Келесі жылы пандемия кезінде салықтан босатылған 84 мың пәтер иесі салық төлей бастайды – Е. Біржанов

ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында баяндама жасады. 

Вице-министрдің айтуынша, мемлекет басшысының Қаржы министрлігіне берген тапсырмалары төмендегідей:

  • салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру;
  • сараланған салық ставкілеріне көшу;
  • салықтық бақылауды толық цифрландыру;
  • салықтық және кедендік ақпарат жүйелерінің интеграциясын аяқтау;
  • мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесін құру;
  • жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу. 

Сөз басында қаржы вице-министрі қазіргі ахуал туралы баяндады. Оның сөзінше, бүгінгі таңда Қаржы министрлігінің цифрландыру деңгейін мынадай жобалармен сипаттауға болады:

- E-Salyq Azamat меншік салығын төлеуді ыңғайлы етеді, оны қазірдің өзінде 1,5 млн адам пайдаланады, нәтижесінде жалпыға бірдей декларациялау аясында 580 мыңға жуық декларация немесе 44%-ы табыс етілді. 200 млн теңгеден астам салық төленіп, төлемдер жасалды. Чектерді бермегені және банк картасын қабылдаудан бас тартқаны үшін шағым беру, жеке шоттарды қарау, жолаушылардың кедендік декларациясын ұсыну және т.б. пысықтаулар жоспарланып отыр.

- E-Salyq Виѕіпеѕѕ-ті 439 мың адам пайдаланады, ЖК ретінде тіркелу тәртібі жеңілдетілген, салық режимін таңдап немесе өзгертуге болады. БКМ қолданбай, чек беру және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеу мүмкіндігі бар. Әр түрлі анықтамалар ұсынылған. Жеңілдетілген декларацияны алдын ала толтыру сервисін құру және такси мен жеткізу қызметтері бойынша интернет-платформалармен интеграциялауды пысықтау жоспарланып отыр.

- АСТАНА-1 өз тиімділігін көрсетті, шағымдар бар, ақпарат көлемі мен транзиттік әлеует өсіп келеді. Кедендік декларация 100% электронды түрде тапсырылады. 1 минут ішінде 82%-ы автоматты түрде тапсырылады.

- Бір терезе жобасы аясында кедендік тазарту үшін кедендік қызметтер мен рұқсат беру құжаттары автоматтандырылды, қызметтердің орташа уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. 

- Тәуекелдерді басқару жүйесі аясында тиімсіз өлшемдер өзекті және объективті өлшемдермен алмастырылады.

Жалпы бұл жүйелер тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесіне интеграцияланған – импорттан соңғы тұтынушыға дейінгі барлық тізбек бойынша тауарларды бақылау жүйесі құрылған.

- Жоғарыда көрсетілген іс-шаралардың әсері: 

• бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктер мен қолайлы жағдайлар жасау

• жаңа сандық өнімдерді енгізу 

• бюджет кірістерін ұлғайту.

Әрі қарай Ержан Біржанов пысықтауды талап ететін мәселелерге тоқталды.

«Сонымен бірге халық пен бизнес тарапынан наразылық тудыратын белгілі бір кемшіліктер бар», — деді ол.

Вице-министрдің айтуныша, бұл сұрақтарға мыналар кіреді:

- мемлекеттік қызметтерді жетілдіру;

- ҚҚС қайтару тетіктерін қайта қарау;

- камералдық бақылауды толық автоматтандыру;

- бизнеспен өзара іс-қимылдың жаңа моделін құру;

- салықтық және кедендік бақылауды цифрландыру;

- «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңды қабылдау;

- жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу. 

Қазіргі уақытта мемлекеттің кәсіпкерлермен өзара іс-қимылының сервистік моделіне көшу мәселесі белсенді түрде пысықталып жатыр:

• API арқылы көрсетілетін қызметтерді кеңейту;

• қызметтерді аутсорсингке беру (ЕДБ, мемлекеттік емес қаржы секторы, Азаматтарға арналған үкімет);

• PUSH салық туралы хабарлама;

• салықтарды 1 рет басу арқылы есептен шығару;

• алдын ала толтыру және автоматты декларациялау.

«Нәтижесінде кәсіпкерлер мен бухгалтерлер құжат айналымына, мемлекеттік органдармен түрлі есептер мен дауларға, және одан да көп – дамуға аз уақыт жұмсайды», — деді Ержан Біржанов.

Интернет-платформаларды пайдалану бойынша қаржы вице-министрі бүгінде еңбек қатынастары электрондық форматқа көшіп жатқанын және министрліктің қажетті сервисті ұсынуға тиіс екенін айтты.

«Пандемия көрсеткендей, көптеген жеке тұлғалар онлайн платформалар арқылы қызмет көрсетеді. Осыған байланысты біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, платформалық жұмыспен қамту саласында пилоттық жоба жүргізу мәселесін қарастырып жатырмыз», — деді Ержан Біржанов.

Пилот аясында «E-salyk Business» мобильдік қосымшасында ЖК ретінде жеңілдетілген тіркеуден өту кезінде салықтарды интернет-платформа ұстайтын болады. Пилот табысты аяқталған жағдайда, оны заңнамалық норма ретінде енгізуге мүмкіндік болады. Салық төлеуші салық міндеттемесін жәй тәсілмен өз бетінше немесе интернет-платформа операторы арқылы автоматты түрде орындай алады. 

Әрі қарай қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қашықтан бақылау туралы баяндады.

«Қолда бар жүйелерді автоматтандыруды ескере отырып, камералдық бақылау, оның ішінде салық төлеушілерді бөлектеу және ҚҚС қайтару бойынша тәсілдер өзгеретін болады. Біз сервиске бағытталған органбыз және әкімшілендірудің ең қарапайым рәсімдерін және салық міндеттемелерін орындаудың түсінікті үдерістерін жасауға тырысамыз», — деді қаржы вице-министрі.

Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінің аясында экспорттаушылардың барлық санаттары үшін тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тексеру жүргізбестен ҚҚС қайтару тәсілдері қайта қаралатын болады.

Салық есептілігін толтыру кезінде салық төлеушіге қолда бар деректер негізінде есептелген кірістер мен шығыстар сомасын таңдаудың баламалы нұсқасы ұсынылатын болады, бұл есептерді тапсыру кезінде арифметикалық қателерді болдырмайды. Ержан Біржанов қашықтан өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік беретін көлденең мониторинг сияқты цифрлық шешімдерге көшетіні жайлы айтты.

Оның айтуынша, қашықтан өзара іс-қимыл жасау салықтық тәуекелдерді айтарлықтай төмендетуге, сондай-ақ салықтық тексерулер қорытындылары бойынша ұзаққа созылған дауларды болдырмауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда алты субъект бойынша, жалпы сомасы 62 млрд теңге салық мәселелері сотқа дейін реттелді, бұл шамамен 40 млрд теңге айыппұлды үнемдеуге мүмкіндік берді.

Одан кейін қаржы вице-министрі Салық кодексі туралы баяндады.

«Жұмыс тобы жаңа Салық кодексін әзірлеуге кірісті, оның аясында шоғырландырылған шешімдерді әзірлеу үшін бизнеспен және халықпен тығыз жұмыс істейтін боламыз», — деді Е. Біржанов.

Ол Қаржы министрлігінің тарапынан ҰЭМ-ге тиісті ұсыныстар жолданғанын айтты. Оның ішінде мынадай мәселелер көтерілді:

• экономиканың түрлі секторларында сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу;

• салық төлеуден жалтару тәуекелдерін барынша азайту мақсатында арнайы салық режимдерін жеңілдету;

• салық жүктемесін азайту мақсатында ұйымдардың әдейі бөлшектенуіне жол бермеу;

• теңдестік ставкілермен және қарапайым рәсімдермен бөлшек салықты қолдануды кеңейту;

• «сән-салтанат салығын» енгізу мүмкіндігін қарастыру.

Қаржы вице-министрінің айтуныша, жаңа Кодекстің негізіне жататын 2030 жылға дейінгі жаңа Салық саясаты жөніндегі тұжырымдаманың жобасы қалыптастырылып жатыр. 

Одан кейін Е. Біржанов кедендік әкімшілендіру шаралары туралы баяндады.

Кедендік операцияларды автоматтандырылған мониторингтен өткізу мақсатында инспекциялық-жіті тексеріп қарау кешендерінің рентген-суреттерін, кедендік декларациялардың сипаттамалық бөлігін талдау үшін жасанды зердені қолдану жоспарланып отыр.

Осылайша, шешім қабылдау кезінде адами фактор алынып тасталады. Бұдан басқа, ҚТЖ-мен және басқа тасымалдаушылармен ақпарат алмасу жолға қойылған. Көрші елдермен алдын ала ақпарат алмасу жүзеге асырылуда. Статистиканы үнемі салыстырып тексеру жүргізіледі. Импорттаушы немесе транзиттеуші шекараға жақындағанда оның қандай тауарды алып жүргенін, оны кімнен сатып алғанын, тауардың құны қандай екенін көріп отыру мүмкіндігі бар. Вице-министрдің айтуынша, осыдан министрліктің қатысуымыздың тиімділігі көрініп тұр.

Кедендік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша «Бір терезе» қағидаты бойынша интеграцияланған кедендік бақылауды енгізу жоспарланып отыр. Вице-министрдің айтуынша, кеден саласын одан әрі жаңғырту мынадай екі бағыт бойынша дамиды.

Бірінші. ЕАЭО сыртқы шекарасында өткізу пункттерін құру және реконструкциялау арқылы кедендік инфрақұрылымды жаңғырту жүргізіліп жатыр: 

  • СЭҚ қатысушыларының қаржылық шығындарын азайту және елдегі бизнес-ахуалды жақсарту;
  • өткізу қабілетін 8 есеге дейін арттыру, шекарадан өту уақытын қысқарту;
  • транзиттік әлеуетті дамыту және кедендік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету.

Екінші. Бас диспетчерлік басқарма Ахуалдық орталық пен Мемлекеттік кірістер комитетінің Электрондық декларациялау орталығын біріктіру арқылы құрылды:

- Басқармада шекараны кесіп өтуді автоматтандырылған мониторинг жасалып бақыланады және адами фактор алынып тасталған және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайтылды.

- Болашақта ИДК суреттерін тану тәжірибесі алынып тасталынбақ, жасанды интеллектісі бар бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланылады.

- Өткізу пункттерінде электрондық кезек жүйесін жоспарлы түрде ензіліп жатыр. 

Әрі қарай Ержан Біржанов Салықтық және кедендік бақылауды цифрландыруды қамтамасыз ету жөнінде сөз қозғады.

Жаңа ақпараттық жүйелерге көшу бойынша:

- Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау үшін салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді толыққанды ықпалдастыру аяқталатын болады. 

- Қазіргі уақытта екі ақпараттық жүйені – Салықтық әкімшілендірудің бірыңғай жүйесін және интеграцияланған деректер базасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

- 7 ескірген жүйені ауыстыру және бірыңғай деректер базасын құру көзделіп отыр.

- Салық және кеден жүйелері арасындағы қолданыстағы интеграциялар жаңа ақпараттық жүйелерге өтеді.

- Жалпы жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу қолда бар инфрақұрылымды дамытуға, жоғары жүктемелер кезінде жүйе жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және пайдаланушылардың барынша көп санын арттыруға мүмкіндік береді. 

Одан кейін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң туралы айтылды.

«Биыл күшіне енген “Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы” заңның құқық қолдану практикасына талдау жүргіземіз», — деді вице-министр.

Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңның негізгі мақсаты сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің ең төменгі бағасынан сапа басымдығы айқындалды. Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйымдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Мүдделі тараптардан ұсыныстар жинау жүргізілуде.

Мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі құрылғаннан кейін мынадай өзгерістер болады:

• баға өлшемдерінен сапалы (бағалық емес) параметрлерге өту арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру. Білікті өнім берушілерді іріктеу жүйесі жетілдірілетін болады.

• мерзімдерді қысқарту, бизнес-процестерді автоматтандыру, тапсырыс берушілерге үлкен дербестік беру және олардың жауапкершілігін күшейту, бақылау жүйесінің репрессивтілігін төмендету арқылы сатып алу рәсімдерін оңайлату.

• мемлекеттік келісімшарттарды тең бөлу және үлгілік техникалық ерекшеліктер базасын құру жолымен «қарсылықтарды» алып тастау есебінен сатып алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.

• квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекеттік сатып алулары мен сатып алулары бірыңғай платформаға ауыстырылатын болады.

«Қазір біз мемлекеттік сатып алуларға қатысушыларды салық және кеден жүйелері бойынша тексерудеміз. Алайда, екінші жағы да бар – ол біздің сол шаруашылық жүргізуші субъектілерге беретін артықшылықтар», — деді Ержан Біржанов.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік сатып алуларға қатысушыларға кросс-бақылау қолданыла бастады. Егер шартты түрде салық төлеуші салықтық немесе кедендік міндеттемелер бойынша тәуекел аймағында болса, оны мемлекеттік сатып алудың тәуекелді бөлігі ретінде қарау керек. Басқаша айтқанда, интеграцияланған бақылау негізінде Қаржы министрлігі бюджет кірістерін де, шығыстарын да бақылайды.

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Бюджет кодексін әзірлеу жұмыстары басталды. Жалпы бұл жұмысты Ұлттық экономика министрлігі үйлестіреді», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, жоба аясында мынадай негізгі бағыттар бойынша жаңа тәсілдерді пысықтау көзделеді:

•  бюджеттік рәсімдерді оңайлату, бюджет саясатының шекті параметрлері туралы нормаларды бекіту;

• Ұлттық қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын шығыстардың нысаналы мақсатын айқындау;

• келесі қаржы жылында бюджет қаражатын толық пайдалану құқығын беру;

• түсімдердің жекелеген түрлерін және шығыстарды жергілікті деңгейге беру жолымен өңірлерді одан әрі орталықсыздандыру.

Жаңа Бюджет кодексі жобасын қабылдау проблемалық мәселелерді жан-жақты пысықтап, жоғарыда аталған тәсілдерді әзірлегеннен кейін 2023 жылдың соңында жоспарланып отыр. 

Әрі қарай Ержан Біржанов мүлік салығы туралы баяндады.

«Осы алаңды пайдалана отырып, осы жылдың 1 қазанында жылжымайтын мүлік және жер учаскелері меншік иелерінің мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталатыны туралы біздің азаматтарымызға да ақпаратты еске салғым келеді», — деді қаржы вице-министрі. 

Биыл 2021 жылға төленеді, бұл елеулі өзгерістер 2019 жылдан бастап енгізілді. 

«Азаматтардың салықтары жолдарды жөндеуге, мектептер мен ауруханаларды жайластыруға, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға кететін жергілікті атқарушы органдардың бюджеті деп айтуға болады», — деді қаржы вице-министрі.

Оның айтуынша, бұл азаматтардың қалаларды дамытуға, тазалық пен құқықтық тәртіпті қолдауға қосқан үлесі. Қазақстандықтар салық төлеу арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысады. 

Төлеу тәртібі өте қарапайым. Салық сомасын «Е-salyq Azamat», Kaspi.kz және Homebank мобильді қосымшаларынан білуге, сол жерде дайын деректемелер бойынша төлем жүргізуге болады. Анықтамалық ақпарат алу үшін жеке тұлғалар «1414» байланыс орталығына хабарласа алады.  

«Қаржы министрлігі цифрландыру жолында уақыт талабына сай келетін бірнеше мемлекеттік органдардың бірі. Соңғы жылдары қызмет көрсету сапасын жақсарту, киберқауіпсіздікті күшейту және көлеңкелі экономикамен күресте мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында біздің ақпараттық жүйемізді жаңғырту бойынша біршама жұмыстар атқарылды», — деді Ержан Біржанов.

Е. Біржанов Қаржы министрлігінің «жазалау және бюрократиялық органнан» «халықпен сөйлесу үшін ашық» орган қызметін қайта бағдарлау мәселесіне жауапкершілікпен қарайтынын және салық міндеттемелерін орындау үшін барынша қарапайым әрі ыңғайлы жағдай жасайтынын айтты.

Әрі қарай қаржы вице-министрі Ержан Біржанов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, келесі жылы пандемия кезінде салықтан босатылған 84 мың пәтер иесі салық төлей бастайды.

«Пандемия кезінде бұл санат салық салудан босатылған еді. Олар үш жыл бойы жеңілдік алып, салық төлемей келді. Бірақ келесі жылдан бастап олар салық төлейді. Бұл арнайы жеңілдетілген салық режимін алғандар мен патент иелері», — деді Ержан Біржанов. 

Оның айтуынша, елімізде баспана жалға бергені үшін салық төлеп отырған 210 мыңға жуық мүлік иесі бар. Олардың 84 мыңы аталған тәсіл бойынша салық төлеп жүр.

«Тұрғын үйді жалға берудің бірнеше жолы бар. Бірінші жол – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу. Еліміз бойынша осы олды таңдап, жеңілдетілген декларация мен патент тапсырып жүрген 84 мыңнан астам адам бар», — деді вице-министр.

Сонымен қатар қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салықтан жалтармай, пәтерін жалға беретін қазақстандықтардың санын атады. 

«Тұрғын үйді жалға берудің бірнеше жолы бар. Бірінші жол – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу. Еліміз бойынша осы жолды таңдап, жеңілдетілген декларация мен патент тапсырып жүрген 84 мыңнан астам адам бар», — деді Ержан Біржанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. 

Сондай-ақ ол пәтер жалға берудің екінші жолын атады.

«Мұнда жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Егер ол облыс орталығында немесе ірі қалаларда тұрғын үй тапсырса, есеп айырысу айының басына дейін 1 АЕК төлеуі керек. Ал, аудандық деңгейде 0,5 АЕК төлеуі шарт. Мұндай режимді пайдаланатын 120 мыңнан астам адам бар», — деп түсіндірді вице-министр.

Пәтер жалдаудың үшінші жолын 2 мыңға жуық адам ғана қолданып жүрген көрінеді. 

«Жеке тұлғалар табысы мүліктік кіріске тең болса, аталған кірісті бір жылдан кейін декларациялай алады және жалға алынған соманың 10%-ын төлей алады. Айталық, егер ол бір жыл ішінде 2 млн теңгеге тапсырса, ол декларацияда осы соманы көрсетіп, 200 мың теңге төлейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2 мыңға жуық адам осы тәсілді қолданды», — деді Ержан Біржанов.

Сонымен қатар ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов кезектен тыс Президент сайлауына бөлінген қаражат қайда жұмсалатынын түсіндірді.

«Жалпы, сайлауды өткізуге 20,5 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат қазіргі уақытта бекітілді. Үкімет резервінен қаражат бөлініп жатыр. Оның негізгі бөлігі – 16,8 млрд теңгесі немесе 80%-дан астамы жалақы төлеуге жұмсалады. Жергілікті жерлерде сайлау учаскелері құрылады, олардың мүшелері болады. Және де жалақының мөлшері ең төменгі үш айлық көлемінен аз болмау тиіс. Ол 180 мың теңгені құрайды. Яғни, бөлінген қаражаттың басым бөлігі жалақыға жұмсалады», — деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Сонымен қатар ол аталған қаражат бюллетень шығаруға, көлік шығыстарын жабуға жұмсалатынын айтты. 

«Бәрін қосқанда 20,5 млрд теңге шығады. Қаражат негізінен Орталық сайлау комиссиясына беріледі. Қателеспесем, бір бөлігі Сыртқы істер министрлігіне бағытталады», — деді Ержан Біржанов. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу