Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жүйені толығымен қайта қарайтын боламыз – С. Шәріпханов

2024 жылғы 26 қаңтарда ТЖМ Алқа отырысында төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен вице-министр Бауыржан Сыздықов баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, Мемлекет басшысының және Үкіметтің тапсырмасына сәйкес министрлік халықты және ел аумағын төтенше жағдайлардан қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдап жатыр.

2023 жылы төтенше жағдайлар саны 3,5%-ға азайып, құтқарылғандар саны 44%-ға артты. Құтқару бөлімшелері 83 мыңнан астам жедел шақыртуға шығып, 13 мыңнан астам адамды эвакуациялады, 5 мыңнан астам зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ Абай және Қарағанды облыстарында, Алматы қаласында адамдардың өліміне әкелген ірі төтенше жағдайлардың нәтижесінде қаза тапқандардың саны 12,2%-ға және жарақат алғандардың саны 2,1%-ға өскені байқалады.

«Сөзсіз, бұл қайғылы жағдайлар біздің қызметіміздегі жүйелі қателіктерді көрсетіп берді. Осыған байланысты біздің негізгі күш-жігеріміз Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің дайындығы деңгейін арттыруға бағытталды. Қабылданған шаралар осындай оқиғалардың туындау қаупін біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді деп есептейміз», — деді Сырым Шәріпханов.

Әрі қарай министр маусымдық төтенше жағдайлардың нәтижелері туралы қысқаша баяндады. Оның мәліметінше, өткен жылы республика бойынша күрделі су тасқыны болды. Температураның күрт көтерілуіне және қардың белсенді еруіне байланысты 350 тұрғын үй су астында қалды, зардап шеккендердің басым бөлігі – Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары.

«Өткен жылдардағы тәжірибені ескере отырып, біз алдағы су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындықты бастадық. Негізгі мәселелер осы айдың басында Үкімет отырысында қаралды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасының аяқталмаған шаруалары Өңірлерді дамытудың кешенді жоспарларына енгізілді», — деді министр. 

Өрт қаупі бар кезеңде жедел әрекет ету үшін табиғатты қорғау және орман мекемелерімен бірлесі, Ресей мен Қырғыз Республикасының ТЖМ бөлімшелерімен өрт-тактикалық және трансшекаралық оқу-жаттығулар өткізілді. Мемлекет басшысының және Үкіметтің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайларға жауап берудің бірлескен алгоритмі және Табиғи өрттерді сөндіру үшін су төгетін құрылғылары бар тікұшақтарды тарту тәртібі бекітілді.

Өткен жылы өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында 6 өрт сөндіру депосы салынды. 13 өңірде тағы 15 өрт сөндіру бөлімінің құрылысы кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Президенттің ерікті құралымдарды дамыту туралы тапсырмасын іске асыру жалғасуда. Есепті кезеңде республиканың нормалар бойынша өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерінде 57 өрт сөндіру бекеті ашылып, 80 ерікті құралым құрылды. Олардың қызметін ұйымдастыру бойынша Әдістемелік ұсынымдар бекітілді.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, қазіргі уақытта жылу беру кезеңі белсенді өтіп жатыр. Өткен жылу беру маусымында министрлік тұрғын үй секторындағы өрттердің санын 9%-ға қысқартты. Биыл да осы көрсеткіш сақталып отыр. Маусым басталғанға дейін және жылу беру кезеңі қауіпсіздік шараларын түсіндіре отырып, аулаларды аралау жолымен тұрғын үй секторында профилактика жүргізіледі. Барлығы 2 млн-ға жуық үй қамтылды, 3 млн-нан астам азаматқа нұсқама берілді. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал тобына ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда есепте осы санатта 133 мыңнан астам тұрғын үй бар. Тұрғындарға міндетті түрде өрт датчиктерін қолдану ұсынылады. 2023 жылы 32 мыңнан астам құрылғы орнатылды.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, «Газбаллон» және «Жатақхана» жедел профилактика іс-шаралары өткізілді. Үкіметтің тапсырмасын орындау аясында автомобильге газ құю станцияларының жерасты резервуарларына арналған шаралар әзірленді. Бұл ұсыныстар құрылыс нормаларына енгізу үшін Құрылыс істері комитетіне жолданды.

Өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту мақсатында биіктігі 28 метрден асатын нысандарды салу және пайдалануға беру кезеңінде бақылау енгізіледі. Сондай-ақ өрт сөндіру автоматикасы жүйелері мен қондырғыларын монтаждауды жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптар бекітілді. Соңғы уақытта халық арасында электромобильдер мәселесі өзекті болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі электромобильдер мен олардың зарядтау станцияларын орналастыруға қойылатын талаптарды әзірледі. Қазір ұсыныстар – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде қаралуда.

Қыс мезгілінде автожолдарда адамдардың қаза болуына жол бермеу үшін азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдарын топтастыру бекітілді. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың міндеттері айқындалды, мүдделі мемлекеттік органдармен Өзара іс-қимыл жасаудың бірлескен жоспарына қол қойылды. 2023 жылғы қарашада «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіліп, күштер мен құралдардың дайындығы тексерілді. Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің күнделікті мониторингі жалғасуда. Апаттар болған жағдайда министрлік бөлімшелерінің күштері мен құралдары дереу жіберіледі.

«Осы аптада Алматы қаласы мен бірқатар өңірде болған жер сілкінісі Төтенше жағдайлар министрлігі мен азаматтық қорғау жүйесінің дайын еместігін көрсетті. Сейсмикалық қауіпсіздікті нығайту жергілікті органдар деңгейінде аяқсыз қалып отырғанын және жүйесіз жүргізілетінін айта кеткен жөн. Кеше Мемлекет басшысы министрлікке сын айтып, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шараларын түбегейлі қайта қарауға қатысты тапсырмалар берді. Жуық арада біз сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жүйені толығымен қайта қарайтын боламыз», — деді Сырым Шәріпханов. 

Оны министрлік Сейсмология саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасын қайта өңдеуден бастамақ. Әрі қарай мемлекеттік материалдық резервтің қолда бар материалдық құндылықтарына түгендеу жүргізілмек. Халық үшін арнайы жинау бекеттерін және уақытша панахана құру, сондай-ақ азаматтарды ТЖ кезіндегі өзін-өзі ұстап, іс-әрекет жасай білуге үйретіп оқыту жалғасатырылмақ.

«Азаматтық қорғау қызметтерін тарту жүйесін “Алтын сағат” қағидаты бойынша қайта қарастырамыз және халықаралық тәжірибені ескере отырып, инновациялық шешімдер енгізуді пысықтаймыз. Бір сөзбен айтқанда, Төтенше жағдайлар министрлігі қысқа мерзімде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі тиімді шаралар қабылдауға мақсат қойды», — деді ведомство басшысы.

Өткен жылы жеке жобалар жүзеге асырылып, іске қосылды. Мәселен, сел қатерлерінен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында тамыз айында ірі жоба жүзеге асырылып, Аюсай сел ұстайтын бөгеті пайдалануға берілді. 2025 жылға дейінгі перспективада – Ақсай сел ұстайтын бөгетінің, Қорғас 1-ші және 2-ші жобаларының құрылысын аяқтау. Елдің батыс өңірінің күштері мен құралдарын нығайту мақсатында Ақтөбе қаласында 20 982 әскери бөлімі ашылды. Өткен жылы мемлекеттік материалдық резерв қоймаларын жаңарту басталды. Азаматтық қорғау органдарының мәртебесін арттыру мақсатында Азаматтық қорғау академиясын Көкшетау қаласынан Астанаға көшіру жоспарланған, жобалау сметалық құжаттаманы әзірлеу басталды.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, Президент пен Үкіметтің тапсырмасын орындау үшін министрлік бөлімшелерінің материалдық-техникалық жарақталуына ерекше назар аударылады. Есепті кезеңде әртүрлі маңызы бар 411 автотехника, 24 мыңнан астам құтқару жабдығы мен құрал-жабдығы, 7 пилотсыз ұшу аппараттары мен 2 тікұшақ, 108 «Иридиум» спутник терминалдары сатып алынды.

Халықаралық маңызы бар автожолдардың қауіпті учаскелерінде орналасқан трассалық медициналық-құтқару бекеттері үшін 10 арнайы реанимациялық автомобиль сатып алынды. Жергілікті бюджеттен қосымша 58 техника мен 305 құтқару жабдығы мен құрал-жабдығы берілді. Жалпы бұл Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын 71%-ға дейін нығайтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ еліміздің мемлекеттік материалдық резервін жаңарту және толтыру жүргізілді.

Заңнамалық реттеу үшін «Азаматтық қорғау туралы» заң қайта қаралды, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықтан алу, өнеркәсіп, сейсмикалық қауіпсіздік және туристік қызмет шараларын күшейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мемлекет басшысының өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша шараларды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы даму тұжырымдамасы әзірленді.

Өткен жылдың маусым айынан бастап министрлікті трансформациялау басталды бұл жерде «төтенше жағдайларды жоюдан олардың алдын алуға» көшуге басымдық берілуде. Бірінші кезекте, азаматтарды төтенше жағдайлар кезіндегі жүріс-тұрыс ережелеріне және практикалық дағдыларға үйретуге мүмкіндік беретін «Халықтың қауіпсіздік мәдениеті» енгізілуде. Мысалы, балаларға арналған «электрондық күнделік немесе күнделік» порталында ТЖ кезіндегі іс-әрекеттер мен оқиғалар турасында білім деңгейін анықтау бойынша конкурс түрінде тестілеу енгізілді, ата-аналар мен мұғалімдер үшін төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмек көрсету бойынша жаднамалар орналастырылды. Көп қабатты тұрғын үйлерде өрт-тактикалық оқу-жаттығулар енгізілді. Барлығы 250-ден астам оқу-жаттығу өткізілді. 

Екінші кезекте – процестерді жақсарту. Табиғи өрттерге жедел ден қою үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, республиканың орман қорларында өрт ошақтарын ерте анықтау жүйесі енгізілді. Үкімет құрамын басқарудың қосалқы пункттеріне орналастыру және оны құру тәсілі қайта қаралды.

Азаматтық қорғаныс бойынша санатталған нысандардың ең көп жұмыс істейтін ауысымының басқару органдары мен персоналының жеке құрамын қорғауды қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғаныстың ұтқыр қорғаныс құрылысының прототипін әзірлеу аяқталды.

Соңғысы – цифрлық технологияны қолдану. Бұл құлақтандыру жүйелерін цифрлық баламаға аудару. Есепті кезеңде жергілікті бюджеттен цифрлық телерадио хабарларын таратуды қармаудың үш жүйесі мен 300-ден астам дабылдық-сөйлеу құрылғысы сатып алынды, үш облыстық және 60-тан астам аудандық басқару пульті жаңартылды.

Өткен жылы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмасы бойынша азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 70%-ға дейін ұлғайтылды, тұрғын үй төлемдерін, қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін қосымша ақылар мен үстемеақыларды белгілеу бойынша жұмыс жалғасуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат аясында Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың қатаң жолын кесуге және қатардағы жосықсыз қызметкерлерден тазартуға бағытталған. Сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу мақсатында «Интегрети ЧЕК» жүйесі сынақтан өткізілді, аумақтық бөлімшелер бастықтарының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары лауазымдары енгізілді. 

«Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік саясатты іске асыру жұмыстарын жалғастырады және халық пен ел аумағын төтенше жағдайлардан қорғауды қамтамасыз ету үшін бар күшін-жігерін салады», — деді ведомство басшысы Сырым Шәріпханов.

Әрі қарай төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов «Азаматтық қорғанысты ұйымдастыру, ТЖ кезінде халықты ақпараттандыру және медициналық-психологиялық көмек көрсету туралы» тақырыбында баяндама жасады. Бірінші кезекте ол 2023 жылғы жетекшілік ететін бөлімшелердің қызметінің қорытындылары туралы ақпарат берді.

«Азаматтық қорғаныс саласындағы жоспарлау құжаттары әзірленді, келісілді және бекітілді, оларды әзірлеуге мемлекеттік органдарға, оның ішінде ҚР Президентіне есеп беретін органдарға көмек көрсетілді. Жоспарлардың элементтері командалық-штабтық оқу-жаттығулар барысында жұмыс жасалды», — деді Бауыржан Сыздықов. 

Оның мәліметінше, лауазымды тұлғаларды даярлау мақсатында Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығында , ТЖ департаменттерінде және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқыту курстары өткізілді. Оқытылғандардың жалпы саны шамамен 17 мың адамды құрайды. Білім беру мекемелерінің мектеп парламенттерінің жас «ТЖ министрлерімен» жұмыс басталды. Түрлі сипаттағы ТЖ кезіндегі іс-қимылдардың практикалық дағдыларын енгізу әртүрлі тақырыптар мен масштабтағы жаттығулар мен тренингтер барысында жүзеге асырылды, олардың саны республика бойынша 104 мыңнан асты.

Есепті кезеңде әкімдіктер 29 мыңнан астам жеке қорғаныс құралын сатып алды, 2 қауіпті өндіріс қауіпсіз реагенттерге көшірілді, сондай-ақ екі өңірде ҚӘУЗ қоймаларын қайта орналастыру жүзеге асырылды, нәтижесінде жеке қорғаныс құралдарына қажеттілік 1 100 жиынтыққа азайды. Эвакуациялау жөніндегі іс-шараларды жетілдіру мақсатында ҰЭМ бұйрығына әскери-көлік міндетіне қатысты бөліктерге толықтырулар енгізілді, бұдан басқа эвакуациялау жөніндегі ұлттық стандарттар 2024 жылдың стандарттау жоспарына енгізілді.

Басқару бекеттерінің дайындығы жұмыс құнының жоғары болуына байланысты орташа есеппен қажетті деңгейден – 20%-дан аспайды, осыған байланысты аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларында облыстық азаматтық қорғаныс бастықтары басқармаларының резервтік пункттерін құру және жаңғырту шаралары қарастырылған.

АҚ іс-шараларының орындалу сапасын бағалау мақсатында 337 нысанда мемлекеттік бақылау және 358 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді, бұл ретте 148 нысанның бұзушылықтарды жойғаны анықталды, қалған 210 нысанға әкімшілік іс жүргізу шаралары қолданылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін бақылаудағы нысандардың тізілімін жасау тәртібі автоматтандырылды.

«Су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ерекше бақылауда, ол Үкіметтің және ТЖ-ның алдын алу және оны жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырыстарында қаралды. Нәтижесінде суға батқандар санын 2022 жылмен салыстырғанда 6%-ға, ал балалар суға кеткен балалар санын 22%-ға төмендетуге мүмкіндік туды», — деді төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

ТЖМ жедел ден қою күштерінің негізін АҚ әскери бөлімдері құрайды, олар 2023 жылы апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстарына 115 рет тартылды. ҚР Үкіметінің қаулысымен Ақтөбе қаласында 20 982 әскери бөлімі құрылып, АҚ әскери бөлімдерін қайта құруға қосымша жеке құрамнан 880 қызметкер үлестірілді.

2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 425 сиреналық сөйлеу құрылғысы, 80 жергілікті хабарлау жүйесі, 4 облыстық, 73 қалалық және аудандық басқару пульті және 3,63 млрд теңге сомасына цифрлық телерадио хабарларын тарататын 3 жүйе сатып алынды. Соңғы 2 жылда 5,2 млрд теңге көлемінде бөлінген қаражат көлемі 2015-2021 жылдардағы жеті жылдық қаржыландыру көлеміне тең болғанын атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта бүкіл республика бойынша 3 595 сиреналық сөйлеу құрылғысы мен электр сиренасы жұмыс істейді, бұл норманың 41,4%-ын құрайды, қосымша 6 648 сиреналық сөйлеу құрылғысын сатып алу талап етіледі. Осы жылдың басында құлақтандыру жүйесінің орталық республикалық пультіне 15 өңірдің басқару пульті қосылған, олардың цифрлық эфирлік телехабар тарату мүмкіндігі бар.

Хабарландыру процестерін арттыру және жеделдету мақсатында бірқатар пилоттық жоба жүргізілуде, сондай-ақ заңнаманы үйлестіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өмірді жақсарту жөніндегі бастамаларды орындау аясында Төтенше жағдайлар министрлігі 5 цифрлық бастаманы іске асырды. 

4 мемлекеттік қызмет көрсету процесіне реинжиниринг жүргізілді. «Апаттар медицинасы орталығының» 20 филиалы және 40 трассалық медициналық-құтқару бекеті бар. Апаттар медицинасы орталығының күшімен 7 712 шақырту жүзеге асырылды, 4 971 азаматқа шұғыл медициналық көмек көрсетілді, оның ішінде балаларға 495 рет жедел жәрдем шақыртылды, 1 766 зардап шеккен адам ауруханаға жатқызылды, олардың ішінде 247 бала бар. 1 551 зардап шеккен адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар трассалық медициналық-құтқару бекеттеріне өз бетінше 911 адам, оның ішінде 63 (58) бала жүгінді. Апаттар медицинасы орталығы бөлімшелерінің жеделдігін арттыру мақсатында 2 254 млн теңге сомасына 28 медициналық көлік сатып алынды. 66,6 млн теңге сомасына 9 трассалық медициналық-құтқару бекетіне жөндеу жүргізілді.

Төтенше жағдайлар вице-министрінің айтуынша, жол учаскелеріндегі апаттық қауіпті ескере отырып, оларды көшіру мүмкіндігі бойынша мәселелер қаралады. Алғашқы медициналық көмек көрсету мақсатында Апаттар медицинасы орталығы Түркия Республикасының Газиантеп қаласында және Ауғанстандағы жер сілкінісі кезінде табиғи апаттың салдарын жоюда медициналық көмек көрсетуге қатысты.

2023 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің авиапаркі отандық өндірістің 3 жаңа тікұшағымен толықтырылды, оның ішінде 2 Ми-8АМТ және 1 Н-145 бар. Биыл 3 Ми-8АМТ және 1 Н-145 жеткізу жоспарланып отыр. Әуе кемелерін тұрақты немесе уақытша орындарында ЖЖМ-мен қамтамасыз ету үшін 10 текше метрге күшейтілген авиаотын құюшы сатып алынды. 

Шұғыл көмекті талап ететін азаматтардың өмірі мен денсаулығына туындайтын қауіп-қатерлерге жедел ден қою үшін ТЖМ аумақтық бөлімшелерінде «112» нөмірі жұмыс істейді. Есепті кезеңде республика бойынша «112» нөміріне 6,5 млн-нан астам қоңырау түсті, ал «101» нөміріне 1 462 557 қоңырау түсті.

«Халықты ТЖ-дан қорғау жөніндегі басты іс-шаралардың бірі – табиғи және техногендік сипаттағы қандай да бір қауіпті факторлардың туындауы немесе туындау қаупі туралы уақытылы хабардар ету және хабарлау. Осы мақсатта күн сайын халыққа SMS-хабарламаларды алдын ала тарату, оның ішінде “Қазгидромет” РМК-ның қауіпті ауа райы құбылыстарының туындау қаупі туралы деректері негізінде жұмыс жүргізілуде», — деді төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов. 

Есепті кезеңде халықты ТЖ қаупі мен туындауы туралы хабардар ету үшін «Дармен»мобильдік қосымшасы арқылы 9 032 SMS және 7 364 хабарлама жолданды. 2024 жылы қызметтің негізгі бағыттары:

  • ҚР «Азаматтық қорғау туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
  • азаматтық қорғаныс мәселелері бойынша Жол картасын қабылдау;
  • халық арасында «Қауіпсіздік мәдениеті» деңгейін арттыру;
  • халықты басқару, байланыс және құлақтандыру жүйесін жетілдіру;
  • әлемдік трендтерді ескере отырып, халықты қорғаудың жаңа тәсілдерін енгізу.

«Биыл мемлекеттік азаматтық қорғаудың жүйесін дамытуға бағытталған және айтылған іс-шараларды одан әрі іске асыру жалғасатын болады», — деді төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

#Төтенше жағдай #ҚР ТЖМ

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу