Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №12

2022 жылғы 28 наурыз – 3 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі күні, 29 наурызда, Үкімет отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. ҚР Премьер-Министрі аталған жоспарды орындауға дереу кірісу қажет екенін атап өтті. Ондағы әрбір іс-шараның сапалы және уақытылы орындалуына бірінші басшылар тікелей жауапты екені айтылды.

  • Отырыста қаралған екінші мәселе — елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту болды. Ә. Смайылов Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағытының тұрақты жұмысын және қазақстандық бизнес-қауымдастық үшін бәсекеге қабілетті, бірыңғай тарифтің қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар қысқа мерзім ішінде жүктерді контейнерлермен тасымалдауға көшу мәселесін пысықтау тапсырылды. Министрлер кабинетінің басшысы жылжымалы темір жол құрамдары мен теңіз паромдарын сатып алу және жаңарту үшін қолдау шараларын әзірлеуді тапсырды.

  • 28 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. ҚР Премьер-Министрі нысандарды салуға өткізілетін мемлекеттік конкурстардың жосықсыз ұйымдастырушыларын жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, жобалау-сметалық құжаттама құнына баға белгіленуіне талдау жүргізуді тапсырды.

  • Бейсенбі күні, 31 наурызда, ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Комиссия отырысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарына беру және негізсіз жекешелендірілген объектілерді мемлекет меншігіне беру тетіктері мәселелері қаралды.

  • Сол күні білім беру жүйесін қайта форматтау және экономиканың қажеттіліктеріне сай кадрлар даярлауды қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өтті. «Қазақстан Республикасындағы жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы» әзірленіп, ол 2020 жылы бекітілді. Құжат 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасына енгізілген және еңбек нарығы мен кәсіби стандарттарды болжауға негіз болып табылады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу