Жамбыл облысында әлеуметтік-экономикалық бағытта барлық салада оң динамика байқалып отыр

Жамбыл облысы өнеркәсіпте де, ауыл шарушылығында да әлеуетке ие өңірлердің бірі. Сондай-ақ экономиканың барлық саласы бойынша жыл сайын тұрақты өсімін көрсетіп келеді. 2022 жылдың 10 айының қортындысы бойынша өңірде барлық бағыттар бойынша даму бар.

Әлеуметтік-экономикалық даму 

Жамбыл облысының 2022 жылдың қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуында барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылдың өткен алты айында 1057,4 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,1% деңгейінде қалыптасты. Ал қаңтар-қазан айларындағы экономикалық өсім 105,7%-ды құрады (ҚР – 103,1%).

Өнеркәсіп саласында да ілгерлеушілік бар. Мәселен: өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 111,1% деңгейінде (717,2 млрд теңге) (ҚР – 101,4%)) қалыптасты (оның ішінде кен өндіру өнеркәсібінде – 84,4 млрд теңге (НКИ - 98,0%), өңдеу өнеркәсібінде 521,7 млрд теңге (111,0%).

Ауыл шаруашылығында 527,0 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,9%-ды құрады (ҚР – 108,2%) (оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 359,9 млрд. теңгеге (106,9%) және мал шаруашылығында – 166,3 млрд теңгеге (100,3%).

Құрылыс көлемі 154,8 млрд теңгені құрап, 4,3%-ға артты, (ҚР – 105,0%). 546,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (101,9%) (ҚР –101,1%). Сауда айналымы 104,1% (ҚР – 104,1%), байланыс қызметі 101,6% (ҚР – 107,1%) деңгейінде қалыптасты. Көлік және қоймалау 100,6% (ҚР – 103,9%), жүк тасымалы 96,5% (107,6 млн тонна), жолаушы тасымалы 109,7% (385,6 млн адам) құрады.

Тұтыну бағаларының индексі (инфляция) 2022 жылдың қазан айында 2021 жылдың желтоқсанына қарағанда 115,5%-ды құрады, бұл республикалық орташа деңгейден 1,7%-дық тармаққа төмен.

Осы жылдың 3 тоқсанында орташа жалақы көлемі 216,4 мың теңгені құрап, номиналды көріністе 17,4%-ға өсті. Халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 2022 жылдың 2 тоқсанында 107,4 мың теңгені құрап, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы көрініс 17,5%-ға артты. Жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың 3 тоқсанында 4,9%-ды құрады.

Бүгінде еліміз индустриалды-инновциялық дамудың дербес даңғылын таңдап, жеделдетілген бағытын ұстанған. Яғни, экономиканың қуатын күшейтіп, тамырын тереңдету үшін заманауи талапқа сай өнімді күштердің жаңа құрылымын жасап жатыр. Өйткені экономикалық мүддеге сүйенген елдің келешегі кемел. Осы орайда Жамбыл обылысы да 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жаңа сипаттағы жобасын әзірледі. Мақсат анық, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпті дамыта отырып, ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын құру, тұрмыс жағдайын жақсарту, табысын арттыру.

Сонымен қатар халықтың әлеуметтік игілігі де басты назарда. Мемлекеттік қызметке орналасудың тетіктері жан-жақты қарастырылып жатыр. Жалпы, жергілікті тұрғындардың салауатты өмір сүру ортасын қалыптастыра отырып, жүктелген міндеттерді шешуді көздеп отыр.

Даму жоспары негізгі 3 бөлімнен тұрады. Атап айтқанда: 

  • Инвестициялық жобалар
  • Бюджеттік инвестициялық жобалар 
  • Жұмыспен қамту 

Ел экономикасының қуаттылығы қазба байлық пен минералдық ресурстар базасының көлеміне емес, алысты аңғаратын экономикалық реформаларда. Бүгінде Қазақстанның өзіндік саяси бағыт-бағдары, үдемелі үдерісі бар. Индустриалды-инновциялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі Жамбыл облысында да қолға алынған.

Инвестициялық жобалар 

Бұл 2025 жылға дейінгі ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы ірі жобалар. Оның құны 2 трлн теңгені құрайды. Осы жобалар іске асса 14,4 мың адам жұмыспен қамтылмақ. 

Осы даму жоспары аясындағы агроөнеркәсіп саласына қатысты 711 жоба іске асырылады. Жалпы құны 73,5 млрд теңге. 4,3 мың жаңа жұмыс орынын ашу көзделген.

Биыл аталған салада жалпы 110 жоба іске қосылып, 400-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мына бағыттар бойынша жүргізіледі:

– 451 жылыжай кешені салынады (2022 жылы – 47);

–  40 су үнемдеу технологиялары енгізіледі (2022 жылы – 12);

–  37 жеміс және көкөніс сақтау қоймалары салынады (2022 жылы – 4);

– 29 сүтті қайта өңдеу кәсіпорындары ашылады (2022 жылы – 4);

–  9 сүт тауарлы ферма салынады (2022 жылы – 1);

–  51 мал бордақылау алаңдары салынады (2022 жылы – 17);

–  26 құс фермалары салынады (2022 жылы – 5);

– 36 балық шаруашылықтары ашылады (2022 жылы – 10). 

Ауыл – халқымыз үшін руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен мерекенің бастауы болған. Осы орайда елді-мекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсаты тұр. Бұл мақсатқа Жамбыл облысындағы аудан әкімдері ауыл шаруашылығы саласы әлеуетін түбегейлі зерделеп, әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілді қолданып, жоспарын әзірледі. Ол тәселді жүзеге асыру үшін өңірдің 10 ауданынын бір-бірден ауыл және Тараз қаласынан бір массив таңдап алынды. Аталған жобалар кластерлік бағытта «Бір ауылда – бір жоба» қағидатымен жүзеге асырылатын болады.

2021 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға барлық көздерден 36,3 млрд теңге, оның ішінде 19,4 млрд теңге субсидия қарастырылған болса, биыл бұл мақсатқа 60 млрд теңге бөлінді. Оның 31,2 млрд теңгесі субсидияға бағытталып, көлемі 49% артты. Аталған қолдау шараларымен әрбір ауыл, әрбір кәсіпкер қамтылуы тиіс. Бұл жұмыстарды нәтижелі іске асыру үшін аудан және ауылдық округтердің әкімдеріне міндеттелді. 

2019 жылы бастау алған ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бағытындағы пилоттық жоба өзінің жалғасын табады. Бір ай бұрын облысқа арнайы келген Үкіметтік делегация жобаның тиімділігіне көз жеткізді. Пилоттық жобамен өңірдегі қалған 139 ауылдық округті қамтуға 75,5 млрд теңге қажет. 

Сонымен қатар мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетіледі. Оның айғағы – бірнеше бағдарламаның қолданысқа енуі. Кәсіп иелерінің игілігіне жарауы. Үстіміздегі жылдың 26 қарашасында өткен Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік саласына жеңілдік жасай отырып, елдің дамуына қадам жасаймыз деп мәлімдеді. Осы орайда Жамбыл облысы да кәсіпкерлерге жағдай жасап, олардың мәселесін шешуді басты назарда ұстаған. Аталған саладағы жұмыстарды жетілдіру, инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнату, әрі тиімділігін арттыру мақсатында арнайы 4 алаңның жұмысын іске қосты. Апта сайын өтіп тұратын инвестициялық штаб жұмысын бастап та кетті. Штаб жұмысына кез келген кәсіпкер қатысып, өз жобасын ұсына алады. Бүгінге дейін штабтың 7 отырысы өтіп, 37 жоба қаралды. Оның 17-сі жаңа жобалар. Қаралған жобалардың жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайды.

Әрбір кәсіпкердің құқығы мен мүддесін қорғау керек. Осыған орай прокуратура жанынан құрылған сараптамалық кеңес жұмысын одан әрі жалғастыруда. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес және палата жанындағы іскер әйелдер кеңесі де кәсіпкерлерге қолдау көрсету алаңына айналатын болады. 

Жалпы облыстың даму жоспарында айқындалғандай, өнеркәсіп саласында жалпы құны 2,1 трлн теңгені құрайтын 443 жобаны іске қосып, 10,1 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. 

Агроөнеркәсіп кешенін кластерлік тәсілмен дамыту мақсаты да бар. Өңірдегі ірі инвестициялық жобаларда да қолдауға ие. Егер осы жобалар жүзеге асып жатса өңірдегі еңбек өнімділігі 8,5%-ға, өнеркәсіп өнімінің көлемі 275 млрд теңгеге артып, экспорт көлемі 95,9 млрд теңгені құрайтын болады. Сондай-ақ инфляция деңгейін төмендету мақсатында импорт алмастыруды 180 млрд теңгеге ұлғайту жоспары бар. Бұл жалпы отандық тауар өндірісін арттыратыны сөзсіз.

Өңірдегі шағын және орта бизнестің 77,2 мың субъектісін 85 мыңға дейін арттыру көзделген. Ондағы мақсат жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірілетін өнім көлемі 7%-ға көтеру.

Жамбыл облысында қазіргі күні 371 елді мекен бар. Халық саны – 1 млн 153 мың адам. Соңғы 10 жылда облыстағы халық саны 97,3 мыңға (1055,8 мыңнан 1153,1 мыңға дейін, 9,2%-ға) өскен. Саралап қарасақ, бұл оң динамика. Адам саны өскесін тұрғын үй мәселесі де өзекті бола түсуде.

Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Бұл орайда Жамбыл облысында қазір 4388 пәтерлі 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, биыл оның 3120 пәтері пайдалануға беріледі. Жыл басынан бері 620 отбасына пәтер кілті тапсырылған. 

Даму жоспары шеңберінде 2025 жылға дейін 401 мың м2 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Сонымен қатар 52 млрд теңгеге 14,3 мың жер телімі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерімен қамтылуда. Жалпы жеке тұрғын үй құрылысы үшін 3198 жер телімі тартылатын болады. Бұдан бөлек, өңірде алғаш рет «Әулие ата жастары» жобасы аясында 500 млн теңге жеңілдетілген несие қарастырылған. Бұның шарапатын жастар көретін болады. 

Өңдеу өнеркәсібі  

Қазақстан шикізат көзі. Жер қойнауындағы қазба байлықпен өлшегенде көп елден бәсіміз басым. Жалпы Қазақстанның бұл саладағы жобалары жүзеге асып жатыр. Жамбыл облысы да өңдеу өнеркәсібіне баса назар аударған. Қазіргі күні өңірде 544 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде, 523 шағын, 15 орта және 6 ірі кәсіпорын. Өңірдің бұл саладағы даму динамикасында оң үрдіс сақталған.

Облыста өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 521,7 млрд теңге. Өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 111,1% құрады. Атап айтқанда, тамақ өндірісі – 17,8%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 3 есеге, химия өнеркәсібі – 5,5%-ға, мұнай өнімдерін өндіру – 19,6%-ға, дайын металл бұйымдарын өндіру – 31,9%-ға, машина жасау саласы – 7,7%-ға өскен. 

Қаржы экономиканы дамытудың негізгі тетігі екенін Жамбыл облысында атқарылып жатқан көп шаруа айқын көрсетендей. Қаржы көздерінің көрсеткіштеріне сүйенсек, өңірде инвестициялық қаржының өсімі анық байқалады. Мәселен, 2022 жылы мынадай инвестициялық жобалар іске асырылды: 

1. «Қаратау Про» ЖШС – «Майда ұнтақталған мәрмәр толықтырғыш өндіретін зауыттың өндірістік қуатын ұлғайту». Жобаның құны – 1081 млн теңге, жылдық қуаттылығы – 127 мың тонна. 25 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. (Талас ауданы).

2. «Alina Group» ЖШС – «Өндірістік алаңын кеңейту және жаңғырту». Жобаның құны – 7310 млн теңге, жылдық қуаттылығы – ПГП 107,7 мың м2, сылауға қажетті материалдар және клей 147,8 мың тонна, гипс 31,7 мың тонна. 320 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. (Тараз қ.).

3. «Turan Industry» ЖШС – «Табиғи тастан плиталарды, қаптауға арналған тақтайшаларды өндіру бойынша зауыт салу». Жобаның құны – 500 млн теңге, жылдық қуаттылығы – 130 мың шаршы метр. 28 жаңа жұмыс орны ашылады. (Мойынқұм ауданы).

4. «Ерсад-2021» ЖШС – «S (спанбонд) , SS, SMS, MB (мельтблау) тіптегі тоқыма емес маталар өндіру қойма-цехының құрылысы». Жобаның құны – 1652 млн теңге, жылдық қуаттылығы – 4,2 мың тонна. 40 жаңа жұмыс орнны ашу жоспарлануда. (Жамбыл ауданы).

5. «Қордай Корм» ӘКК– «Өндірісті кенейту, құрама жем өндіретін жаңа қондырғы енгізу жобасы». Жобаның құны – 40,7 млн тенге, жылдық қуаттылығы – 100 тонна. 12 жаңа жұмыс орыны ашылады деп жоспарлануда. (Қордай ауданы).

6. «Япоша» ЖШС – «Кептірілген нан өндеу жобасы». Жобаның құны – 120 млн теңге, жылдық қуаттылығы – 1000 тонна. 15 жаңа жұмыс орны ашылады. (Жуалы ауданы).

7. «Eco-Chiken» АӨК – «Кіші құс фабрикасын салу». Жобаның құны – 440 млн теңге, жылдық қуаттылығы – 1030 тонна. 55 жаңа жұмыс орыны. (Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары).

8. «Казфосфат» ЖШС – «Минералды тынайтқыштардың өндірісін 1 млн тоннаға дейін жеткізу жобасы». Жобаның жылдық қуаты – 1 млн тонна минералды тыңайтқыштар. Құны – 45600 млн теңге. 100 жаңа жұмыс орыны ашылады. (Тараз қаласы).

2022 жылдың қаңтар-қазан айларында негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 311681 млн теңгені құрап, 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 3,1%-ға өсті.

2022-2025 жылдары жалпы құны – 2,1 трлн теңгеге инвестициялық 75 жоба іске асырылады деп күтілуде. Қазір әр жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қазіргі күні Жамбыл облысында «Бизнеске арналған үкімет» фронт кеңсесінде өңір басшысының төрағалығымен құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 57 (34 – жаңа, 23 – іске асыру барысындағы жоба) инвестициялық жоба қаралып, тиісті шешімін тапқанға дейін тұрақты бақылауға алынды. Жалпы жобалар бойынша берілген 143 тапсырманың 101-і орындалды. Ал 42-сі орындалу үстінде. 

Тау-кен өнеркәсібі

Жамбыл облысында тау-кен өндіру өнеркәсібі саласындағы өндірілген өнім көлемі 84,4 млрд теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 98% құрайды. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлеміндегі үлес салмағы 11,8%. Ал өңірдің еліміздегі тау-кен өндіру өнеркәсібі саласындағы үлесі – 0,4%.

Саланың 63,8%-ға жуық негізгі үлесін Сарысу ауданының кәсіпорындары, 12,1%-ын Талас ауданының кәсіпорындары, 9,5%-ын Мойынқұм ауданының кәсіпорындары, ал 14,6%-ын облыстың қалған 7 ауданының жиынтығы құрайды.

Өңірдің кен өндіру секторында «Казфосфат» ЖШС, «Шолақтау» ТӨК және «Қаратау» ТӨК – фосфор шикізатын өндіру, «ЕвроХим-Удобрения» ЖШС – ұсақталған фосфат шикізатын өндіру, «Алтыналмас» АК» АҚ – құрамында алтыны бар кендерді өндіру, «Жамбылгипс» АҚ – гипс өндіру, «АмангелдіГаз» ЖШС – табиғи газ және газ конденсатын өндіру және т.б. ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.

Металлургия өнеркәсібі 

2022 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Жамбыл облысында аталған сала бойынша 70,8 млрд теңгеге өнім өндіріліп, НКИ – 98,9% құрады. Өңдеу өнеркәсіп құрылымындағы үлесі – 13,6%.

Саланың негізгі кәсіпорындары – ферроқорытпалар өндірісі бойынша «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС, бағалы металдар (алтын және күміс) өндіретін «АК Алтыналмас» АҚ, алтын және күміс өндіретін «Golden Compass Capital» АҚ, болат құю бұйымдарын өндіретін «Запчасть» АҚ. 

Аталған мерзімде 23 151 тонна ферросиликомарганец, 1 984,1 кг алтын өндірілді.

Тау-кен өндірісі және металлургия салаларының соңғы жылдары ел экономикасының маңызды саласына айналып отырғаны сөзсіз. Осы орайда, өңір металлургия саласындағы өдіріс ошақтарын жаңаша түлетуге қадам жасаған. Мәселен, «Алтыналмас» АҚ өз базасында «Цифрлық кеніш» жобасын жүзеге асырды. Жобаның мақсаты – цифрлық инновацияның көмегімен өнімділікті арттыру және шығыстарды 15%-ға дейін азайту. Ал өңірдегі «Тараз арматура зауыты» ЖШС – «Құрылыс арматурасының өндірісі» жобасын қолға алған. Жобаның құны – 2177 млн теңге. Оның жылдық қуаттылығы – 200 мың тонна. Жоба бойынша жаңа орынға 25 маман тарту көзделген.

Ауыл шаруашылығы  

Ауылдың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеру үшін жергілікті жердегі кәіпкерлікті дамыту қажет. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын көтеруге септігін тигізеді. Жамбыл облысы да ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру және агроөнеркәсіпті дамытуда тиімді жұмыстар атқарды. Мәселен, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру» аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға – 30,3 млрд теңге бөлінді. Жыл басынан бері осы салада 526,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 39,5%-ға артты.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 18,9 млрд теңге, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,7 млрд теңге инвестиция тартылды.

Биыл өңірде жалпы құны 19,2 млрд теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылып, 324 адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында 4,8 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 121 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, Жамбыл облысының даму жоспары аясында 2,2 млрд теңгені құрайтын 59 кіші инвестициялық жобалар іске қосылып, 209 адам жұмысқа тартылған.

2022 жылы облыстың түрлі дәнді-дақылдар алқабы 756,2 мың гектарға жетіп отыр. 371,0 мың гектар жерге бидай тұқымын сіңірген диханшылар әр гектарына 17,1 центнерден өнім жинады. 633,4 мың тонна астық бастырылды. Биыл өңірде 72,7 мың гектар жерге көкөніс дақылдары егіліп, одан да мол өнім алынды. Нақтырақ айтсақ, 1,5 млн тоннадан астам көкөніс пен 524 мың тонна бақша дақылдары жиналған.

Биыл 5,5 мың гектар жерге қант қызылшасы отырғызылды. Жоғарғы сұрыпты тұқым себудің арқасында өңір мол өнімге кенелді. Рекордтық көрсеткіш десе де болады. Яғни, гектардан алынған тәтті түбір 500,0 центнерді құрап отыр. 

Еліміздің тиімді географиялық орналасуы және жер ресурстарының мол қорын қамти алсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінінің өндірісін еселеуге болады. Ол үшін әрине, алдымен қолдау қажет. Бұл орайда Жамбыл облысында үлгі болар істер бар. Анығын айтсақ, осы жылдың өткен он айында өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 24,5 млрд теңгеден астам мемлекеттік қолдау көрсетілген. Оның ішінде, егіншілікпен айналысатын 1451 шаруашылыққа 3,0 млрд теңге, ал, кәсібін мал өсіруге бағыттаған 5 265 шаруаға 10,6 млрд теңге субсидия берілді.

Өңірдегі қайта өңдеу саласы да қолдауға ие. Мәселен, 17 шаруашылыққа 856,9 млн теңге берілсе, 804 агроқұрылымға 6,8 млрд теңге инвестициялық субсидия төленді. Бұдан бөлек, несие және лизинг бағыттары бойынша 3470 шаруаға 2,7 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді.

Өңірде ет пен сүт те өндіріледі. Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы өндіретін жалпы өнімнің 52%-зы мал шаруашылығына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 1,0%-ға, сүт өнімдері – 1,8%-ға өсті. Өңір жыл басынан бері 1,5 мың тонна ет экспорттады.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау 

Мемлекеттік саясат – халықты лайықты жұмыспен қамтуға бағытталуы тиіс. Сосын негізгі басымдығы – әділ еңбекақыға негізделуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген еді. Осы орайда Жамбыл облысында 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 47 584 адам қамтылып, 3,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. 2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 8974 отбасындағы 46 975 адамға тағайындалып, 8 561 отбасындағы 44 752 адамға 2 798,5 млн теңге төленді. 

Кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 13 110 бала қамтылу жоспарланған, барлығы 805,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. 

Қаңтар-қазан айлары аралығында кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12 195 бала қамтылып, 524,1 млн теңге төленді. Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуге 1 322 бала үшін 42,4 млн теңгесі тағайындалып, төленді. Тұрғын көмегі бойынша 3 300 отбасындағы 13 937 адамға 108,9 млн теңге төленді.

Азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, бағаны тұрақтандыру шаралары 

Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында қажетті шараларды қолға алған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 21,3%-ды құрады. Статискалық мәліметтерге сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарлардың инфляциясы соңғы аптада 0,2% құрады. Облыс бойынша мониторгингтік жұмыстар 1402 дүкеннің 1359 (97%) дүкенін тексерді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 204-4 бабына сәйкес сауда үстемесін бұзғаны үшін 4 сауда нүктесіне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 24 сауда нүктесіне хаттамалық ескерту берілді.

Жыл басынан бері 490 ірі тауар өндіруші және сауда орындарымен үстемені 15% асырмау туралы меморандум жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасын табады.  

Өңірдегі 155 ірі сауда орындарына 2792 тонна делдалсыз 9 тауар түрі (ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, рожки, жұмыртқа, тұз, қант және айран) бойынша тікелей жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ өңірде жыл басынын бері 532 жәрмеңке өткізілген.

Шағын және орта бизнесті дамыту 

Мемлекет басшысы алға қойып отырған міндеттердің бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Расында да, кәсіпкерлікті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғырудың бастауы. Бұл сала жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Қазіргі күні Жамбыл облысында шаған және орта бизнестің 87 096 субъектісі жұмыс істеп тұр.

Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 121,4% өсті. Сонымен қатар жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 2021 жылдың қорытындысы бойынша 25,9%-ды, ал жалпы қосылған құн көлемі 585 655 млн теңгені құрады. 2022 жылдың 2-тоқсанында шағын және орта бизнес үлесі 18,0% ал жалпы қосылған құн көлемі 189 850 млн теңге болды.

2022 жылдың 2-тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 311,3 млрд теңгенің өнімі (жұмыс, қызмет) өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 113,4%-ды құрады.

Өңірде инвестиция тарту мәселесі де жүйеленіп қалған. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 311,7 млрд теңге инвестиция тартылдын. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға өсті. Оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты – 88,6 млрд теңгені, өзіндік қаражат – 180,0 млрд теңгені, банк несиелері – 7,4 млрд теңгені, басқа да қарыздар – 35,6 млрд теңгені құрайды.

Өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 1635,6 млрд теңгені құрайтын 38 өнеркәсіптік-инновациялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы жылы 57,2 млрд теңгеге 558 жаңа жұмыс орынын ашуға мүмкіндік туғызатын 9 жоба іске асырылуда.  

Өңірдегі жолдардың жай-күйі

Жамбыл облысының тұрғындары үшін жол мәселесі әрдайым өзекті. Өңір аумағындағы автокөлік жолдары 10 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде:

– республикалық маңызы бар автокөлік жолдары – 1198 шақырым;

– облыстық маңызы бар автокөлік жолдары – 1756,2 шақырым;

– аудандық маңызы бар автокөлік жолдары – 1383,3 шақырым;

– елді мекен көшелерінің желісі – 5662 шақырым.

Жергілікті маңызы бар автожолдар мен ауыл көшелерінің жағдайын жақсарту мақсатында 2022 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен б 16,2 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде, 8,3 млрд теңге – республикалық, 7,9 млрд.теңге – жергілікті бюджеттерден. Бөлінген қаржылар есебінен 9,4 шақырым жол жаңартылып, 605,2 шақырым жол жөндеуден өтті. 

Жыл қорытындысы бойынша «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткіші 97%-ды /2021ж – 95%/ құраса, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 82%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Жұмыспен қамту

Өңірде жұмыссыздық мәселесі де өзекті болып қалуда. Халықты жұмыспен қамту үшін түрлі бағдарламалар мен жобалар қабылданып жатыр. Мұндай бағдарламаларды Жамбыл облысы да іске асырады. Өңірде жыл басынан бері 15,3 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 3,5 мыңы тұрақты. Бұл туралы өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Осы кеңесте облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының осы жылдың 8 айында атқарған жұмыстары қаралды.

Аталған басқарма басшысы Еркін Келесов өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселелері биылдан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылып жатқанын алға тартты. Осы ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 49 500 адам тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан бері жоспар 96,9%-ға орындалып, 47 983 адам белсенді шараларға тартылды. Алайда, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспары Мойынқұм ауданында бар болғаны 71,8%-ға, Талас ауданында – 79,8%-ға, Сарысу ауданында 82,2%-ға ғана орындалды.

Басқарма басшысының айтуынша, жұмысқа орналастырудың жылдық жоспары 40 337 адам болса, өткен 8 айда 31 249 адам жұмысқа тартылған. Жоспар 77,5%-ға орындалған.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы 101,6%-ға, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы 51,7%-ға, «Күміс жас» жобасы 75,1%-ға орындалған.

«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыту жұмыстары осы жылдың 25 шілдесінен басталған. Есепті кезеңге облыс бойынша онлайн оқыту курстарына 14 460 адам жолданып, 10 881 адам оқуларын аяқтады. Сонымен қатар ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 2 630 адамға 400 АЕК мөлшерінде 3 345,4 млн теңге мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды беру қарастырылды. Есепті кезеңге облыс бойынша 396 адамға 485,2 млн теңге қайтарымсыз гранттар берілді.

Цифрландыру және инновацияларды енгізу  

1. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасы; Аталған ұлттық жоба 44 көрсеткішті қамтып отыр. 16 көрсеткіште жергілікті атқарушы органдар бірлесіп орындап жатыр. Айта кетейік, облыстың даму жоспарына 12 көрсеткіш еніп отыр.

2. «Amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы: Республикалық Жол картасының 362 тармағы болса, Жамбыл облысына қатыстысы 32-тармақ. Соның ішінде цифрландыру бойынша 8 тармақ бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

3. «Ақылды» қалалардың эталондық стандартына сәйкес жобаларды іске асыру бағыты. Мұндағы мақсат – қалалық қызметтің жұмыс тиімділігін арттыру және елімізде ақылды технологияларды енгізу. Осы орайда «Smart City» тұжырымдамасы әзірленіп 2022 жылға өзектендірілуде.

Ұлттық жобада да, «Аманат» партиясының жол картасында да барлық облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда ақылды қалалардың эталондық стандарты тұжырымдамасын іске асыру бойынша міндеттер бар. Жоғарыда көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында, әкімдік «SmartCity» стандарты аясында Тараз қаласы мен Жамбыл облысында бірқатар әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруда.

Жобалар:

1. Жамбыл облысының өңірлік геоақпараттық жүйесі;

Бүгінгі таңда орталық мемлекеттік органдардың бағалауына сәйкес Жамбыл облысындағы Өңірлік геоақпараттық жүйенің дайындығы 100%-ды құрайды. Геопорталға 14 мемлекеттік қызмет кіреді. Сәулет және қала құрылысы саласында 6 мемлекеттік қызмет және жер қатынастары саласында 8 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді.

2. Тараз қаласындағы «Tulparcard» мобильді қосымшасы, ақылды аялдамалар;

Таразда қоғамдық көлікте электрондық төлеу жүйесі енгізілді. Бұл жүйе барлық қоғамдық көліктерде орнатылған. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 24 қараша аралығында 2 721 300 605 теңгеге 34 645 514 сапар жасалды. Оның ішінде қолма-қол ақшасыз тәсілмен 34 051 482 сапар төленген, бұл барлық сапарлардың 98%-ын құрайды.

Сонымен қатар Тараз қаласының 10 аялдамасында «ақылды аялдама» жобасы іске асырылды.

3. Жамбыл облысының ауылдық елді мекендерін интернетпен қамтамасыз ету;

Сымды интернет бойынша:

Жамбыл облысында барлығы 371 елді мекеннің 183-і талшықты -оптикалық байланыс желісімен қамтылған. Енді қамтылмай тұрған 188 елді мекен бар. Өңірде 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген. Жалпы 74 елді мекенде 183 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілетін болады.

Мобильді интернет бойынша:

Бүгінгі таңда 367 ауылдық елді мекеннің 62 (16,89%) – 2G, 170 (46,32%) – 3G төмен жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Қалған 135 елді мекенге (36,7%) – жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернет жеткізіледі. 2022 жылғы жоспар бойынша 2G мобильді интернетпен 49 (13,4%) елді мекен, 3G мобильді интернетпен 155 (42,2%), жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетпен 163 (44,4%) елді мекен қамтамасыз етілетін болады.

Қазіргі таңда мобильді операторлар жалпы жоспарланған 87 елді мекеннің 74-інде 3/4G мобильді байланысын қамтамасыз етті.

4. «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметі

«Jambyl 109» қызметі бүгінгі таңда 300-ден астам мекемемен меморандум жасасты. Тұрғындар «Jambyl 109» қызметіне өтінімді облыстың кез келген нүктесінен өтініш қалдыра алады. Күніне 180-250 өтініш қабылдауға мүмкіндік бар. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Jambyl 109» қызметіне облыс тұрғындарынан барлығы 46 714 өтініш келіп түскен, оның ішінде 46 320 өтініш толық қанағаттандырылған.

Туризмді дамыту 

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Туризмді дамыту арқылы еліміздің экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Жамбыл облысында да туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық жағдайлар жеткілікті. Сондықтан болар өңірде туризмнің өріс алуына ерекше көңіл бөлінген.

Бүгінгі таңда өңірге шетелдік туристерді тарту үшін Тараз қаласы абаттандырылуда. Жаңа бір көрініс тапқан саябақтар, скверлер, көпірлер, ескерткіштер қала меймандарын қызықтырары сөзсіз. Облыс туризмінің дамуына жаңа серпін беру үшін заманауи архитектуралық сәулет өнерінің туындыларын насихаттауды да қолға алған. Тараз қаласында ашылған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені, «Жастар аллеясы» атты жаңа демалыс орны, «Желтоқсан толқыны» аллеясы, «Үшбұлақ» каналынан «Зербұлақ» көліне дейін созылған жағалау туризмді дамытуға үлкен септігін тигізері анық.

Өткен жылы ашылған «Тектұрмас» этно-тарихи кешені көне қала бейнесіндегі ортағасырлық түркі елдерінің Тараз өңіріндегі киелі орны, бүкіл түркі әлемінің тарихын бейнелейтін тарихнама болып есептеледі. Мұнда Тараз қаласының басты символы – Ұлы «Әулие-Ата» бабамыздың ескерткіші орнатылды.

Соңғы жылдары облыстағы ірі туристік аймақтардың ашылуы, туристік бизнес өкілдерімен ұсынылып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі ішкі туристік ағындардың өсуіне өз септігін тигізіп отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы өңірге 127 162 адам саяхаттап келген. Оның 1 386-і шетел азаматтары.

Қазіргі таңда облыста жалпы құны 12,0 млрд теңгені құрайтын туристік 5 жобаны іске асыру үшін инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Ірі инвестициялық жобаларға «Қаралма» тау-шаңғы кешені, «Көксай» этно-туристік кешені, «Таскөл» демалыс орталығы, «Ақжол» этно-туристік кешені және Алмалы шатқалындағы демалыс аймақтары жатады.

Білім беру

Жамбыл облысында 2022 жылы білім беру жүйесін қаржыландыру үшін 236,6 млрд теңге бөлінді. Өңірде 567 мектепке дейінгі ұйымдарда 59 017 бала тәрбиеленуде. Ал, облыстағы 445 күндізгі мектепте 237 632 оқушы білім алып жатыр.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету жұмыстар да облыста жүйелі жүргізіліп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі 7 922 баланың 6 233 оқумен қамтылған:

  • Мектепке дейінгі 86 мекемеде 2543 бала инклюзивті тәрбиеленуде;
  • 443 орта мектепте 1133 бала инклюзивті біліммен қамтылған;
  • Арнайы 4 түзету мектеп-интернаттарда - 523 бала;
  • Жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда– 294 оқушы;
  • 1539 бала үй жағдайында оқытылуда;
  • кәсіптік-техникалық колледждерде мүмкіндігі шектеулі 201 бала білім алуда.

Облыстағы осы бағытта жұмыс істейтін 29 арнайы мекеме мен кабинеттер бағдарламаларын одан әрі жандандыруда.  

Жамбыл облысында да қатарының алды болған талантты балалар жетерлік. Олар оқушылар арасындағы халықаралық және республикалық білім олимпиадалары мен ғылыми ізденіс жобаларында жүлделі орындарға ие болғандар. 

Дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты республикалық пән олимпиадасының нәтижесі бойынша 16 жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атанды. 

Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жүргізілген жұмыстар да табыссыз емес. Оған айғақ, соңғы 10 жылда облыстың 38 педагогі «Үздік педагог» атағын иеленді. Сондай-ақ республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын қашықтық пән олимпиадаларында Жамбыл облысының ұстаздары 1-ші орынды иеленіп, көш бастап тұр.  

Денсаулық сақтау

Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласында да жаңа белес бар. Айта кету керек, өңірде осы саланы дамыту, медициналық емдеу және аурудың алдын алу, дәрігерлік қызмет көрсетудің сапасын арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар қолға алынған. Жалпы облыс бойынша бүгінгі күнге 456 медициналық нысан жұмыс істейді. Ал, мемлекеттік жүйедегі 389 нысанның 26 аурухана, 23 бастапқы медициналық санитариялық көмек ұйымы, 1 санаторий, 3 реабилитациялық орталық, 122 дәрігерлік амбулатория, 53 ФАП, 152 медициналық пункт, 5 медициналық қызметкер және әр түрлі тағы 5 медициналық ұйым. Одан басқа 2022 жылы облыста паталогоанатомиялық бюро жұмысы іске қосылды.

Өңірдегі емдеу мекемелерінде медициналық маман тапшылығы кезең-кезеңімен шешімін табуда. Денсаулық сақтау саласын дамыту мен медициналық емдеу және алдын алу қызмет көрсету сапасын арттыру бағыттарының бірі – цифрландыру.

2022 жылы өңірде 6 емдеу орталығы ашылды. 2023 жылы тағы 4 медициналық нысанды ашу жоспарланып отыр. Облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендер де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 2022 жылы жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын 26 медициналық нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір қуантарлығы Тараз қаласында облыстық көпбейінді онкологиялық және хирургия орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін халық игілігіне пайдалануға берілмек.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде бірнеше денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған бөлінген қаржы көлемі – 473 522,3 мың теңге.

Алдағы 2023 жылы 14 нысанның құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар. Ол Меркі ауданының гинекология, ЦСО, инфекциялық, балалар, қабылдау бөлімшелерін қайта құру жобасы, Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында ауысымына 45 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория ғимаратын салу, Жуалы ауданы, Б. Момышұлы ауылындағы медициналық нысанның құрылысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында бір ауысымда 250 келушіге арналған орталық аудандық емхана салу көзделген.

Өңірдегі барлық елді мекендерді нормативтерге сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2023-2024 жылдарға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Сондай-ақ бұл жобаға денсаулық сақтау саласының 30 нысанының құрылысы енгізілді. Осыған орай 2023 жылға жоспарланған 12 нысанның ЖСҚ құжаттары әзірленіп жатыр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасына сәйкес өңірдегі 32 орталық аурухананы жаңарту жоспарланған.

Медициналық техникамен жарақтандыру мақсатында 2019 жылы жергілікті бюджеттен 4,1 млрд, 2020 жылы 4,2 млрд, 2021 жылы 750 млн, 2022 жылы 2 млрд тенге игерілген. Бүгінгі күні КТ аппараты облыс бойынша 19, оның бесеуі аудандық ауруханаларға қондырылған, 11 МРТ аппаратының үшеуі аудандарға орналастырылған. Одан өзге соңғы жылдары көп бейінді қалалық ауруханасына ЭУВЛ және лазерлік литотриптер алынды.

Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 2022 жылдың 10 айында 8 968,6 мың теңгеге амбулаториялық деңгейде дәрілік заттар алынған. Сондай-ақ 9 млрд 766 млн теңгеге стационарлық деңгейде дәрілік заттар келіп түскен. Облыс тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту 

Жамбыл облысындағы 371 елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні бірнеше шақырымға газ құбыры тартылып, газ реттегіш жәшігі орнатылуда. Биыл бюджеттен бөлінген 11,9 млрд теңгеге 18 газдандыру нысанының құрылысы жүргізілді. Нәтиже бар, яғни осы жылы 274 елді мекен (73,9%) немесе 1 029,3 мың адам (89,5%) табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.

Таза ауыз су – денсаулық кепілі. Ауыз су елімізде өршіп тұрған мәселелердің бірі екені белгілі. Мемлекет тарапынан бұл мәселені шешу үшін түрлі шаралар іске асырылып жатыр. Қарапайым халықтың суға зар болып отырғанына билік тарапы да алаңдаулы. Осы мәселені шешуге өңірлер де атсалысып жатыр. Мұндай игі жұмыстар Жамбыл облысында да атқарылып жатыр. Өңірдегі 371 елді мекенді 2025 жылға дейін 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтудың жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда:

Қалаларда: 2022 жылы – 92,4 %, 2023 жылы – 97,5 %, 2024 жылы – 98,8 %, 2025 жылы – 100 %.

Ауылдық елді мекендерде: 2022 жылы – 94,6%, 2023 жылы – 96,5 %, 2024 жылы – 98,3 %, 2025 жылы – 100 %.

Өңірдің кейбір елді мекендерінде электр қуатының сапасы төмен. Осыған орай электр энергетикасын дамыту Жамбыл облысының 2030 жылға дейінгі электр желілерін дамыту схемасына сәйкес жүзеге асырылады. Схема электр энергиясын тұтыну деңгейін, электр желілерін және қосалқы станциялардын құрылысын қамтиды. 

Жамбыл облысында жалпы қуаты 1 587,8 МВт құрайтын 20 нысан электр энергиясын өндірумен айналысады. Негізгі электр энергиясын өндіруші ұйым «Жамбыл ГРЭС» АҚ, орнатылған қуаттылығы – 1 107 МВт.

2022 жылы облыста 5,1 млрд кВтсағ электр энергиясын өндіру көзделуде. Бұл өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда көлем 57%-ға артады. Бұған басты себеп болып отырған «Жамбыл ГРЭС» АҚ. Ол ағымдағы жылы өндіріс қуаттылығын 2 есеге ұлғайтуда. Соның арқасында өңірдегі электр қуатының сапасы жақсарып келеді.

Өңірдегі 18 нысан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы 437,8 МВт электр энергиясын өндіріп отыр. Тиімділігі өте мол. Бұл республикалық көрсеткіштің 20%-ын құрап отыр. Мәселен, 2021 жылы қуаты 100 МВт болатын Жаңатас жел электр станциясы және қуаты 9,2 МВт Тасөткел су электр станциясының 2-ші кезегі іске қосылған болатын. Ал биыл облыста қуаты 50 МВт «AEC ASA» күн электр станциясы іске қосылды. Өңір электр қуатының сапасын арттыруда осы жұмыстармен ғана тоқталып қалмайды. Жыл соңына дейін Талас ауданында әрқайсысы 4,5 МВт-тық 3 жел электр станциясын пайдалануға беруді жоспарлап қойған. Егер бұл іске қосылса облыстағы баламалы энергия көздерінің қуаттылығы 451,3 МВт-қа жететін болады.

2022 жылдың 10 айында облыста өндірілген 3,8 млрд кВтсағ электр энергиясының 23%-ы баламалы энергия көздері арқылы өндірілген. Жаңартылған энергия көздерін дамыту, яғни, күн, жел, су электр станцияларын орнату әлеуеттерін нақтылап, 2030 жылға дейінгі болжам картасы әзірленді. Бұл жоба орындалып жатса, облысты сапалы электр қуатымен қамтамасыз етеді.

Өңірдегі жылу беру маусымына Жамбыл облысы жақсы дайындықпен келді. Қыс маусымына дайындық барысында арнайы штаб құрылып, дайындықтың жүйелі жүргізілуін қадағалады. Нәтижесінде облыс қазан айының 10-ында барлық нысандар мен тұрғын үйлерге жылу берді. Қазіргі күні облыста бірнеше жылу энергетика кәсіпорны бар. Сонымен қатар автоматты 565 қазандық орнатылған. Оның 312-і табиғи газбен, 242 көмірмен, 10-ы дизель отынымен және біреуі электр қуатымен жылытылады.

Жалпы аталған жылу көздерімен 1 650 көпқабатты тұрғын үй, 782 білім, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысандары жылумен тұрақты қамтамасыз етілуде. Барлық отын-энергетика кешендерінің диспетчерлік қызметтері тәулік бойы жұмыс атқарып жатыр. Температуралық кестенің сақталуы тұрақты бақылауға алынған.

Елімізде құрылыс саласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және реформалау жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттары белгілі. Бұл орайда Жамбыл облысы да жүйелі жұмыстарды қолға алған. Мәселен, 

2011-2021 жылдар аралығында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында жалпы 485 үй жөндеуден өткен. Бұл жұмыстарға 13 млрд 104 млн теңге жұмсалды. Атап айтсақ:

  • республикалық бюджет есебінен – 8 559 млн теңгеге 309 үй;
  • жергілікті бюджет есебінен – 1 473 млн теңгеге 53 үй;
  • қайтарым қаражат есебінен – 3 071 млн теңгеге 123 үй.

Дегенмен, облыстағы 4 қала мен Т. Рысқұлов ауданында жөндеу жұмыстарын қажет ететін көп пәтерлі үйлер аз емес. Бірақ, назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде 2023-2026 жылдары облыс аумағында жөнделетін үйлердің жоспары әзірленген. Сондай-ақ 2023 жылы жөнделу керекті көп пәтерлі 59 үй бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетіне бюджеттік өтінім жолданған.

«Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде баспанамен қамтамасыз ету жиі көтеріліп жүрген мәселелер. Осы мәселені шешу үшін Жамбыл облысы Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлкеттік бағдарламаны жүйелі жүргізіп келеді. Осы бағдарлама аясында аясында 38 нысанның құрылысы жүргізілді. 1688 пәтерлі 24 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларға республикалық бюджеттен бөлінген 1,6 млрд тенге қаражат есебінен 212 пәтер сатып алынды.

2020 жылы бюджеттен барлығы 24,5 млрд қарастырылып, өңірдегі 3822 пәтерлі 66 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 2131 пәтерлі 38 үй пайдалануға берілді. 

2021 жылы бюджет көздерінен тұрғын үй құрылысына 16,6 млрд теңге бөлініп, 5361 пәтерлі (385,6 мың м2) 88 көп қабатты үйдің құрылысы жүргізілді, пәтер кезегінде тұрғандардың біразы қоныс тойын тойлады.

2022 жылы көпқабатты 41 үй пайдалануға беріліп 2 241 отбасы баспанамен қамтылды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға республикалық бюджеттен бөлінген 921,3 млн теңгеге 94 пәтер сатып алынды.

2022 жылы бюджет қаражаты есебінен 24,7 млрд теңгеге 4 388 пәтерлі 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде: 680 пәтерлі 11 арендалық, 3 648 пәтерлі 56 кредиттік және 60 пәтерлі 1 пилоттық жоба бар.

Жыл соңына дейін 3 120 пәтерлі 47 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Атап айтқанда:

  • Тараз қаласында – 2440 пәтерлі 36 кредиттік, 300 пәтерлі 5 арендалық үй;
  • Қордай ауданы – 300 пәтерлі 5 арендалық үй;
  • Т. Рысқұлов ауданында – 80 пәтерлі1 арендалық тұрғын үй;

Бұқаралық спорт 

Өңірде бұқаралық спортты дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлінген. Қазір, салауатты өмір салтын жаппай ұстануды қалайтындар көп. Кез келген отбасы балаларын арнайы спорттық үйрмелерге беруге тырысады. Сондықтан болар Жамбыл облысы осы салаға баса назар аударған. Өйткені, 2022 жылдың 3-тоқсанында өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 435,3 мың адамға жеткен. Бұл облыс тұрғындарының 37,8%-ы. 2025 жылға дейін аталған көрсеткішті 50%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 

Өңірде салынып, пайдалануға берілген спорт кешендері халықтың игілігі үшін жұмыс істеуде. Себебі, бұқаралық спортты дамытудың алғышарттарының бірі – спорттық ғимараттарға қолжетімділік. Жамбыл облысы да көштен қалған жоқ. Бұқаралық спорт жұмыстарына тың серпін беру үшін 2021 жылы қосымша 96 спорт нұсқаушы штаттық бірліктері енгізілген болатын. Ондағы мақсат хлықты бұқаралық спортқа тарту. Қазір 233 нұсқаушы бар. 

Облыста бой көтеріп жатқан жаңа ғимараттар өңірдегі спортты дамытуға үлкен септігін тигізуде. Атап айтсақ: өткен жылдың өзінде облыста дене шынықтыру-сауықтыру мақсатын 11 спорт кешенінің құрылысы басталғанды. Оның бесеуі бүгінде қолданысқа берілген. Қалған 6 кешеннің құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Өңір бұл саладағы құрылыс жұмыстарын одан әрі жалғастырады. 2022 жылы да елді мекендерде осындай кешендердің құрылысы басталды. Жалпы 2025 жылға дейін 45 спорт нысанын салу жоспарда бар.

Осы жылы халықтың 56,9%-ын спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек. Ал 2025 жылға дейін аталған көрсеткішті 61%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінде өңірде 2 836 спорт нысаны бар. Оның ішінде 2 834 спорт нысаны тұрғындар үшін қолжетімді болып отыр. 646-ы Тараз қаласында, ал, 2 188-і аудандарда орын тепкен. Жамбылдықтар спорттық шараларға белсенді. Сондықтан болар өңірде шаралар жиі өткізіледі. Оған дәлел, 2022 жылдың 10 айында облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы 2347 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 226,0 мың адам қатысқан. Сонымен қатар осы жылы ұйымдастырлыған «Аула ойындары – 2022» және «Көше ойындары – 2022» спорттық фестивалдері де көпшіліктің көңілінен шықты. 

Жыл соңына дейін салауатты өмір салтын насихаттау бағытында өткізілген спорттық іс-шаралар санын 3 000-ға жеткізу жоспарлануда.

Жалпы Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің он айдағы көрсеткіштер барлық салада ілгерлеушілік бар екенін көрсетіп отыр. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу