Проблемалы несиелер қорына (ПНҚ) екінші деңгейлі банктерге (ЕДБ) қаржылай қолдау көрсету үшін бюджеттен 250 млрд теңге бөлу жоспарланған, оған қоса 2016 жылға қарай ЕДБ-де 10%-ға дейінгі проблемалы несиелердің шектік ұйғарынды үлесі туралы талап енгізіледі, деп хабарлады бүгін ҚР Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов ОКҚ брифингінде.


«Біз ПНҚ арқылы қаржылай қолдау көрсетеміз. ПНҚ мемлекеттің шешімімен 250 млрд теңге бөлді. Жылдың соңына қарай бюджетті нақтылаған соң біз бұл қаражатты алып, ең алдымен Казкоммерцбанкке және БТА-ға, әсіресе олар біріккен соң, АТФ және Альянс-банкке шоғырландырамыз», - деді Қ.Келімбетов.

Ол қаржы саясатының жаңа тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда жалпы несие қоржынынан 10%-ға дейін проблемалы несиелер деңгейі бойынша шектеу енгізілетінін басып айтты.

«Біз қабылдаған «ойын ережелері» бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап проблемалы несиелердің 10%-дық деңгейі пруденциялық нормативке айналады. Яғни, бұл норматив сақталмаса, банктің лицензиясын қайтарып аламыз», - деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, ЕДБ проблемалы несиелерінің деңгейін төмендету үшін салық босаңсуларына ие болады. Сәйкес заңнамалық түзетулер әзірленді.

Оның мәліметінше, қазір Қазақстанның ЕДБ проблемалы несиелерінің деңгейі жалпы несие қоржынының шамамен 33%-ын құрайды.