Нұр-Сұлтанда ғылыми форум-көрме өтті

 

Бүгін Ғылым қызметкерлері күніне орай «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру» тақырыбында ғылыми форум-көрме өтті.

Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент депутаттары, білім және ғылым министрі, орталық мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.

Вице-Премьер ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, отандық ғылымның дамуына қосқан айрықша үлестерін атап өтті.

 

«Қазіргі уақытта отандық ғылымды дамыту бірнеше басымдыққа бағытталған. Біріншіден, ғалымдарға көрсетілетін қолдау. Бұл бағытта жетекші ғалымдардың жалақысын арттыру бойынша заңнамаға түзетулер қабылданды. Жетекші ғалымдардың жалақысы 2022 жылдан бастап орта есеппен 152 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін өсті. Базалық қаржыландыруға 1200 жетекші ғалымның жалақысы енгізілген. Фундаменталды зерттеулер жүргізетін ғалымдар тікелей қаржыландырылатын болады», — деп атап өтті Е. Тоғжанов.

 

Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі түрлі бағыттар бойынша 951 перспективалық ғылыми әзірлемелерді іске асыруды көздеп отыр, олардың 50%-ы техникалық бағыттар бойынша.

 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекетіміздің ғалымдарын мерекемен құттықтады, сондай-ақ жобаларды қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету және министрліктің Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауы мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар ғылым саласындағы мәселелердің шешілуі үшін көрсетіліп жатқан Президент қолдауын айрықша атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу