі, қаламгерлеріміздің шығармашылық кештері мен мерейтойларын ұлықтау, тағы басқа жүздеген игі шара атқарылды. Бұл жұмыс өз жалғасын табуда», — деді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Десе де, руханият сияқты түбі терең қазыналы сала үшін жоғарыда айтылған жетістіктер – тек үлкен жұмыстың басы ғана. Алда атқаратын шаруа көп. Одан кейін министр алға қойылып отырған жоспарлар жайлы нақты әрі қысқаша айтып өтті.

Бірінші. Мәдени саясаттың тиімділігі, ең алдымен, заңнамалық базаның кемелдігіне байланысты. Өкінішке орай, мәдениетіміздегі көп игі істердің аяқсыз қалуы құқықтық нормалардың шикілігіне келіп тіреледі. Сондықтан «Мәдениет туралы» заңға кезең-кезеңмен өзгерістер мен толықтырулар енгізу – бұл уақыт талабы.

Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «кәсіпкерлікті жүргізу туралы» заң жобасына Мемлекеттік музейлер тарапынан мәдени құндылықтарды көпшілікке ұсынуды субсидиялау туралы норма қосылып, Сенаттың қарауына енгізілді.

Бұдан бөлек Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының үкіметтері арасындағы өзара Мәдениет орталықтарды құру туралы келісімді іске асыру, сондай-ақ Қазақстан тарапынан 2011 жылы Сирия Араб Республикасын Дамшық қаласында салынған Әл-Фараби тарихи-мәдени орталығын іске қосу мақсатында «Мәдениет туралы» заңға және Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу көзделіп отыр.

Мәдениет және ақпарат министрінің айтуынша, сонымен бірге қоғам көтеріп жүрген басқа да өзекті дүниелер бар. Оның ішінде мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік статусынан бастап, сахнада фонограмманы пайдалану, авторлық құқық және т.б. сұрақтар бар.

«Әлбетте, мәдениетте, жалпы руханиятта шекара болмайды. Бірақ заманның ағымына, қоғамның талабына сай кейбір сұрақтардың нақты құқықтық шешімі болуы керек. Мысалы, мәдениет ешқашан саясаттың құралы болмауы, ешқандай саяси лозунгтер мен ұрандардың жетегінде болмауы тиіс. Ал бұл мәселені біз тек бір реттік шешімдермен емес, барлығына түсінікті заң шеңберінде реттеуіміз керек», — деді Аида Балаева.

Мәселен, бүгінде белгілі орындаушылардың қатысуымен ауқымды концерт өтеді деп әлеуметтік желі арқылы жарияланып, тіптен билеттері сатылған концерттер өтпей қалып жүр. Осы және басқа да жағымсыз әрекеттерді тыю мақсатында оларға тыйым салу және жазалау шараларын қолдану жөнінде заңнамаға түзету енгізу жұмысы жүргізілуде.

«Тағы да қайталап айтайын, бұл қазіргі таңда бар мәселелер және олар қоғамның талқылауы мен көпшіліктің елегінен өткеннен кейін ғана ұсынылатын болады», — деді мәдениет және ақпарат минситрі.

Келесі кезекте – «Кинематография туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарда бар. Оның ішінде Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдау көрсету бойынша жұмыс басталады. Бұл жерде көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ – «Қазақфильмнің» қазіргі жай-күйі. 

«Мен министр ретінде “Қазақфильмнің” халықаралық киноиндустриядағы бұрынғы даңқы мен статусын қайтаруға мүдделімін. Бұл біз үшін жауапты іс әрі қастерлі міндет. Бұған қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісті деңгейде жүзеге асуда. Кім, қаншалықты Қазақфильмнің болашағына күмәнмен қараса да, біздің айтарымыз біреу – Қазақфильм қатардағы киностудия емес, бұл біздің тарихымыз, біздің рухымыз, ұлттық киномыздың келешекке деген үкілі үміті. Сондықтан да оны сақтап қана қоймай, қарыштап дамуын қамтамасыз ететін боламыз», — деді Аида Балаева.

Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қолдау орталығының құрылғандығына 5 жыл болды. Осы жылдар арасында 5 питчинг өтіп, 100 фильм өндірілді. Алайда фильм тақырыптарының біржақтылығын байқауға болады. Мәселен, ашаршылық, соғыс, нашақорлық тақырыбындағы фильмдер басым болып тұр. Биылдан бастап мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеу ережесі өзгерді. Атап айтқанда, Ұлттық киноны қолдау орталығы алдымен сценарилерді қабылдап, үздіктерін сараптама кеңесі іріктейтін болады. Ұлттық мүдемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жақын арада жаңа форматтағы конкурс жарияланатын болады.

Екінші. Еліміздің мәдени саласында шешілмеген дүние көп, бірақ бұл бізде толыққанды қалыптасқан, өзінің бай мұрасы, елге көрсетер тәлім-тәрбиесі, мақтанышпен айтар әңгімесі бар төл мәдениеті жоқ деген сөз емес.

«Біз барымызды ұқсатып, жоғымызды жаңғыртып, ең алдымен, өз халқымызға, сосын сыртқы жұртқа ұсынуымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, қазір – ақпараттық заман. Мәдени құндылығымызды тек музей, театр, концерттерге шақыруымен, көрмелер мен турлар ұйымдастырумен шектемеуіміз қажет», — деді Аида Балаева.

Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі алғаш рет 8 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталын іске қоспақ. Жаңа портал арқылы мәдени құндылықтарымызды қазақстандық қана емес, шетел аудиториясына насихат ету мақсат етіліп отыр. Оның негізгі міндеті – әрбір қызығушының үйден шықпай, төл мәдениетіміздің барлық сай-саласын аралауға – музей, кітапхана, театр, ұлттық кино, көрмелер, рухани қорықтар, ұлттық музыканың алтын қоры мен заманауи әуездің жаңа үлгілерімен танысуына жағдай жасау. Мұндай жобалар әлемдік тәжірибеде өз тиімділігін баяғыда-ақ көрсеткен. Мәселен, күніне 50 мың адам кіретін «Лувр» музейі онлайн кеңістікте 10 млн «виртуалды туристі» қабылдайды. 

Үшінші. Қазіргі таңда мәдениет саласында кадрлар даярлау жүйелі жолға қойылмаған. Ең алдымен, нарықтың нақты сұраныстарын ескеру керек. Сондықтан мамандықтарды сұранысқа сай қайта қарап қана қоймай, бағдарлама мен оқу үдерісін өзгерту қажет. Ол үшін, ең алдымен, мәдениет саласына кадрлар дайындайтын жоғары оқу орындарының жағдайына кешенді талдау жасау қажет. Осыдан кейін реформалармен жұмыс жасалмақ. Сондай-ақ ағылшын тілін үйренуге де назар аударылуы керек, өйткені біздің мәдениет қайраткерлері әлемге ашық болуы керек.

Төртінші. Жоғарыдағыдай жобаның жемісін көру үшін үшін мәдени нысандарымыздың жай-күйін барынша жөндеп, лайықты деңгейге шығаруымыз керек. Бұл жұмыс кезең-кезеңмен жасалатын болады. Қазір еліміздегі 3 музейдің ғимаратымен қатар, ішкі экспозициясын заман талабына сәйкес модернизациялау көзделіп отыр. 

«Тағы бір атап өтер жайт, Ұлттық музей жанынан ұлтымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін құндылықтарымыздың өміршеңдігін сақтап қалуға жағдай жасайтын ауқымды реставрация орталығы құрылады. Өйткені тарихи мұраларды қалпына келтіру, қорғау, насихаттау үшін бұл маңызды мәселелердің бірі», — деді Аида Балаева.

Сонымен бірге олардың ішкі мазмұнын байытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан алыс-жақын шетелдердегі біздің тарихи құнды мұраларымызды қайтару министрліктің басты назарында болмақ. Кезінде түрлі тарихи жағдайлармен шетел асқан ұлттық байлығымызды отанға оралту басым бағыт болып қала береді. Әрине, бұл жұмыстар халықаралық заңнамаға сәйкес жүргізіледі, әйтсе де, бүгінде Ресей, Өзбекстан, Қытай және Еуропаның бірқатар елімен тиісті жұмыстар басталды.

Жаһандық цифрландыру процесі архив саласын да айналып өткен жоқ. Осы орайда «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі әзірленді. Бүгінде аталмыш жүйеге 1 591 ұйым қосылды. Өткен жылы ақпараттық жүйе 103 талаппен толықтырылып, модернизациядан өтті. Биылғы жоспарға сәйкес мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан электронды құжаттарды мемлекеттік сақтауға тапсырады. Барлық ведомство мен жүйе кітапханаларына Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана кезең-кезеңмен енгізіледі. Биылғы бірінші тоқсанында пилоттық жобаға қосылатын 2 облыстық кітапхана анықталады.

«Тағы бір маңызды мәселе – бұл архив. Жәдігер құжаттарды сақтап, баптау – біздің ұрпақтың еншісіндегі қастерлі парыз. Осы ретте Орталық мемлекеттік архив жанынан 700 мың сақтау бірлігіне арналған архив қоймасын салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде», — деді А. Балаева.

Дегенмен архив саласындағы басты міндет – оларды түгелдей цифрландыру. Бұл жұмыстың қарқынын едауір үдетілмек және бұл министрдің ең бірінші қойып отырған талабы.

Бесінші. Бүгінгі таңда елімізде 12 мұражай-қорық бар. Білетін адам үшін біздің тарихымыз ғана емес, бүкіл рухани тыныс-тіршілігіміз – осы нысандарда. Қазір туризмнен түсіп отырған пайданың қомақты үлесі де – сол мұражай-қорықтардың еншісінде. Десе де, біз осы потенциалды әлі де болса толық пайдаланбай келеміз. Тіпті, шетелдіктерді былай қойғанда, олардың табалдырығын аттамаған қаншама отандастарымыз бар. Міне, осы және басқа да тұстарға сараптама жасай келе, Мәдениет және ақпарат министрлігі мұражай-қорықтардың ұлттық маршрутын мәдени-рухани мазмұнмен күшейту мәселесін қолға алуды жөн көріп отыр. Ол үшін арнайы тұжырымдама жасалатын болады.

Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда Қазақстандағы тарихи-мәдени нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта Отырар, Сығанақ, Күлтөбе-Яссы, Жанкент, Сауран, Жеті Асар тарихи орындарының тиісті құжаттары әзірленген болатын. Бұл жұмыс оңай болып жатқан жоқ, өйткені ЮНЕСКО-ның ең маңызды талаптарының бірі – жәдігердің физикалық жағдайы.

«Әрине, бұл жерде бізге жергілікті органдардың көмегі ауадай қажет, әсіресе музей-қорықтар мен тарихи-мәдени объектілердің аумағын абаттандыру, жол жүргізу, жөндеу, ескерткіштерге апаратын жол көрсеткіштерді, интернет жүйелерін, модульдік дәретханалар орнату және т.б. инфрақұрылымдарды дамыту немесе сапасын жақсарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізу керек. Біз барлық өңір әкімдеріне арнайы хат жолдадық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен өңірлердегі әріптестерімді бұл бастаманың жергілікті халық үшін үлкен экономикалық пайдасы барын естен шығармауға шақырамын», — деді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Алтыншы. Ұлттық мәдениетті шетелде насихаттау мәселесінің бір шетін жоғарыда қозғап кеттік. Дегенмен бұл – өз алдына бір бөлек бағыт. Бұл жерде Мәдениет және ақпарат министрлігі Сыртқы істер министрлігімен – тығыз қарым-қатынаста. Мәселен, биыл – Ұлттық музейге 10 жыл. Осы мерейлі датаға орай 2024-2026 жылдары Франциядағы «Гиме» шығыс өнері мұражайында және Италиядағы «Биеналле» мұражайда ұлттық тарихи-мәдени мұралар көрмесін өткізу мәселесі қарастырылуда.

Биыл әйгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы екені белгілі. Соған байланысты Ресейде арнайы көрме өткізу жоспарланып отыр. Одан бөлек Тәжікстан мен Түрікменстанда Қазақстанның мәдениет күндері аясында «Қазақстан киносының күндері», суретшілердің көрмелері және басқа да іс-шаралар өтеді. 

Жетінші. Отандық әдебиетті қолдау мәселесі. Соның бірі – кітап басу ісі. Сөз жоқ, кітап дүкендері қазақ тілді туындылармен толығуға тиіс. Енді кітаптарды басып шығару, әдебиетті қолдау қалың көпшілікпен талқыланып, жаңа ережеге сәйкес жүзеге асады. Бұл ретте ұлт интеллигенциясына жүктелер міндеттің салмағы ауыр. Зиялы қауым білім-ғылымға құштарлық, еңбек адамын қадірлеу, адал азаматтарды ардақ тұту сияқты адамдық ізгі қасиеттерді қалың оқырман санасына сіңіріп, ұлттың рухани кемелденуі үшін аянбай еңбектенеді. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Әдеби клуб құру жоспарланып отыр. Ондағы мақсат – әдебиеттің өзекті мәселелерін ортаға салып, жаңа тенденцияларды талқылау және жаңа туындылар мен авторларды насихаттау, қоғамды кітап оқуға үндеу.

Сегізінші. Ономастика саласы бойынша Президенттің нақты тапсырмасы бар. Бұл салаға өзгеріс керек. Министрлік стратегиялық орган ретінде салаға мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарап, тарихи тұлғалардың әділетті бағалануына баса назар аударатын болады. Сондықтан жалғандық пен жікшілдікке, жершілдік пен рушылдыққа жол бермей, елге шынайы еңбегі сіңген тұлғалар дәріптелуге тиіс. Басқа жол жоқ.

Тоғызыншы және осы бағыттағы соңғы сұрақ – креативті индустрия.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы креативті индустрияны қолдау шаралары пакетін әзірлеуді тапсырған болатын. Ең алдымен, министрлік бұл саладағы жұмысты креативті индустрия субъектілеріне салықты жеңілдету бойынша кешенді жұмыстардан бастады. Осылайша, былтыр Үкімет қаулысы қабылданып, оған сәйкес шығармашылық салаға қатысты 43 экономикалық қызметтің 40 түріне бөлшек салықтың арнайы салық режимі қолданылады. Енді кәсіпкерлік субъектілері корпоративтік және жеке табыс салығын, қосылған құн салығын төлеуден босатылды және бірыңғай салық – жеке кәсіпкерлер үшін 4%, ЖШС үшін 8% болады. Осы мәселелерді шешу мақсатында креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданбақ», — деді министр Аида Балаева.

Сондай-ақ «Креативті индустрияларды қолдау орталығы» корпоративтік қорын құру бойынша жұмыстар басталып, өңірлерде Креативті хабтарды ашу жоспарлануда. «Қазпошта» АҚ-мен бірлескен жоба аясында креативті индустрия өкілдері, оның ішінде прогрессивті жастарға арналған орталықтар құрылатын болады. Осы саладағы халықаралық сарапшыларды тарта отырып, креативті индустрияны дамытудың халықаралық форумы өтеді. Сонымен қатар Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалығы аясында креативті индустрияны дамыту бойынша тақырыптық іс-шаралар өтеді.

«Жалпы мәдениет саласының ғана емес, ел экономикасы мен әлеуметінің идеологиялық тұтқаларының бірі бұл, әрине, ақпараттық саясат. Күн өткен сайын азаматтар мен мемлекеттер арасындағы консенсус парадигмасы өзгеріп келе жатқан кезеңде баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алғанымыз жөн», — деді Аида Балаева.

Мемлекет басшысының жарлығымен Ақпараттық доктрина бекітілді. Доктрина отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру, оның құндылығын толықтыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. «Онлайн жарнама және онлайн платформалар туралы» заң қабылданды. Заң онлайн платформалар қызметін құқықтық тұрғыдан негіздеп, тиімді ынтымақтастық орнатуға ықпал етеді.

Министрлік ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасын дайындап, Мәжіліске енгізді. Президент мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасфераның даму үрдісін ескере отырып, медиа заңнаманы қайта қарау туралы тапсырма берген болтын. Соған байланысты «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды.

Цифрлық эфирлік телерадио хабар таратуды дамыту жобасы іске асуда. Бүгінде халықтың 93%-дан астамы цифрлық хабар таратумен қамтылған. 580 радиотелевизиялық станция пайдалануға берілді. Мемлекеттік телеарналардың шетелде хабар таратуы бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазір «24.kz», «Qazaqstan International» және «Balapan International» телеарналары алыс-жақын шет елдерде хабар таратады. 

Былтыр министрліктің тапсырысымен 638 сериядан тұратын 43 сериал шығарылды. Өткен жылы аймақтардағы мерзімді басылымдарының өзекті мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылған өңірлік БАҚ форумы биыл да жалғасын табады. Газет-журналдарға жазылу оңтайланып, «Қазпошта» және Kaspi Bank қосымшалары арқылы онлайн-жазылу жүйеленді.

2024 жылы ақпараттық саясатты жүзеге асыруға қатысты бірқатар міндет бар. Олар:

1. «Масс-медиа» туралы заң қабылданғаннан кейін журналистердің мәртебесін артып, мемлекеттік ақпараттық саясат жетіле түседі. Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық тапсырыстарды бөлу механизмінен гранттық қаржыландыруға көшеді. Заң жобасы отандық медиа-кеңістіктің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бірқатар шараны жүзеге асырады. Бұл шаралар радиода шетелдік контентті қайталап көрсету мүмкіндігін 20-дан 10%-ға дейін қысқарту, телерадио арналардағы отандық контент пен тілдік үлесті жыл сайын 5-тен 60%-ға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту көзделіп отыр.

2. Биыл ақпараттық доктринаны іске асыру жалғасады. Мәселен, «сұр тарелкаларды» таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу, медиа саладағы бизнес-процестерді цифрландыру шеңберінде бірыңғай медиа платформа құру, әсіресе шекара маңындағы аудандарда отандық телерадио хабарларын тарату аумағын кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар сыртқы ақпараттық шабуылдарға және деструктивті идеологияның таралуына қарсы кешенді шаралар қабылданады.

3. «Онлайн-платформа және онлайн-жарнама» туралы заңының талаптарына сәйкес жалған ақпаратты таратуға қатысты жауапкершілік көзделген. Бүгінде онлайн-платформалар мен интернет-ресурстарда 243 жалған ақпаратты тарату фактісі, атап айтқанда, онлайн-платформаларда 238, интернет ресурстарда 5 факті анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіледі.

4. БАҚ саласында қабылданған маңызды құжаттар мен министрліктің жұмыс жоспарына сәйкес контент сапасы мен мазмұнын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасады. Соған байланысты министрлік тарапынан журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша семинар-треннингтер, оқыту курстарын өткізу жоспарланып отыр. Жоспар аясында еліміздің барлық өңірін қамти отырып, журналистер үшін қазақ және орыс тілдерінде 40-қа жуық оқыту іс-шарасы өткізіледі. Соның ішінде фактчекинг, медиаэтика, киберқауіпсіздік және басқа да өзекті тақырыптар бойынша оқыту курстары өтеді. Сондай-ақ телеарналарда балалар контенті, экологиялық мәдениет, қарапайым еңбек адамы, ұлттық дәстүр, тәрбие, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету секілді өзекті тақырыптарға басымдық берілуге тиіс.

4. Министрлік 2024 жылы салалық журналистиканы дамыту жөніндегі жол картасы аясында республика бойынша 14 жоғарғы оқу орны базасында курстар өткізетін болады. Сонымен қатар жалпы еліміздегі 30 журналистика факультетінің оқу бағдарламасын түбегейлі жаңарту керек. Сондай-ақ халықтың медиа сауаттылығын арттыруға, баспасөз хатшыларының, өңірлік БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыруға бағытталған 2024 жылға арналған медиа сауаттылықты дамыту жоспары әзірленіп, іске асуда. Жоспар аясында еліміздің барлық өңірін қамти отырып, журналистерге арналған қазақ және орыс тілдерінде 40-қа жуық оқыту іс-шарасы өтеді.

5. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы атап өткендей, қоғамда еңбек құндылықтарының идеологиясын қалыптастыру және масылдық психологияны жою бойынша ақпараттық жұмыс жандандырылатын болады. 

Кез келген мемлекеттің тірегі – азаматтық қоғам. Үкіметтік емес ұйым өкілдері халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық диалогтың қалыптасуына ықпал етеді. Өткен жылы азаматтардың қоғамдық бақылау арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысуы мен бірлестік құру құқығын қамтамасыз ететін «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Азаматтық қоғамның дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңына өзгертулер енгізілді, енді бірлестік құруға бастамашылар саны 10-нан 3-ке дейін қысқартылды.

Сонымен қатар онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру мақсатында арнайы заң қабылданғаны белгілі. Енді онлайн-петицияларды жіберуге арналған арнайы платформа 2024 жылдың сәуір айында іске қосылады. Сондай-ақ қайырымдылықты өмірлік құндылыққа айналдырған әр өңірдегі 100 белсенді азаматқа алғаш рет қайырымдылық саласындағы құрметті атақ берілді. Оған қоса былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен алғашқы Халықаралық волонтерлер форумы өтті. 

Елімізде қарқынды дамып келе жатқан халық арасында барынша сұранысқа ие болған қарым-қатынас каналдарының бірі – қоғамдық кеңестер. Осы орайда министрлік жанынан Қоғамдық кеңестерді үйлестіру орталығы құрылды.

Азаматтық қоғам саласы бойынша 2024 жылға арналған міндеттер мынадай:

1. Саланың жұмысын оңтайландыру мақсатында Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын жаңарту жоспарлануда. Бұл жұмыс басталып кетті.

2. Соңғы 3 жылда волонтерлік ұйымдардың саны 3 есе, белсенді волонтерлер саны 5 есе өсті. Жыл басынан бері волонтерлік қызметті дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған жаңа жол картасы жүзеге асырыла бастады.

3. Дәстүрге айналған «Қайырымды істер марафоны» республикалық жобасы биыл да волонтерлердің, меценаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың қатысуымен кеңінен атап өтіледі.

4. Биыл Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім кеңесіне мүше елдердің Волонтерлік слетін өткізу жоспарлануда.

5. Былтыр өткен 11-ші Азаматтық форумның ұсынымдары негізінде үкіметтік емес ұйымдардың еліміздің әлеуметтік-экономиклық дамуына қосатын үлесін бағалау көрсеткіші енгізіледі. Сондай-ақ медиация иниститутын дамыту мақсатында кешенді шаралар қабылданады.

5. Қоғамдық кеңестерді трансформациялауда халықты толғандыратын мәселелерде қоғамдық кеңестер арқылы қоғамдық консультациялар мен кеңес отырыстарын тікелей эфирде өткізу тәжірибесі енгізілмек.

6. Азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, жүйелі реформалар жасауда Ұлттық құрылтайдың маңызы зор. Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысы Атырауда өтеді. Сол жиынға дайындық аясында таяуда Астанада түрлі бағыттарда арнайы секциялар ұйымдастырылды. Қазір Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстары бойынша Атырауда өтетін негізгі Құрылтай отырысының күн тәртібі қалыптастырылуда. Онда айтылған мәдениет саласына қатысты ұсыныстар – министрліктің ұдайы бақылауында. Оларды іске асыру бойынша нақты жұмыстар атқарылады.

«Министрлік отбасы құндылықтарын нығайту және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Адамгершілік құндылықтарды жаңғырту, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылады. Өздеріңізге белгілі, 2023 жылдан бастап күнтізбеге Әкелер күні мен Аналар күні қосылды», — деді Аида Балаева.

Бүгінде өңірлерде Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Оларды жетілдіру мақсатында бірыңғай тұжырымдама негізінде үлгілік ереже әзірлеу жоспарланып отыр. Қызметкерлердің жалақысын ұлғайту мәселесі пысықталатын болады.

Сонымен қатар тағы бір маңызды мәселе – гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыру. Осы мақсатта 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы және тиісті іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда.

«Қазіргі жаһандық ахуал ұлттық айдентиканы сақтаудың маңызын арттырып отыр. Осы ретте еліміздің әрбір үшінші тұрғыны жастар екенін ескерсек, қазақ айдентикасын жаңғыртып, оны ілгерілетуде жастардың алатын орны ерекше. Біздің барлық бастамаларымыз қоғам игілігіне, оның ішінде жастарымызға тікелей бағытталады», — деді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Өткен жылдан Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру басталды. «Жастарды дамыту индексі» енгізілді. 2023 жылы «Zhas project» жобасы іске асып, жастардың бизнес бастамаларын қолдау үшін 1 млн теңгеден 280 шағын грант берілді. 30 талантты жасқа 3 млн теңгеден «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды. Былтыр 19 талантты жас «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталды.

Жастар ресурстық орталығын трансформациялау тетіктері пысықталып, қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту жоспарлануда. Халықтың табысын арттыру және жұмыссыз жастар санын азайту мақсатында барлық өңірде «JolTap» жобасын іске асыру, сондай-ақ «Республикалық жастар ұйымдарымен ынтымақтастық туралы» жол картасын әзірлеу жоспарланған. Алдағы уақытта да ел болашағы жастарға арналған кешенді жобалар мен тың бастамалар жалғасын табады. 

«Өздеріңізге мәлім, ізгілік пен рухани құндылықтарды насихаттауда дін саласының орны ерекше. Дін – өте нәзік әрі маңызды сала. Ал зайырлылық – көпконфессиялы және полиэтносты қоғамда бейбітшілікті сақтаудың жолы. Бұл тек мемлекетке ғана емес, сондай-ақ әрбір азаматқа да қажетті. Сондықтан қоғамның рухани мәселелерін шешуде бұл салада да бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз», — деді мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Биылдан бастап Қазақстан қоғамындағы сын-қатерлерді ескере отырып, Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылады. Тұжырымдама мемлекеттің зайырлы даму қағидатарын одан әрі нығайтып, мемлекеттік және конфессияаралық қатынастарды жетілдіреді, дін саласын реттеуде нақты қадамдарды анықтайды.

Сондай-ақ Қазақстан – бір ұлтты, көпэтносты мемлекет, бейбітшілік пен келісім, тыныштық пен тұрақтылық мекені. Қазақ халқының айналасына топтасқан барлық этнос өкілдері бірлігі жарасқан отанымыздың өркендеуіне қызмет етуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы алғаш рет ұлт бірлігін нығайтудағы жемісті еңбегі үшін «Ел бірлігі» ордені, мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі үшін «Мәдениет пен өнер салаларындағы үздік жұмыстары мен туындылары үшін» және «Әдебиет пен журналистика салаларындағы үздік жұмыстары үшін» сыйлықтары тағайындалып, Республика күні қарсаңында иегерлеріне салтанатты түрде тапсырылды.

Сонымен қатар «Қазақстандағы ұлт қалыптастыру: қазіргі жай-күйі, процестер мен үрдістер» баяндамасы әзірленді. Өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемесінің 489 профильді қызметкерінің жалақысы 50%-ға артты. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алда да жалғасын табады.

«Бүгінгі баяндамада министрліктің өткен жылғы жұмысының негізгі қорытындылары мен 2024 жылға арналған міндеттер толық қамтылды. Бүгінгі орайлы кездесу сәтінде аталған ауқымды жұмыстар мен қарқынды жобаларды жүзеге асыру жолында тынбай еңбектенген барша әріптестерімізге айырықша алғыс айтқым келеді. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттеріне орай біз үйлесімді әрі бірлескен жұмыстарымызды жалғастыра береміз деп сенемін», — деді Аида Балаева.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу