Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №112

2021 жылғы 10-16 мамыр аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • 12 мамырда ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда ҚР 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру және азық-түлікті форвардтық сатып алуды қаржыландыруды ұлғайту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ Премьер-Министр ішкі және сыртқы инвестицияларды, әсіресе, экономиканың шикізаттық емес секторларына тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, жұмыспен қамтуды және халықтың нақты табысын арттыру қажеттігіне назар аударды.

  • 14 мамырда ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Финляндия Республикасының сыртқы сауда және халықаралық дамуға жәрдемдесу министрі, Парламентінің депутаты Вилле Скиннаримен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сапар аясында екі елдің экономика мен әлеуметтік-мәдени дамудың түрлі салаларындағы өзара іс-қимылын тереңдетуді көздейтін Қазақстан-Финляндия Үкіметаралық комиссиясының 11-отырысының хаттамасына қол қойылды.

  • Сол күні Үкімет басшысы Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті Анна Бьердемен кездесу өткізді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі секторларында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша мал шаруашылығын тұрақты дамыту бағдарламасы бойынша қарыз туралы келісімге қол қойылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу