Қазақстанда республикалық тамыз конференциясы өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен педагогтердің республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті. Конференцияға педагогтер, ата-аналар және білім беру саласындағы сарапшылар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері және білім беру саласындағы қоғам қайраткерлері қатысты.

Пленарлық отырыста мектепке дейінгі, мектептегі тәрбие және балаларды оқыту, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беруді дамыту, білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз ету, балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, балалардың құқықтарын қорғау, білім беру сапасын бақылау және арттыру мәселелері талқыланды.

Е. Тоғжанов өзінің құттықтау сөзінде пандемия кезіндегі мінсіз жұмысы үшін мұғалімдерге алғысын білдіріп, Мемлекет басшысының білім мен тәрбиені дамытуға ерекше мән бере отырып, 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында  «Білім беру жүйесіне уәжді (дәлелді) және білікті педагогтер қажет» деп айтқанын еске салып өтті. Әрине, бұл бағытта мұғалімдер маңызды рөл атқарады.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңды табысты іске асыру педагогтің беделін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде мұғалімдер өз еңбектері үшін лайықты жалақы алады. Нәтижесінде мектептің үздік түлектері мамандық таңдау кезінде педагогикалық бағыттағы мамандықтарға басымдық беретінін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда мұғалім – әлемдегі ең құрметті және маңызды мамандықтардың бірі. Ең бастапқы білімді, біліктілікті, дағдылар мен құндылықтарды қалыптастыратын да осы мұғалімдер», — деп атап өтті Е. Тоғжанов.

Биылдан бастап мектептерде тәрбие үрдісінде мектеп пен ата-аналардың өзара жауапкершілігіне негізделген «оқушы - мектеп – ата-ана» бірлескен жұмыс форматы енгізіледі.

Сондай-ақ 1-сыныптан бастап «Еңбекке баулу» пәні қайта енгізілетін болады. Сонымен қатар осы жылдан бастап алғаш рет мектептерде 7-сыныптан бастап оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін «педагог-кәсіби бағдар беруші» пәні енгізіледі. Эксперименттік жоба ретінде мектептер жанынан жылыжайлар ашу қарастырылып жатыр.

Үкіметтің МЖӘ дамыту жөніндегі шараларының арқасында жекеменшік балабақшалардың 47%-ы кезектілікті 30%-ға қысқартуға ықпал етті. 2021 жылдан бастап республика бойынша 700-ден астам балабақша ашылды.

Бүгінгі таңда елде балаларды еңбекке баулу үшін 100 колледж жанынан студенттерді жұмысқа тарту және қажетті тәжірибе жинау үшін шағын кәсіпорындар құрылуда. Колледждерге қамқорлықты жүзеге асыру бойынша 500 кәсіпорынмен келісімдерге қол қойылды. 536 колледжде қос тарапты оқыту енгізілді.

Кеңес барысында Ералы Тоғжанов Оқу-ағарту министрлігіне тапсырма берді:

- оқу пәндері бойынша педагогтердің республикалық қауымдастығын құру;

- Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы аясында үздік педагогикалық тәжірибелерді алмасу және тарату бойынша педагогтердің республикалық және облыстық конгрестерін ұйымдастыру.

- тәрбие жұмысын бірегейлеу мақсатында балабақшаларда, мектептер мен колледждерде Жаңа Қазақстанның жастарын қалыптастыруға бағытталған білім беру ұйымдарындағы тәрбиенің бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары алдағы оқу жылында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударып, өңірлердің әкімдіктеріне тапсырма берді:

- қысқа мерзімде апатты және үш ауысымды мектептерді жою;

- Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықпен бірлесіп, Адам және бала құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың аумақтық бөлімшелерін құруды жеделдету;

- лицензияланған ұйымдарды мектептерді күзетуге тарту бойынша талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;

- Полиция департаменттерімен бірлесіп жолдарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастыру, бұл жұмысқа қолданыстағы полиция инспекторларын тарту.

Конференция соңында Ералы Тоғжанов жаңа оқу жылында мұғалімдерге табыс тілеп, білім беру саласының үздік қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу