ТЖМ азаматтық қорғау саласында өзара іс-қимыл жасауға дайын – Ю. Ильин 

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Ведомство басшысы Ақтөбе қаласының тұрғындарымен, кәсіпкерлермен кездесті, сондай-ақ азаматтарды қабылдады. 

Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрлігі қызметінің басты бағыттары мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Ведомство басшысы өз сөзінде қазақстандықтарға азаматтық қорғау органдарының қызметіндегі белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдірді. 

«Төтенше жағдайлар министрлігі ел азаматтары мен тұрғындары арасында ашық ақпараттық алаң құруға ерекше назар аударады. Жыл басынан бері ТЖ министрінің блогы арқылы азаматтардың 235 өтінішіне түсініктемелер берілді», — деді Ю. Ильин.

Оның айтуынша, ведомство басшылығы «Аманат» партиясының онлайн-алаңында азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады. Бүгінгі күні үш қабылдау өткізіліп, азаматтардың 10 өтініші қаралды. Барлық өңірлерде аумақтық бөлімшелердің басшылары да азаматтарды жеке қабылдайды.

Юрий Ильин жаңа Қазақстанның қалыптасу жолында Мемлекет басшысы алға қойған басым бағыттарға жеке тоқталды. 

Бірінші. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру аясында Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Осы орайда, құрылған облыстарда азаматтық қорғау органдарының жаңа бөлімшелерін құру бойынша жұмыс басталды, бұл болашақта осы өңірлерде төтенше жағдайларға жедел ден қоюға ықпал ететін болады.

Екінші. Мемлекет басшысы барлық ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды ашық талқылау қажеттігін атап өтті. Осы бағытта Ұлттық құрылтай институты құрылды.

2021 жылғы ақпаннан бастап Төтенше жағдайлар министрлігі деңгейінде Азаматтық қорғау органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Қоғамдық кеңес отырыстары азаматтардың азаматтық қорғау саласындағы мүдделері мен құқықтарына қатысты мәселелерді қарап, тоқсан сайын өткізіледі. Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен ведомствоның 125 нормативтік құқықтық актісі қайта қаралды.

Үшінші. Биыл сәуір айында Мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлықта жүйелі және қолданбалы шаралар кешені қарастырылған. Бұл шаралардың жүзеге асыру мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатуды, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттыруды, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың дербестігін күшейтуге, билік функцияларын орталықсыздандыруға және мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытуға, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға баса назар аударылады. 

Мемлекеттің жұртшылықпен тығыз қарым-қатынасы халыққа өмірдің барлық салаларында объективті және сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі өзекті мәселелер де назардан тыс қалмайды. 

Төтенше жағдайлар 

Жыл басынан бері Ақтөбе облысының аумағында 250-ден астам төтенше жағдай тіркелді, 619 адам құтқарылды, ТЖ бөлімшелері шақырулар бойынша 1,5 мыңнан астам шығуды жүзеге асырды, ТЖ аймағынан 782 адам эвакуацияланды, 74 зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Өкінішке орай, төтенше жағдайлар салдарынан 28 адам зардап шекті, оның ішінде 15 адам қаза тапты.

Осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда төтенше жағдайлар салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 37,5%-ға, зардап шеккендер 40,4%-ға төмендеді.

Төтенше жағдайлардың басым бөлігін өрттер құрайды және оқиға салдарынан қайтыс болғандар көп. 

Су тасқыны

Биыл Ақтөбе облысының 4 елді мекенінде (Ақтөбе қаласы, Мәртөк ауданының Сарыжар ауылы, Мұғалжар ауданының Сағашилі және Басшилі ауылдары) су тасқыны жағдайының күрделенуіне байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды. 31 наурыздан 9 сәуірге дейін 64 тұрғын үйі және 104 саяжай тасқын және еріген су астында қалды. Барлығы 520 адам эвакуацияланды. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында Сазды, Жіңішке, Песчанка, Тамды өзендерінің арналарын өскен бұталардан, ағаштардан және қамыстан тазарту жөніндегі жұмыстардың аяқталмауына байланысты тұрғын үйлер мен саяжай үйлерін су басқан. 

2018 жылы аймақтың экобелсенділерінің петициясына байланысты аталған өзен арналарын тазалау бойынша қолға алынған жұмыстар тоқтатылған болатын. Осы уақытқа дейін өзендердің табанын және арналарын тазарту жөніндегі жобаларды түзету мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Бұл өз кезегінде биыл үйлер мен коттедждерді қайта су басуына себеп болды. Сондай-ақ наурыз-сәуір айларында ауа райының күрт жылынуы және жауын-шашынның (қар мен жаңбыр) мол түсуі қардың тез еруіне, сондай-ақ еріген және жаңбыр суларының ағуына әкеп соқты, оның салдарынан таулы жерлерде орналасқан және арық-дренаж жүйелерімен жабдықталмаған елді мекендер зардап шекті. 

Ауқымды су тасқынына қарамастан, ТЖ жою және халықты хабардар ету уақытылы жүргізілді, адам құрбандарына жол берілмеді. Бұл ретте төтенше жағдайлар министрі су тасқыны салдарын жою кезінде белсенді көмектескен волонтерлік қозғалыстарға алғысын білдірді. 

Су тасқынының нәтижелері Үкімет отырысында қаралды, оның қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдікке 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасында көзделген 2022 жылға жоспарланған барлық іс-шараларды толық көлемде бақылау мен сапалы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. 

Жоспарланған су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамағаны үшін жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жұмыс комиссиясы су басқан барлық үйлерді қарап шығып, актілер жасады.

«Ақтөбе қаласында 126 (138) тұрғын және саяжай үйлерінің иелеріне 142 млн теңге көлемінде залал өтелетін болады, 12 үй иесінің (саяжай үйлерінде) құқық белгілейтін құжаттары жоқ. Сарыжар, Сағашилі және Басшилі ауылдарының су басқан үйлерінің тұрғындарына тұрғын үйді жөндеу және қалпына келтіру үшін демеушілік көмек көрсетілді», — деді ТЖ министрі.

Орман және дала өрттері

Жылдан жылға көктемгі-жазғы уақытта ауылдар аумағында шөп өртеу, соның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу кезінде, қоқыс жағу салдарынан өрттер туындайды. Олардың пайда болу қаупін азайту мақсатында Ақтөбе облысы әкімінің қаулысымен 2022 жылға арналған орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспары (2022 жылғы 21 ақпандағы №44) бекітілді.

Сонымен қатар облыстың 96 елді мекенінде құрғақ өсімдіктер мен жанғыш қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді, 706 км минералданған жолақтар құрылды. Азаматтық қорғаудың кіші жүйесінің күштері мен құралдары әзірлікке келтірілді.

Анықтама: 699 бірлік бейімделген техника (687 бірлік ӨҚЕҚ техникасы, 12 бірлік ЖАО орман шаруашылығы техникасы); 49 бірлік өрт сөндіру техникасы (40 бірлік - ТЖ Департаменті, 8 бірлік - орман шаруашылығы мекемелері, 1 бірлік – ҚТЖ ҰК); 5 бірлік өрт сөндіру пойызы, ҚТЖ ҰК өртке қарсы қызметінен 102 адам; 2 199 адамнан тұратын 323 өртке қарсы ерікті құралым; облыстағы 63 адамнан тұратын 7 орман шаруашылығы. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Ақтөбе облысының аумағында жалпы халық саны 83 мың адамнан асатын 124 елді мекенде өртке қарсы қорғауды қамтамасыз ететін 35 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Бекеттерде 19 өрт сөндіру бірлігі және 15 бейімделген техника бар. Жыл соңына дейін тағы бір бекет құру жоспарланған.

Сонымен қатар елді мекендерде арнайы техникамен қамтамасыз етілген 2 мыңнан астам адамнан тұратын 300-ден артық өртке қарсы ерікті құралымдар құрылған.

Басқа қызметтермен өзара іс-қимыл жасай отырып, Өртке қарсы ерікті құралымдардың жиналу, шығу және өрт сөндіру бойынша дағдыларын пысықтау мақсатында 6 өрт-тактикалық оқу-жаттығуы мен сабақтар өткізілді.

Юрий Ильиннің айтуынша, азаматтық қорғау, ішкі істер органдарының, табиғат қорғау және орман мекемелерінің, әкімдіктердің 195 қызметкерінен тұратын 39 бірлескен мобильді топ құрылып, 339 рейд жүргізілді. Нәтижесінде рұқсат етілмеген күйдіру, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптің бақылаусыз құлауы, орылған шөпті өртеу және басқа да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 70 адам 1 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК АҚ-мен өңір аумағының ғарыштық мониторингі бойынша шарт жасалды.

Ақтөбе облысының 2021-2023 жылдарға арналған орман шаруашылығын дамыту іс-шараларының жоспары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Онда орман өрттерінің алдын алу және оларды уақытылы жою мақсатында өртке қарсы қызмет күштері мен құралдарын орналастыру үшін 7 орман өрт сөндіру станциясын салу қарастырылған. Нәтижесінде, өрт қауіпті кезең басталғаннан бері Ақтөбе облысының аумағында орман және дала өрттері тіркелмеген.

Айта кетейік, көп жағдайда орман және дала өрттерінің себептері адами фактор болып табылады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин тұрғындарды дала және орман алқаптарында сақтық шараларын сақтауға шақырды.

Су айдындарындағы қауіпсіздік 

Ведомство басшысы жаздың басталуымен азаматтардың су айдындарындағы қауіпсіздігі өзекті болатынын атап өтті. Күн сайын судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілерінің жолын кесу мақсатында рейдтер мен патрульдеу өткізіледі. Төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдіктердің күшімен облыс аумағындағы су қоймаларының жағалау сызықтарын зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Мониторинг қорытындысы бойынша шомылуға тыйым салынған 220 қауіпті учаске анықталды. Қазір Ақтөбе облысы аумағында шомылуға рұқсат етілген 72 орын жұмыс істеп тұр .

Ақтөбе қаласының 3 суда құтқару станциясының құтқарушылары тәулік бойы кезекшілік етеді. «112 бірыңғай қызметі» жобасын іске асыру шеңберінде тестілік режимде «FSM-expert» мобильді қосымшасы іске қосылды, онда шомылуға арналған барлық жабдықталмаған және ықтимал қауіпті орындарды көруге болады.

Сонымен қатар зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету үшін коммуналдық және жеке меншік жағажайларда 18 медициналық пункт дайындалды. Су айдындарында қайғылы жағдайлардың болуын азайту үшін «2GIS» мобильдік қосымшасында облыстағы су айдындарында шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған жерлер туралы ақпарат орналастыру бойынша бөлім енгізілді.

«Суға шомылу маусымы басталғаннан бері өңірде шомылуға рұқсат етілмеген орындарда суға батып кеткендер саны екі есе өсті. Өткен жылы шомылу маусымында 2 адам суға батып кетсе, биыл – 5 адам, оның ішінде төртеуі бала», — деді төтенше жағдайлар министрі.

Анықтама: шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында 73 адам суға кетті, оның ішінде 30 бала.

Ведомство басшысы Юрий Ильин тұрғындарды судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау өз өміріңізді, туыстарыңыз бен жақындарыңызды, әсіресе балаларды аман сақтап қалуға көмектесетінін атап өтті. 

Жылыту маусымына дайындық

Жазғы кезеңнің аяқталуымен жылыту маусымына дайындық басталады. Тұрғын үйде өртті болдырмау мақсатында Ақтөбе облысы бойынша ТЖД қызметкерлері жыл сайын профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізеді.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің мәліметінше, аулаларды аралау барысында 58 мыңнан астам үй қамтылды, онда 172 мыңнан астам азамат тұрады. Тұрғын үйді сырттай тексерудің нәтижелері бойынша 7 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу жағдайлары анықталды, олардың басым бөлігі электр техникалық желілер мен электр жабдықтарын, сондай-ақ жылыту жүйелерін пайдаланумен байланысты.

«Қабылданған шараларға қарамастан өрт саны 7,6%-ға өсті, 6 адам қаза тапты. Оқиғалардың басым бөлігін тұрғын үй секторындағы және көліктегі өрт құрайды», — деді Юрий Ильин.

Оның айтуынша, азаматтардың қауіпсіздігі үшін әкімдікпен электрмен жабдықтауды ауыстыру және жөндеу және жылыту жүйелерін тазарту бойынша мәселелер белсенді пысықталып жатыр. Сонымен қатар міндетті түрде өрт дабылы, өрт сөндіру және хабарлау жүйелерімен жарақтандыру, сондай-ақ тұрғын үйлердегі газдануды бақылауды енгізу бойынша мәселелер қаралды. 

Анықтама: «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының мәліметтері бойынша 2020-2021 жылдары облыс аумағында ЖАО, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен облыс аумағында жаңадан енгізілген тұрмыстық газбен жабдықтау жүйелерінде 9 621 датчик орнатылған, оның ішінде 3 631 улы газ датчигі және 5 646 табиғи газ датчигі, 344 түтін датчигі. Өрт датчиктерінің құны шамамен 10 мың теңгені құрайды.

Осыған байланысты Төтенше жаңдайлар министрлігінің басшысы азаматтардан өз қауіпсіздігі үшін мүмкіндіктерге қарай өрт датчиктерін орнатуды сұрады. 

Қысқы кезеңде жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету

ТЖ министрі Юрий Ильин қысқы кезеңде автожолдарда адамдардың қаза болуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Биыл қыста Ақтөбе облысының құтқарушылары қар құрсауынан 407 адамды құтқарды, оның ішінде 51 бала, 212 адам эвакуацияланды және 109 бірлік техника қар құрсауынан шығарылды.

«Біздің қызметкерлеріміз қиын метеожағдайларда, өз өмірлерін қатерге тігіп, адамдардың қаза болуына жол бермеді», — деді ТЖ министрі.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында қар басып қалатын учаскелердің жалпы ұзындығы 71,6 шақырымнан асады немесе республикалық қар басып қалатын учаскелердің жалпы ұзындығының 6,5%-ын құрайды. Бұл ретте республикалық жолдарда 25 км және облыстық жолдарда 221 км қар тоқтататын қалқандар орнатылды. 

«Бұл қысқы кезеңде жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз, мүдделі мемлекеттік органдар бұған назар аударуы тиіс», — деді Ю. Ильин. 

Қысқы кезеңде төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар «Қыс» РКШО шеңберінде әкімдік, азаматтық қорғау қызметтері өкілдерінің және әлеуетті қауіпті объектілер басшыларының қатысуымен пысықталады.

Ақтөбе облысы бойынша 3 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді, оларды қысқы кезеңде жылыту пункттері ретінде пайдалануға болады.

Автожолдардағы төтенше жағдайлардың негізгі себептері – тұрғындар мен тасымалдаушылардың ауа райының нашарлауы және жолдардың жабылуы туралы хабарламаларды елемеуі, автомобильдердің техникалық жай-күйінің бұзылуы, жолдың нашар көрінуі және көктайғақ кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин азаматтардан жолдарда барлық сақтық шараларын сақтауды сұрады.

Халықты ақпараттандыру және хабардар ету 

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша 122 электросирена, 78 сиреналық-сөйлеу құрылғысы және 71 жергілікті құлақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ азаматтық қорғаудың республикалық құлақтандыру жүйесімен біріктірілген халықты хабардар ету жүйесін басқарудың облыстық пульті орнатылды.

Ю. Ильиннің айтуынша, Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінде цифрлық хабар тарату арналарын ұстауға арналған заманауи жабдықтар орнатылған. Қазіргі уақытта 109 телеарна мен 12 радиоарна эфирін ұстау жүзеге асырылуда. Белгіленген нормаларға сәйкес 121-ші сиреналық-сөйлеу құрылғысын орнату қосымша талап етіледі. Бұл мәселе құлақтандыру жүйесін жаңғырту аясында жеке және әкімдікпен бірлесіп шешіледі. 

Анықтама: Ақтөбе облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 2023-2025 жылдар ішінде жалпы сомасы 605,5 млн теңгеге сиреналық-сөйлеу құрылғысын сатып алу жоспарланған.

«Біз «Darmen» мобильді қосымшасын әзірледік, ол халықты 5 секунд ішінде уақытылы хабардар етуді қамтамасыз етеді. “Darmen” ТЖ қаупі туралы халықты тез хабардар етуге мүмкіндік береді», — деді ТЖ министрі.

Осыған орай, ведомство басшысы барлық ақтөбеліктерді осы тегін қосымшаны белсенді пайдалануға шақырды. 

Техногендік апаттардың алдын алу 

Төтенше жағдайлар министрлігінің маңызды бағыты — азаматтар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өнеркәсіптегі техногендік апаттардың алдын алу. Ақтөбе облысы еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі және жекелеген салаларда апат қаупі жоғары деңгейде қалып отыр.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын өңірде 449 кәсіпорында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүзеге асырылатынын атап өтті. 

Жыл басынан бастап магистральдық құбырларды пайдаланатын қауіпті өндірістік объектілерде 5 инцидент тіркелді. Орын алған оқиғалардың негізгі себептері – электр қуатымен жабдықтау проблемалары.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың маңызды бағыттарының бірі моральдық және табиғи тозған жабдықты пайдаланудан уақытылы шығару, кәсіпорындарды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру, өндірістік процестердің қауіпсіздігін бақылаудың қазіргі заманғы техникалық жүйелерін кеңінен енгізуді қамтамасыз ету болып табылады.

Қауіпті өндірістік объектілерді техникалық қайта жарақтандыру бойынша 2022 жылғы жиынтық жоспарға сәйкес, Ақтөбе облысының кәсіпорындарында 255 қауіпті техникалық құрылғыны ауыстыру жоспарланған. Ауыстыру бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.

«Біздің бөлімшелеріміз Ақтөбе қаласының Тұрғын үй инспекциясы бөлімімен және Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, тұрмыстық баллондарды және газбен жабдықтау объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау, алдын алу және профилактикасы бойынша 2022 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірледі», — деді Ю. Ильин.

Сондай-ақ газ толтыру станциялары мен пункттерінің иелерімен тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға тұрмыстық газ баллондарын, оның ішінде теріс температура кезеңінде пайдалану қағидалары бойынша нұсқама жүргізу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі.

Осы жылдың өткен кезеңінде бақылауға алынған қауіпті өндірістік объектілерде апаттар тіркелген жоқ.

Заңнаманы жетілдіру 

Азаматтық қорғау саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына тұжырымдама жобасы әзірленді.

«Заң жобасы аясында қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайы мәселелерін қарастыру жоспарлануда. Ең алдымен, бұл тұрғын үй төлемдері, қызметкерлердің мансабы өсіп, қызметі ауысқан кездегі көшу шығындары, әскери операцияларға жақын жағдайларда жұмыс істегені үшін төленетін үстемеақылар және т.б.», — деді ТЖ министрі.

Сонымен қатар мемлекеттік материалдық резерв мәселелері қаралады, атап айтқанда, жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын қалыптастыру, сақтау, шығаруды жүзеге асыру функцияларын тиісті жұмылдыру тапсырмалары бар салалық мемлекеттік органдарға беру және отандық тауар өндірушілердің материалдық құндылықтарды жаңарту институтын енгізу жоспарланған.

Сондай-ақ өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс саласындағы нормаларды жетілдіру және «Дағдарыс жағдайындағы ұлттық басқару орталығы, Министрліктің аумақтық бөлімшелерінің дағдарыс жағдайындағы басқару орталықтары» ұғымын енгізу, олардың функциялары мен өкілеттіктерін айқындау көзделген.

Қорытындылай келе, ТЖ министрлігінің басшысы жүйенің өңірдегі даму перспективаларына тоқталды. 

Бүгінде Ақтөбе облысы аумағында азаматтарды қорғауды 24 өрт сөндіруші және 4 жедел-құтқару бөлімшесі қамтамасыз етеді, бұл жеткіліксіз. Қосымша 8 өрт сөндіру депосын және 6 өрт сөндіру бекетін салу қажет. 

Ю. Ильиннің айтуынша, қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында 4 автомобильге арналған өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізіліп жатыр, оны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы жарақтандыру нормаларының 62,3%-ын құрайды, әртүрлі мақсаттағы 182 бірлік техника бар. Қажеттілік 27 бірлік техниканы құрайды. Биыл 18 бірлік техника сатып алу жоспарлануда», — деді ТЖ министрі.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласында ТЖМ әскери бөлімін құру мәселесі пысықталып жатыр. Ақтөбе облысының әкімдігі ғимаратты құрылатын әскери бөлімнің теңгеріміне беру үшін Ақтөбе облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ меншігіне берді.

Сонымен қатар азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсарту үшін тұрғын үй төлемдері, сондай-ақ «азаматтық қызметшілер» санаты бойынша құтқарушылардың зейнеткерлік жасын қысқарту мәселесі пысықталуда.

Юрий Ильин Төтенше жағдай министрлігінің азаматтармен одан әрі ынтымақтасуға және азаматтық қорғау саласында өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін атап өтті.

Ведомство басшысы Ақтөбе облысына сапары барысында бірқатар нысандарды аралады. Есет батыр шағын ауданындағы және Құршысай ауылындағы жаңадан салынып жатқан өрт сөндіру бөлімдерінің құрылыс жұмыстарын көріп, М. Ғабуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының Ақтөбе қаласындағы оқу орталығының материалдық-техникалық базасымен, білім беру бағдарламаларымен танысты. «Қазхром» ТҰК АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 4-цехы және №406 Авиажөндеу зауытында болды. Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында жасөспірімдермен кездесіп, дарынды жастарға сәттілік тіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу