Дәурен Абаев Ақмола облысы тұрғындарының сауалдарына жауап берді

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында халықпен кездесу өткізіп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді. 

Сонымен қатар ведомство басшысы мәдениет, спорт, туризм және архив ісі саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Туризм

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, жыл соңына дейін ішкі туристер саны 8 миллион адамнан асады.

«Салыстыру үшін, 2020 жылы ел бойынша барлығы 4,5 миллион турист тіркелген. Әрине елімізге келетін шетелдік азаматтар санының өсуі байқалады. Жыл соңына қарай олардың саны 700 мыңнан асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Біз 25 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірдік. 74 ел үшін визасыз режим жаңартылды, құрлық шекаралары ашылды», — деді ол.

Ақмола облысы еліміздегі туризм өсімінің негізгі драйверлерінің бірі. Биыл өңірде туризм саласында жалпы сомасы 17,6 млрд теңгені құрайтын 75-ке жуық жоба іске асырылып отыр.

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесіне сай 364 жұмыс орны құрылды. Ал жыл соңына дейін 904 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Елімізде ішкі туризмді насихаттау мақсатында «Neo Nomad 2022» ауқымды акциясы өткізіледі. Жыл бойы 20 туристік фотоспатта суретке түскен турист «Neo Nomad 2022» заманауи көшпенді атағын алады. Сондай-ақ 20 орынға барған туристер бағалы сыйлықтарға ие болады.

Сонымен қатар жыл соңына қарай «Aqbura Resort» заманауи курортының құрылысының 1-кезеңін аяқтау жоспарлануда. Қазірдің өзінде «Wyndham Garden», «Қарағай орманы», «Орман» жайлы қонақ үйлері пайдалануға берілді.

Дәурен Абаев биыл шілде айында бірегей Pikeman жарысы өткенін еске салып өтті. Спортшылардың ашық суда жүзу бойынша жиыны өңірдегі ауқымды шаралардың біріне айналды. Оған Испания, Канада, АҚШ, Чехия, Оңтүстік Африка, Беларусь, Украина, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия өкілдері қатысты.

Мәдениет 

Қазақстанда мәдениет және архив қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша көптеген шара жүзеге асырылып жатыр. 

Дәурен Абаевтың айтуынша, биылдан бастап мәдениет, архив ісі ұйымдарының барлық санаты қызметкерлерінің жалақысын 2025 жылға дейін орта есеппен 20% жыл сайын арттыру көзделген. Еліміздегі «Ұлттық» статусына ие мәдениет саласындағы ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ға артты. 

Сонымен қатар әдебиет саласында бірқатар ауқымды іс-шара қолға алынды.  

«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы – әдебиет, баспа ісі, аударма бағыты бойынша берілетін әдеби сыйлық. Әр жеңімпазға 5 миллион теңге сыйақы қарастырылған. Сыйлық «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік балалар әдебиеті» сияқты 7 номинация бойынша табысталады..

Номинациялардың ішінде ерекше жарияланып отырған аталым – «Үздік комикс». «Үздік әдеби аударма», «Үздік кітап дизайны» номинациялары да бұрын көп қамтылмаған аталымдар. 

Сондай-ақ «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы 3 мың тиражбен басылып шығады. Бұл серия отандық авторларды, шығармалары еш жерде жарық көрмеген қаламгерлерді қолдауға бағытталған. 

Президенттік әдеби сыйлық – 2023 жылдан бастап 19 бен 29 жас аралығындағы жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға арнайы берілетінін премия.

Бұдан басқа, мәдениет және спорт министрі өңірлерде жыл сайын кітап жәрмеңкелерін ұйымдастыру қажет екенін атап өтті. Биыл кітап жәрмеңкелері Алматы мен Астана қалаларында өткізілді.

«Осы ретте, мұндай кітап жәрмеңкесін Ақмола облысы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастыруға болатынын айтқым келеді. Министрлік ұйымдастыру шараларына толықтай қолдау көрсетуге дайын», — деді Дәурен Абаев.  

«Ұмай» Ұлттық премиясы – мәдениет пен өнер қайраткерлерінің шығармашылық жетістіктерін қолдау мақсатындағы ұлттық сыйлық. Ол театр өнері, музыкалық өнер, хореография өнері, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша 19 номинацияда тағайындалады. Әр номинация жеңімпазы 2 млн теңге сыйақыға ие болады.

Сондай-ақ, декорация мамандары мен сахна суретшілеріне арналған «Спектакльді үздік көркем безендіру», сондай-ақ қылқалам шеберлеріне арналған «Сәндік-қолданбалы өнердің үздік туындысы» жаңа номинациялары енгізілді. 

Бұдан басқа, ұлттық премия шеңберінде «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы жүлдесі беріледі. Өтінімдер 9 желтоқсанға дейін қабылданады. Басқа да қажетті ақпараттар Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ресми сайттарында жарияланған.

Мәдениет және спорт министрлігі жалпы жүлде қоры 46 млн теңгені құрайтын 5 номинация бойынша 16 сыйлықты қамтитын «DALA DAUYSY» республикалық конкурсын жариялады. Бұл жоба эстрададан классикалық шығармаларға дейін әр түрлі бағыттағы музыкалық орындаушыларды қолдауға арналған.

Сонымен қатар ведомство кино және жалпы саланы дамыту бойынша шаралар қабылдауда. Биыл конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 62 киножоба мемлекетпен қаржыландырылады. Салыстырып қарасақ, 2019 жылы 17 киножоба, ал 2020 жылы 39 фильм қолдау тапқан. 

Елімізде бір уақытта 18 толық метражды ойын, 19 деректі, 17 қысқаметражды және 8 анимациялық фильмді қамтыған түрлі жанрдағы 60-тан астам киножоба шығарылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл бұрын-соңды болмаған жағдай.

Дәурен Абаев питчинг нәтижелері бойынша іріктеуден өткендердің көбі киноға алғаш келген жас режиссерлер екенін атап өтті. 

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан құрылатын бірлестік бірінші кезекте пилоттық жобалардың сценарийлеріне байқау ұйымдастырады. Мәдениет және спорт министрі Ақмола өңірінде анимациялық туындыларды қолға алуға дайын мамандарды бірге жұмыс істеуге шақырды. 

Голливудтық блокбастерлер қазақ тіліне аударылып, кинотеатрларда көрсетілетін болады. 

Сондай-ақ биыл халқымыздың материалдық мұрасын қолдау аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қолөнершілер орталығы ашылады.  

Ірі инфрақұрылымдық жобалар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылады. Мәселен, осы жылы өңірде 14 мәдениет нысанында жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. 

Инфрақұрылым

Биыл Қазақстан бойынша 114 жаңа құрылыс, жұмыс істеп тұрған 21 ірі спорт нысанын қайта жаңарту және жаңғырту басталды.

«Біз ондаған миллиард теңге тұратын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу тәжірибесінен біртіндеп бас тартамыз. Мұндай кешендерде пайдалы спорттық жүктемені көтермейтін көптеген бос жатқан аумақтар бар. Үлкен атриумдар, дәліздер, паркингтер, акт залдары және т.б. Модульдік спорт нысандарын салу әлдеқайда тиімді», — деді Дәурен Абаев.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында 2 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, 2 спорт сарайы, 3 спорт манежі, 20 теннис корты, 20 стадион, 1 ипподром, 26 жүзу бассейні.

Сонымен қатар Щучинск қаласында спорт сарайының, Жақсы ауданы Жақсы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және Балкашино ауылында стадионды қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Спорт

Бүгінгі таңда мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстар аясында 500 мыңнан астам бала спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін барады. Ал Ақмола облысына мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру аясында биыл 1,3 млрд теңге бөлінді. Осылайша, қосымша 8 500 бала тегін үйірмелермен қамтылды.

Мәдениет және спорт министрі биыл сабақтан тыс спорттық сабақтар жүргізгені үшін педагогтердің еңбекақысы 100%-ға көтерілгенін айтты. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысы 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейін 100%-ға көтеріледі. Сонымен қатар допингке қарсы зертхананың, Ұлттық допингке қарсы орталық қызметкерлеріне, спортты дамыту дирекциясының жаттықтырушыларының лауазымдық еңбекақысы 100%-ға артады. Чемпиондар мен олардың жаттықтырушыларын өмір бойы қамтамасыз ету мөлшері 4 есеге өсті. Сондай-ақ 2024 жылға қарай спорт төрешілерінің лауазымдық еңбекақысы 100%-ға дейін ұлғаяды. 

Жоғары жетістіктер спортын дамыту жүйесін жетілдіруге тоқталған ведомство басшысы, қазірдің өзінде Парижде өтетін Олимпиада ойындарына кешенді дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Спортшылар контингенті 10-ға дейін кеңейтілді. Бұл не үшін жасалады? Бұл бірінші орындардағы спортшы жарақат алған, допинг қолданған немесе мансабын аяқтаған жағдайда резервтік құрамды жасақатау үшін қажет», — деді Дәурен Абаев. 

Оның айтуынша, жүзу мен биатлонды дамытудың ұлттық бағдарламалары әзірленіп жатыр.

Олимпиадалық спорт түрлерін кешенді ғылыми топ мамандарымен қамтамасыз ету көзделген. Бұл – спорт дәрігерлері, массажистер, психологтар, нутрициологтар, реабилитологтар, биохимиктер.

Сондай-ақ шетелдік мамандарды тарта отырып, спорттық медицина және оңалту орталығын жаңғырту қолға алынды. 

Ұлттық спорт 

Қазақстанда жақында ұлттық спортты, оның ішінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында 1200 шақырымдық марафон-бәйге өтті. «Ұлы дала жорығы» жобасы елордадан бастап Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтыды. 

Жарыс қорытындысы бойынша Маңғыстау командасы бас жүлде иеленіп, «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 24 млн теңге сыйақыға қол жеткізді.

Сондай-ақ Түркістанда алғаш рет қазақ күресі бойынша «Turan barysy» Азия Кубогы ұйымдастырылды, онда түркі мемлекеттері Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Венгрия және Қырғызстанның балуандары күш сынасты.

Айта кетейік, 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Түркияда IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізілді, оның аясында отандық спортшылар 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Ал келесі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын Қазақстанда 2024 жылы өткізу туралы шешім қабылданды.

«Аталған іс-шаралар әрбір қазақтың тұрмыс деңгейін, мәдени өмірін, денсаулығын арттыру үшін қажет», — деп түйіндеді мәдениет және спорт министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу