ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртуға басымдық береді — С. Нұрбек

Биыл 28 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы Саясат Нұрбек Ақмола облысына жұмыс сапары аясында халықпен кездесті. 

Оның айтуынша, биыл Ақмола облысының әкімі педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқуға 185 грант бөлді.

2022 жылдың 19 тамызында Ақмола облысының әкімдігі мен WOOSONG (Оңтүстік Корея) білім беру қоры арасында Global «САПА» халықаралық білім беру орталығымен бірлесіп өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум білім беруді интернационалдандыруға, оның сапасын арттыруға жаңа серпін беріп, студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ведомство басшысының айтуынша, университеттердің бірінші және екінші миссиялары – білім және ғылым. Үшінші миссиясы – университеттердің жергілікті қоғамның дамуына қосқан үлесі. Мәселен, былтырдан бастап Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «күміс университет» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде онда қазақ және ағылшын тілдері, цифрлық және компьютерлік сауаттылық және тағы басқа бағыттар бойынша зейнет жасына дейінгі және зейнеткерлік жастағы 100-ге жуық студент тегін оқып жүр. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бағытты толығымен қолдайды, сондай-ақ бұл университеттің облыстың өзекті мәселелерін шешуге қатысатынын көрсетеді.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі алға тартқан бастамаларға қатысты Сіздердің пікірлеріңізді білу біз үшін өте маңызды. Мен әрдайым ведомство командасы – бұл оның аппараты ғана емес, ең алдымен Отанымыздың әр түкпірінде еңбек ететін барлық сала қызметкерлері деп айтамын», — деді С. ұрбек өз сөзінде.

Ақмола облысында 4 жоғары оқу орны жұмыс істейді (Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, жеке меншік А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Гуманитарлық-техникалық академия және Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы. Барлығы Көкшетау қаласында орналасқан), онда 885-ке жуық профессорлар мен оқытушылар еңбек етеді, 12 мыңнан астам студент білім алады. 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға басымдық береді. Оны жергілікті өзін-өзі басқару мен әкімшілік жауапкершілікті едәуір кеңейтетін саяси-әкімшілік реформалар саласында жасалған қадамдардан байқауға болады. 

«Бүгінде экономикалық және инвестициялық саясатқа емес, өңірлерге баса назар аударылады және жоғары білім беру жүйесі осы трендтермен үйлестірілуі керек. Сондықтан қазіргі кезде Ғылым және жоғары білім министрлігі бірінші кезекте өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртуға, олардың әлеуетін арттыруға және өңірлерді дамытудағы рөліне басымдық береді. Өйткені, күшті университет – бұл жергілікті экономика мен индустрияның дамуы байланысты болатын күшті кадрлар», — деді С. Нұрбек.

Кадрларды даярлау жүйесін жергілікті қажеттіліктермен синхрондау

«Оны жүзеге асырудың нақты құралы бар – өңірлік Мамандықтар атласын дайындау. Идеясы өте қарапайым: өңірдің жоғары оқу орындарында кадрлар даярлау жүйесі белгілі бір саладағы экономика құрылымына сәйкес келуі керек. Мысалы, Ақмола облысы. Бұл – индустриалды-аграрлық өңір. Астық өндіру, етті және сүтті ірі қара мал өсірумен және азық-түлік өндірумен қатар, облыста уранды байыту, алтын өңдеу және машина жасау салалары дамыған. Туризм саласында айтарлықтай өсім байқалады», — деді С. Нұрбек. 

Аталған салалар бойынша мамандарды, ең алдымен, жергілікті жоғары оқу орындарында дайындап, талапкерлер облыстан тыс жерлерге кетпесе, қажетті білімді осында алып, тиісті жұмысқа орналасса, бұл дұрыс болар еді.

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, нақты құрал да ұсынылды – Павлодар облысында кәсіби-техникалық білім беру деңгейінде сынақтан өткізілген өңірлік Мамандықтар атластарын әзірлеу. 

Жоба аясында өңірде кешенді жұмыс жүргізілді, оның нәтижелері бойынша облыста сұранысқа ие 40 жаңа мамандық анықталды. Осы 40 мамандық бойынша колледждерге арналған 25 жаңа оқу бағдарламасы әзірленді, олар бойынша 15 колледж студенттері білім алып жатыр.  

Жаңа мамандықтар мен біліктіліктер атласын әзірлеу 2019 жылы Қ. Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасының тармақтарының бірі болды.

Саясат Нұрбек енді бұл тәжірибе жоғары білім беру жүйесіне, ең алдымен елдің өңірлік жоғары оқу орындарына енгізілетінін атап өтті. 

Жұмысты ұйымдастыру және қажетті қаржыландыру 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасына «Мамандығым-Болашағым» жобасы бойынша енгізілді. Жобаға қатысатын 20 ЖОО-ның тізімі жасалды, оның ішінде Көкшетау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы университет те бар.

«Үштік спираль» моделі шеңберінде өңірлік жоғары оқу орындары әкімдіктермен және жергілікті корпоративтік сектормен тығыз өзара іс-қимыл жасайтын болады.

Осы ынтымақтастық нәтижесінде әрбір өңірлік ЖОО-да жобалық кеңселер құрылады, олардың негізінде өңірдің кадрлық қажеттіліктерін форсайт-зерттеу, сондай-ақ өңірлік Жаңа мамандықтардың атласы әзірленеді. 

«Тиісті жұмыс 21 қыркүйекте Маңғыстау облысында жүргізіле бастады. Осы жылдың қараша айында жоба еліміздің барлық батыс аймақтарында іске қосылады»,  — деді ғылым және жоғары білім министрі. 

Оның пікірінше, бұл кадрларды даярлау жүйесін өңірдің қажеттіліктерімен ұштастырудың оң тәжірибесі болады. Жалпы, аталған жобаны іске асырудың нәтижесінде өңірлік жоғары оқу орындары перспективалық даму және кадрлық қамтамасыз ету жоспарларымен қамтамасыз ететін негізгі өсу нүктелеріне айналады. Өз кезегінде бұл талантты жергілікті жастардың кетуін тоқтатуы керек. Бұл – объективті фактілер.

Мысалы, техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының 61%-ы Алматы және Астана жоғары оқу орындарына беріледі, ал олардың экономикаларының 80%-ы қызмет көрсету секторы болып табылады.

Сондықтан қазір Ғылым және жоғары білім министрлігі өңірлер экономикасының құрылымына сәйкес техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының 70%-ын квоталау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Ал форсайттық зерттеулерге негізделген Өңірлік атластар мемлекеттік тапсырысты бөлудің маңызды құралына айналады. 

Студенттердің өзекті мәселелері – гранттар, стипендиялар және жатақханаларға келетін болсақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі 5 шараны жүзеге асырады:

Бірінші шара.  Гранттар санын көбейту. Биыл 88 000-нан астам мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға артық. 2025 жылға дейін мемлекеттік гранттар саны жыл сайын 10%-ға ұлғаятын болады.

Екінші шара. Стипендияларды көбейту. Биылғы оқу жылынан бастап бакалавриат деңгейіндегі стипендия мөлшері 20%-ға артты (31 423 теңгеден 36 660 теңгеге дейін). Оның ішінде педагогикалық бағыттағы студенттер үшін 50 000 теңгеден 58 800 теңгеге дейін, магистратура және докторантура студенттері үшін 15%-ға (тиісінше 76 950 теңгеден 86 987 теңгеге дейін және 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге дейін). 2025 жылға дейін стипендияларды екі есеге ұлғайту жоспарлануда.

Үшінші шара. Сараланған грант енгізу (30-дан 100%-ға дейін).  Бүгінгі таңда жұмыс тобы құрылды. Әлемдік тәжірибе зерттеліп жатыр, грант берудің қолданыстағы жүйесімен үйлестіру жүргізіліп жатыр. Жаңа жүйе жастардың үлгерімін, белсенді әлеуметтік ұстанымын, ғылыми және шығармашылық жетістіктерін, әлеуметтік жағдайын ескере отырып, оларды жоғары біліммен барынша қамтуды қамтамасыз етеді.

Төртінші шара. Жеңілдетілген білім беру несиелері. Биыл мемлекеттік білім беру гранттарының рекордтық саны бөлінгенімен, студенттердің 60%-ы ақылы негізде оқиды. Студенттердің осы санатын қолдау үшін оларға жылдық 2-3% жеңілдікпен білім беру кредиттерін алу мүмкіндігі ұсынылады. Ол үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.

Бесінші шара. Жатақханамен қамтамасыз ету. Жатақханалар қажеттілігі шамамен 87 мың орынды құрайды. 2018-2022 жылдар аралығында ЖОО студенттеріне арналған 15 482 орындық 50 жатақхана пайдалануға берілді. Биыл 5 мың орындық 17 жатақхананы іске қосу жоспарлануда. Жатақханалар салу үшін жеке инвесторлардың қаражаты да тартылады. Инвесторлар үшін рәсімді жеңілдету пысықталып жатыр. Сонымен қатар студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету бойынша жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар нормативтік түрде бекітілетін болады. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтар санатындағы басқа қаладан келген студенттерге тұру шығындарын субсидиялау мүмкіндігі қаралады.

Педагог кадрларды даярлау

«Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде мектептер санын едәуір арттыру көзделген. 2026 жылға қарай педагог кадрларға қажеттілік 100 мыңнан астам мұғалімді құрайды. Осыған байланысты педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс жылдан жылға артып келеді. Білім гранттарының орташа құны 3 есеге артып, 1 млн теңгеге жетті. Бүгінгі таңда 17 отандық ЖОО-ның 110 оқытушысы жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша арнайы оқытудан өтті, 25 жобалау командасы құрылды. Финляндия университеттерімен бірлесіп педагогикалық білім берудің жаңа моделі және 30 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Мұғалімдердің цифрлық құзыреттіліктерін дамытуға, инклюзивті білім беруге және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылармен жұмыс істеуге, CLIL тәсіліне, STEM тұжырымдамасына, пәнаралық жұмысқа баса назар аударылады. Жаңа білім беру бағдарламаларын келесі оқу жылынан бастап оқу процесіне енгізу жоспарлануда.

Сонымен қатар педагогика ғылымын дамыту мақсатында педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандартының жобасы әзірленіп жатыр. Ол білім алушыларды ерте кәсіптік бағдарлауды, студенттер қабылдауды, оқытуды және педагогикалық практикадан өтуді, сондай-ақ мамандыққа бейімделу үшін жас мұғалімдерді сүйемелдеуді қамтиды. ЖОО оқытушылары үшін педагогикалық бағыттар бойынша квоталар бөлінетін болады. Олар «Болашақ» бағдарламасы бойынша және «500 ғалым» жобасы аясында білім алып, тағылымдамадан өте алады.

Университет ғылымын дамыту

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қазанда жарияланған «5 қадам» сайлауалды бағдарламасы аясында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданады. Ғылым және жоғары білім министрлігі қолданбалы ғылымды қаржыландыруды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізеді. Ол үшін ірі кәсіпорындармен және бизнеспен жұмыс жандандырылады. 

Қазақстанда жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар құрылатын болады. Әлемнің барлық дамыған елдерінде ғылым ең алдымен университеттік ортада дамитыны белгілі. Университеттер бірқатар бірегей мүмкіндіктерге ие, ең алдымен, бұл ғылымның алдыңғы шебінде бірлесіп зерттеу жүргізетін жас докторант ғалымдардың үлкен пулы.

«Бүгінгі таңда біздің алдымызда университеттік ортада ғылымның дамуын ынталандыру ғана емес, сонымен қатар оның және өңір экономикасының нақты қажеттіліктерінің арасында тығыз байланыс орнату міндеті тұр. Жергілікті жоғары оқу орындарының бұл бағыттағы әлеуеті зор», — деді Саясат Нұрбек.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемекеттік университеті ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық орнатты – бұл «Евразия групп» ЖШС (америкалық John Deer а/ш техникасын жеткізу), «Гормолзавод», «Софтмастер» ЖШС (сауданы, дәріханаларды, дәханаларды және т.б. автоматтандыру). 

Сонымен қатар білім беру мақсатында Ақмола облыстық сотында, «Жусан банк» АҚ, «Көкшетау» РМҚК (қонақ үй бизнесі және мейрамхана ісі) филиалдар ашылды.

Облыс орталығының медициналық ұйымдарының клиникалық базалары практикалық оқу сабақтарынан өту үшін Қарағанды және Астана медициналық университеттерімен ынтымақтастық жөніндегі меморандумдар жасасты.

Оқу-демонстрациялық мақсаттар үшін Ақмола облысы Зеренді ауданы Васильковка ауылында (Көкшетаудан 30 км) «Элит» тәжірибелік оқу-ғылыми-өндірістік кешені ұйымдастырылды.

Университет «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ магний фторидінен брикеттер жасау тәсілін анықтау бойынша өңірдің жетекші кәсіпорындарымен бірлескен зерттеу жүргізеді. Бұдан басқа, магний фторидін плазмохимиялық тәсілмен және «ҮМЗ» АҚ базасындағы плазмохимиялық қондырғыда бу плазмасының әсер ету жолымен қайта өңдеу бойынша эксперименттік жұмыстар жүргізілуде. Металлургия саласында қолданылатын отқа төзімді магний оксиді негізінде үлгілер алынды.

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, бұл жақсы кейстерді кеңінен қолдану керек, ең бастысы, бұл үшін жүйелік жағдайлар жасау қажет.

Бұл салада қаржылық, кадрлық және басқа да мәселелермен байланысты проблемалар бар екені белгілі. Бүгінгі таңда елімізде ғылымды қаржыландыру шамамен 0,13% құрайды және бұл ғалымдар арасында жиі талқыланатын мәселелердің бірі.

«Алайда, бұл ретте мемлекет алдағы уақытта бұл жағдайды жалғыз түбегейлі өзгерте алмайтынын нақты түсінуіміз керек. Бірақ мәселе басқада: елдегі ғылымға деген шығынның бәрін толығымен мемлекет өтеуі керек пе? Ғылымды дамытудың ең тиімді тәсілі – бұл ғылымның ашық моделі, оның аясында университеттер тек мемлекетпен ғана емес, жеке сектормен де, ірі бизнеспен де тығыз ынтымақтастық орнатады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында технологиялық жаңғырту мен ғылыми әзірлемелерге бағытталған бизнес үшін салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсына отырып, нақ осы жайлы айтқан болатын», — деді Саясат Нұрбек. 

Қазіргі уақытта Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бастаманы іске асыру үшін ұсыныстарды пысықтап жатыр. 

Университеттік ғылымды қаржыландырудың тұрақты моделін құру стратегиясының тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – әлемдегі барлық жетекші университеттерде ғылым мен ғылыми инфрақұрылымды тұрақты қаржыландырудың негізі болып табылатын эндаумент қорлары.

Бұл бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан халқына» қорымен белсенді ынтымақтастық орнатты. қазіргі кезде институционалдық инвесторларды тартуда, қызметкерлерді оқыту мен басқаруда эндаумент-қорларды қолдауды, сондай-ақ салықтық ынталандыруды көздейтін бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды.

Сонымен қатар АҚШ, Сингапур, Ресей және басқа елдердің тәжірибесі бойынша университеттік ғылым мен инновацияны тұрақты қаржыландыратын  «Нысаналы капитал қорлары туралы» жеке заң жобасын әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр. 

Сондай-ақ кадр мәселесін де айналып өтуге болмайды. Бүгінгі таңда қазақстандық студенттердің 90%-дан астамы бакалавриат бағдарламасы бойынша, 8-9%-ы магистратурада, тек 1%-ы ғана PhD бағдарламасы бойынша білім алуда. Яғни, отандық жоғары оқу орындарында әлеуетті ғалымдар пулы өте шектеулі.

Сондықтан алдағы жылдары студенттерді ғылыммен айналысуға ынталандыруға, ғылымды жастар үшін тартымды әрі перспективалы іске айналдыруға басымдық берілетін болады.

«Мысалы, біз төрт ЖОО базасында пилоттық режимде бағалаудың жаңа моделі – интегралды GPA енгізуді жоспарлап отырмыз. Осы тәсілге сәйкес, студенттердің үлгерімін бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі оның зерттеу белсенділігі болуы тиіс. Немесе, мысалы, төрт ЖОО-да, оның ішінде Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде де пилоттық режимде бағалаудың жаңа моделі – интегралдық GPA енгізіледі. Осы тәсілге сәйкес студенттердің үлгерімін бағалаудың негізгі көрсеткіштерінің бірі оның зерттеу белсенділігі болады», — деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ жас зерттеушілерді қаржылай қолдау үшін 3 қазанда «Жас ғалым» жобасы бойынша байқау басталды. 1000 грант бөлінеді, оның аясында жас ғалымдар 3 жыл ішінде ай сайын кемінде 500 мың теңге жалақы алып тұрады.

Жалпы, ғылыми жобаларды қаржыландыру жылдан жылға ұлғайып отырғаны баршамызға мәлім. Қазіргі кезде ғылымды дамытудың 10 басым бағыты бойынша 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға конкурс жарияланды:

1) Табиғи ресурстарды, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану, экология;

2) Геология, минералдық және көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар;

3) Энергетика және машина жасау;

4) Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер;

5) Өмір және денсаулық туралы ғылым;

6) Ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар;

7) Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі;

8) Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер;

9) Білім және ғылым саласындағы зерттеулер;

10) Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс және конкурстық құжаттамаға сәйкес мамандандырылған ғылыми бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

ЖОО-лардың академиялық дербестігін кеңейту 

«Мен жоғары оқу орындарына барынша еркіндік беріп, қолмен басқарудан бас тарту керек деп ойлаймын», — деп атап өтті С. Нұрбек.

ҚР Парламенті Мәжілісіне «Кәсіби біліктілік туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заңның жобалары енгізілді. 

Бүгінгі таңда 623 кәсіптік стандарт жұмыс істейді, олар ең көп сұранысқа ие 2689 мамандықты қамтиды. Заң жобасында барлық кәсіптерді қажетті стандарттармен қамту негізі қарастырылған. Сондай-ақ заң жобасы өз бетінше меңгерген дағдыларды, бейресми және ақпараттық білім беру нәтижелерін танитын болады. Жұмыс тобы құрылып, эндаумент-қорларды дамыту жөніндегі заң жобасы әзірленетін болады. ЖОО жанынан құрылған эндаумент-қорлар студенттердің оқу ақысын өтеуге және жеңілдіктер беруге, университет инфрақұрылымын дамытуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге қаражат бөледі.  

Тамыз айында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына бірқатар өзгерістер енгізілді, бұл қазақстандық жоғары оқу орындарына академиялық еркіндіктің жаңа деңгейін қамтамасыз етті. .

Бұдан басқа, базалық және бейіндік пәндер блоктарының кредиттерінің санын қатаң регламенттеу алынып тасталды. Егер бұрын базалық пәндер циклі кемінде 112 кредитті, бейінді пәндер циклі – 60 кредитті құраса, енді ЖОО-лар бағыттардың ерекшеліктерін ескере отырып, кредиттердің жалпы санын сақтай отырып, базалық және бейіндік пәндер блоктарының кредиттерінің санын өздері айқындайтын болады.

«Енді жоғары оқу орындарына «Қазақстан тарихы» мен «Философияны» қоспағанда, 50-ден 100% дейін кадрлар даярлау бағыттарының ерекшелігін ескере отырып, жалпы білім беретін пәндер циклінің (ЖБП) мазмұнына дербес өзгерістер енгізуге мүмкіндік берілді. Әрине, бейіндік пәндердің пайдасына ЖБП-ны толығымен алып тастағыларыңыз келетінін түсінемін. Бұл ретте халықаралық агенттіктерде аккредиттеуден сәтті өту қажеттілігін айтасыздар және шет елдердің тәжірибесіне көптеген мысалдар келтіре аласыздар. Әр ел өз тарихын, тілін бағалайды. Біз олардың Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру сандарттарын қалай алып тастай аламыз? Шет тілі, ІТ-құзыреттілік – табысты мамандар үшін қажетті дағдылар. Философия, әлеуметтік-саяси модуль жоғары білімі бар болашақ адамның тұлғасын қалыптастырады», — деді С. Нұрбек.

Жаңа мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында микробіліктілік бойынша оқыту нәтижелерін тану қарастырылып, «нано-дәрежелер», «ұлғайтылған дәрежелер (Stackable degree)» ұғымдары енгізілген. Бұл азаматтардың еңбек нарығында өзекті болып табылатын кәсіби дағдыларды жедел игеруінее және білімдегі олқылықтарды жоюға бағытталған.

Жоғары білім беруді интернациоландыру

Бұл бағыт Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Бұл ретте Саясат Нұрбек жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық кооперацияны дамыту өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртудың, олардың бәсекеге қабілеттілігі мен тартымдылығын арттырудың тиімді құралы болып табылатынын атап өтті.

«Мысал ретінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің кейсін келтіріп өтейін. Биыл Аризона университетінің бағдарламалары бойынша оқыту үшін 175 адам қабылданды, оның ішінде 45-і қос диплом бағдарламалары бойынша оқиды. Осының нәтижесінде соңғы бес жылда алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысында мектеп түлектерінің шетелге оқуға кету көрсеткіші екі есеге қысқарды. Атап айтқанда, облыстағы Аризона университетіне еліміздің алты өңірінен студенттер қабылданды», — деді ғылым және жоғары білім министрі.

Сонымен қатар Алтай мемлекеттік университетімен, Новосібір мемлекеттік университетімен, Томск мемлекеттік педагогикалық университетімен қос диплом бағдарламасы бойынша білім беру бағдарламаларын ұлғайтудың арқасында Шығыс Қазақстан облысынан жастардың кетуі 2019 жылғы 2000 адамнан 2022 жылы 880-ге дейін қысқарды.

«Бүгінгі таңда геосаяси жағдайлардың салдарынан да отандық ЖОО-лар алдынан шетелдік студенттерді тарту бойынша жақсы перспективалар ашылуда. Бұған дейін Ақмола облысы Ресеймен байланыс орнатқан болатын. Естеріңізге сала кетейін, АҚШ, Ұлыбритания, Австралия елдерінде жергілікті жоғары оқу орындары табысының 25%-ын шетелдік студенттерден түседі. Бүгінгі таңда облыстағы шетелдік студенттер саны 315 адамды құрайды, халықаралық студенттер контингентін ұлғайту үшін жағдай жасау қажет. Мысалы, Германиядағы және ҚХР-дағы ҚР елшіліктерімен бірлесіп Berlin Technical University және University of Science and technology of China-мен келіссөздер жүргізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл жобалар Ақмола облысындағы әріптестерімізге қызықты болатынына сенімдімін. Сондай-ақ, атап өткенімдей, облыс әкімдігі тамыз айында WOOSONG (Оңтүстік Корея) ірі білім беру қорымен келіссөз жүргізді», — деді С. Нұрбек.

Білім берудің гибридті форматтарын дамыту

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, бұл сән емес, уақыт талабы және өмір сүру шарттары. Жоғары білім беру жүйесін цифрландыруға ерекше назар аудару қажет. 

COVID-19 дағдарысы кезінде цифрлық және онлайн оқыту форматтары университеттің күнделікті өміріндегі «жаңа қалыпты жағдайға» айналды.

Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылымында цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін вице-министр лауазымы пайда болды. Сондай-ақ жоғары білім берудің цифрлық трансформациялау стратегиясын үйлестіру үшін әрбір ЖОО-да цифрлық офицер (CDO) лауазымын енгізу жоспарланып отыр.

«Біз Ғылым және жоғары білім министрлігіне барлық жоғары оқу орындарымен жедел өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ деректерді бірыңғай форматта тиімді жинақтауға мүмкіндік беретін толыққанды цифрлық экожүйені қалыптастыруға кірістік», — деді ол.

Бұл бағыт неге өзекті?

Саясат Нұрбек бір ғана дәлел келтірді. Шығыс Қазақстан облысы бойынша демографиялық ахуалды талдау көрсеткендей, 2025 жылға қарай жастар саны 25%-ға артады, бұл колледж бен ЖОО-да білім алушылар санын арттырады. Демек, жатақханалар мен оқу ғимараттарындағы орындар санын көбейту қажеттілігі өседі.

«Әрине, біз өңірлік жоғары оқу орындарында, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін дамыту арқылы жаңа инфрақұрылым салуға жәрдемдесетін боламыз. Алайда, бұл мәселені тек физикалық инфрақұрылым салу арқылы ғана шешу мүмкін емес, виртуалды құралдарды да белсенді түрде пайдалану қажет. Бүгінде Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағытта шетелдік серіктестермен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», — деді С. Нұрбек.

Уағдаластықтар шеңберінде Қазақстанға Coursera for campus-ты тарту, студенттерге әлемнің жетекші университеттерінің онлайн курстарына қол жеткізуге мүмкіндік беру, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарын осы платформада өз курстарын орналастыруға ынталандыру сияқты іс-шаралар пысықталып жатыр. 

«Болашақта студенттерге оқыған онлайн курстар мен пәндердің кредиттерін есептеуге мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Яғни, студент белгілі шетелдік профессордың онлайн курсын өз бетінше оқып, ол үшін диплом алу кезінде міндетті түрде ескерілетін кредиттер ала алады», — деді министр.

Сонымен қатар Huawei компаниясымен ынтымақтастық белсенді дамып келеді.

«Біз қытай әріптестерімізбен Қазақстанда цифрлық білім мен құзыреттілікті ілгерілетуге бағытталған өте маңызды жоба – Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясын бірлесіп ашу жөнінде уағдаластық. Сондай-ақ Huawei АКТ саласында 5000 студентті тегін оқытады, одан әрі халықаралық деңгейде танылған Huawei сертификаттары беріледі деген келісім бар», — деп түйіндеді С. Нұрбек.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу