ҚР Үкіметінің отырысы, 16.08.2022

16 тамызда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Үкімет отырысында 2022 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.

— Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр экономиканың өсуіне негізінен нақты сектор үлес қосып отырғанын атап өтті. Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуі керек. Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу мәселесіне ерекше назар аударып, қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания қызметін тексеруге тапсырма бергенін еске салып өтті. Сондай-ақ ол өңірлердегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуына және ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін келісім-шарттардың уақытылы жасалуына бақылауды күшейтуді тапсырды. 

— Екінші мәселе бойынша жаңа оқу жылына дайындық барысы қаралды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады. Жаңа өңірлердің оқу жылына дайындығы туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиев баяндады.

— Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы білім беру нысандарының оқу жылына дайындығын 100% қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар білім беру бағдарламасына Жол қозғалысы ережелерін үйретуді енгізу мәселесін қарау тапсырылды. Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды мемлекеттік қолдау шараларымен 100% қамтамасыз етуі қажет.

— Сондай-ақ отырыста Ә. Смайылов ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Энергетика министрі Болат Ақшолақов дизель отыны бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ЖҚС-ға бөлінетінін хабарлады. Өнеркәсіп кәсіпорындары мен ҚТЖ үшін отын қалдықтары екінші кезекте бөлінетін болады, ал жетіспеген жағдайда қажетті көлем импортталмақ. Қазақстандықтар үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда, қазіргі баға – 230-260 теңге бойынша лимит тәулігіне 100 литр дизель отынын құрайды, Қазақстанда тіркелген жүк көлігі үшін – тәулігіне 300 литр. Қалған адамдар тобына, сондай-ақ көрсетілген көлемнен артық дизель отыны үшін 1 литр 450 теңгеден сатылатын болады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу