Серікқали Брекешев Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, облыс тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдардың, қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті. Министр жалпы республика бойынша министрлік қызметінің негізгі мәселелеріне, соның ішінде Қарағанды облысы бойынша мәселелерге тоқталды.

Қарағанды облысының тұрғындарымен алғашқы кездесу Теміртау қаласында өтті. 

Экология

Қарағанды облысы – ауаға ластаушы заттар шығарындылары бойынша алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Оның үлесіне елдегі жалпы шығарындылардың шамамен 23%-ы немесе 583 мың тоннасы тиесілі. Бұл ретте облыс бойынша шығарындылардың 36%-ы Теміртау қаласының үлесінде.

Негізгі ластаушылар «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны және «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорны болып отыр.

Облыстың негізгі экологиялық мәселелері: өнеркәсіптік кәсіпорындардан ауаның ластануы, ескірген кәріздік тазарту құрылғалары, қалдықтарды басқару жүйесінің жетілмегендігі, Нұра өзенінің сынаппен ластануы және көгалдандырудың жеткіліксіздігі.

«Жалпы, экожүйені жақсарту мақсатында өткен жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Сондай-ақ 2020 жылы Өңірлер бөлінісінде экожүйені жақсарту жөніндегі жол карталары бекітіліп, іске асырылуда», — деп атап өтті ведомство басшысы.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының шеңберінде Қарағанды облысында 5 жыл ішінде 3 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындылар көлемін 20%-ға қысқарту қарастырылған.

Мәселен, «АрселорМиттал Теміртаудың» болат департаментінде 2025 жылға қарай лимит бойынша шығарындыларды 60%-ға (370 мың тоннадан 149 мың тоннаға дейін), «Қазақмыс» Балқаш мыс қорыту зауытында 44%-ға (55,6 мыңнан 31,1 мың тоннаға дейін) төмендету, «Қарағанды Энергоцентр» бойынша 10%ға (39 мыңнан 35 мың тоннаға дейін) төмендету жоспарланған.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 57 іс-шарадан тұратын Жол картасы қабылданды, оның ішінде 23 іс-шара «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметіне қатысты.

Мәселен, кәсіпорын №5 агломашинасының агломерация аймағының газ бұру трактісін реконструкциялады. 2-жылу электр орталығының кейбір қазандық агрегаттарының (№5,6) электр сүзгілеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ автоматты мониторинг аспаптарын орната отырып, әктасты күйдіру цехында шаң тазалау жабдығын және электр сүзгісін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.

«Соңғы 5 жылда кәсіпорында жалпы сомасы 32 млрд теңгеге жуық табиғатты қорғау шаралары жүзеге асырылғанын атап өткім келеді. Яғни қаржылық шығындар тұрғысынан бұл әсерлі көрініс. Алайда ластаушы заттар шығарындыларының азаюы небәрі 4 мың тоннаны құрады. Бұл тек шаң бойынша. Басқа улы газдар көлемінің төмендеуі мүлде жоқ. Бұдан басқа, кәсіпорын кейбір жоспарланған табиғатты қорғау шараларын орындамайды және оларды жүзеге асыру жылдан жылға созылып отыр», — деді Серікқали Брекешев.

Экология департаментінің экологиялық мәселелерді кешенді шешу бойынша Жол картасының орындалуына жүргізген тексеру барысында экологиялық заңнаманың өрескел бұзушылықтары анықталды. Атап айтқанда, шығарындылардың шекті межеден артуы, тазарту құрылғылары жұмысының тиімсіздігі, рұқсаттардың болмауы және басқалар. Айыппұл көлемі 5,8 млрд теңге.

Қалдықтарды басқару

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 58%-ды құрады, бұл былтырғы жылдың деңгейінен 8%-ға жоғары.

Космомониторинг шеңберінде 745 қоқыс үйінділері анықталды, оның 98%-ы жойылды. 

Қоқыс үйінділерінің пайда болу себептерінің бірі – заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының болмауы. Мәселен, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 168 объектінің тек 37-сі немесе 25%-ы экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді.

Қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2024-2025 жылдар кезеңінде облыстық бюджет есебінен жаңа 6 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын құру жоспарлануда (Абай, Балқаш және Қарқаралы қалалары, Ботақара Ағадыр және Нұра кенттері).

«Өз кезегінде, стихиялық полигондарды құру мәселесін шешу үшін Министрлік бірқатар жүйелі шара қабылдады», — деп атап өтті ведомство басшысы.

Анықтама: қауіпті қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындарға лицензиялар беру басталды, қоқыс шығаратын кәсіпорындардың тізілімі жасалды және қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұл көлемі ұлғайтылды (Жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін).

«Жалпы, жергілікті атқарушы органның заңнамадағы құзыретін ескере отырып, мәселелерді шешу үшін әкімдік қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жай-күйін жақсарту және оларды тиісінше жайластыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Сондай-ақ өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі жағдай туралы халықты хабардар ете отырып, коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында шағын және орта бизнес субъектілерін белсенді тарту қажет. Сонымен қатар кешенді жұмыс үшін әкімдік коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеп, бекітуі қажет», — деді Серікқали Брекешев.

Қоғамдық резонанс тудыратын тағы бір мәселе – кәріз тазарту құрылғыларының жағдайы. Облыста 7 кәріз тазарту құрылғысы бар, оның басым бөлігі су объектілеріне төгуді жүзеге асырады. Айтарлықтай жаңғырту мен реконструкция жүргізілмеген, жабдықтардың тозғанын атап өту керек. Балқаш қаласында, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаровка, Шет аудандарында тазарту құрылғылары мүлдем жоқ.

«Облыстағы мәселелердің бірі Нұра өзенінің сынаппен ластануы болып отыр. Тазалау жұмыстары жүргізілді. Алайда бүгінгі таңда Теміртау электрометаллургия комбинатының кәріз коллекторын жою мәселелсі шешімін таппады. Бұл коллекторды кәсіпорын пайдаланбайды, бірақ тасқын кезінде осы коллектордан Нұра өзенінің екінші реттік ластануы жүреді. Осыған байланысты кәсіпорын өз қаражаты есебінен коллектор құрылысының жобасын әзірлеуде», — деді министр.

Геологиялық сала

Қарағанды облысының аумағында алтын (жалпы ел бойынша алтын қорының 11%-ы), күміс (51%), мыс (33%), мырыш (34%), қорғасын (61%), тас және қоңыр көмір қоры (33%) шоғырланған. Қарағанды көмір бассейні республиканың металлургия өнеркәсібі кәсіпорындары үшін кокстелетін көмірдің негізгі жеткізушісі болып табылады.

Геологиялық саланың алдында тұрған негізгі мәселе – қорлардың аз толуы. 5 жылдық кезеңде ел бойынша жер қойнауының 680 мың шаршы шақырымнан астам аумағына, оның ішінде Қарағанды облысында 23,5 мың шаршы шақырымға өңірлік геологиялық зерттеу жоспарлануда. Аталған жұмыстар геологиялық барлау жұмыстарының кейінгі кезеңдерін жүргізу және геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін Қазақстан аумағының перспективаларын бағалай отырып, геологиялық қамту карталарын жасауға мүмкіндік береді.

Су саласы

Министрлік қызметінің тағы бір маңызды бағыты – су саласын дамыту. Бүгінгі күні су шаруашылығы объектілерінің тозуы, көп мөлшердегі су шығыны негізгі мәселелер болып отыр. Осыған байланысты су шаруашылығы инфрақұрылымын салу, реконструкциялау және суару арналарын цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

2025 жылға дейін 19 авариялық су қоймасын реконструкциялау көзделген. Оың ішінде Қарағанды облысының Самарқанд су қоймасын реконструкциялау жоспарланған. 

Министр Балқаш көлінің таяздану мәселесіне жеке тоқталды.

Балқаш көлінің оңтайлы деңгейі Балтық жүйесі (БС) бойынша 341 метр болып табылады. Соңғы он жылда көл деңгейі осы белгіден төмен түскен емес. Көлдің тұрақты деңгейде сақталуына Іле өзенінің Балқашқа жыл сайынғы ағыны 12 тешке шақырымнан төмен емес көлемі кепілдік береді.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында Балқаш көліне жылына кемінде 12 текше шақырым су келуі үшін 12 су объектісін тереңдету және тазарту, Балқаш көлі бассейніндегі 12 каналды жөндеу жұмыстары жоспарланған.

«Қытай тарапымен су бөлу жөніндегі Келісім жобасын одан әрі келісу кезінде Балқаш көлінің экологиялық жүйелерін дамыту және сақтау мүдделері ескерілетін келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша Министрлік топырақ эрозиясын азайту және шөлейттенуді болдырмау мақсатында Балқаштың жағалау сызығын көгалдандыру мәселесін пысықтауда», — деп атап өтті министр.

Су ресурстарын басқару жүйесін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол үшін тиісті Тұжырымдаманың жобасы әзірленді. Екі бағытқа баса назар аударылады.

Бірінші бағыт бойынша су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру шеңберінде су заңнамасы мен дипломатияны жетілдіру көзделген. Жаңа Су кодексінің жобасы әзірленуде.

Су ресурстары комитетінің, оның ведомстволық бағынысты және ғылыми ұйымдарының әлеуетін арттыру жұмыстары жүргізіледі, кадр даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін жақсарту бойынша жұмыс жалғасады.

Екінші бағыт. Тұрақты даму үшін суға деген сұраныс шеңберінде су ресурстық әлеуетті бағалау мен болжауды жүргізу, су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту көзделген. Бұл жұмыстар қабылданған «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» ұлттық жобалары шеңберінде жүргізілуде. Сондай-ақ су үнемдеуді экономикалық ынталандыру шараларын дамыту, оның ішінде тарифтерді қайта қарау, табиғи су объектілерін сақтау және қалпына келтіру жоспарланған.

Орман шаруашылығы 

Қазіргі уақытта республикадағы орман көлемі 5%-ды құрайды. 2030 жылға қарай көрсеткішті 5,3%-ға дейін жеткізу жоспарланған.

«Президенттің бастамасымен өткен жылы біз 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды бастадық. 2021 жылдың жоспары орындалды. Биыл Қарағанды облысында 450 гектар аумақта 1 млн данадан астам ағаш отырғызу жоспарланған», — деді Серікқали Брекешев.

Өсімдіктер әлемі және орман заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы заң жобалары әзірленді.

Балық шаруашылығы 

Саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға сәйкес 2022 жылы аймақ бойынша 2053 тонна балық өсіру жоспарланған. Осы жылдың 10 айында 192 тонна тауарлық балық өсірілді.

Өңірде келесі жылдың соңына дейін екі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сарыарқа арнайы экономикалық аймағы аумағында қуаттылығы жылына 125 мың тонна балық азығын өндіретін зауыт және Қарасор көлін пайдалана отырып, жылына 1,5 мың тонна албырт, ақ балық және тұқы балық түрлерін өсіретін заманауи балық өсіру кешені салынады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу