Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №129

2021 жылғы 13-19 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 14 қыркүйек күні Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда санитариялық-эпидемиологиялық ахуал, ҚР 2021 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары, сондай-ақ 2021-2022 жылдардың жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Бірінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр вакцинамен қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуді, сондай-ақ елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Екінші мәселе бойынша мемлекеттік органдардың басшылары мен әкімдерге экономика секторларында өсу қарқынын арттыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын құру жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ бағаларды ұстап тұру жөніндегі жұмысты күшейту және Инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенін іске асыруды нақты үйлестіру тапсырылды. Үшінші мәселені қарау қорытындысы бойынша А. Мамин әкімдіктерге белгіленген мерзімде инженерлік желілердегі барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын аяқтауды және жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

  • 13 қыркүйекте А. Мамин неміс компанияларының, сондай-ақ Германия экономикасының шығыс комитетінің басшыларымен кездесу өткізді. Жаңартылатын энергетика, газ өңдеу, АӨК, машина жасау, тау-кен металлургия өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асырудың жай-күйі мен перспективалары талқыланды.

  • 15 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен Инвестициялық штаб отырысы өтті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және әкімдіктердің инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.

  • 16 қыркүйекте Үкімет басшысы жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Премьер-Министр «Аюсай» және «Ақсай» селден қорғайтын бөгеттерінің, «Қарғалы» су тарту құрылысының салыну барысымен және мореналық көлдердің жай-күйімен танысты. Сондай-ақ Премьер-Министр Алматы 2-ЖЭО, «Бижан ет өңдеу зауыты» ЖШС, «КСМ ТехноВИД» ЖШС энергия тиімді сәулет қасбеттерін шығаратын зауыттың, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының, «Аюсай» және «Горельник» визит-орталықтарының жұмысымен, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ киностудиясын реконструкциялау жобасымен танысты, Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығының және көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс алаңдарын аралады.

  • Сол күні Премьер-Министр жұмыс сапарымен Алматы облысында болды. 16 қыркүйекте «Береке» индустриялық аймағында А. Мамин «FRUIT АRT» ЖШС экспорттық жеміс-жидек кластері инфрақұрылымының құрылысын бастап берді. 16-17 қыркүйекте өңірге жасалған екі күндік жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы «G4 City» серіктес қалалары мен туристік сала құрылысының жобаларымен танысты, Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінде болды, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА көліктік және логистикалық инфрақұрылымының дамуымен, сондай-ақ АЭА перспективалы инвестициялық жобаларымен танысты. 17 қыркүйекте А. Мамин «SSA Feed Mills» құрама жем зауытының жұмысын бастап берді, «Алтын Емел» және «Шарын» ұлттық парктерін дамыту жобаларымен, «Оспанова Девелопмент» ЖШС балық өнеркәсібі кешенінің құрылыс барысымен, сондай-ақ иммунобиологиялық препараттар шығаратын «Антиген» ҒӨК» ЖШС жобасымен танысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу