Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Қалаларды кешенді салу стандарты әзірленді

Биыл Қазақстанда 15,1 млн шаршы метр немесе 138 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру туралы айтып берді.

«Жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясаты аясында 7 мыңнан астам азамат сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Өңірлерде кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкінің несиелік бағдарламалары арқылы сатылатын 9,8 мың пәтер салынып жатыр. Бұдан басқа, “Бақытты отбасы” бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қарыздар түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен кезекте тұрған 5 мыңнан астам адам мен жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерін субсидиялаумен кезекте тұрған 70 мыңға жуық адамды қамтуды жоспарлап отырмыз», — деді Қ. Өскенбаев.

Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 103,4%-ға және тұрғын үй құрылысына инвестициялар 122,8%-ға орындалды. Алайда Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткішінің төмендегені байқалады.

«Аталған облыстарда әкімдіктердің тұрғын үй нысандарындағы құрылыс жұмыстарын жандандыруы қажеттігін атап өтемін», — деді Қ. Өскенбаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі жалпы республикалық көрсеткішке қол жеткізу үшін өңірлерге тиісті жоспарлар жеткізіліп, олардың орындалуын қамтамасыз ету үшін әкімдіктер нақты нысандар мен оларды іске асыру мерзімдері көрсетілген жол карталарын бекіткенін атап өтті.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жеке құрылысты дамыту үшін 2021-2025 жылдарға азаматтарға жеке тұрғын үй салу үшін берілетін 235 мың жер учаскесін инженерлік коммуникациялармен қамту жоспарланған. Оның ішінде, облыс орталықтарында, шағын қалаларда 125 мың жер учаскесі және ауылдық жерлерде 110 мың жер учаскесі көзделген.

«Биыл 50 257 жер учаскелерін инженерлік коммуникациялармен қамту бойынша 180 жоба іске асырылып жатыр. Инфрақұрылыммен қамтылатын жер учаскелерінің ең көп саны Түркістан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында орналасқан», — деді Қайырбек Өскенбаев. 

Әкімдіктердің деректеріне сай, бүгінде тұрғын үйге мұқтаж 613 мыңнан астам азамат кезекте тұр, олардың 222 мыңы – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. 70 мың адамның табысы бірінші ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, 51 мыңы – көп балалы отбасылар, 2 мыңы – жетім балалар, 10 мыңы – 1 және 2-топтағы мүгедектер және 7 мыңы – мүгедек баласы бар отбасылар.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жеке тұрғын үй қорында тұрғын үйді жалға алғаны үшін тұрғын үй төлемдерінің тетігі әзірленді, тиісті қағидалар дайындалып, Отбасы банкі базасында цифрлық платформа іске қосылды. Бүгінде 25 мыңнан астам өтінім қабылданып, олардың 6 мыңға жуығы мақұлданды.

Атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген:

- 50%-ы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады;

- қалған 50%-ын алушы өз бетінше төлейді.

Жалдау төлем мөлшерінің 50%-ын өтеу республикалық бюджеттен 80% және жергілікті бюджеттен 20% пропорциясы бойынша жабылады. Республикалық бюджетте 40 млрд теңге мөлшерінде қажетті қаржыландыру көлемі көзделген. Отбасы банкіне қаржыландыру жоспарына сәйкес 3 млрд теңге аударылды. Өңірлердің мәслихаттары қажетті 10 млрд теңгенің жергілікті бюджет шығыстары есебінен 3,7 млрд теңгені бекітті.

Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді, аталған заң жобасы бүгінгі таңда ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр. Оның аясында тұрғын үй саясатын тұтастай реформалау және оны екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығара отырып, Отбасы банкін ұлттық даму институты етіп қайта құру ұсынылады.

Сондай-ақ Отбасы банкінің базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланып отыр, ол санатына қарамастан, республика аумағында тұрғын үйі жоқ барлық мұқтаждарды орталықтандырылған түрде есепке алуды жүзеге асыратын болады. Ұсынылып отырған жаңа модельде тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары есепке қою күніне, табыстың болуына және берілген өтінімге байланысты жүзеге асырылмақ.

«Бұл жаңашылдықтар халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруға, азаматтардың тұрғын үй алу рәсімін оңтайландыруға, сондай-ақ азаматтардың барлық санаттары арасында тұрғын үйді әділ бөлудің бірыңғай тетігін енгізуге мүмкіндік береді», — деді ҚР ИИДМ басшысы.

«Қалаларды кешенді салу стандарты» әдістемелік құжатының жобасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ғылыми сарапшылар әзірлеп, бекітті.

Қазіргі кезде құжат жобасы бектіліген. Аталған жоба құрылысты жоспарлау кезінде жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамытуды ескере отырып, тартымды және жайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыруға толық мүмкіндік береді.

Көптеген шағымдарға байланысты Министрлік заңнамаға бірқатар түзетулер әзірледі:

1. аумақта құрылыс салуды сапасыз жоспарлауды болдырмау мақсатында қала құрылысы сараптамасын енгізу;

2. құрылыстың барлық кезеңдерінде объектілерге жоспарлы бақылау жүргізу және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының нысандарды пайдалануға қабылдауға қатысуы;

3. пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеріс жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызметті құру.

Одан бөлек, Қайырбек Өскенбаев құрылыс процесін цифрландыру аясында іске қосылған бірыңғай құрылыс порталы туралы айтып берді. Атап айтқанда, құрылыс тізілімдері жүктелді, тізілімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сарапшыларды тестілеу рәсімі автоматтандырылды және техникалық қадағалау есептілігі электрондық форматқа ауыстырылды. Портал атқарушы құжаттаманы электрондық форматқа ауыстыру үшін нарық субъектілерінің корпоративтік ақпараттық жүйелерімен интеграцияланып жатыр.

Порталда берілетін ақпаратқа қойылатын талаптар айқындалып, нарық осындай жүйелердің өнім берушілері қызметтерін дербес таңдайтын болады. Бүгінгі таңда атқарушы құжаттаманы пилоттық режимде жүргізу, тұрғын үй объектілері мен автомобиль жолдарында іске қосылды.

Келесі болып «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдерді іске асыру аясындағы бағдарламалар туралы баяндама жасады. Мәселен, биылғы 6 айда холдинг тұрғын үй құрылысы саласында мынадай нәтижелерге қол жеткізді.

Облигацияларды сатып алу механизмі арқылы несиелік тұрғын үй салу бағыты бойынша әкімдіктер жалпы сомасы 126,4 млрд теңге қаражат ұсынды. Бұған қоса, осы жылдың соңына дейін 162,2 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың облигациялары сатып алынатын болады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында халыққа жалпы сомасы 649,7 млрд теңгеге жеңілдікпен 38,9 мың қарыз берілді. Отбасы банкі жүйесінде 1,89 трлн теңгеге 2,39 млн келісімшарт жасалған.

Үлестік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша 589 мың шаршы метр тұрғын үй, жалпы сомасы 97 млрд теңгеге 15 жоба кепілдендірілді. Бұл 7 мың азаматтың салымдарын қорғауға мүмкіндік берді.

Жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге 170 мың шаршы метр тұрғын үй жобасы мақұлданды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысын субсидиялау тетігі іске асырылып жатыр. Бүгінде Отбасы банк 6 мыңнан астам өтінімді мақұлдады», — деді Қ. Шарлапаев.

Өтінім беру процесі автоматтандырылған, otbasybank.kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық ЭЦҚ арқылы субсидиялауға өтінім бере алады.

«Қазір қаралып жатқан өзгерістер әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты. Олар жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс және ақылы қызмет көрсету туралы шарт бойынша кіріспен қатар табыс ретінде есептеліп отыр. Дәл осы себеппен бағдарламаның 1000-нан астам қатысушысының өтініші қабылданбады», — деді «Бәйтерек» холдингінің басшысы.

Осыған байланысты, бүгінгі таңда тиісті құқықтық актілерге әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды табыс санатынан алып тастау бойынша өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл бұрын осы себеппен өтініштері қабылданбаған азаматтарға қайтадан өтінім беріп, субсидия алуына мүмкіндік береді. 

Осы бағдарламаны іске асыру аясында қаражатты уақытылы аудару мақсатында жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр.

17 өңір бойынша: Қостанай облысынан қаражат келіп түсті, бес өңірде (Нұр-Сұлтан қ., Алматы, Атырау, ШҚО, Павлодар облыстары) келісімдерге қол қойылды, сегіз өңірде (Алматы және Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, СҚО, Түркістан, Қызылорда облыстары) қаражатты аудару жөніндегі шартқа қол қойылуда, БҚО, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында мәслихат сессиясы өтпеген.

Сонымен қатар Отбасы банк мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың тізімін жүргізу мақсатында «Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасы ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Осы міндетті іске асыру үшін мемлекеттік деректер қорының 18 сервисіне сұрау жасалды, оның 16-сы тестілік режимде қосылды. Мемлекеттік техникалық қызмет аттестаттаудан өткізу үшін бағдарламалық жасақтама мен инфрақұрылым тестілеуден өткізіліп жатыр.

Қ. Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде функционалды іске асыру бойынша міндеттердің әзірлігі шамамен 60%-ды құрайды. Атап айтқанда, олар есепке қою, кезекте тұрғандарды ауыстыру, есептен шығару және негізгі деректерді жаңарту. Тестілеу болжам бойынша 2022 жылы тамызда аяқталады.

Базаны түгендеу бойынша тапсырманың дайындығы – шамамен 45%, тестілеу осы жылдың қыркүйек айында аяқталады деп болжанып отыр.

Сондай-ақ банктің ақпараттық жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеретін «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамының сынақтарына дайындық жүргізіліп жатыр. Сынақтар жүргізу үшін өтінім берудің жоспарланған күні – 2022 жылдың үшінші тоқсаны.

Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингінің төрағасы тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер аясында әзірленген ұсыныстарға тоқталды. 

Бірінші. Әкімдіктерді облигациялық қаржыландыруды несиелік тұрғын үй құрылысына ғана емес, сондай-ақ апаттық және ескірген тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламаларына бағыттау ұсынылады. Қаржыландыру револьверлік негізде жылдық 4,25%-бен 2 жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін. 

2020 жылы Ұлттық банктің 180 млрд теңге мөлшерінде бөлінген сомасы қаражат көзі бола алады. Осы қаражатты қайтару мерзімі 2024 жылы басталады, осыған байланысты қаражатты қайтару мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту ұсынылды. Бұл реновация бағдарламасымен ел бойынша шамамен 45 мың пәтерді қамтуға болады.

Екінші. Зейнетақы жинақтарының тұрғын үйге жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуіне және келесі жылы «7-20-25» бағдарламасының аяқталуына байланысты 500 млрд теңге ипотекаға немесе 35 мың пәтерге деген сұраныстың төмен болатыны болжанып отыр.

Жеке құрылыс салушылардың коммерциялық тұрғын үйді сату жылдамдығы айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Сұраныстың өтелмеуіне жол бермеу мақсатында халық үшін екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылды.

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мынадай базалық шарттар ұсынылып отыр:

- бастапқы жарна 20%-дан бастап;

- кредит беру мерзімі 20 жылға дейін;

- қарыздың ең жоғарғы сомасы 35 млн теңгеге дейін;

- төлем қабілеттілігін міндетті түрде растау.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің деңгейінен 5%-дан аспайтын ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7%-ы субсидияланады.

«Екінші деңгейлі банктер өз қаражаты есебінен құрылыс салушылардың бастапқы тұрғын үйіне және Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен қамтамасыз етілген салынып жатқан тұрғын үйге қарыз бере алады. Осы бағдарламаны іске қосу үшін заңнамалық өзгерістер қажет емес», — деді Қанат Шарлапаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу