«Кәсіпкерлер үстеме ақы қойып отыр» – Әлихан Смайылов қантпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді

Сенбі, 25 маусымда, Үкіметтің цифрлық кеңсесінде Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Қазіргі ахуал және бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев баяндады.

Мәселен, жыл басынан бері баға 17,1%-ға өскен. Атап айтқанда, пияз, қырыққабат, қант, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы ең көп көтерілген. Өңірлер бойынша баға Жамбыл және Маңғыстау облыстарында 18,7%-ға, Алматы облысында 18,6%-ға, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 18,5%-ға және Шымкент қаласында 18%-ға өскен, бұл – өңірлер бойынша бағаның ең көп көтерілуі.

Сонымен қатар кеңес барысында жақын шетел нарықтарындағы азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бойынша жағдайдың да осындай екені атап өтілді. Мәселен, Ресейде жыл басынан бері азық-түлік бағасының орташа өсуі шамамен 40%, Өзбекстанда 48% болды.

Салалық комитет бөлшек сауда нысандарының рұқсат етілген үстемені 15%-дан аспайтын мөлшерде сақтау талаптары бойынша әкімдіктердің жұмысын үйлестіруді жалғастырып келеді. Соңғы апталарда рейдтік іс-шаралармен үй жанындағы 42,6 мың дүкен (84,7%) қамтылды. Нәтижесінде 712 бұзушылық анықталды, олар бойынша қажетті шаралар қабылданды.

Ұсынылған шаралар ретінде Е. Қазанбаев сауда үстемесін арттыру фактілерін анықтау және заңнамада көзделген шараларды қабылдау үшін монополияға қарсы органдар мен ЖАО-ға электрондық шот-фактуралардың деректерін жіберуге мүмкіндік беретін мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығын әзірлеуді ұсынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта елімізде сиыр етін (22 292 тонна), құс етін (19 600 тонна), картопты (93 749 тонна), ұнды (118 506 тонна), сүтті (59 640 тонна) және т.б. қоса алғанда, 607 мың тонна көлемінде негізгі азық-түлік қоры бар.

Қантқа келетін болсақ, республика бойынша өнімнің жалпы қоры 101,4 мың тоннаны құрайды, биылғы маусымда ішкі тұтыну 59 мың тонна болды, яғни нарықтың қамтамасыз етілуі – 171,4%, деп сендірді ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов 15 пайыздық сауда үстемесін, әсіресе үй жанындағы дүкендердегі бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қант қоры 100 мың тоннадан асады, ал айына тұтыну 59 мың тоннаны құрайды. Бұл – жеткілікті мөлшер. Бірақ үй жанындағы дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл – сұранысты пайдаланып, үстеме ақы қойып отырған жеке тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік қызметінің нәтижесі. Жалпы қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге/кг болуы тиіс. Мұны ретке келтіру керек», — деп тапсырды Үкімет басшысы.

Одан бөлек, Премьер-Министр келесі жылы жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар жасасу бойынша алдын ала жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу