Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №25


2022 жылғы 27 маусым – 3 шілде аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары 

  • Бейсенбі, 30 маусымда, Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Отырыста ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін ҚР ҚК бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсыныстары талқыланды. 

  • 28 маусымда Үкімет үйінде Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Бірінші талқыланған мәселе – Мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру және АТ саласын дамыту. Министрлер кабинетінің басшысы шешуді талап ететін бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті. Кейбір министрліктерде қызметтерді электрондық форматта алу мүмкін емес. Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – БАҚ-ты дамытудың негізгі тәсілдері. Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың қызметі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізетін спикерлер пулын құруды тапсырды. Үкімет басшысының пікірінше, мемлекеттік органдардың ресми өкілдері, баспасөз хатшылары ресми хабарларды берудің жаңа форматына көшуі керек.

  • Келесі күні, 29 маусымда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Astana Finance Days 2022 конференциясының «Энергетикалық және азық-түлік орнықтылығына инвестициялар. Қазақстандық кейс» панельдік сессиясында сөз сөйледі. Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан мықты саяси және экономикалық базаға ие бола отырып, ЕАЭО мен Қытайды қамтитын көлемі 1 млрд-тан астам әлеуетті тұтынушысы бар ірі әлемдік нарықтарға шығатын «қақпа» екенін және Орталық Азиядағы транзиттік хаб болып саналатынын атап өтті. Сөз соңында ол шетелдік инвесторларды келісімшарттар жасасуға және жаңа жобаларды іске асыруға шақырды.

  • 30 маусымда Министрлер кабинетінің басшысы Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, онда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басты тауар нарықтарын реформалау жөніндегі ұсыныстары қаралды. Сондай-ақ отырыста азаматтық авиация, қоғамдық көлік және қаржылық қызметтер нарықтарын демонополизациялау жөніндегі шаралар, электр энергиясы, теміржол жүк және жолаушылар тасымалы нарықтарын демонополизациялау жөнінде ұсыныстар қаралды.

  • Жұма күні ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған жаңа форматтағы отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізді. Отырыстың күн тәртібіне экономикалық және көлік саясаты мәселелері шығарылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу