Үкіметте «KAZAKH INVEST» компаниясының 2021 жылғы қызметінің қорытындылары қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті.

Отырыста компанияның 2021 жылғы қызметінің қорытындылары қаралды, 2021 жылғы қаржылық есеп алдын ала бекітілді, сондай-ақ Есеп саясаты және Қаржы ресурстарын басқару саясаты секілді жаңа редакциядағы бірқатар ішкі құжаттар бекітілді. Ішкі аудит қызметінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің 2022 жылғы І тоқсандағы есептері назарға алынды.

Басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың айтуынша, «KAZAKH INVEST» компаниясының қолдауымен 2021 жылы 5 мың жұмыс орнын құра отырып, $3,8 млрд астам сомаға 57 жоба іске асырылды. Өндірістік алаңдарды аралаумен шетелдік инвесторлардың Қазақстан өңірлеріне 190-нан астам сапары ұйымдастырылды, олардың аясында мемлекеттік органдар мен жергілікті бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны пандемияға дейінгі деңгейге жетіп, $23,7 млрд құрады.

Ел басшылығының тапсырмасы бойынша ҚР аумағында халықаралық компаниялардың өндірістерін жергіліктендіру мақсатында кең ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Әлемнің 30-ға жуық елінен шикізаттық емес салалардың 200-ден астам компаниясына инвестициялық ұсыныстар пакеттері жолданды. Мүдделі компаниялармен белсенді түрде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ ҚР Премьер-Министріне «KAZAKH INVEST» компаниясының шетелдегі өкілдерінің қызметінің нәтижелері туралы баяндалды. Шетелдегі өкілдер жұмысының тиімділік көрсеткіштері жыл сайын Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді төрағалық ететін кеңесте қаралады. Бұл бағыттағы жұмыс шетелдік өкілдер бар өңірлерде пандемиялық шектеулердің біртіндеп алынуының нәтижесінде жанданып жатқаны атап өтілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу