Мәдениет және спорт министрлігінде 2021 жылғы жұмыстың негізгі қорытындылары қаралды

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру саласындағы 2021 жылғы қызметі және 2022 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы өткен алқа отырысында мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Ол ең алдымен министрліктердің жетекшілік ететін салалар бойынша мұндай алқа отырысын өткізуі саладағы мәселелерді жан-жақты талқылауға және шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Министр ең алдымен ведомствоның 2021 жылғы жұмысының негізгі қорытындыларына тоқталды.

Оның айтуынша, былтыр спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру институты енгізілді. Мұндай мемлекеттік шара елімізде алғаш рет қабылданып отыр. Соның арқасында өткен жылы 162 мыңнан астам бала мен жасөспірім спорт секцияларына тегін қатысты. Республика бойынша спорт секцияларын ашуға бөлінген қаржы 6 млрд теңгеден асты.

«Сонымен бірге, мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық дәрістер жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы төлеу жүйесі енгізілді. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы 25% өсті. Сондай-ақ, олардың айлығы 2023 жылға дейін жыл сайын көбейтіліп, 2023 жылға қарай бұл өсім 100% құрайды», — деді министр.

Спортшылардың допингке қарсы зертханасы мен Ұлттық допингке қарсы орталықтың, дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының басқарушы және негізгі персоналдарының жалақы мөлшері лауазымдық жалақыдан 100% өсті.

Білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» және «Асық ату» ұлттық спорт түрлері міндетті компонент ретінде енгізілді.

Салауатты өмір салтын насихаттау аясында өткен жылы республика бойынша 27 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шара өткізілді. Бұл іс-шаралар 1,5 млн адам қамтыды, оның 900 мыңы – ауылдық жерлерде.

Бұқаралық спортты дамытудағы маңызды бағыттың бірі – мектеп және студенттер спорты.

Бүгінгі таңда спорт және дене шынықтырумен мектеп жасындағы 2 млн бала қамтылған.

Студенттік спортты дамыту бойынша, қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында мыңнан астам спорттық секция жұмыс істейді. Олар 186 мыңнан астам студентті қамтыған, бұл студенттердің 30,3%-ын құрайды.

Жергілікті деңгейде 652 балалар мен жасөспірімдер клубы, 138 балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығы клубы жұмыс істейді. Олар 220 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтиды.

Республика бойынша спорт нұсқаушылары санының өсуі байқалып отыр. 2021 жылы тұрғылықты жері бойынша 5 610 спорт нұсқаушысы жұмыс істеді, оның ішінде ауылдық жерлерде – 3 065 адам.

Спорт және дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылданатын ерекше қажеттілігі бар азаматтардың саны 48 мыңнан асты.

Бұдан кейін спорт саласындағы жетістіктерге тоқталған мәдениет және спорт министрі Олимпиада нәтижесі көңіл көншітпейтіні туралы бұған дейін бірнеше рет айтылғанын еске салды. 

Токиодағы XXXII жазғы Олимпиада ойындары мен XVI жазғы Паралимпиада ойындары (Жапония) өткен жылдың ең басты оқиғалары болды. 

Қазақстандық спортшылар Паралимпиадада 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Атырау, Ақмола және Жамбыл облыстарының спортшылары жоғары нәтиже қол жеткізді.

Спорт резервін үздіксіз даярлау үшін елімізде 545 спорттық ұйым жұмыс істейді. Онда 400 мыңнан астам спортшы шұғылданады. Олардың ішінде 481 балалар және жасөспірімдердің спорт мектебі, 386 мың бала мен жасөспірімді қамтитын мамандандырылған мектеп бар.

Сондай-ақ, 25 облыстық және 1 республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі жұмыс істейді. Олардың контингенті 5 844 спортшыны құрайды.3 олимпиадалық даярлау орталығы және 17 олимпиадалық резервті даярлау орталығы жұмыс істейді.

«2021 жылы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы қлттық командасының спортшылары 474 халықаралық жарысқа қатысты. Республика аумағында 51 халықаралық жарыс өткізілді. Ресми спорттық іс-шараларға, әлем чемпионаттарына, әлем кубоктарына, Азия чемпионаттарына және халықаралық турнирлерге қатысу нәтижесінде әртүрлі дәрежедегі 632 медаль жеңіп алдық», — деді Д. Абаев.

Сонымен қатар министр 2022 жылға қойылып отырған міндеттерге жекелей тоқталды. 

Бірінші және ең маңызды мәселе – спорттық инфрақұрылымның болмауы екенін атап өткен Д. Абаев инфрақұрылымның негізгі өсуі жазық құрылыстар есебінен жүзеге асатынын жеткізді. Республика бойынша жабық спорт ғимараттарының саны жеткіліксіз.

Жүргізілген талдау көрсеткендей, стандарттарға сәйкес еліміздегі спорт залдарына жалпы қажеттілік 1,5 млн шаршы метрден асады, нақты бары – 1 029 мың шаршы метр, осылайша, тапшылық 500 мың шаршы метрден асады.

Спорт инфрақұрылымына ең көп тапшылық Түркістан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тіркелді. Павлодар, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында жағдай жақсырақ. Алайда, тіпті осы өңірлерде де, көп болмаса да, инфрақұрылым тапшылығы бар.

Бұл ретте, жоғарыда келтірілген сандар жергілікті атқарушы органдар ұсынатын статистикаға негізделген. Егер ауқымды тексеріс жүргізілсе, жағдайдың бұдан да күрделірек екені анықталады: кейбір өңірлер ауылдың шетіндегі жалғыз қақпалары бар қоршаусыз, қараусыз қалған алаңдарды футбол алаңдары ретінде көрсетеді.

Осыған байланысты министрлік әкімдіктермен бірлесіп спорт инфрақұрылымын дамытудың жоспар-кестесінің жобасын әзірледі. Құжат аясында 114 жаңа нысанның құрылысы, 21 нысанды қайта құру және жаңғырту, 6 ірі нысанды құрал-жабдықтармен жабдықтау жоспарланған.

«Республикалық спорт ұйымдарының кейбір ғимараттарының техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз. Мен бұған өзім көз жеткіздім. Өздеріңіз білетіндей, қазір біз барлық ведомстволық бағынысты ұйымдарды аралап жүрміз. Негізгі мақсат – барлық проблемаларды ескере отырып, толық көріністі түсіну. Осыдан кейін біз оларды кезең-кезеңмен шешу жоспарын жасаймыз. Бұл мәселені жауапты вице-министр тікелей бақылауында ұстауы тиіс», — деді министр.

Екінші міндет – бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде мемлекеттік спорттық тапсырысты жетілдіру.

Президент осы бағыт бойынша нақты және айқын тапсырма берді. Бұл азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсартудың аса маңызды құралдарының бірі.

2021 жылғы 1 мамырдан бастап спорт секцияларын жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттік спорт тапсырысын іске асыру тетігі енгізілді. Нәтижесінде 4 жастан 17 жасқа дейінгі 217 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер спорт секцияларына тегін барады.

«Біздің негізгі мақсатымыз – спорт секцияларында мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерді қолжетімді дене шынықтыру және спортпен 100% қамту. Бұл мәселеде ең бастысы, бөлінген қаржы балаларға жетуі керек, яғни қаржыландыру тетіктері ашық, өлшемдері айқын және біркелкі болуы тиіс. Мен жаттықтырушылармен, нұсқаушылармен, секция жетекшілерімен сөйлестім: оларда осыған байланысты көптеген ұсыныстары бар, олардың пікіріне назар аудару керек», — деді спорт саласының басшысы.

Сонымен қатар, бірқатар өңірде кәсіби клубтарды қаржыландыру бойынша бекітілген лимиттерді сақтамау фактілері анықталуда. Министр бұл мәселені бақылауды күшейту қажеттіне назар аударды.

Жалпы осы бағытта министрлік мынадай басымдықтарды белгілеп қойды:

  • әр ауылдық округте спорт нұсқаушысы лауазымын енгізу;
  • тірек ауылдарды қамтумен балалар мен жасөспірімдер және балалар мен жас өскіндер дене дайындығы клубтарының санын 1000-ға дейін арттыру;
  • спорт кешендерінде ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың спортпен айналысуы үшін жағдай жасау;
  • мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорт түрлері бойынша республикалық жарыстар өткізу.

Үшінші міндет – жаттықтырушыларды, төрешілерді және спорт ардагерлерін қамтамасыз ету.

Жүргізілген талдау спорт түрлері бойынша жоғары білікті жаттықтырушылардың тым жетіспейтінін көрсетті, бұл оларға еңбекақы төлеумен тікелей байланысты.

Бүгінгі күні азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес біліктілігі орта деңгейдегі, санаты мен өтілі жоқ жаттықтырушының жалақысы 63 мың теңгені құрайды. Осыған байланысты дене шынықтыру факультеттерінің түлектері спорттың емес, қызмет көрсету саласы, күзет фирмалары, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатарын толықтыруда.

«Щучинск қаласында өткен кеңесте мен жаттықтырушылардың зейнеткерлік алдындағы жасқа және зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты бізде елеулі кадрлық тапшылық күтіліп отырғанын айтқан болатынмын. Осыған байланысты Үкіметке жаттықтырушылардың жалақысын даярлаудың бастапқы кезеңдерінде арттыру жөнінде ұсыныстар енгізіледі және оларды материалдық ынталандыру мәселесі пысықталатын болады», — деді Д. Абаев. 

Әлеуметтік қолдаудың келесі маңызды мәселесі спорттағы жоғары жетістіктері үшін өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету болып табылады.

«Вице-министрге чемпиондарды, жүлдегерлерді, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларын өмір бойғы материалдық қамтамасыз ету төлемдерінің мөлшерін 100 АЕК-ке немесе 306 мың теңгеге дейін арттыру мәселесін пысықтауды тапсырамын», — деді министр.

ҚР «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңына сәйкес спорт федерациялары барлық санаттағы спорт төрешілерін даярлауды жүзеге асыруға міндетті. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 4 276 судья бар. Олардың 413-і халықаралық санатқа ие, Токиодағы Олимпиада ойындарына бар болғаны 12 судья төрешілікке тартылды. Министрдің айтуынша, бұл фактілер осы бағыттағы жұмыстың нашарлығын көрсетеді.

Сонымен қатар, федерациялардың судьяларды даярлауға қызығушылық танытпауына да төленетін еңбекақының төмендігі себеп болып отыр.

«Щучинскіде спорт жарыстарының бір күніне қызмет көрсету үшін төрешілерге 1 239 теңгеден бастап төленетінін айтқан болатынмын. Осыған байланысты біз спорт төрешілерінің еңбекақысын тарифтеуді арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеп жатырмыз», — деді мәдениет және спорт саласының басшысы.

Төртінші міндет – ұлттық спорт резервін даярлау.

Ұлттық құрама командалардың құрамын сапалы жаңартусыз үлкен жетістіктерге жету мүмкін емес. Бұл үшін бүгінде барлық алғышарттар бар, бұған жастар құрама командаларының Әлем және Азия чемпионаттарындағы, әлем кубоктарындағы нәтижелері дәлел бола алады. Өсіп келе жатқан жастардың спорттық әлеуеті бар және оны әрі қарай дамыту қажет.

Спорт ұйымдары мен объектілерін қаржыландыруды оңтайландыру тәжірибесі спортпен айналысатын балалар мен білікті мамандар санының және азаматтардың барлық санаттары үшін спорт инфрақұрылымының қолжетімділігінің төмендеуіне әкелді.

Тәуелсіздік жылдары балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің саны 33%-ға төмендеді.

Жергілікті жерлерде БЖСМ жеткіліксіз қаржыландырылуына байланысты көптеген балалар мен жасөспірімдер спорттық жарыстар мен жиындарға қатысу мүмкіндігіне ие бола алмай отыр. Аталған мектептер қажетті спорттық керек-жарақтармен, жабдықтармен нашар жабдықталған, инфрақұрылымы ескірген.

Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар БЖСМ оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға қатысуға іссапарға шығу шығыстары бөлігінде қаржыландыруды ұлғайтуы қажет.

Айта кету керек, кейбір облыстарда олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледждер жоқ. Осыған байланысты, министрлік тарапынан Атырау, Маңғыстау, Қостанай облыстарының әкімдеріне олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледждерін ашуды тапсыру сұралды.

Сондай-ақ жаттықтырушыларға жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізгені үшін біржолғы төлем төлеу қағидаты қайта қаралатын болады. Бүгінде олар спортшының бірінші, жеке және бас жаттықтырушыларына ғана қарастырылған. Ендігі кезекте жетістікке жеткен спортшыларды даярлаудың барлық кезеңдерінде жаттықтырушыларды ынталандыру көзделіп отыр.

Өңірлік құрама командаларды сапалы және тиімді даярлау үшін барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда спортты дамыту дирекциялары құрылатын болады.

Орталық деңгейде 2022 жылғы 1 сәуірден бастап Ұлттық Олимпиада комитетінің орнына бұл функцияларды Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Республикалық спортты дамыту дирекциясы атқаратын болады.

Бұдан басқа, министрлік пилот шеңберінде жүзу және шаңғы жарысы сияқты спорт түрлерін дамыту бойынша нақты тұжырымдамалар әзірлеуде.

Спортшыларды 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына және 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындау бағдарламалары әзірленуде.

Бесінші міндет – спорттық медицинаға тиісті көңіл бөлу.

Бүгінде Алматы қаласындағы допингке қарсы зертханаға ДДҚА аккредиттеуінің қайтарылуы бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. 2021 жылы допингке қарсы ережелерді бұзудың 41 оң жағдайы анықталды. 34 тәртіптік шешім шығарылды. Қалған жағдайлар тергелу процесінде.

Халықаралық тәжірибе бүгінде сапалы медициналық және ғылыми сүйемелдеусіз спортта жоғары жетістіктерге қол жеткізу мүмкін еместігін көрсетеді.

Спорт саласында медициналық қызметті республикалық деңгейде «Спорттық медицина және оңалту орталығы» және ҚР ҰОК медициналық департаменті, өңірлік деңгейде 6 облыстық және қалалық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері жүзеге асырады.

Бұдан басқа, 3 өңірде диспансер қызметін спорт ұйымдарының медициналық бөлімшелері атқарады, ал республиканың 6 өңірінде спорттық медицина ұйымдары мүлдем жоқ, олар Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары.

Өкінішке орай, Қазақстанда спорт дәрігерлерінің тапшылығы байқалады, көптеген тексерулер формальды түрде жүргізіледі, спортшылардың өздерінен спорт медицинасы тек бюджет қаражатын игеруге ғана бағытталғандығы туралы шағымдар келіп түсті.

Осыған байланысты министр жауапты вице-министрге спорттық медицинаны жаңғырту жөнінде, соның ішінде шетелден мамандар шақыруды көздейтін шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. 

«Көріп отырғандарыңыздай, біздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Мен айтқан проблемалар бер жағы ғана. Бізден кешенді жүйелі шараларды жүзеге асыру күтіледі. Оларды тек бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана әзірлеп, енгізе аламыз. Тек осылай ғана біз бүгін бізден бүкіл ел күтетін нәтижелерді бере аламыз. Қазақстандықтар жарқын жеңісті күндерді күтеді, ал ондай күнге көп жылғы қажырлы еңбекпен ғана қол жеткізіледі», — деп түйіндеді министр. 

Азия ойындарында қазақстандық құраманың мақсаты – бір күміс және бір қола медаль жеңіп алу

Ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының ерлер ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Нұржан Смаханов өз сөзінде ең алдымен тренер штабы мен ауыр атлетика федерациясы атынан ҚР Үкіметіне, Мәдениет және спорт министрлігіне, Ұлттық Олимпиада комитетіне спортты және ауыр атлетиканы дамытуда көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. 

Биылғы жылдың соңында Федерация мәдениет және спорт министрлігімен келісім бойынша ауыр атлетика бойынша штаттық ұлттық құрама командасын Қазақстандағы жекпе-жек практикасы бойынша, сондай-ақ басқа елдердің тәжірибесі бойынша ерлер және әйелдер құрамаларына бөлу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты, жылдың басында қолданыстағы заңнамаға сәйкес, атап айтқанда Федерацияның өтініші бойынша екі бас жаттықтырушы – ерлер құрамасына Нұржан Смаханов және әйелдер құрамасына Иван Сивохин тағайындалды.

«Біз, ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушылары ретінде, жетекші спорт түрлерінің бірі ретіндегі ауыр атлетикадағы спорттың одан арғы нәтижесі мен спорттық көрсеткіштері үшін барлық жауапкершілікті сезінеміз. 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша ауыр атлетикадан құрама 6 олимпиадалық медальға ие болды (оның ішінде 1 – алтын, 1 – күміс, 4 – қола), ал медальдардың жалпы саны бойынша Қытай құрамасынан кейін 2-ші орынға ие болды», — деді Н. Смаханов.

Сонымен қатар, допинг проблемасы қазақстандық ауыр атлетиканы да айналып өтпеді, сондықтан 2020 жылы Токиода өткен Қазақстан құрамасына қысқартылған құрамда (1 ерлер және 1 әйелдер лицензиясы) өнер көрсетуге тура келді. Бұл ретте, бұл жерде де таза және бәсекелі күрес жағдайында, қысымға қарамастан, қазақстандық спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, екі мүмкін медальдан 2 қола медаль жеңіп алды.

Жалпы, еліміздің тәуелсіздігі кезеңінде қазақстандық ауыр атлеттер олимпиадалық және халықаралық деңгейдегі турнирлерде көптеген медальдарды жеңіп алды. Соңғы онжылдықта белсенді түрде танымал болу нәтижесінде қалыптасқан ауыр атлеттердің жас буыны да медальдар қоржынына үлкен үлес қосқаны қуантады.

2020 жылдан бастап Қазақстанның ұлттық құрамасының штангашылар құрамы 70%-ға жаңартылды, қазіргі таңда құраманың негізгі негізін 16-23 жас аралығындағы жас атлеттер құрайды.

Команданың бөлінуінің арқасында 2022 жылға Қазақстанның ұлттық құрамасының штангашылар құрамы ерлер мен әйелдер бойынша артты (тиісінше 19 және 18 атлет), барлық атлеттер өткен жылы өткізілген республика чемпионаттарының қорытындысы бойынша өз біріншіліктерін дәлелдеді. Олардың көбі жас екеніне қарамастан, әлем және құрлықтық біріншіліктердің чемпиондары болып табылады.

Алда тұрған міндет – бұл ең алдымен ауыр атлетиканың тәуелсіздік кезеңінде көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бекіту және жақсарту.

Н. Смаханов сонымен қатар ҚР ұлттық құрама командаларының 2022 жылғы 10-25 қыркүйекте Ханчжоу қаласында (Қытай) өтетін 19-шы жазғы спорт түрлері бойынша Азия ойындарына және 2024 жылғы 26 шілде-11 тамыз аралығында Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазақстандық команданың мақсаты – Алдағы Азия ойындарына толық құрамда шығу (7 ер адам, 7 әйел адам). 

«Біз бұл ойындар медальдік есеп тұрғысынан қытайлық Ханчжоуда өтетіндіктен қиын болатынын түсінеміз. Алайда, біз ерлер мен әйелдер командалары үшін бір күміс және бір қола медаль жеңіп алу мақсатын қойып отырмыз», — деді ол.

Спорт ретінде ауыр атлетиканың проблемаларына қайта орала отырып ол 2024 жылғы Олимпиада ойындарына Парижде ауыр атлетика үшін квоталар санының қысқарғанын атап өтті, осыған байланысты салмақ санаттарының саны қысқартылды: 2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 14-тен (7 әйел/7 еркек) 10-ға (5/5) дейін қысқартылатын болады. 

Анықтама: 2016 жылы Риода өткен Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 15 салмақ санаты (8/7) болды.

Бүгінгі таңда 2024 жылғы Олимпиада ойындарының біліктілік жүйесі бекітілмеген, ол әрбір спортшы үшін жеке сынаққа негізделген алдыңғы жүйеге және ағымдағы жылдан басталатын біліктілік турнирлері барысында үздік нәтижелер алу қажеттілігіне ұқсас болмақ.

«Соңғы айларда ауыр атлетикадан мақсатына жете алмағандардың ықпалына түскен жаттықтырушылар мен спортшылардың жеке тобы спорттың беделін түсіру және Федерация, ҰОК және Спорт комитетінің жұмысын тұрақсыздандыру бойынша алалауға жол беруде. Өзін «ауыр атлетика ұжымы» деп атаған бұл адамдар Қазақстанның барлық ауыр атлетикалық қауымдастығын білдірмейді. Спортшының қайғысын пайдаланып, олар жеке мүдделерін көздейді, түпкілікті талаптар қояды. Біз мұндай әдістер мен қысым қолайлы емес деп санаймыз, Қазақстанның ұлттық құрамасының штангашылар жаттықтырушылары арасында алауыздыққа және алдағы жарыстарға дайындықтың бұзылуына алып келеді», — деді Н. Смаханов.

Н. Смаханов бұл топтың бірнеше рет допингтік бұзушылықтарға жол берген және қазір мүмкіндікті пайдалана отырып, өздерін оңалтуға тырысып жүрген әріптестері басқаратынын айтты, алайда дәл солардың кесірінен ҚР ауыр атлетикасы кезінде беделінен айырылып, қаржылық шығындарға ұшырады. Сонымен қатар, бұл жаттықтырушылардың Қазақстанның ұлттық құрамасының штангашыларынан тәрбиеленушілері жоқ.

«Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы Федерация жүргізіп жатқан жұмысты және оның басшылығын толық қолдайды, бұл туралы министрлікке ресми хатта хабарладық, оған барлық спортшылар, сондай-ақ өңірлердің жаттықтырушылары (жалпы алғанда 80-нен астам адам) қол қойды. Әрине, біз бас жаттықтырушылар ретінде диалог құру және жалпы жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізуге ниеттіміз. Біз бірлесе отырып, Қазақстанды халықаралық спорт аренасында лайықты таныту үшін алдымызға қойылған мақсаттарға қарай бірге жүруіміз керек», — деді ол. 

 

Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру 

Сонымен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру саласындағы 2021 жылғы қызметі және 2022 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы өткен алқа мәжілісінде «Qazaq Batyry» жекпе-жек академиясының негізін қалаушы, «Қазақстан Республикасының грэпплинг қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Қанат Алин мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыруға қатысты баяндама жасады.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алғаш рет балалар спорты мен шығармашылығын қаржыландырудың жаңа тұжырымдамасын жариялады және 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландырудың қағидалары мен әдістемесін айқындайтын нормативтік-құқықтық актілер бекітілді.

Сонымен қатар ARTsport.edu.kz электронды порталы іске қосылды, ол қызметтерді жеткізушілерді, ата-аналарды және операторларды — жергілікті атқарушы органдарды біріктірді, олардың міндетіне мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру, жеткізушілерді бекіту және спорттық секцияларға қабылдау үшін балалардың кезектілігін қалыптастыру кіреді.

Осылайша, балалар спортын қаржыландырудың тұжырымдамалық жаңа тетігі іске қосылып, өткен жылдың 1 мамырынан бастап мыңдаған бала спорт секцияларына тегін қатысуға мүмкіндік алды.

«Балалардың бос уақытын жан басына қаржыландыру бағдарламасы уақытылы енгізілгенін және көріп отырғанымыздай өте сұранысқа ие екенін атап өткен жөн. Оған қоса, бүгінде жан басына қаржыландыру бағдарламасы жақсартуды талап ететінін көріп отырмыз», — деді Қанат Алин.

Оның айтуынша, жыл соңында жеке спорт мектептерінен аздаған өңделмеген өтінімдер болды. Мұның себебі ақпараттық бағдарламаның жетілмегендігі болуы мүмкін. Осыған байланысты ақпараттық бағдарламаны жетілдіріп, басқа ақпараттық бағдарламалармен біріктірілген мемлекеттік бағдарламаға айналдыру ұсынылып отыр.

«Келесі мәселені анықтап алған жөн. Бүгінгі күні мемлекеттік спорттық тапсырыс түрлерінің тізбесіне спорттың кейбір түрі (71) кірген жоқ. Осыған байланысты олимпиадалық емес спорт түрлерін көбірек қосқымыз келеді, дәл осы пәндер балалар арасында үлкен сұранысқа ие. Менің ойымша, мемлекет мойындаған барлық спорт түрлеріне осы бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беру керек. Ең танымал спорт түрлерін балалардың өздері анықтасын», — деді «Қазақстан Республикасының грэпплинг қауымдастығы» ЗТБ президенті.

Бүгінгі күні, бағдарламаны іске асыру кезеңінде жан басына нормативтік қаржыландырудың ережелері мен әдістемесін айқындайтын, нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі жұмысты бастау үшін жеткілікті ұсыныстар жинақталды.

Қанат Алин өз тарапынан әзірлеушілерге келесі аспектілерге аударуды сұрады: 

  • Сабақтарды өткізу үшін санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы нормаларға ғимараттардың сәйкестігі тұрғысынан қойылатын талаптарды қатаңдату қажет. Ғимараттарды пайдалану кезінде үй-жайлардың адам денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келуі өте маңызды. 
  • Сондай-ақ жеткізушілерге, қызметкерлерге, жаттықтырушылардың біліміне қойылатын талаптарға назар аудару қажет, балалармен жұмыс тәжірибесі бар жоғары білімді мамандар жұмыс істеуі керек.

«Осылайша, кез-келген жаңа бағдарламаны іске асыру кезінде уақытылы шешімдерді қажет ететін белгілі бір мәселелер туындайтынын атап өткен жөн. Біз бірегей бағдарлама жақын арада бұқаралық спортпен шұғылдануды қамтамасыз етіп, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына үлесін қосып қана қоймай, болашақ ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесіне зор пайдасын тигізетініне сенеміз», — деп Қанат Алин сөзін аяқтады.

 

Солтүстік Қазақстан облысында спорт клубтары дамуда

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысы барысында Солтүстік Қазақстан облысында спорттық клубтарды дамытудағы оң тәжірибе туралы Солтүстік Қазақстан облысының «Қуаныш» волейбол клубының директоры Қайырбек Хамзин баяндама жасады.

Қ. Хамзин Солтүстік Қазақстан облысында әйелдер волейболын дамыту және қолдауды 2009 жылы Тимирязев ауданының Тимирязев ауылында бастағанын атап өтті. 

«Осы ауылда қазақ мектеп-интернатының базасында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі А. Есімов қыздар арасында волейболдан оқу-жаттығу сабақтарын тұрақты өткізіп тұрады. Бұл спорт түрі менің қызығушылығымды арттырды, осыған байланысты осы спорт түріне қаржылық қолдау көрсетумен бірге оқу-жаттығу сабақтарын өткізе бастадым. Осы кезде біз команданы одан әрі дамыту және волейболдан бірнеше рет жеңіске жеткен аудандық, облыстық жарыстарға қатысу үшін ауылдық округтерден балаларды тарту туралы шешім қабылдадық», — деді ол.

Қ. Хамзиннің айтуынша, волейболдан Қазақстан Республикасының балалар чемпионаттарында Солтүстік Қазақстан облысының атынан өнер көрсете отырып, команданы қалыптастыру кезінде тірек аудандар Тимирязев және Қызылжар аудандары болды, олармен бірнеше рет осы жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған.

«2012 жылы Тимирязев және Қызылжар аудандарындағы тәрбиеленушілерден, сондай-ақ жергілікті жаттықтырушылар А. Батанов, В. Шмелев, А. Есімовтен команда жасақтап, 2012-2013 жылғы маусымда 3 орын алдық. 2012-2013 жылғы маусымда 3 орын алған «Б» Жоғарғы Лигасына өтініш білдірдік», — деп Қ. Хамзин тәжірибесін бөлісті.

2013 жылы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен Солтүстік Қазақстан облыстық спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының базасында Петропавл қаласында әйелдер волейболы бөлімшесі ашылды, онда қыздар одан әрі оқыту және спорттық шеберлігін жетілдіру үшін бөлімге қабылданды. Қ. Хамзиннің айтуынша, ауданда волейболды бастаған жаттықтырушылар жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар 2013-2014 жылғы маусымда команда «Б» Жоғарғы лигасының жеңімпазы атанып, спорттық принцип бойынша команда «А» Жоғарғы лигасына көтерілді, маусым аяқталғаннан кейін жаттықтырушы А. Есімов U-23 ұлттық құрамасына бас жаттықтырушының көмекшісі ретінде тартылды.

«Команданы одан әрі дамыту және спорттық жетілдіру үшін 2014 жылы менің басшылығыммен “Қуаныш” волейбол клубын аштық. Клубта жұмыс орындары құрылуда, командаға қосымша мамандар келуде. Қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасынан келіп түседі. Ол кезде команданы ұстауға ақша жетпеді, сондықтан мен сол кезде де, қазір де облыста әйелдер волейболын дамыту үшін қаржыландыруды жалғастырып келемін. Қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді», — деді «Қуаныш» ВК директоры. 

2016-2017 жылғы маусымда команда Жоғарғы лиганың жеңімпазы атанып, Ұлттық лигаға өтті, онда 23 жасқа дейінгі қосалқы құрамның болуы міндетті болып табылды.

Ол қаланың шетінен құрылыс-жөндеу жұмыстарынан кейін «Куаныш» волейбол клубының командасы орналасқан ескі спорт залының ғимаратын, ал спорт интернатының базасында қосалқы құрамды сатып алу туралы шешім қабылдаған. Сол жылы «Қуаныш» волейбол клубының құрылымында 6 және одан жоғары жастағы қыздарға арналған спорттық-сауықтыру топтары ашылады.

2017-2018 жылғы дебюттік маусымда Ұлттық лигада команда 7-ші орынға ие болды, ал қосалқы құрам күміс медаль иегері атанды.

«Әрбір келесі маусыммен біздің команда турнирлік кестеде өз позицияларын нығайтып, 2018-2019 жылғы маусымда команда 5-ші орынға ие болды, 2019-2020 жылғы маусымда команда қола медальға бір қадам жете алмай, 4-ші орынға ие болды», — деді Қ. Хамзин.

Сондай-ақ, оның айтуынша, 2020 жылы айналысатын балалар санының ұдайы өсуіне байланысты өз қаражатына жаңа спорт залын салу арқылы спорт кешенін қайта жаңартуға дайындық жұмыстары басталған. Жер телімі сатып алынды, сәулет-жоспарлау тапсырмасы алынды және жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, спорт залы қайта жаңартыла бастады.

2021 жылдың қазан айында спорт кешенін қайта құру жұмыстары аяқталып, қараша айында нысан пайдалануға берілді. Қайта құру жобасының құны 600 млн теңгені құрады.

Бүгінгі таңда «Қуаныш» волейбол клубының екі спорт залы, жаттығу залы және спорттық оңалту мен қалпына келтіруге арналған медициналық блогымен жеке спорттық базасы бар. Кешеннің жалпы пайдалы ауданы 2560 шаршы метрді құрайды.

Қазіргі уақытта клуб құрылымында Ұлттық және Жоғары лигаларға қатысатын екі кәсіби команда бар. Үш балалар командасы түрлі жас санаттарында Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысады. Спорттық-сауықтыру топтарындағы 100-ден астам бала тұрақты негізде шұғылданады. Президенттік жан басына қаржыландыру бағдарламасы балаларды спортқа тартуға және дамытуға жақсы серпін берді.

Бүгінгі таңда «Қуаныш» волейбол клубы 2021 жылғы ҚР Кубогының қола жүлдегері, волейболдан әйелдер командалары – Ұлттық лига шеберлері арасындағы Қазақстан Республикасының 29-шы чемпионатының қола жүлдегері.

«Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында облыс әкімінің қолдауымен аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда, бұл аймақта спорттың, соның ішінде волейболдың дамуына үлкен серпін береді», — деп түйіндеді сөзін «Қуаныш» волейбол клубының директоры.

 

Қазақстанда төрешілер семинарын өткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде

Сонымен қатар 2022 жылы өтетін Азия ойындары мен 2024 жылғы Париж Олимпиада ойындарына дайындық бойынша Қазақстандық бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков баяндама жасады. 

«2021 жылдан бастап бокстан ұлттық құрама командаларды осы жылдың негізгі жарыстарына дайындау бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақстандық бокс алғаш рет тек екі қола медаль әкелген Олимпиада ойындарынан басқа, ерлер мен әйелдер құрама командалары Дубайдағы Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсетті. Бұл ойындар Азия елдерінің әуесқой боксшылары үшін ең маңызды жарыс болып саналады. Жалпыкомандалық бірінші орынға ие болды, онда біздің қыздар 8 алтын медалға ие болды. Сербиядағы ересектер арасындағы бокстан әлем чемпионатында біздің ерлер құрамасы әр түрлі номиналдағы 5 медальды жеңіп алды», — деді М. Мықтыбеков.

Аталған жеңімпаздар:

  • Теміртас Жүсіпов (48 келі, алтын);
  • Сәкен Бибосынов (51 келі, алтын);
  • Махмұд Сабырхан (54 келі, күміс);
  • Серік Теміржанов (57 келі, күміс);
  • Абылайхан Жүсіпов (67 келі, қола).

Тәуелсіздік алған аз ғана тарихында қазақстандық бокс нөмірі бірінші спорт түріне айналды. М. Мықтыбековтың айтуынша, спортшыларымыз тек Олимпиада ойындарында 7 алтын, 7 күміс және 9 қола медаль, сондай-ақ Азия әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында екі жүзден астам бірінші дәрежелі медальдар әкелді.

«Өкінішке орай, бүкіл әлемде індеттің басталуы тек бокс қана емес, сонымен қатар дене дайындығын сақтау үшін өте маңызды болып табылатын басқа да спорт түрлері бойынша қазақстандық командалардың оқу-жаттығу жиындарына қатысуының төмендеуіне әкелді. Бұл физикалық пішінді ғана емес, моральдық даярлықты да сақтау үшін өте маңызды, өйткені командада жұмыс істейтін спортшы әрқашан өз күшіне және сырттан қолдауға сенімді. Бұл, әсіресе, спорт тілінде “форманың шыңында болу” деп аталатын құбылыстың болмауына әкеліп соқтырған жұптық спорт түрлеріне қатысты, біз бұның Токиода өткен Олимпиададағы куәгері болдық», — деді ол.

Олимпиада ойындарының нәтижелері бойынша талдау жүргізіліп, екі ұлттық құрама командадағы жағдайды бағалай отырып, алдағы 2024 Олимпиада ойындарында спортшыларды жоғары мәндегі медальдарға жетелейтін халықаралық іс-шараларға сапалы дайындық үшін, командалардағы физикалық және психологиялық ахуалды жақсарту үшін жаттықтырушылар құрамын дереу ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар Қазақстандық бокс федерациясының басшылығы медициналық тексерулердің нәтижелеріне сүйене отырып, спортшылар үшін қосымша медициналық-биологиялық құралдар мен спорттық тағам ережесін қадағалайтын фармакологты жұмысқа шақырды.

Биыл жас резервке ерекше назар аудару және жас ұрпақтың барынша бірқалыпты ересек командаға көшуі үшін жағдайлар жасалуда. Сонымен қатар ересек командалармен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу және жас спортшылар үшін медициналық-биологиялық құралдар мен спорттық тағамды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ бокстан құрама командалардың халықаралық жарыстарда өнер көрсетуі нәтижесіне байланысты Қазақстандық бокс федерациясының президенті қосымша ынталандыру үшін спортшыларды, жаттықтырушыларды және кешенді-ғылыми топ мүшелерін қосымша сыйақы төлемдерімен қолдап жатыр. Оған қоса, Парижде өтетін алдағы Олимпиада ойындарына дайындықтың сапалы және сандық резервін құру үшін бокстан ересектер құрамаларына жастар құрамаларының келешегі зор мүшелері тартылуда, бұл бәсекелі іріктеу өткізуге және осы іріктеу нәтижелері бойынша мықты команда құруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта әйелдер құрама командасы биылғы жылдың маңызды жарысының бірі – мамыр айында Түркияда өтетін әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Ол үшін әр ай сайын жаттықтырушылар кеңесі спортшыны даярлаудың егжей-тегжейлі кестесін жасады», — деді Қазақстандық бокс федерациясының атқарушы директоры.

Бұған қоса, осы жылдың наурыз айында Ақмола облысында Әлем және Олимпиада чемпиондары қатысатын Өзбекстан, Ресей және Түркияның жетекші боксшыларымен матчтық кездесу өткізу жоспарланып отыр. Сәуір айының соңынан мамырдың басына дейін, яғни Әлем чемпионатының басталуына дейін, Ирландия, Англия және Түркия командаларының бірлескен жиыны Ыстанбұл қаласында жоспарланған.

Биылғы жылдың ақпан айында бокстан ең ірі халықаралық турнирлердің бірі «Странджа» турниры аяқталды, оған екі құрама командадан 44 спортшы қатысты. Әлемнің 37 елінен барлығы 368 қатысушы (206 ер адам, 162 әйел адам) болды, бұл өз кезегінде жас спортшыларға үлкен тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Бұл турнирде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық үшінші орынға ие болып, 4 алтын, 4 күміс, 9 қола медальды иеленді.

Турнирдің чемпиондары:

  • Махмұд Сабырхан (54 келі)
  • Сағындық Тоғамбай (86 келі)
  • Назым Қызайбай (50 келі)
  • Валентина Хальзова (70 келі) 

Күміс жүлдегерлер:

  • Дамир Әбдіқадыр (51 келі)
  • Дулат Бекбауов (67 келі)
  • Дина Жоламан (54 келі)
  • Ләззат Күнгейбаева (+81 келі)

Қола жүлдегерлер:

  • Санжар Ташкенбай (48 келі)
  • Тимур Қабдешов (51 келі)
  • Абзал Серік (63,5 келі)
  • Абзал Құттыбеков (92 келі)
  • Нұрлан Сапарбай (+92 келі)
  • Римма Волосенко (60 келі)
  • Дариға Шәкімова (66 келі)
  • Надежда Рябец (75 келі)
  • Анастасия Баязитова (81 келі)

Биылғы сәуір айында «Тайланд Оупен» маңызды халықаралық турниріне бокстан Қазақстан Республикасының ерлер құрамасы қатысады, бұл да өз кезегінде 2022 жылғы Азия ойындарына дайындық алдында тамаша тәжірибе болып саналады. Ерлер құрама командасының жаттықтырушылар кеңесі жас спортшылардың әлеуетін жақсарту мен тәжірибе алмасу үшін маңызды турнирлерге ұлттық құрама команданың қатысуы бойынша күнтізбелік жоспар әзірледі, бұл 2024 жылғы Олимпиадаға дайындыққа біртіндеп жақындауға мүмкіндік береді.

М. Мықтыбековтың айтуынша, әйелдер құрамасы Әлем чемпионатынан кейін Қытайдың климаттық жағдайына барынша жақын Алматы облысының ең төменгі тау биіктігінде жаттығулар өткізуді жоспарлап отыр. Одан кейін команда Қытайға, Үрімші қаласына еуропалық командалармен бірлескен оқу-жаттығу жиындарына қатысады.

Осы жылдың маусым айында екі құрама команданың жаттықтырушылар құрамы үшін біліктілікті арттыру бойынша семинар жоспарланып отыр, бұл спортшылардың алдағы халықаралық іс-шараларға дайындық сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстандық бокс федерациясы Халықаралық бокс қауымдастығымен Қазақстанда көбірек төрешілер халықаралық біліктілікке ие болуына және бүкіл әлем бойынша түрлі турнирлерге қатыса алуы үшін қажетті жұлдыз дәрежесін алуларына жағдай жасау мақсатымен, төрешілер семинарын өткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Осыған орай федерация басшылығы биылғы жылдың наурыз айында Азия бокс конфедерациясының сайлау конгресіне қатысуды жоспарлап отыр.

«Осы жарыстардың барлығы біздің спортшыларымызды Азия ойындарына дайындауға бағытталған және маңыздылығы жағынан тек Олимпиада ойындарымен салыстыруға болатын ең маңызды жарыстардың бірі болып табылады. Азия ойындары – Париж 2024 Олимпиадасы қарсанындағы ең маңызды спорттық іс-шара, үлкен бастама. Біздің ортақ міндетіміз – осы алдағы екі жылға арналған іс-шаралар жоспарларын жақсарту жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз ету. Сонымен қатар біздің спортшыларымыздың алдағы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында өнерлерін лайықты көрсетуі үшін, өз формасының шыңында болуы үшін қажетті жағдайларды жасауымыз қажет», — деп М. Мықтыбеков сөзін қорытындылады.

 

Спорттық және көркем гимнастика бойынша рейтингтік жарыстарға қатысу жүйесі өзгерді

Өз кезегінде «Қазақстан гимнастика федерациясы» ҚБ президенті Әлия Юсупова баяндама жасады.

«Қазақстан гимнастика федерациясы» ҚБ құрамына: спорттық гимнастика, көркем гимнастика, батуттық гимнастика, спорттық акробатика, аэробты гимнастика кіреді. Бұл спорт түрлері күрделі үйлестіру және жарақат алу қаупі бар, ерте мамандандырылатын спорт түрлеріне жатады.

2016 жылы өткен Рио-де-Жанейро олимпиадасында көркем гимнастика мен батут гимнастикасынан 2 лицензия жеңіп алынды. 2020 жылғы Токио олимпиадасына қазақстандық гимнасттар тағы да 2 лицензия жеңіп алды (спорттық гимнастика (ерлер) және көркем гимнастика).

«Азия ойындарында біздің спортшылар тұрақты нәтижелер көрсетуде. 2014 жылы спортшылар 1 қола, 2018 жылы 2 алтын және бір қола медаль жеңіп алды», — деді Ә. Юсупова.

Жаңа олимпиадалық циклде спорттық және көркем гимнастика бойынша рейтингтік жарыстарға қатысу жүйесінде үлкен өзгерістер болды.

Әлем чемпионатына қатысу үшін квота алу қажет:

Спорттық гимнастика (ерлер):

  • Әлем чемпионатына командамен қатысу үшін Азия чемпионатында 5 мықты команданың қатарына кіру керек (4-5 гимнаст);
  • немесе Әлем чемпионатында өнер көрсету құқығына ие болу үшін Азия чемпионатында 6 мықты көпсайысшы қатарына кіру қажет (атаулы квота);
  • немесе Әлем кубоктарының қорытындысы бойынша шыққан рейтингтің мықты спортшыларының үштігінде болу қажет (атаулы квота).

Спорттық гимнастика (әйелдер):

  • Әлем чемпионатына командамен қатысу үшін Азия чемпионатында ең мықты 4 команданың қатарына кіру керек (4-5 гимнаст);
  • немесе Әлем чемпионатында өнер көрсету құқығына ие болу үшін Азия чемпионатында 8 мықты көпсайысшы қатарына кіру керек (атаулы квота);
  • немесе Әлем кубоктарының қорытындысы бойынша шыққан рейтингте мықты спортшыларының үштігінде болу қажет (атаулы квота).

Көркем гимнастика (жеке бағдарлама):

  •  Спортшылар толық команда болып шығуы үшін Азия чемпионатында үздік 5-ке кіру керек (2-3 гимнаст);
  • немесе Әлем чемпионатында 1 гимнастпен өнер көрсету үшін келесі 7 нәтижені көрсету қажет.

Көркем гимнастика (топтық жаттығулар):

  • 2023 жылғы лицензиялық Әлем чемпионатына іріктеуден өту үшін 2022 жылғы Әлем чемпионатында 24 мықтының қатарында болу;
  • 2023 жылғы Әлем кубогына екі гимнаст болып жеке бағдарламада өнер көрсету үшін 2022 жылғы Әлем чемпионатында ең мықты 18 спортшының қатарына кіруі керек.

Ә. Юсупованың айтуынша, Париж 2024 Олимпиада ойындарына лицензия алу жүйесі әлі ресми түрде бекітілген жоқ.

Жарыстардың бірін өткізіп алу спортшылардың рейтингісінің төмендеуіне және 2024 жылғы Олимпиада ойындарына лицензия алу мүмкіндігінің төмендеуіне әкеледі.

«Қазіргі таңда гимнастика түрлері бойынша мықты командалар құрылған, олар халықаралық аренада лайықты бәсекеге түсіп, жоғары спорттық нәтижелер көрсете алады», — деді «Қазақстан гимнастика федерациясы» ҚБ президенті.

2022 жылға арналған негізгі жарыстар:

1. Азия ойындары

11-23.09. 2022, Ханчжоу қ., Қытай

2. Азия чемпионаты;

Спорттық гимнастика – 15-18.06.2022 ж., Доха қ., Катар

Көркем гимнастика – 23-26.06.2022 ж., Паттайя қ., Тайланд.

Батут гимнастикасы – мақсаты бойынша.

3. Әлем чемпионаты.

Спорттық гимнастика – 29.10.-06.11.2022 ж., Ливерпуль қ., Ұлыбритания

Көркем гимнастика – 14-18.09.2022 ж., София қ., Болгария

Батуттық гимнастика – 16-19.11.2022 ж., София қ., Болгария.

Федерацияның күшімен демеушілер мен серіктестердің қолдауымен спортшыларды негізгі жарыстарға дайындау үшін келесі жұмыстар атқарылды:

  • Париж 2024 Олимпиада ойындарына қатысу үшін бір спортшыны көркем гимнастикадан жеке бағдарлама бойынша жыл бойы дайындау жұмыстары ұйымдастырылды, екінші гимнаст алған жарақатына байланысты Қазақстанға қайта оралды және елде дайындықтан өтеді;
  • Нұр-Сұлтан қаласында көркем гимнастикадан штаттық ұлттық команданы дайындау үшін «Думан» залы жабдықталды;
  • Алматы қаласында спорттық гимнастикадан штаттық ұлттық құрама үшін залды жабдықтау жұмыстары жүргізілуде (ерлер мен әйелдер құрамасы);
  • 2021 жылғы наурыз айынан бастап көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы «Думан» көркем гимнастикаға мамандандырылған залында жұмыс істейді;
  • гимнастика түрлері бойынша ұлттық құрама команданың әлемнің барлық Кубоктарына қатысуы ұйымдастырылды.

Гимнастика түрлерін одан әрі дамыту үшін Қазақстанда әлі шешілуге тиісті проблемалық мәселелер бар:

● Нұр-Сұлтан қаласының «Думан» залында көркем гимнастикадан штаттық ұлттық команда жаттығады. Федерация бұл залды гимнастикалық кілемдермен және басқа да қажетті жабдықтармен жабдықтады. 2021 жылғы наурыздан 2022 жылғы 15 наурызға дейін «Думан» залын жалдау ақысы ҚР ҰОК арқылы төленеді. 2022 жылғы 16 наурыздан бастап «Думан» залын жалға алуды қаржыландыру көзі мәселесі шешілген жоқ.

● Спорттық гимнастикадан (әйелдер) Қазақстан Республикасының құрама командасын дайындау үшін база қажет. Федерация гимнастикаға арналған сертификатталған жабдықты (әйелдер) сатып алды, жеткізу наурыз айының соңында жоспарланған. Әйелдер спорттық гимнастикасы бойынша құрама команданы орналастыру үшін Алматы қаласының ЦСКА базасында спорттық гимнастика залы үшін жалдау ақысын төлеу мәселесі бар.

● Спорттық гимнастика, көркем гимнастика және батуттық гимнастика бойынша құрама командаларды алдағы Азия ойындарына сапалы дайындау үшін жарыс бағдарламасына сәйкес жаттығу, сондай-ақ ірі халықаралық жарыстарда жарыс тәжірибесін алу қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу