Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталу жағдайы туралы Ұйымдастыру іс-шараларының жоспары әзірленді

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шымкент қаласының және Түркістан облысының халқымен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында ведомство басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді және азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Сондай-ақ бірқатар мәдени-тарихи, спорттық және туристік нысандарды аралады.

Былтыр Шымкентте 9 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл жоспар бойынша 2 нысанның құрылысы басталып, 10 нысан жөнделеді. Бұл жұмыстар 2025 жылға дейін жалғасады. Осы мақсаттарға мемлекеттік бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді. 

2022 жылдың І жартыжылдығында қалада бірқатар ауқымды шара ұйымдастырылды. Оның ішінде «Шарықтай бер, Шымқалам», «Қошқар-Ата сейілі», «Терме-өсиет бұлағы» сияқты іс-шаралар бар. Сондай-ақ еліміздің үздік театрларының бірі «Астана Опера» театры Шымкентке гастрольдік сапармен барды. 

«Жыл басынан бері қалада гастрономиялық жәрмеңке, экспедиция, сән көрсетілімі, балалар экскурсиясы сияқты бірқатар шаралар ұйымдастырылса, жыл соңына дейін шопинг-туризм апталығы, мобилография фестивалі, фильмдер саундтрегінің концерті, экологиялық пикник сияқты ауқымды іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді мәдениет және спорт министрі.

Ведомство басшысы мәдениет қызметкерлерінің, оқытушылардың жалақысы мәселесі назардан тыс қалмауы керек екенін атап өтті. Биылдан бастап мәдениет, архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын 2025 жылға дейін орта есеппен 20%-ға жыл сайын арттыру көзделген. Сонымен қатар өткен жылдан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде – 50%-ға, өңірлік деңгейде – 35%-ға артқанын атап өткен жөн. Одан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 1 шілдеден бастап еліміздегі «Ұлттық» статусы бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы қосымша коэффицентпен есептеліп, 75%-ға өседі. Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданғаны үшін базалық лауазымдық жалақыдан бөлек 100% қосымша ақы енгізілді (республикада – 25 994 дене шынықтыру мұғалімі).

Әдебиетті қолдау бойынша да көптеген іс-шара қолға алынып жатыр. Мысалы, қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында биылдан бастап алғаш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалды. Сыйлық 7 номинация бойынша беріледі. Атап айтқанда, «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс», «Үздік кітап дизайны». Жүлде қоры әр номинацияға 5 млн теңгеден санағанда 35 млн теңгені құрайды.

2022 жылдың мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігі Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, «Алматы кітап жәрмеңкесі» атты іс-шара ұйымдастырды. Оған еліміздің 50-ден аса баспасы мен кітап дүкендерімен қоса, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен делегациялар қатысты. Ақындар жыр оқып, өнерпаздар өнер көрсетті. Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков сияқты белгілі қаламгерлер оқырмандарымен жолығып, қолтаңба берді. Жәрмеңкеге шығарылған 14 мыңнан астам кітаптың 10 мыңға жуығы (шамамен 70%-ы) сатылған. Бұл ретте Дәурен Абаев мұндай кітап жәрмеңкесін Шымкентте де қала әкімдігімен бірлесіп ұйымдастыруға болатынын айтты. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыру шараларына толықтай қолдау көрсетуге дайын.

Кино өндірісінде де қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтырдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту жұмыстары (жалпы сомасы 10,3 млрд теңгені құрайды) жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар киностудияның инженерлік желілерін күрделі жөндеу мәселесі пысықталуда. Жамбыл Жабаевқа арналған «Жамбыл. Жаңа дәуір» және Ахмет Байтұрсынов туралы «Соңғы үкім» киножобаларының түсірілімі жалғасады.

«Биыл Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жұмыстарды бастады. Аталған бірлестік 10 пилоттық жобаны көрерменге ұсынуды жоспарлап отыр», — деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар тілдік орта қалыптастыру мақсатында рейтингі жоғары анимациялық фильмдер мен кинокартиналарды дубляж жасауға мемлекеттен қаржы бөлу көзделген. 

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, қазақ операсының жарық жұлдызы, аңыз тұлға Роза Бағланованың 100 жылдығына орай 1600-ге жуық іс-шарадан тұратын жалпыреспубликалық жоспар әзірленді. Бұл мерейтой ЮНЕСКО-ның 2022 жылға арналған атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді, ал қазан айында Париж қаласындағы ЮНЕСКО Штаб-пәтерінде мерейтойлық концерт өтеді.

Сондай-ақ ұлы жазушы, драматург және ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толды. Үкімет бекіткен жалпыреспубликалық жоспарда 86 іс-шараны өткізу жоспарланған.

Дәурен Абаев Шымкент қаласына келетін туристерді өңірмен таныстыру мақсатында туристік қауымдастықпен бірлесе отырып, 27 туристік маршрут ұсынылғанын (қала бойынша – 17, Түркістан облысымен бірлескен – 10) айтты. Аталған маршруттар тарихи-мәдени, экологиялық-экстремалды, қалалық демалыс, өндірістік секілді бағыттарды қамтиды.

Оңтүстік – киелі орындарға бай өңір. Мұндай жерлерге тәу етіп келушілер көп болғандықтан, туристік әлеуеті де айтарлықтай жоғары. 

«Бұл ретте Шымкент қаласының Сайрам өлкесін ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауидің әкесі «Ибраһим ата» мен «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағын қалпына келтіру бойынша эскиздік жоба әзірленіп, заманауи талаптарға сәйкес жол сілтегіштер мен стенд-карталар қойылып жатыр», — деді мәдениет және спорт министрі.

Жалпы, Шымкентке демалуға келетін туристер саны жыл сайын артып отыр. Биылғы 3 айдың өзінде қалаға 97 мыңға жуық турист келді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 129%-ға артық.

Сондай-ақ туризм саласын дамыту арқылы өңір халқы уақытша және тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Мәселен, «Moon», «Calypso» туристік жобалары іске қосылып, 42 адам жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін 7 ауқымды жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 

Д. Абаев қабылданған шаралар бизнестің инвестициялық белсенділігіне әсер ететінін атап өтті. 2022 жылғы қаңтар-сәуір аралығында туристік салаға 75,6 млрд теңге тартылды. 25 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді. Шетел азаматтарының мемлекеттік шекараны құрлықпен кесіп өтуіне шектеулер алынып тасталды. Электронды виза беру қалпына келтірілді. 2019-2022 жылдар аралығында 400 млрд теңгеден астам сомаға 290 инвестициялық жоба іске асырылды.

Туристік саланы дамытудың маңызды аспектілерінің тағы бірі – жобаларды іске асыруда жұмыс орындарын құру мүмкіндігі. Бұл жұмыс Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында да жүргізіліп жатыр. Биыл 25 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін 170 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, туризмнің тағы бір тармағы тарихи-мәдени орындарды насихаттау арқылы жүреді. Ұлттық мұраны кеңінен таныстыру мақсатында елімізде бірнеше визит-орталық жұмыс істеп тұр, бірнешеуінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Олардың басым бөлігі оңтүстік өңірде салынады. Оның ішінде «Гаухар-Ана», «Ордабасы» және «Сауран» орталықтары бар. Нәтижесінде, туристер саны орта есеппен 35%-ға артады деп күтілуде.

Ұлттық жоба аясында тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау мақсатында 29 нысанға ғылыми-реставрациялау және 68 тарихи-мәдени мұра объектісінде археологиялық жұмыстар жүргізу көзделген. 

Түркістан облысында өткен халықпен кездесуде ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев соңғы 3 жылда өңірдің туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 255,8 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Бүгінгі таңда 40-тан астам жаңа қонақ үй мен 30-ға жуық мәдени нысан іске қосылып туристерге қызмет көрсетіп отыр.

Түркістан өңірі жалпы адамзатқа ортақ тарихи-мәдени нысандарға өте бай өлке. Облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш, оның ішінде халықаралық маңызы бар Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, сонымен қатар Арыстан баб, Үкаша ата, Домалақ Ана кесенелері, Сауран, Отырар қалашықтары, Ақмешіт үңгірі, Аппақ Ишан мешіт-медресесі және тағы басқа киелі жерлер бар.

Олардың бірегейі – «Керуен сарай» көпфункционалды туристік кешені. Бұл объект облыс экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады. Жаңа 600 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, $208 млн көлемінде инвестиция тартып отыр.

«Hazret Sultan» халықаралық әуежайының құрылысы да өңірге келетін туристтер санының артуына тың серпін берді. Мәселен, республиканың барлық өңірімен қосылған тікелей рейстерді санамағанда Түркістан-Ыстамбұл бағытында аптасына 4 рейс ұшады.

Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы сомасы 86,9 млрд теңгені құрайтын 35 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында, «Medina Palace» қонақ үйі, «Шаға» туристік-рекреациялық орталығы, Теннис орталығы, Мұз сарайы сияқты туристік жобалар бар.

Д. Абаевтың айтуынша, ең алдымен туристерді өңірдің тарихи нысандары, сәулет және археологиялық ескерткіштері қызықтырады. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне орта есеппен алғанда жылына 1-1,5 млн келуші (2021 жылы «Әзірет Сұлтан» комплексіне 1,4 млн адам келген) тіркелген.

«Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны 296 919 адамды құрады», — деді мәдениет және спорт министрі.

2025 жылға дейін Халықтың табысын арттырудың кешенді жоспарына сәйкес Түркістан облысында оқиғалық туризмді дамыту жолымен өңірдің экономикалық белсенділігін ынталандыру көзделген. Бағдарлама аясында жыл сайын 20 ірі оқиғалық шараларды ұйымдастыру арқылы 20 мың турист тартып, 400 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 2025 жылы өңір тұрғындары 1200 жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. 

Сонымен қатар Түркістан әкімдігімен бірлесіп, мәдениет саласын дамыту бойынша біршама жұмыс атқарылып жатыр. Өңір тұрғындарына «Анаға құрмет» концерті, «Наурыз – балалар мерекесі», «Дәстүр мен ғұмыр», «Сазды Сауран» секілді 279 іс-шара өткізілді. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 685 мәдениет мекемесі жұмыс істеп тұр. Оларға 395 кітапхана, 252 клуб мекемесі, 25 музей, 3 кәсіби театр, 2 орталық, облыстық филармония, «Конгресс Холл» көпсалалы кешені, көркем галерея, «Оңтүстік фильм» мекемесі, 6 саябақ кіреді. Осы күнге дейін облыстық филармония 9 411 көрерменді қамтыған 43 концерт және мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды.

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында, биыл Түркістан облысында 3 нысанның құрылысы және 14 мәдениет нысанды жөндеу жоспарланған, сонымен қатар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған, мемлекеттік тілдегі кітапханалар қорын ұлғайту қарастырылған.

Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігі Сыртқы істер министрлігімен және Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сақталу жағдайы туралы Ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын әзірледі.

«Қазіргі уақытта Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерімен бірлесіп «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын ілгерілету жөніндегі номинациялық дерекнаманы дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жанкент, Жетіасар оазисінің ескерткіштері, Сығанақ сияқты қазақстандық сегмент объектілеріне номинациялық дерекнаманы дайындау белсенді пысықталуда. Алтын Асардағы Сауран, Жетіасар, Түркістандағы Жанкент, Сығанақ, Отырар, Күлтөбе-Яссы ескерткіштеріне археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде», — Дәурен Абаев.

Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы спорт саласындағы негізгі көрсеткіштер «Дені сау ұлт» Ұлттық жобасында айқындалғанын атап өтті. Олардың бастысы – 2025 жылға дейін спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдардың көрсеткішін 50%-ға дейін арттыру. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Былтыр еліміздің шалғай аудандарын қамтыған 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.

Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2025 жылға дейін арнайы жоспар-кесте бекітілді. Бұл тізімге 113 жаңа нысан салу, 21-ін қайта жаңарту, жаңғырту және 6 нысанды қоса жарақтандыру сияқты негізгі пункттер кірді. Шымкент қаласында ат спорты түрлері бойынша 1 500 адамға арналған ипподром салу көзделген.

Бұқаралық спортты дамыту үшін әр ауылдық округте алғаш рет спорт нұсқаушылары лауазымы енгізіледі. Қазіргі уақытта олардың саны 3140 жетті. Бұл жұмыстармен 2025 жылдың соңына дейін еліміздің барлық ауылдық округін қамту жоспарланған.

Еліміздің ірі қалаларында «Қолжетімді спорт» жобасы іске асырылады. Жыл соңына дейін жобаны еліміздің барлық өңірінде іске асыру көзделген. Тірек ауылдарды қамти отырып балалар-жасөспірімдер клубтарының саны 622-ге және дене шынықтыру даярлығы бойынша балалар-жасөспірімдер клубтарының санын 148-ге дейін ұлғайтылады. Ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға назар аударылады, барлық спорт кешенінде олар үшін тиісті жағдайлар жасалады. 

«Спорт саласындағы негізгі мақсатымыз – мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру және спортпен 100% қамту. Қазірдің өзінде нәтижелер жаман емес. Мысалы, 2021 жылы спортпен шұғылданатын адамдар саны 6,5 млн (34,2%) жетті, олардың 2,5 млн  – балалар», — деді мәдениет және спорт министрі. 

Сонымен қатар спорт төрешілерінің еңбекақысы көтеріледі. Осы мақсатта үлкен жұмыс атқарылды. Бұл көптеген судьялар үшін қосымша мотивация болады және мамандықтың беделін арттыруға, жаңа мамандардың келуіне ықпал етеді. Жарыстар да сапалы жаңа деңгейге шығуы керек. Осылайша, 2024 жылға қарай спорт төрешілерінің жұмысына ақы төлеу БЛЖ-дан 100%-ға дейін ұлғаяды. 

Дәурен Абаевтың мәліметінше, халықаралық санаттағы ұлттық судьялардың базалық лауазымдық еңбекақысы 2654,6 теңгеден 17697 теңгеге дейін, жоғары санаттағы ұлттық судьялардың еңбекақысы 2123,6 теңгеден 15927 теңгеге дейін, жоғары санаттағы ұлттық судьялардың еңбекақысы 2123,6 теңгеден 15927 теңгеге дейін, спорт бойынша ұлттық судьялардың еңбекақысы 1769,7 теңгеден 14158 теңгеге дейін ұлғаяды. Спорт төрешілері – 1238,8 теңгеден 10618 теңгеге дейін, 1415,8 теңгеден 12388 теңгеге дейін. 

«Бұл жарыстың бір күні үшін төленетін төлем. Егер жарыс бірнеше күнге созылса, бұл төлем жарыс күндерінің санына көбейтіледі. Айта кету керек, бұл еңбекақы емес», — деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ халықтың табысын арттырудың кешенді жоспары аясында спорт төрешілерінің жалақысы 20%-ға артты. Бұл өсім кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және 2024 жылға қарай 100% жетеді. Биыл жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 1,75 есеге ұлғаяды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу