Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №90

2020 жылғы 7-13 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 9 желтоқсанда Ақордада ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысына қатысты. Онда мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру әдістері қарастырылып, макроэкономикалық саясат, әлеуметтік саланы дамыту, экономиканы әртараптандыру және бизнесті реттеу, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі консультативтік комитеттердің жетекшілері баяндама жасады.

  • 11 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысының атынан «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба»  номинацияларының жеңімпаздарына Асқар Мамин наградаларды табыстады.

  • Бейсенбі, 10 желтоқсанда, Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және  республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары, сондай-ақ орман ресурстарын қорғау және қалпына келтіру мәселелері қаралды. Бірінші мәселе бойынша Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен тарифтердің бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ қаржы жылының соңына дейін бюджет қаражатын толық және тиімді игеру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша А.  Мамин екі ай мерзімде Ормандарды қалпына келтіру мен ағаш өсірудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

  • Сол күні Премьер-Министр «Цифрлық трансформация: өндірістік инновациялар мәдениеті» тақырыбындағы «Digital Samruk-2020» конференциясының жұмысына қатысты. Форум барысында Асқар Мамин еліміздің түрлі салаларына жасанды зерде және Big Data технологияларын енгізу қажет екенін, сондай-ақ болашақтың цифрлық экономикасын дамытуда сапалы серпілісті жүзеге асырудың және ҚР-да платформалық модельге көшудің маңыздылығын атап өтті.

  • Сенбі күні, 12 желтоқсанда Премьер-Министрдің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында ModeX үй құрылысы комбинатының автоматтандырылған конвейерлік желісінің ресми ашылуы өтті. BI Group құрылыс холдингінің осы еншілес кәсіпорнының жобалық қуаты жылына 200 мың шаршы метр тұрғын үйді құрайды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу