Соңғы аптада КВИ анықталған жағдайлардың саны 16%-ға төмендеді — ҚР ДСМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы баяндады.

Бүгінгі таңда әлемде КВИ-дің 176 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 290 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 3,8 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші 2,1% құрады.

Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, соңғы аптада ТМД елдерінде, оның ішінде Ресей Федерациясында коронавирус инфекциясының өскені байқалды, өткен аптамен салыстырғанда вирус анықталған жағдайлардың саны 1,5 есе өсті, Мәскеу қаласында аурудың өсуін ескере отырып, қосымша шектеу шаралары қайта енгізілуде.

«Қазақстанда 15 маусымдағы жағдай бойынша КВИ+ 402 996 науқас және КВИ- 56 705 жағдай тіркелген. Пациенттердің 94% жазылып шықты. Қазақстан Республикасы 6 маусымнан бастап "жасыл аймақта" тұр. Қызыл аймақта Нұр-Сұлтан қаласы қалып отыр. Қалған өңірлер "сары" және "жасыл" аймақтарда орналасқан», — деді А. Цой.

Соңғы аптада КВИ анықталған жағдайлардың саны 16%-ға төмендеді. Республика бойынша 15 маусымдағы жағдай бойынша инфекциялық төсек орындардың жүктемесі 23% (6 655 төсек), реанимациялық төсек орындарының жүктемесі 21% (568 төсек) құрады.

Жұқпалы аурулар стационарларындағы төсек орындар жүктемесі мен аурушаңдық жоғары болған 7 өңірге Министрліктің жұмыс тобы барды. Денсаулық сақтау басқармаларына өңірде медициналық көмекті ұйымдастырудағы анықталған кемшіліктерді ескере отырып, ұсынымдар берілді.

Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша инфекциялық және реанимациялық төсектер жүктемесінің оң динамикасы байқалады . 

Бірқатар өңірде көп бейінді ауруханаларда инфекциялық бөлімшелердің жабылуы есебінен төсек қорының қысқаруы байқалады (15 маусымдағы жағдай бойынша 19 сәуірмен салыстырғанда Алматыда төсек қорының қысқаруы 5,6 есе, Алматы облысында 3,6 есе). 

«Соңғы айда КВИ+ және КВИ- науқастарының саны тәулігіне 2505-тен 757 жағдайға дейін немесе 3,3 есеге азайды, стационарлық емдеудегі науқастар саны 2,1 есеге, амбулаториялық емдеудегілер 1,7 есеге азайды. Бүгінгі күні вакцинаның шамамен 4 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1-компоненті 2 547 363 адам алды, бұл вакцина алуға жататын халықтың 25,7%-ын құрайды. Екінші компонентті 1 435 334 адам алды», — деді А. Цой.

Бүгінгі күні егу пункттерінде вакцина дозаларының жеткілікті саны бар: бірінші компоненттің шамамен 1,2 млн дозасы және екінші компоненттің 914 мың дозасы. 

1 компонентпен вакциналаудың ең аз пайызы Маңғыстау облысында — 13,2%, Қостанай облысында — 19,5%; екінші компонент Маңғыстау облысында — 7,3%.

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Ashyq жүйесі барлық қызмет саласындағы 10 мыңнан астам нысанды қамтиды, 2 млн 100 мың пайдаланушы тіркелген. Вакциналау паспорты Ashyq қосымшасымен біріктірілуде. Маусым айының соңына дейін Ashyq жобасын әуежайларда, теміржол вокзалдарында енгізу жоспарлануда.

Сонымен қатар Ashyq енгізілген сәттен бастап ПТР тестінің оң нәтижесімен 4401 және ауырған адаммен байланыста болған 3981 адам анықталды.

«Өкінішке орай, кейбір азаматтар өздерінің мәртебесін біле отырып, үйде оқшаулау режимін сақтамайды, халық көп жиналатын нысандарға баруға, ел ішінде қозғалуға тырысады, осылайша басқаларға жұқтыру қаупін тудырады және коронавирустың таралуына ықпал етеді. Осыған байланысты Министрлік карантиндік режимді бұзушылар айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатын, оның мөлшері 87 мың теңгеден асатын ережелерді бекітіп, күшіне енгізді», — деді А. Цой.

Осы шаралардан басқа, бизнес субъектілері өз объектілерінде халық үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуі және шектеу шаралары мен Ashyq жобасына енгізу кезінде қойылатын талаптарды қатаң орындауы тиіс.

Сонымен қатар министр атап өткендей, ТМД елдерінде және әлемнің кейбір елдерінде сырқаттанушылықтың қайта өсуі бұқаралық іс-шараларды өткізбеу, сондай-ақ негізгі алдын алу шараларын – маска тағу, қашықтықты сақтау қажеттігін тағы да растайды. 

«Сырқаттанушылық деңгейін төмендетудің негізгі шараларының бірі — бұл вакцина алу, осыған байланысты өңірлерге вакциналау қарқынын арттыру бойынша шаралар қабылдау қажет», — деп түйіндеді А. Цой.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу