27 Ақпан 2024, 18:30
27 ақпанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлттық жоба 655 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанын (медициналық пунктілер, фельдшерлік-акушерлік пункт, дәрігерлік амбулаториялар) салуды, 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғыртуды, сондай-ақ ауылдағы денсаулық сақтау нысандары үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлауды көздейтінін атап өтті. Бүгінгі таңда 92 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы аяқталған, 7 медициналық мекеме бойынша жұмыстар жалғасуда, жыл соңына дейін тағы 556 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаның қалған бағыттары бойынша қажетті рәсімдер мен процестер жүріп жатыр.
Премьер-Министр қазіргі уақытта жобалардың сараптамасын кешіктіру орын алып отырғанын атап өтті. Бұдан басқа Ұлытау және Қостанай облыстарында объектілерді салу мерзімдері ауысуда. Үкімет басшысы облыс әкімдіктеріне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1 сәуірге дейін жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге барлық объектінің құрылысын және оларды қолданысқа беруді ағымдағы жылы мерзімге сай аяқтауды тапсырды.
Бұдан бөлек, Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралып, бекітілді.
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров қазіргі уақытта Астана агломерациясының аумағына Астана қаласы (агломерацияның өзегі) және өңір халқының 40%-ы тұратын Қосшы қаласымен бірге Ақмола облысы үш ауданының 40-тан астам елді мекені кіретінін баяндады. Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарында 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген. Аталған жоспар қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, экологиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Үкімет басшысы Кешенді жоспарды іске асыру кезінде инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты. Бұл көлік-коммуникация, сауда-логистика, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның біртұтас кешенін құруға көмектеседі. Осылайша агломерацияның тірек қаңқасы қалыптасады. Сондай-ақ 45 ауылдық елді мекеннің әрқайсысына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет. Сол кезде ауылдармен қатар, Астана қаласы да мал және өсімдік шаруашылығының, құрылыс индустриясының, сондай-ақ басқа да салалардың қажетті өнімдерімен өзін өзі қамтамасыз етуге қол жеткізе алады. Премьер-Министр атап өткендей, жоспарланған барлық іс-шараларды жауапты әрі сапалы іске асыру елорда мен қала маңындағы аймақтардың экономикалық даму тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу