Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №13

2022 жылғы 4-10 сәуір аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Дүйсенбі күні, 4 сәуірде, Әлихан Смайылов биылғы су тасқыны кезеңінің мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі су тасқынына тұрақты мониторинг пен бақылау жасап, қалыптасқан жағдайға жедел әрекет етуді тапсырды. Әкімдер 2021-2023 жылдарға арналған Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасын іске асыру бойынша шаралар қабылдауы тиіс.

  • Сейсенбі, 5 сәуірде, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Отырыс кезінде Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының және 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетінің нақтыланған болжамы мақұлданды. Сонымен қатар Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі қаралды. Бірінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Ә. Смайылов республикалық бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан түсетін кепілдендірілген трансферт мөлшеріне түзету енгізілетінін атап өтті. Қосымша шығыстар Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыруға жұмсалады. Екінші мәселе бойынша Үкімет басшысы жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу арқылы балаларды тегін спорттық секциялармен қамтуды ұлғайтуды тапсырды.

  • Сол күні капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру және елімізден қаражаттың жылыстауына қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шараларды күшейту жөніндегі ұсыныстарды талқылау бойынша кеңес өтті. Онда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне валюталық бақылаудың жекелеген функцияларын беру жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

  • Ә. Смайылов Телекоммуникация саласын демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысын өткізді. Онда еліміздегі тіркелген және мобильді байланыстың үлесіне қатысты мәселе қаралды.

  • 6 сәуір күні, сәрсенбіде, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар Қытаймен шекарада жүктердің әрі-бері өтуіне қатысты мәселені талқылады.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі жанындағы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді. Отырыс барысында құрылыс және ТКШ, көлік, автожолдардың жұмыс істеуі және өнеркәсіп салаларын демонополизациялау бойынша ұсыныстар қаралды.

  • 7 сәуір күні, бейсенбіде, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. Сессияда Жамбыл облысының жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов таныстырылды.

  • Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. Әлихан Смайылов мәслихат депутаттарына ҚР Президентінің Қызылорда облысының әкімі лауазымына Нұрлыбек Нәлібаевты тағайындау жөніндегі ұсынысын жеткізді.

  • Атырау облысында ҚР Премьер-Министрі өңір активіне жаңа әкім Серік Шәпкеновті таныстырды.

  • Сенбі күні, 9 сәуірде, Үкіметтің цифрлық кеңсесінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ АЭА жұмысының тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді. ҚР Премьер-Министрі тұрақты негізде өндіріс пен тұтыну теңгерімін өзекті етіп отыруды, өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін олардың қажеттіліктерін ескере отырып жедел тәртіппен жеткізуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу