Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасының цифрлық картасы әзірленеді

14 шілдеде ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Үкіметтің алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. Оларды жүзеге асыру шаралары туралы ҚР еңбек және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндады.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЕХӘҚМ Отбасының цифрлық картасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Оған сай әлеуметтік кепілдік түрлерінің барлығы отбасының әл-ауқатына қарай дербестеледі. 

Цифрлық карта республика халқын түгел қамтиды: 19, 4 млн адам немесе 6,5 млн отбасы.  

«15 тамызға дейін халықты әлеуметтік қолдау саласындағы отбасылардың ақпараты өзектендіріледі. 1 қыркүйектен бастап жыл соңына дейін АӘК және төлемдердің 9 түрі бойынша Отбасының цифрлық картасының жұмысы сынақтан өткізіледі, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы барлық тағайындаулар мен төлемдер проактивті форматта көрсетілетін болады», — деді Т. Дүйсенова.

ЕХӘҚМ басшысы еңбек нарығын реттеу және дамыту 8 бағыт бойынша жүзеге асатынын атап өтті. 

10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ету үшін барлық ұлттық жобалар мен бизнестің жеке бастамалары аясында жүргізілетін жобалар мен жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. 

Электрондық еңбек биржасы баршаға қолжетімді бос жұмыс орындарының алаңына айналады. 

Жұмыспен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тағы бір бағыты – әлеуметтік жұмыс орны. Бұл бағытта мақсатты топқа кіретін азаматтарды мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орнына тарту, әлеуметтік тапсырыспен жұмыс істейтін мемлекеттік емес және қоғамдық ұйымдардың аясын кеңейту арқылы әлеуметтік жұмыс орындарын ашу қарастырылады.

Сондай-ақ әлеуметтік қамту жүйесімен интернет платформалар арқылы жұмыс істейтін фрилансерлер де қамтылатын болады.  

«Алдағы уақытта еңбек ресурстарының ұтқырлығы мен өңірлердегі жұмыс күшінің үлесіне айрықша көңіл бөлінеді. Бұл ретте ішкі және сыртқы көші-қон мәселелерінде жаңа механизмдер ұсынылады», —  деді Т. Дүйсенова. 

Сонымен қатар оның айтуынша,  еңбек нарығындағы мамандардың бәсекеге қабілеттігін күшейту мақсатында оларды өмір бойы жаппай оқытуға және біліктілігін арттыруға жағдай жасалады.  

Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон саясаты жөніндегі тұжырымдама жобасын әзірледі. Жергілікті атқарушы органдармен келісілген соң, тұжырымдама жыл соңына дейін Үкіметке бекітілуге енгізіледі. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу