ҚР Үкіметінің отырысы, 27.08.2022

27 тамызда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы», «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы ҚР заңдарының жобалары қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.

— Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ ағымдағы жағдайда экономиканы сапалы және орнықты дамытуды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Ұсынылған заң жобалары үшін дауыс беру процедурасынан кейін Үкімет басшысы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне Премьер-Министр Кеңсесімен бірге заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. 

— Әрі қарай қант саласын дамыту мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Әбілхайыр Тамабек, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

— Талқылауды қорытындылай келе, Әлихан Смайылов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нарықты отандық өнімдермен толықтырудың Үкіметтің стратегиялық міндеті екенін айтып өтті. Одан бөлек, Премьер-Министрдің айтуынша, қант зауыттарын барынша жаңғыртып, олардың өндірістік қуатын арттыру қажет. Сөз соңында Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды толық көлемде орындауды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу