Серікқали Брекешев Павлодар облысының тұрғындарымен кездесті

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, өңір тұрғындарымен кездесті.

Министр өз баяндамасында жалпы республика бойынша және Павлодар облысы бойынша экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жетекшілік ететін салаларды дамыту мәселелеріне қысқаша тоқталып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

«Өкінішке орай, өңір ластаушы заттар шығарындылары бойынша антилидер болып отыр. Республика бойынша шығарындылардың жалпы көлемінің шамамен 30%-ы  Павлодар облысына тиесілі», — деді С. Брекешев. 

Экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша Павлодар қаласының атмосфералық ауасының ластану деңгейі жоғары, ал Екібастұз және Ақсу қалаларында төмен деп сипатталады.

Ауаға ластаушы заттар шығарындылардың ең көп көлемі отын-энергетика кешені (65,4%), металлургия (26%) және мұнай-химия (3,2%) кәсіпорындарына тиесілі.

Министр ведомствоның облыстың экологиялық проблемаларына талдау жасағанын айтты. Негізг проблемалар: өнеркәсіптік кәсіпорындардан атмосфералық ауаның ластануы, қалдықтарды басқарудың жетілмеген жүйесі және ескірген кәріз тазарту құрылғылары немесе олардың мүлдем болмауы.

Жалпы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жүйелі шаралар ретінде былтыр жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Сондай-ақ 2020 жылы өңірлер бойынша экологиялық жүйені жақсарту жөніндегі Жол карталары бекітіліп, іске асырылып жатыр.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде Павлодар облысында 2 ірі кәсіпорын шығарындыларын 39 мың тоннаға қысқарту көзделген. Мәселен, Павлодар мұнай-химия зауытында 2025 жылға қарай лимиттер бойынша шығарындыларды 34%-ға немесе 11 мың тоннаға (30,7 мың тоннадан 20,0 мың тоннаға дейін), Алюминий зауытында 26%-ға немесе 28,4 мың тоннаға (108,5 мың тоннадан 80,1 мың тоннаға дейін) төмендету көзделіп отыр.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 33 іс-шарадан тұратын Жол картасы қабылданды, оның басым бөлігін өнеркәсіптік кәсіпорындар іске асырады.

Мәселен, табиғатты қорғау іс-шараларын орындау аясында облыс кәсіпорындары 5 жыл ішінде жоспар 61,0 млрд теңге кезде 73 млрд теңге инвестициялады.

Атап айтқанда, Еуразиялық топтың кәсіпорындары 2030 жылға дейінгі Экологиялық стратегияны іске асыру аясында «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы 2020-2021 жылдары екі сүзгіні реконструкциялады, бұл шаң шығарындыларын жылына 2,5 мың тоннаға төмендетуге мүмкіндік берді. 

Павлодар жылу электр орталығында қалдық шаңдануды еуропалық нормативтер деңгейіне келтіре отырып, барлық күл ұстайтын қондырғыларды кезең-кезеңімен реконструкциялау жоспарланған. 

Ақсу ферроқорытпа зауытында ферроқорытпа пештердің газ тазартқыштарында 7 қапшықты ауыстыру жүргізілді (1,5 млрд теңге), нәтижесінде шығарындылар жылына 300 тоннаға төмендеді.

«Еуразиялық энергетикалық корпорация» акционерлік қоғамы 2001 жылы басталған Ақсу электр станциясында энергия блоктарын кезең-кезеңімен жаңғырту бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Мысалы, 2020 жылы жүргізілген №5 энергоблокты жаңғырту шығарындыларды 10 мың тоннадан астам төмендетуге мүмкіндік берді. 

1-ші және 2-ші Екібастұз мемлекеттік аудандық электр станциясында да нақты жұмыстар жүргізпі жатыр. 

Өз кезегінде облыстың көптеген ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары атмосфералық ауаны бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуде. Мысалы, «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы  Еуразиялық Топ порталына жіберетін және халықты экологиялық жағдай туралы ақпараттандыру үшін Павлодар мен Екібастұз қалалары көшелерінің LED-экрандарында көрсететін жүйе орнатылған.

«Жалпы облыс кәсіпорындары ең үздік қолжетімді технологияларды енгізіп жатқанын атап өтемін. Осылайша, ЕRG компаниялары 2030 жылға дейін 126,4 млрд теңге көлемінде болжамды шығындармен ең үздік қолжетімді технологияларға көшумен кешенді экологиялық рұқсаттар алды», — деді Серікқали Брекешев. 

Әрі қарай министр қалдықтарды басқару мәселелеріне тоқталды. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 20,5%-ды (2021 жылы – 23,8%) құрады, бұл республикалық деңгейден (24%) төмен.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны да алаңдататынын айтты. Космомониторинг аясында 165 қоқыс үйінділері анықталды, әкімдік деректері бойынша оның 93%-ы кәдеге жаратылды. Бұл көрсеткіш күмән тудырады, сондықтан әкімдік заңсыз қоқыс үйінділерін жою жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет. 

Қоқыс үйінділерінің пайда болу себебінің бірі – заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының болмауы. Мәселен, қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырудың 321 объектісінің тек 5-уі немесе 1,6%-ы экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Бұл ел бойынша өте төмен көрсеткіш.

Жол картасына сәйкес, әкімдік 10 елді мекенде полигондарды талаптарға сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ 3 елді мекенде (Тереңкөл, Ертіс және Майқайың) қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде.

Кездейсоқ қоқыс үйінділерін құру мәселесін шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірқатар жүйелі шара қабылдады. 

«Жалпы мәселелерді шешу үшін әкімдік қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайын жақсарту және оларды тиісті түрде жайластыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Сондай-ақ өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі жағдай туралы халықты хабардар ете отырып, коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласына шағын және орта бизнес субъектілерін белсенді тарту қажет. Сонымен қатар кешенді жұмыс үшін әкімдік коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеп, бекітуі қажет», — деді Серікқали Брекешев.

Министр өнеркәсіптік қалдықтар мәселелеріне ерекше тоқталды. Облыста жыл сайын күл үйінділерінде шамамен 7,5 млн тонна қалдықтар болады, бұл қоршаған ортаға қосымша антропогенді әсерді тудырады. 

Осыған байланысты облыста өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Қазхром» Трансұлттық компаниясы» Ақсу ферроқорытпа зауытында жоғары көміртекті феррохромының қалдығы қайта өңделеді. Осы жылдың Ⅰ жартыжылдығында 594,6 мың тонна қалдық өңделген. 

Павлодар мұнай-химия зауыты қуаты жылына 26,5 мың тонна мұнай қалдықтарын өңдейді, бұл мұнай қалдықтарының жылдық түзілу көлемінің 91%-ы. Сондай-ақ «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы өндірісінің қалдықтары жолдарды салу және жөндеу кезінде пайдаланылады. Бұл тек жеке мысалдар, сондықтан кәсіпорындар әкімдікпен, Қазавтожолмен және Экология департаментімен бірлесіп, автомобиль жолдарын салу кезінде қалдықтарды қайтадан пайдалану мүмкіндігін қарастыруы қажет.

Экология, геология және табиғи ресурстар министірің айтуынша, ескірген кәріз тазарту құрылғыларының проблемасы алаңдаушылық туғызады. Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы тазарту құрылғыларының тозуы шамамен 85%-ы құрайды.

«Павлодар қаласында тазартудан кейін кәріз суы Ертіс өзеніне төгіледі. Өзеннің ластануына жол бермеу мақсатында әкімдік кәріз тазарту құрылғыларын жаңғырту және реконструкциялау жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет. Бұл ретте әкімдікке экологиялық төлемдерден түсетін қаражат есебінен қаржыландыру мәселесін қарастыру орынды деп санаймыз», — деді С. Брекешев.

Сонымен қатар тұрғындардың өтініштеріне талдау жүргізу барысында Былқылдақ су жинақтаушысынан Ертіс өзенінің сынаппен ластану мәселесі алаңдататыны анықталды. Мәселе шешіліп жатыр. Ертіс өзеніне сынаппен ластанған сулардың жарылу қаупін жою мақсатында әкімдік Былқылдақ су жинақтағышына дейін сүзгіге қарсы перде салу жұмыстарын бастады. Жұмыс 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Сынаптың ластану ошақтарын толық қалпына келтіру айтарлықтай қаржылық шығындарды талап етеді. Сондықтан сынаптың негізгі ластану ошақтарын оқшаулау есебінен тәуекелдерді азайту жоспарланып отыр. Әкімдік тиісті техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуде.

Әрі қарай министр геологиялық саланы дамыту мәселелеріне тоқталды. Павлодар облысы елдің минералды-шикізат кешенінде жетекші орындардың бірін алады. Облыс аумағында алтын қоры (А+В+С₁+С₂ санатындағы жалпы ел бойынша алтын қорының 9,3%),  күміс (6,1%), мыс (10%), молибден (6,7%), жер асты сулары (9%) және тас және қоңыр көмірдің аса зор қоры (33,6% ) бар, атап айтқанда, Екібастұз көмір бассейні шоғырланған.

Ел бойынша 5 жылдық кезеңде жер қойнауын 680 мың шаршы шақырымнан астам аумақта, оның ішінде Павлодар облысында 10,2 мың шаршы шақырымға өңірлік геологиялық зерттеу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар геологиялық барлау жұмыстарының кейінгі кезеңдерін жүргізу және геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін Қазақстан аумағының перспективаларын бағалай отырып, геологиялық қамту карталарын жасауға мүмкіндік береді.

Министрлік қызметінің тағы бір маңызды бағыты – су саласын дамыту. Су шаруашылығындағы негізгі мәселелері – су шаруашылығы объектілерінің тозуының жоғары деңгейі, судың үлкен шығыны. Осыған байланысты ведомство су шаруашылығы инфрақұрылымын салу, реконструкциялау және суару арналарын цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы жылдың 9 айындағы жұмыстың қорытындысы слайдта көрсетілген.

Жаңа суармалы жерлерді енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы еліміз бойынша 1 050 шақырым суару каналдары реконструкцияланды, соның есебінен 79 мың гектар суармалы жер пайдалануға берілді. Биыл еліміз бойынша 1 720 шақырым жерде (80 мың гектар) жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

«Май және Ақтоғай аудандарында жалпы ауданы 17,5 мың гектар болатын сұранысқа ие суармалы жерлердің гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялау және жаңғырту бойынша жобаның жүзеге асырылып жатқанын айта кету керек. 9 нысан іске асырылуда», — деді С. Брекешев.

Бүгінгі таңда жоспарланған 68 шақырымнан 45,8 шақырым полиэтилен құбырлары төселді, бұл 16,8 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. 2023 жылдың вегетациялық кезеңі басталғанға дейін тағы 3,6 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Жалпы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстарын басқару жүйесін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар су ресурстарын басқару жүйесін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Екі бағытқа баса назар аударылады. Бұл су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру шеңберінде көзделген су заңнамасы мен дипломатияны жетілдіру. Жаңа Су кодексінің жобасы әзірленіп жатыр, жақын арада мәтін министрліктің сайтында орналастырылады және адамдар өз ұсыныстарын жолдай алады. Су ресурстары комитетінің, оның ведомстволық бағынысты және ғылыми ұйымдарының әлеуетін арттыру, кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. 

Суға сұраныс бойынша екінші бағыт шеңберінде тұрақты даму үшін су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру және дамыту көзделеді. Бұл жұмыстар қабылданған «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» ұлттық жобалар шеңберінде жүргізілуде.

«Су саласындағы негізгі мақсат – елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, экономика салалары мен қоршаған ортаның қажеттілігін теңгерімін қамтамасыз ету мәселелерін шешу», — деді С. Брекешев. 

Одан кейін министр орман шаруашылығы мәселесіне көшті. Қазіргі уақытта республиканың ормандылығы 5,0%-ды құрайды. Мақсат 2030 жылға қарай көрсеткішті 5,3%-ға дейін жеткізу. Президенттің бастамасымен өткен жылы министр 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды бастады. 2022 жылдың жоспары орындалды. Биыл Павлодар облысында 3,2 мың гектар алқапқа 16,8 млн ағаш отырғызылды.

2,0 млрд ағаш отырғызу бойынша цифрлық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында интерактивті карта және OrmanMap қосымшасы құрылды.

Сондай-ақ көгалдандыруға ірі табиғат пайдаланушылар тартылуда. 2021 жылы санитарлық-қорғау аймақтарында кәсіпорындар 40 мыңнан астам ағаштар мен бұталарды отырғызды. 4 жыл ішінде «Қазақстан алюминийі» және «Қазақстандық электролиз зауыты» акционерлік қоғамдары 100 мыңға жуық көшет отырғызуға ниетті.

Бұған дейін ел Президенті әр облыс орталығының айналасында «Жасыл белдеулер» құруды тапсырған болатын. Сондықтан, министрдің айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында ірі кәсіпорындармен бірлесіп Павлодар қаласының айналасында «Жасыл белдеулер» құру мәселесін пысықтау қажет. 

Өз кезегінде экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Өсімдіктер әлемі және орман заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы заң жобаларын әзірледі және олар Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымнан өтіп, қазір қаралып жатыр. 

Балық шаруашылығын дамыту саласында да белгілі бір жұмыстар жүргізілді. Саланы дамытудың 10 жылға арналған бағдарламасы бекітілді. 2030 жылға дейін Павлодар облысы бойынша балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биыл өңірде 50 тонна балық өсірілді. Жоспар 100% орындалды. 2030 жылға дейін облыста балық өсіру шаруашылықтарының санын 12-ден 40-қа дейін арттыру жоспарланып отыр.

Одан кейін министр балық шаруашылығын субсидиялау мәселесіне назар аударды. Өңірдің балық өсіру шаруашылықтары жергілікті бюджетте қаражаттың жоқтығы туралы сұрақтарды көтеріп жатыр, бұл Бағдарлама индикаторларына қол жеткізуге кері әсерін тигізеді. Сонымен осы жылға балық өсіру жоспары 100 тоннаны құрайды. Алайда талдау қорытындысы бойынша 10 айда тек 25 тонна балық өсірілді. Осыған байланыст балық өсіру көлемін ұлғайту бойынша индикаторға қол жеткізбеу қаупі бар.

Бұдан басқа, өңірде ең ірі екі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл қуатты жылына 1 000 тонна артемия жұмыртқалары терең өңдеу зауытын салу және Ақсу мемлекеттік аудандық электр станциясы каналының жылы ағысында торлы балық өсіру шаруашылығын құру.

«Облыс әкімдігінен балық шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыру және мемлекеттік қолдау шараларын уақтылы көрсету мәселелерін ерекше бақылауға алуды сұраймын», — деді министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу